Экология ғылымының қалыптасу тарихы

Қоршаған ортаны танып-білуге деген құштарлық сонау адамзат дамуының ақ таңы атқан кезден басталды деуге болады. Алғашқы қауымдық қоғамның өзінде-ақ адамдар өздерімен бірге қатар өмір сүріп келе жатқан кейбір аңдардың қарсылығына тап келгені белгілі. Оларды жеке-жеке емес, бірлесіп, қауымдасып күрескенде ғана жеңе алатындығына, сөйтіп өздеріне азық етуге болатындығына көздері жетті.  Осылай қай аңды  қай кезде, қандай жерде, қандай қару қолданғанда қолдарына түсіре алатындығын сезіне ала бастады. Олардың бұл әрекеттерін біз бүгінге тас бетіне түсірген суреттерінен және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында тастан, ағаштан, т.б. жасаған қаруларын табу арқылы көзімізді жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ мұндай деректер ежелгі египет, үнді, тибет, тағы басқа мәдениет ескерткіштерінде сақталғаны мәлім. Экологиялық элементтері сонымен қатар, көнеден келе жатқан халықтардың  эпикалық шығармаларында кездеседі. Мәселен, үнділердің «Махабхарата» жырында (б.д.д.VI-II ғ.ғ) табиғаттың дүлей күштері су тасқыны мен жер сілкінісі туралы деректер келтіріледі, елуден астам жан-жануарлардың аттары аталып олардың өмір сүру белгілері сипатталады, тіпті қайсыбірінің санының артуы және кемуі туралы мәліметтер де беріледі. Вавилонның қол жазбалық кітаптарында жерді өңдеудің әртүрлі әдістері мен тәсілдері келтіріліп, кейбір мәдени өсімдіктерді қай мезгілде егудің жолдары көрсетіледі. Ал Қытайдың біздің дәуірімізге дейінгі VI-II ғ.ғ. хроникаларында бірқатар өсімдіктердің сорттары туралы сөз қозғалып, олардың пісіп жетілу мерзімдері де айтылады. Дәл осындай мәліметтер антик дүние ғалымдары Героклиттің (б.д.д. 530-470 ж.ж) Геппократтың (б.д.д. 460-370 ж.ж) Аристотельдің (б.д.д. 384-322 ж.ж.) еңбектерінде келтіріліп, экологиялық факторлар қозғалып, талданады. Мысалы, Аристотель өзінің «Жануарлардың тарихы» деп аталатын еңбегінде өзі білетін 500 астам жануарлардың атын атап, түсін түстейді, мінез құлқына талдау жасайды. Ғылымды дамытудың алғашқы алғы шарттары нақты материалдар жинаумен оны жүйелендірудің тұңғыш тәжірибесі осылай жүзеге асады.

Геофрост Эррезийский (б.д.д. 372-287 ж.ж.) болса, қазіргі жерорта теңізінің жағалауындағы кең ауқымды кеңістік бойынша өзі байқаған өсімдіктерге топырақтың және ауа-райының тигізер әсерлерін баяндайды. Философтың бұл еңбегінде сонымен қатар, әртүрлі ағаштардың, бұталардың және жартылай бұталардың да қандай топырақта жақсы өсіп өнетіндігі туралы бірінші рет деректер келтіріледі.

Орта ғасырлар дәуірінде табиғатты зерттеу жөніндегі жұмыстар жүргізу біршама тоқырап қалады. Өйткені бұл кезде құдайға құлшылық етуге едәуір баса назар аударылғандықтан, жаратушыға қарсы шығуға, ол туралы өздерінің ой-пікірлерін білдіруге көпшіліктің батылы жете бермейді. Жалпы қоршаған орта мен организмдердің құрылымдық байланысы бар екендігін ешкім ашып айта алмайды. Барлық нәрсе тек құдайдың жаратушылық құдыретімен жасалған деген ұғым көптеген көкірек көзі ашық, көңіл көкжиегі жүйрік адамдардың өзінің «қол-аяғын» байлап, «ерік-жігерін» тұсап тастаған болатын. Бұл кезең осылай мың жылдай мерзімдік уақытқа созылды. Осы уақыт аралығында саусақпен санарлықтай ғана ғылымдық мәні бар еңбектер жазылды. Олардың да басым көпшілігі Разестің (850-923 ж.ж.) Авиценаның (980-1037 ж.ж.) дәрілік шөптердің қасиеттері туралы айтылған еңбектеріне, Марко Полоның (13 ғ) Афанасий Никитиннің (15 ғ) өлке елдердің табиғаты, мәдени өсімдіктері, жан-жануарлары туралы қолжазбаларында көрсетілген түсініктемелеріне, танымдық материалдарына сүйеніп жазылды.

Орта ғасырлар дәуірінің соңғы кезеңіне ғана ғылымға жаңа серпін, соны бетбұрыс жасауға Альберт Великийдің (Альберт фон Больштедтің, 1193-1280 ж.ж.) еңбектері қозғау салды. Ол өзінің өсімдіктер туралы кітабында өсімдіктердің өсуіне топырақтан басқа оларға «күн жылуының» да әсері ерекше роль атқаратындығын және олардың «қысқы ұйқыға» кетуі өсімдіктердің өсіп-өнуіне, көбеюіне айрықша ықпал тигізетіндігін, бұл құбылыстардың бір-бірімен өте тығыз байланыстары бар екендігін ашып көрсетіп берді.

