Ақша қызметтері мен олардың қазіргі жағдайдағы дамуы

Ақшаның әрбір қызметі ақшаның тауар айырбастау процесінен туындайтын, тауар өндірушілердің өзара байланысының формасы ретіндегі әлеуметтік-экономикалық маңызының белгілі бір жағын мінездейді. Ақша бес түрлі қызмет атқарады: құн өлшемі, айналыс құралы, төлем құралы, қор және қазына жинау құралы, дүниежүзілік ақша.

Ақша құн өлшемі ретінде. Құнның өлшем қызметі тауар өндірісі жағдайында туындайды. Бұл ақшаның барлық тауарлар құнының өлшемі ретіндегі қабілеттілігін білдіреді, бағаны анықтауда делдал қызметін атқарады. Өзінің жеке құны бар тауар ғана, құн өлшемі бола алады. Бұндай тауар болып өндіруіне қоғамдық еңбек жұмсалған, құнды құрайтын алтын саналады. Яғни, бұл қызметті толық құнды ақшалар атқарады. Ақша еңбек өлшемі — ол жұмыс уақытын емес, осы еңбекпен құрылған құнды көрсетеді.

Ақша құн өлшемі қызметін идеалды, оймен ойлау арқылы орындайды. Яғни тауардың құнын өлшеу ақшаға айырбасталғанына дейін орындалады, сонымен құнның тауар формасынан ақша формасына айналуы үшін тауардың бағасын белгілесек жеткілікті.

Тауар бағасын өлшеу үшін қолма-қол ақшаның болуы қажет емес, себебі еңбек өнімін теңестіру ойша орындалады. Тауарларды ақшаның көмегімен өлшеуге болады, өйткені олар адам еңбегінің өнімі.

Ақша түрінде көрінетін тауардың құны, оның бағасы болып табылады. Толық құнды ақша айналысы жағдайында алтынның бағасы болған жоқ. Ақшаның өз бағасы болмайды, олардың құны өздерімен анықталуы мүмкін емес. Бағаның орнына ақшалар, кез – келген тауарлар санын сатып алу мүмкіндігі бар. сатып алу қасиетінен ерекшеленеді.

Құн өлшеу қызметі жалпы эквивалент ретіндегі ақшаның тауарға деген қатынасын көрсетеді. Бірақ тауардың бағасын анықтау үшін баға масштабы қажет. Металл ақша айналысында (алтын, күміс, мыс) мемлекет заңды түрде баға масштабын тұрақты етіп ұстады. Металдың салмақтық санын ақша бірлігіне бекітті. Алғаш рет монеталар соғыла бастағанда баға масштабы олардың салмақтық құрамына сай келді. Мысалы, фунт стерлинг алғашында күмістің фунты есебінде пайда болды. Тарихи даму барысында баға масштабы ақшаның салмақтық мазмұнынан ерекшелене түсті.

Құн өлшемі және баға масштабы ретіндегі ақша қызметтерінің арасында едәуір айырмашылық бар. Құн өлшемі мемлекетке тәуелді емес ақшаның экономикалық қызметі болып табылады. Ол құн заңыменен анықталады. Баға масштабы занды сипатқа ие бола отырып, мемлекет билігіне тәуелді және құнды емес тауар бағасын көрсету үшін қызмет етеді.

Алғашында баға масштабы АҚШ қазынашылығымен алтынның тройск унциясына (31,1г) 35 доллар есебінде анықталып бекітілді. Ол 1971 және 1973 жылдардағы доллардың девальвациялануына дейін сақталды және 1980 жылдың қаңтарында 850 долларға дейін жетті.

Арнайы баға масштабы алтын құны мен оның мемлекеттік тұрақты бағасының арасы алшақ болып кетуіне байланысты өзінің экономикалық мағынасын жоғалтты.

Ямайка валюта реформасының (1976-1978 жж.) нәтижесінде арнайы алтын бағасы және алтын паритеті жойылды. Құн өлшеу қызметі нарықтық баға масштабы негізінде орындалады.

