Қазақстанның Америкамен қарым-қатынасы

АҚШ-тың қазіргі өркендеп отырған жағдайы орасан мол табиғи байлықтарды игеруінің нәтижесі. Бүгінде АҚШ Батыс әлемінде тас көмір мен қоңыр көмір, сондай-ақ уран қоры жөнінен бірінші орын, газ, мыс, мырыш қоры жөнінен екінші, мұнай, темір рудасының қоры жөнінен алтыншы орын алады. Соның өзінде пайдаланылып жатқан көптеген кен орындары (әсіресе мұнай, газ, темір рудасы) сарқылған. Никель, марганец, хромит, кобаль және т.б. жетіспейді (не мүлдем жоқ).

Америка көптеген экономикалық көрсеткіштер бойынша дүние жүзінің жетекші державасы. Оның 50 штат пен федералдық Колумбия округінен (астана Вашингтонның аумағы) тұратын демократиялық республика екені белгілі. 48 штат шоғырлана орналасқан, екеуі негізгі аумақтан бөлек: Аляска (патша үкіметінен 1869 жылы сатып алынған) және Гавая аралдары. «Мұхиттың арғы жағына» орналасқандығы және Еуропа мен Азияда тұтанып тұрған соғыс ошақтарынан шалғайлығы бұрынғы уақытта бұл елдің қауіпсіздігіне сенімді кепіл болды, Атлантика, сондай-ақ Тынық мұхит аймағында орналасқан мемлекеттермен еркін сауда қарым-қатынастарын оңайлатты.

АҚШ-тың су ресурстары мол әрі сан алуан. Бірақ олардың көбі елдің шығысында. Мұнда АҚШ-тың басты өзен артериясы – тармақ салаларымен бірге шаруашылық маңызы зор (көлік, энергетика, жер суару тұрғысынан) – Миссисипи ағып өтеді. Осы өңірде, Канадамен шекарада әлемдегі ең зор көлдер жүйесі – Ұлы американ көлдері орналасқан.

Тұтас алғанда Құрама Штаттардың орасан зор аумағы (Кордильдер мен Аппалачтың биік таулы өңірін, сондай-ақ Аляска мен шөлдерді қоспағанда) адамның тіршілік және экономикалық қарекетіне қолайлы. Ал климат жағдайының әр алуан екені соншалық іс жүзінде қоңыржай белдеудің барлық өсімдіктерін, көптеген субтропиктік және тіпті тропиктік дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді.

АҚШ-тың топырағы, әсіресе елдің орталық бөлігіндегі қара топырақты өңірлердің топырағы жаратылысынан өте құнарлы, бұлардың барлығы жыртылып, елдің негізгі астықты, малды өңірі болып отыр. Орман кесіліп өте сиреген, бүгінде АҚШ аумағының шамамен төрттен бірін алып жатыр және дені қайта өсірілген ормандар. Орман әсіресе Аляска мен Кордильдерде көп.

Бұл елдің ұлан-байтақ аумағында 260 миллионнан астам адам өмір сүреді (дүние жүзіндегі ҚХР мен Үндістаннан кейінгі үшінші орын). Американ ұлтының құралуының бастамасы иммиграция болды. Сөйтіп қазіргі американдар (аздаған байырғы тұрғындар – үндістерден, эскимостардан, әлеуметтер мен гавайлықтардан басқалары) Еуропадан, Жапониядан, Қытайдан, Филлипиннен және басқа елдерден барғандардың ұрпақтары. Американ ұлтының құрамдас бір бөлігі – 32 миллиондай негрлер. Бұлардың ата-бабалары Оңтүстіктің плантацияларында жұмыс істеу үшін Африкадағы апарылғандар.

АҚШ – дүние жүзіндегі ең урбандалған елдердің бірі: әрбір төрт американың үшеуі қалаларда тұрады. Қоныстануда Нью-Йорк, Лос-Анджелос, Чикао, Филадельфия, Сан-Франциско, Хьюстон, Детройт және т.б. секілді қалалық агломерация – «миллионерлер» басты рөл атқарады. Кейбір көрші агломерациялар ұштасып, мегаполистер құраған – Босваш (Бостоннан Вашингтонға дейін), Көл бойы (Милуокиден Питтсбургке дейін), Калифорния (Сан-Францискодан Сан-Диегоға дейін).

Ауыл шаруашылығымен айналысатын халық әдетте бірінен-бірі шалғай орналасқан фермаларда тұрады.

Америка Құрама Штаттардың дүниежүзілік шаруашылықтағы рөлі орасан зор. Оның үлесіне капиталистік елдердің өнеркәсіп өнімінің үштен бірі келеді. Дүниежүзілік экономиканың барлық салаларында АҚШ-тың үлесі өте мол. Шетелдік инвестициялар бойынша бұл ел басқа елдердің барлығынан асып түседі.

