«Scythian Land» туристік фирмасының менеджменті және персоналы

Қазақстан экономикасының нарықтық қатынастарға өтуіне байланысты біздің сөздік қорымызға «менеджер», «менеджмент» ұғымдары тез енді. Менеджмент сөзін қазақшаға дәл аударатын болсақ, онда «басқа біреу арқылы өз мақсатына жету» болып табылады. Алайда сөзбе-сөз аудару сөздің түпкі төркінін әрқашанда дәл бере бермейді. Күнделікті тұрмыста менеджмент сөзі белгілі бір ұйымдағы барлық адамдардың қызметіне басшылық етумен шұғылданып, өз мақсатына жетуді білдіреді.

«Scythian Land» туристік фирмасында менеджментке өте көп көңіл бөлінеді. Туристік фирмада менеджмент төмендегідей қызметтерді атқарады:

  • фирма жұмысын жоспарлау және болжау. Басқару стратегиясын, бағдарлама іс-әрекетін жасау, қаржыландыру көздерін іздестіру және белгіленген шешімдер мен бағдарламаның орындалу мерзімін анықтау;
  • жұмыс дәрежесіне байланыссыз барлық жұмыскерлердің орындауға, жүзеге асыруға тиісті жұмыстарын ұйымдастыру, яғни жұмыстың орындалу құрылымын ұйымдастыра білу қажет; сөйтіп барлық қызметкерлердің күш-жігерін өнімді жұмысқа мақсатпен бөлу және оны жоғары тиімділікке мақсатты бағыттау;
  • басшы мен оның қарамағындағылардың істерін үйлестіру. Өзінің және басқалардың қызмет атқаруын тұрақты қарау, сөйтіп оны өзінің және сол ұйымның қойған мақсатына жету үшін бағыттау;
  • алдағы мақсаттарды қамтамасыз ету үшін ұйымның жұмысын бақылау.

Менеджменттің ажырамас бөлігі – персонал. Кадрларды дұрыс іріктеу «әрбір адам – нақты бір орынға және әрбір орны – нақты бір адамға» принципіне сәйкес болу керек. Егер адам өзінің қолынан келетін, өзінің икемділігіне, қабілетіне, жалпы және арнайы даярлық деңгейіне сай келетін жұмысты атқаратын болса, оның қайтарымы да соғұрлым жоғары болады.

«Scythian Land» туристік фирмасының кадрларды іріктеуде өзінің белгілі бір стратегиясы бар:

  • қабілетті адамдарды батыл шешіммен емес, ойластырып таңдаған жөн;
  • беделін түсірген қызметкерді басқадай басшылық қызметке орналастырмау;
  • басшылық қызметке өзінде үміткерлер болмаған жағдайда ғана басқа фирмадан алу;
  • босаған орын болмаған кезде ешкімді де қызметін жоғарылатуға үміттендірмеу қажет;
  • екі үміткер де бірдей дәрежеде болған жағдайда едәуір жасырағын алу.