Қазіргі уақытта алтын тауарға тікелей айырбасталмайды және бағалар алтынменен көрсетілмейді. Алтынды айналыстан қазынаға қарай ығыстырып тастау жағдайында ақшалы тауар (алтын) тікелей массасына емес, алтын нарығындагы несие ақшалармен операциялар жүргізуге қарсы тұрады. Осыдан алтын қағаз және несие ақшалардың құнын өлшеу ретінде көрінеді. Несие ақшалар тауардың құнын өлшемейді, өлшенген құнды көрсетеді, өйткені өзінің құны жоқ.

Сонымен алтын белгілерінің, яғни толық құнды емес және қағаз ақшалардың пайда болуы, ақша формаларының олардың алтындық мазмұнынан ажырауына алып келді.

Ақша айналыс құралы. Ақша айналыс құралы қызметінде тауарларды өткізудегі делдал болып табылады.

Тауарлар бір қолдан екінші қолға ауыса отырып, өзінің тұтынушысын тапқанға дейін ақша үздіксіз қозғалыста болады.

Тауар айналысы кезінде, ақша делдал ролін атқарады, ал бұл кездегі сатып алу және сату актісі ерекшеленеді, уақыты мен кеңістігі бойынша сай келмейді. Сатушы, тауарын сатқаннан кейін, басқа тауарды сатып алуға әр уақытта асықпайды. Ол тауарды бір нарықта сатуы, ал басқа нарықтан сатып алуы мүмкін. Делдал ретіндегі ақшаның көмегімен уақыт пен кеңістіктегі өзара сай келмеушілік жойылды.

Өзінің құнын өткізгеннен кейін, айналыстан кететін тауарларға қарағанда, ақшалар айналыс құралы ретінде барлық уақытта осында қалып отырады және сату-сатып алу процесіне қызмет етеді.

Біздерге ақша айналыс құралы қызметін негізінен мемлекеттік, оперативтік, коммерциялық саудада тұрғындардын тауарларды сатып алуы кезінде орындайды. Шет елдерде мұндай шектеулер жоқ. Онда фирмалар мен корпорациялардың және т.б. қолма-қол ақшамен есептесуіне тыйым салынбаған.

Айналыс құралы ретінде ақша қызметтерінің ерекшеліктері мыналар:

— тауар мен ақшаның қарама-қарсы қозғалысы;

— оны идеалды ақшалар емес, нақты (қолма-қол) ақшалар орындайды;

— ақшаның бұл қызметінде тауарларды айырбастау өте тез орындалатын болғандықтан, оны нағыз ақшалар емес (алтын), оны ауыстырушылар — ақша белгілері орындайды.

Бірақ бұл, несие және қағаз ақшалар ақшалы тауармен (алтын) байланысты емес деген сөз емес. Бұл байланыс несие ақшалардың алтын нарығында жасырын айналыс болуыменен түсіндіріледі.

Ақша айналыс құралы қызметін атқаратын болғандықтан, айналыс қажеттілігі олардың саны өткізілуі тиіс тауарлардың бағасы мен массасы негізінде, яғни өткізілуі тиіс тауарлар бағасының сомасымен анықталады. Қанша дегенмен бір ақша бірлігі бір — несие тауар мәмілелеріне қызмет ететін болғандықтан, ақша айналысы қанша көп болса, айналыс үшін олардың қажетті саны сонша аз болады.

Егер ақшаның айналыстағы массасы тауар массасынан көп болса, онда бұл олардың құнсыздануына, яғни инфляцияға алып келеді.

Ақша төлем құралы. Тауар айналысы ақша қозғалысымен байланысты. Бірақ ақша қозғалысы міндетті түрде тауар қозғалысымен бір уақытта тоғысуы тиіс емес. Ақша құнның еркін формасында көрінеді. Олар өткізу процесін еркін аяқтайды. Ақшаның қозғалысы тауар қозғалысынан ерте немесе кеш жүруі мүмкін.

Егер тауар мен ақшаның қарама-қарсы қозғалысы болмаса, яғни тауар төлем ақы түскенге дейін сатып алынған немесе керісінше болса, онда бұл жағдайда ақшалар төлем құралы қызметін атқарады.