«Атлантиканың арғы жағындағы түкпірден» АҚШ-тың әлемдік аренаға белсене шыққан уақыты XX ғасырдың басы. Бұл кезде ел экономикасы ерекше шапшаң дамыды, оған себеп болған жағдайлар мынадай болатын: 1) ел аумағының көпшілігінде (Солтүстік, атыс) ауыл шаруашылығы феодализмнің шырмауларынан азат болды; 2) қарапайым еңбеккерлер бар, техникалық интеллигенция бар иммигранттар көп келді; 3) жаңа жерлердің игерілуі есебінен ішкі нарық ұлғайды; 4) мол табиғи ресурстар; 5) географиялық орнының қолайлығы. Елде өнеркәсіп пен қаржы капиталы ертегідегідей шапшаң жинақталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін капиталистік дүниеде іс жүзінде АҚШ-қа бәсекелесетін еш ел қалмады, өйткені Германия мен Жапонияның экономикасы қирап жатты, ал жеңген державалар – Ұлыбритания мен Франция – соғыстан әлсіреп шықты. Ядролық монополия қосымша тірек болған американ күш-қуаты ерекше зор болды.

Алайда бертінгі ондаған жылдар ішінде экономика, техника мен технология саласында АҚШ-та бұрын болған орасан зор артықшылық ғайып болды. Енді ол көптеген салаларда байыпты бақталастарға кезігіп отыр (Жапония, ГФР және т.б.).

Қазіргі заманғы американ экономикасына өндіріс пен капиталдың барынша шоғырлануы тән. Аса ірі американ монополиялары – сипаты тұрғысынан трансұлттық монополиялар. Олар көптеген шетелдерде қарекет жасайды. Бұл орайда монополиялар мемлекетпен белсенді түрде бітісе ұштасып, мемлекеттік-монополистік капитализм дамып отыр. Мемлекет ғылым көп қолданылатын ең жаңа өнеркәсміп салаларын көтермелеп, болашағы бар ғылыми зерттеулерді қаржыландырады (әсіресе АҚШ-тың әскери ведомствосы – Пентагон бағытында).

Кемел дамыған кез-келген елдегі секілді АҚШ-тың да экономикалық «келбеті» өнеркәсіпке орайлас. Өнеркәсіп өнімінің құны ауыл шаруашылығы өнімнің құнынан шамамен 10 есе асып түседі.

Елдің мұнаймен және табиғи газбен жақсы қамтамасыз етілуі (Техас, Аляска, Луизиана, Калифорния, және т.б. штаттары) себепті бұл салалар АҚШ-тың отын-энергетика балансында жетекші орын (шамамен 70%) алады. Осының өзінде АҚШ мұнайды Мексикадан, Ұлыбританиядан, Сауд Арабиясынан және басқа елдерден алдырғанды экономикалық тұрғыдан тиімді деп санайды. Тас көмірдің денін (шамамен 80%) бұрынғысынша бірегей Аппалач бассейні береді. ГЭС-тер Батыстың таулы аудандарында неғұрлым мәнді рөл атқарады. Ядролық энергетика қауырт дамып келеді. Жаңа ғасырдың басында оның баланстағы үлесін 25 пайызға жеткізу көзделген.

Индустрияның өзегі металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі болып табылады.

Қара металлургияның географиялық көрінісі бертінге дейін біршама қарапайым болып келеді. Ол түгелдей дерлік кокстелетін көмір (Аппалач) мен темір рудасының (Ұлы көлдер өңірі) орналасуына қарай шоғырланды. Мұнда саланың Чикаго, Гэри, Клинленд, Питтсбург секілді орталықтары пайда болды. Алайда импорттық шикізатқа (Канада мен Латын Америкасынан) ойысуға орай қара металлургия Атлантика жағалауына қарай жылжиды (Балтимор, Филадельфия, т.б.).

Түсті металлургия кәсіпорындарының көпшілігі тиісті рудалар өндірілетін жерлерге, ал энергияны кқп жұмсайтындары Колумбия және Теннеси өзендерінің энергетикалық кешендеріне жақын шоғырланған.

Жапония мен Батыс Еуропа елдері машина жасау бұйымдарының дүниежүзілік нарығында АҚШ-ты біршама ығыстырғанына қарамастан, машина жасау саласының даму деңгейі өте биік. Мысалы, авиация өнеркәсібі өнімінің экспортында АҚШ-тың үлесі 60%, газ турбиналары жөнінен 65% пайыз болып отыр. Ел электрон жабдықтардың, медициналық техниканың көптеген түрлерін өндіру жөнінде жетекші орындарда. Шығаратын өнім түрлерінің сан алуан көптігі жөнінен АҚШ-пен теңесетін ел жоқ.