Қайта өрлеу дәуіріндегі географиялық жаңалықтардың ашылуы және бұрын белгісіз болып келген жерлердің елдендірілуі әсіресе биологиялық ғылымның күрт дамуына кең жол ашты. Нақты материалдарды жинақтау мен жүйелеп, сұрыптап көрсету сол кезеңдегі жаратылыстану ғылымдарының басты шартына айналды. Алайда, соған қарамастан, табиғаттанушылардың еңбектерінде табиғат туралы метофизикалық көзқарастар басым болумен қатар, экологиялық факторлар өз орындарын тауып жатты. Бұл еңбектерде өсімдіктер мен кейбір жан-жануарлардың белгілі ортаға бейімделуі баса көрсетіледі. Өсімдіктердің, жануарлардың жерсіну ерекшеліктері, су тасқынының орын алу себептері туарлы ой-пікірлер кеңінен қозғалды. Олар бұл еңбектерін сол аймақтағы «жан-жануарлардың тарихы» деп атады.

Танымал ағылшын химигі Р.Бойль (1627-1691 ж.ж) тұңғыш рет экологиялық жағдайларға байланысты тәжірибелерді жүзеге асырды. Ол әр алуан жануарларға төменгі атмосфералық  қысымның әртүрлі әсер ететіндігін салыстырмалы көрсеткіштер арқылы дәлелдеп берді.

Жер шарындағы ауа-райының  өзгеруі ондағы тіршілік ететін жан-жануарлардың, өсетін өсімдіктердің әлеміне әсер тигізетіндігін бір сөзбен қорыта айтқанда, қоршаған ортадағы жансыз және жанды құрауыштардың өзара тығыз байланысты екендігін 18 ғасырда Ресей ғалымдары да өз еңбектеріне өзек етті.

Мысалы, орыстың атақты ғалымы М.В.Ломоносов «Жер қыртысы туралы» трактатында: «Адамдардың көбісінің табиғатта көргеннің бәрі жаратушының құдыретімен жасалған деп ойлаулары бекер…) деп атап көрсетті. Ол табиғаттағы өзгерістер тек өсімдіктер мен жануарлар әлемінің тікелей қатысуының нәтижесі деп санады. Әр кезеңдегі жануарлардың өлі сүйектерін зерттей отырып, олардың тіршілік еткен табиғи жағдайлары туралы тұжырым жасады.

XVIII ғасырдың соңымен XIX басында қоршаған ортаның құбылысын зерттеушілердің саны бірте-бірте арта түсті. Олардың еңбектерінде экологияның элементтері жиі-жиі кездесетін болды. Ғылымның дамуының екінші кезеңі ботаникалық-географиялық ірі-ірі көлемді зерттеулерге ұласты. Өсімдіктер экологиясының бірден-бір негізін қалаудың мәртебесі биолог ғалым А.Гумбольдтың (1769-1895) еншісіне тиді. Ол 1807 жылы Орталық және Оңтүстік Америкада жүргізген көпжылдық зерттеуі негізінде «Өсімдіктер географиясы туралы ойлар» еңбегін жарыққа шығарды. Онда ғалым өсімдіктердің өсуі мен өркен жаюы ауа-райының жағдайына, әсіресе температуралық факторға байланысты екендігін жан-жақты ашып көрсетіп берді.

Бертін келе бұл ойлар орыс ғалымдары К.Ф.Рульенің (1814-1858), Н.А.Северцевтің (1827-1885), А.Н.Бекетовтың (1825-1902) еңбектерінде одан әрі жетілдіріліп, тереңдетіле түсті. Экология ғылымының одан әрі дамуы ағылшын ғалымы Ч.Дарвиннің (1809-1882) эволюциялық ілімінің негізінде жүзеге асырылды. Оған атақты орыс ғалымдары В.В.Докушаевтың (1846-1903), В.И.Вернадскийдің (1863-1945), В.Н.Сукачевтің (1880-1967), Н.Ф.Реймерстің (1931-1993) қосқан үлестері мол. Олардың ішінен В.И.Вернадскийді ерекше атап өтуге болады. Ол биосфера туралы ілімінің негізін қалап, қазіргі заманға ғылымның болашағын күні бұрын көре біледі. Биосфераны әлемдік эко жүйе деп танып, оның артықшылығы мен дамуы экологиялық заңдылықтарға негізделетінін, заттектермен энергия балансына байланысты екенін тұңғыш рет ашып көрсетті.

В.И.Вернадский сонымен қатар ноосфера концепциясының негізгі қағидаларын да тұжырымдады.

Алайда, «экология» деген терминді алғаш рет енгізу неміс ғалымы Э.Геккельдің (1834-1910) еншісіне тиді. Ол экологияға төмендегідей анықтама берді: «Экология деп, біз табиғат экономикасына қатысты барлық білімдерді – жануардың оны қоршаған органикалық және бейорганикалық ортамен, әсіресе оның өзімен тікелей немесе жанама қатысымын жануарлармен және өсімдіктермен өзара ынтымақтастық немесе қостастық әрекеттерінің бар жиынтығын зерттеуді түсінеміз».

Экология бастапқы кезде биологиялық ғылымның құрамына еніп, организмдермен қоршаған ортаның өзара тығыз байланысын ғана зерттеумен щектелген болса, қазіргі заманда экологияның шеңбері одан әрі кеңіп, көптеген ғылымдармен, атап айтқанда, география, геология, агрономия, химия, архитектура, математика, физика, генетика, медицина, қысқасы ғылымның барлық салаларымен қоян-қолтық араласып кетті.

Осылай қазіргі заманғы экология — әмбебап, зор қарқынмен дамып келе жатқан, біздің планетамыздың барлық тұрғындары үшін іс жүзінде аса зор маңызы бар іргелі, кешенді ғылым болып саналады. Экология болашақтың ғылымы және адамдардың өзінің өмір сүруі осы ғылымның тікелей ұдайы дамуына байланысты болуы да мүмкін деуге жатады.