Ақшалар төлем құралы ретінде тек қана тауар айналысына ғана емес, сонымен бірге қаржы-несие қатынастарына да қызмет етеді. Барлық ақшалай төлемдерді төмендегідей етіп топтатуға болады:

— тауарларды және қызметтерді төлеуге байланысты міндеттемелер;

— еңбек ақы төлеуге байланысты міндеттемелер;

— мемлекетке қатысты қаржылық міндеттемелер;

— банктік қарыз, мемлекеттік және тұтыну несиесі бойынша борыштық міндеттеме;

— сақтандыру міндеттемелері;

— әкімшілік-сот сипатындағы міндеттемелер және басқалары.

Ақша төлем кұралы ретінде айналыс құралынан өзара айырмашылықтары бар. Бұл қызметте ақшалар делдал болып табылмайды, ол тек қана сату-сатып алуды аяқтайды. Нәтижесінде тауарларға қатынасты ақшаның өз бетінше еркін қозғалысы байқалады. Тауарды несиеге сатып ала отырып, сатып алушы сатушыға ақшаны берудің орнына, борыштық міндеттемені жазып ұсынады. Бұл борыш өтелген кезде, ақша төлем құралы ретінде қызмет атқарады.

Төлем құралы қызметін толық бағалы емес пақты ақшалар (қағаз немесе несие), ал борыштық міндеттемелерде өзара өтеуде идеалды ақшалар атқарады.

Төлем құралы ретіндегі ақшаның қызметі оның бұдан бұрын қарастырылған қызметтерінен айырамшылығы болғанымен ол олармен берік байланыста екені анық. Ақшаның төлем құралы қызметі, оның құн өлшемі және айналыс құралы ретінде қызмет етуі барысында көрінуі мүмкін. Ақшаның төлем құралы ретінде қызмет етуінің дамуы резервтік қор құрудың, яғни ақшаның қор және қазына жинау қызметтерінің туындауының қажет екенін көрсетеді.

Ақшаның төлем құралы қызметін атқаруына (байланысты ақша айналысы заңы өзінің неғұрлым толық көрініс тапты. Егер тауарлар несиеге сатылса, онда қолма-қол ақша қажет емес. Бұл айналыстың қолма-қол ақшаға деген жеттілігін азайтады. Бірақ төлем мерзімі жақындаған сайын борыштарды жабу үшін ақша айналымының қажеттілігі артады. Өзара өтелетін төлемдер соммасы айналыс үшін ақшаның санын азайтады. Егер қандай да бір бөлімде, борыштық міндеттеме бойынша төлем өз уақытында түспейтін болса онда бұл өзімен бірге басқа да төлемсіздік тізбесін тудырды (қарыз бойынша мерзімі өткен берешек, бюджеттік төлемдер, жалақы бойынша және т.б.)

Ақша қорлану және қазына жинау құралы ретінде. Ақшаның төлем және айналыс құралы қызметте ақшалай қорлардың құрылуын талап етеді. Ақшаның қорлануының қажеттігі Т — А — Т айналымының екі актілерге Т — А және А — Т айрылуымен байланысты.

Капиталистік қоғамдық формацияға дейінгілер үшін байлықты «таза қазына» формасында жинақтау, яғни ақшаның қарапайым қорлануы тән келеді. Бұл экономикалық дамуға ешқандай да ықпал еткен жоқ, себебі олар шын мәнісінде айналыстан тыс жатқан ақшалар болды. Капитализм тұсында бұл қазыналар несиелік жүйе және қор биржалары арқылы пайда әкелетін капиталға (өнеркәсіптік немесе сауда) айналады. Қазына жинау қызметінің қажеттігі тауар өндірісімен байланысты болды. Айналым капиталын немесе тұтыну заттарын алу үшін ең бастысы ақшаны жинау қажет.

Әрбір тауар тек қана жекелеген қажеттілікті анықтайды және олар жалпы байлықты білдірмейді. Толық бағалы ақшалар (алтын) материалданған құнның формасы ретінде байлықтың жалпы өкілін сипаттайды. Демек, қазына жинау құралы қызметін тек қана толық бағалы немесе нағыз ақшалар орындауы мүмкін. Қазыналарды қорландыру — алтын монеталар мен алтын құймаларын жинактау түрінде жүзеге асады.

Металл ақшалар айналысы тұсында қазына жинау тек қана ақша айналысын реттеуші ролін атқарған болатын. Өндірістің және тауар айналысының кеңеюі барысында металл ақшалар қазынадан айналысқа шығып отырды немесе керісінше.