АҚШ өнеркәсібінің ұлттық саласы – автомобиль жасау. Нақ осында өнеркәсіпті Солтүстік жерінде XIX-XX ғасырлар межесінде Форд дүние жүзінде тұңғыш рет автомобильдерді көптеп шығаруда ұйымдастырды. Бұл орайда ол қыруар қолайлы факторларды пайдаланды (қара металлургияның дамығандығы, өнім өткізетін сыйымды нарық, жақсы қатынас жолдары және т.б.). АҚШ автомобиль жасау саласының астанасы – Детройтта аса ірі автомобиль концерндері «Дженерал-моторстың», «Форд-моторстың» көпоеген зауыттары мен штаб-пәтерлері орналасқан.

Ең жаға машина жасау салалары ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстар орталықтарына, білікті еңбек пен тұтынушыға бағдар ұстайды. Атлантика жағалауы, Көлдер бойы және Калифорния мегаполистері осындай шарттарға сай келеді. Калифорния мегаполисі ұшақ және ракета жасау жөнінде елде бірінші орын алады.

Ауыл шаруашылығы бастауыш негізі капиталистік ферма болып табылатын сала; бұл саланың ерекшелігі капиталистік қатынастар әбден кемелденген, анық тауарлы сипатта, еңбек өндіргіштігі мен техникалық жарақталуы жағынан деңгейі биік, алуан түрлі өнімді өте көп мөлшерде шығарады. Азық-түліктік және малға берілетін астық, бұршақ, мақта түсімі, ет және басқа да бірқатар өнімдер шығару жөнінен АҚШ капиталистік елдердің арасында бірінші орын алады, ол шетелдерге азық-түлікті ең көп экспорттайтын елдердің бірі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінде мал шаурашылығының өнімдері көрінеу басым (шамамен жалпы құнының үштен екісі), дегенмен егіншілік пен мал шаруашылығының ара салмағы әр штатта әр түрлі.

Әр түлікті мал шаруашылығы барлық жерде дамыған. Елдің көптеген аудандарында қуатты, техникалық жағынан жақсы жарақталған агроөнеркәсіптік кешендер қалыптасқан.

Егіншілік тауарлы дақылдарға (жеміс, көкөніс, шитті мақта, темекі және т.б.) бағытталған бірқатар оңтүстік штаттарда ол да мал шаруашылығынан гөрі тауарлы өнімді көп береді. Елдің шығыс, неғұрлым ылғалды бөлігінде жер қорында егістік алқаптар мен орман-тоғай, ал құрғақшылық Батыста жайылымдар басым. Егістік жерлердің үлесі прериялар өңірінде, АҚШ-тың орталық бөлігінің Ішкі жазықтарында айрықша басым, мұнда егістіктер (әсіресе Айова штатында) 90 пайызға дейін жетеді. Ал Батыста, әсіресе таулы штаттарда кей өңірлерде фермер жерлерінің 90 пайызына дейіні жайылым болып келеді.

АҚШ-тағы басты дәнді дақылдар – жүгері мен бидай; сондай-ақ күріш, күтім талғамайтын сорго және т.б. өсіріледі. Бидай жер-жердің бәрінде өсіріледі, дегенмен негізгі аудан – Канадамен шекарадан басталып Ұлы жазықтар бойымен Техастың орталық бөлігіне дейін созылып жатқан бидай белдеуі. Жүгері мал азығы үшін Айова Иллинойс, Индиана штатындағы прериялардың құнарлы топырағында өсіріледі. Шитті мақта алқаптары Оңтүстікте, қант құрағы Мексика шығанағының жағалауы мен Гавайда, темекі Виргиния, Кентукки штаттарында өсіріледі.

Аумағының ұлан-ғайыр болуы және өндіргіш күштердің биік деңгейге көтеріліп дамуы нәтижесінде АҚШ-та көліктің барлық түрлері кемелденіп дамыған. Бұрынғы уақытта басым болған темір жол көлігін бүгінде басқа көліктер, әсіресе автомобиль көлігі қатты ығыстырған. Автомобиль – американ өмір салтының ажырағысыз атрибуты (қалааралық жолаушы тасымалының 90 пайызына жуығы жеке меншіктегі автомашиналармен атқарылатын айтса да жеткілікті болар, ал темір жол көлігіне не бары 1 пайыздан кемірегі келеді). Құбыр желілері көбейе түсуде.