Қазіргі жағдайда қазына жинау қызметі айналыстағы ақша массасын реттегіш ролін атқармайды. Қазына тек қана мемлекеттің сақтандыру қоры ретінде болады. Алтын резервтері мемлекетке экономикалық тәуелділіктің болуына кепілдеме береді. 1998 ж. 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлтгық банкісіндегі монетарлық алтынның қалдығы 41781,1 млн теңгені құрады.

Несиелік және қағаз ақшалар қазына жинау құралы қызметін атқара алмайды, себебі олардың меншікті құны жоқ. Бірақ та осы қызмет негізінде олар қорлану қызметін жүзеге асырады.

Ақша айналыс саласынан уақытша шығып қалғаннан кейін олар қорлана бастайды. Қорлану қызметінде ақша өзінің құнын сол формада сақтай отырып, олар кез келген уақытта айналысқа төлем немесе айналым құралы ретінде түсе алады. Шынында да бұл елдегі ақша айналысының тұрақтылығы жағдайында, яғни инфляцияның болмауына байланысты ғана мүмкін.

Тауар өндіріс жағдайында қорлану екі формада жүреді:

— кәсіпорындар мен ұйымдардың есеп айырысу және депозиттік шоттарындағы ақшалай қаражат калдығы түрінде ұжымдық қорлану;

— банктердегі салымдар, мемлекеттік облигациялар. Несиелік механизмнің арқасында кәсіпорындар мен халықтың ақшалары банктен берілетін қарыздар түрінде қайтадан айналыс процесіне түседі. Сөйтіп, ақшалар бұл қызметінде ұлттық табыстың қалыптасу, бөлу және қайта бөлу процесіне дәнекер болады.

Дүниежүзілік ақша қызметі. Тауар шаруашылығының кеңеюі, шаруашылық байланыстардың интернационалдануы, дүниежүзілік нарықтың пайда болуы дүниежүзілік ақшалар қызметінің пайда болуына себеп болды. Дүниежүзілік ақшалар интернационалдық құн өлшемі, халықаралық төлем және сатып алу құралы ретінде қызмет етеді.

Бұл қызметті бастапқыда толық бағалы ақшалар (алтын), ал кейіннен нағыз ақшалар (шетел валютасы) атқарды. 1867 жылы Париж келісімі дүниежүзілік ақша қызметін алтынға балап бекітті.

Егер де елдің ішінде ақша ұлттық ақша бірліктері формасында қызмет етіп жүрер болса, ал одан тысқары жерде К. Маркстің айтуынша: «ақшалар өзінің ұлттық киімдерін шешіп, бастапқы қымбат бағалы металл формасын киеді», яғни жалпыға бірдей эквивалент формасына өтеді,

Бірақ алтын айналысы түсында да ағымдық халықаралық есеп айырысуларға алдыңғы елдердің ұлттық валюталары қызмет етті. 1913 ж. халықаралық есеп айырысулардың 80%-ты ағылшын фунт стерлингінде бейнеленген аударым вексельдер көмегімен жүзеге асырылды, ал алтын халықаралық есеп айырысулардың қалдығын жабуға ғана қызмет етті.

Бреттон-Вудстагы (1944 ж) мемлекетаралық келісімге келу, доллар мен фунт стерлингке резервтік валюталар мәртебесін берді. Кейіннен дүниежүзілік ақшалардың жаңа формалары: СДР — арнайы қарыз алу құқығы; ЭКЮ — еуропалық есепке алу бірлігі пайда болды. Ал 1999 ж. 1 қаңтарынан бастап Еуропаға ынтымақтастық елдердің ортақ ақша бірлігі «еуро» айналысқа шықты.

Демек, дүниежүзілік ақшалардың дамуы ұлттық ақшалардың металл ақшадан несиелік ақшаға өту жолын кеш те болса қайталауда.

Қазіргі уақытта дүниежүзілік несиелік ақшалардың жобалары жасалуда, бірақ одан әлі нәтиже жоқ. Енгізілген шарты есептесу бірліктерінің (СДР, ЭКЮ) өзіндік меншікті құндары жоқ, сондықтан да олар толыққанды түрде дүниежүзілік ақшаның қызметін атқара алмайды. Бұл қызметті тек қана алтын нарығындағы операциялар арқылы алтын атқарады.