Теңіз көлігінің маңыздылығы да төмендеген емес, өйткені АҚШ-тың сыртқы сауда тасымалының басым бөлігін кейде шағын елдердің «қолайлы туын» көтеріп жүретін (Либерия, Панама және т.б.) кемелер тасиды. АҚШ-тың ең ірі теңіз порттары – Нью-Йорк, Бостон, Филадельфия, Балтимор, Жаңа Орлеан, Хьюстон, Лос-Анджелос, Сан-Франциско, Сиэтл, Анкориндж, Гонолулу және т.б.

Елдің ішкі және сыртқы экономикалық байланыстарында Миссисипи – Ұлы көлдер су жолы маңызды рөл атқарады.

Жолаушы тасымалында (әсіресе халықаралық тасымалдарда) авиация көлігінің орны айрықша. АҚШ азаматтық авиациясының ұшақтар паркі – дүние жүзіндегі ең үлкен парк.

АҚШ барлық континенттердің мемлекеттерімен сыртқы экономикалық қарым-қатынас жасайды. Халықаралық қарым-қатынастарда «жылылық» орнауына орай, егемен ел болғанымыздан бері АҚШ пен Қазақстан арасында өзара тиімді байланыс жолға қойылған.

Сонымен, сендер Америка Құрама Штаттарының табиғатымен, халқымен және шаруашылығымен таныстыңдар. Бұл – даму қарымы зор және өндірістік қуаты орасан мол, алдыңғы қатардағы держава. АҚШ экономикасындағы соғыстан кейінгі жылдардағы ең басты аумақтық өзгеріс өндірістік қуаттардың өнеркәсіпті Солтүстіктің жаңа аудандарына ауысуында болып отыр.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҚШ-пен БАЙЛАНЫСЫ

Қазақстанның АҚШ-пен стратегиялық серіктесі ретінде қалыптасуы халықаралық диалогтар жүзінде іске асырылды. Ақ үй Қазақстанға екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына көмек көрсететіндігі жайлы мәлімдеді.

Сөйтіп АҚШ-пен ынтымақтастықты жақсартуға жол ашылды, ал мұнсыз ҚАзақстан қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың толық құқықты субъектісі бола алмайтын. Бұл жұмысты біз екіжақты қатынасты дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттар әзірлеуден бастадық.

Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапары 1992 жылғы 15 мамырда басталды. Қазақстан басшысының Америка астанасында болуы мазмнды кездесулер мен келіссөздер барынша толы болды. Н.Назарбаевқа билік басындағылар тарапынан баса көңіл бөлінгенін тәптіштеп жату артық. Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ-тың Әкімшілігінде де, Конгресі және іскерлік топтар арасында да жылы қабылданды. Сол тұста Иракка қарсы «Шөлдегі дауыл» сәтті операциясынан және өзінің тікелей араласуымен КСРО-ның ыдырауынан кейінгі даңқ тұғырындағы Ақ үй қожайыны үлкен Дж.Буш айқын жылы шырайлылықпен қарсы алды. Н.Назарбаевты Ақ үйде қабылдай отырып, ол өзінің «социализмді тежеу» стратегиясының тәтті дәмін татып отырғандай күйде болатын.

Н.Назарбаевтың нақ осы АҚШ-қа ресми сапары екі мемлекет арасындағы одан арғы ынтымақтастыққа негіз қалағанын уақыттың өзі көрсетті. Қазастан басшысының Вашингонда болған күндерінде оның американ президентімен жеке жақсы қарым-қатынасы қалыптасты. Үлкен Дж.Буш 1992 жылғы қарашада талантты да өжет саясаткер Б.Клинтонға президенттік орнын босатуға мәжбүр болғанымен, аталған келіссөздерден кейін де жақын достар ретінде әлденеше рет кездесті.

Қазақстанның АҚШ-пен байланысы көпжылдық жоспар барысында, төмендегі салалар бойынша жүзеге асырылуда: сауда-экономика, экономика, мұнай-газ салалары бойынша, және де АҚШ Қазақстанды ядролық қарудан босату саясатын жүзеге асыруға жәрдемдесетіні туралы ашық айтты.

Ал, сол 90-жылдардың басында қазақстан-американ қатынастарында бұрын-соңды болмаған өрлеу басталған-ды. Турасын айтсақ, Алматы америка бизнесмендеріне толып кетті. Олардың арасында өздерінің коммерция туралы дұрыс та неғұрлым толық түсінігі бола тұра Қазақстан рыногына аяғынан нық тұра алмаған кәсіпкерлер де болды. Ал, коммерция Олимпіне жолды басқалар, сол кезде еліміздің саяси және экономикалық бағытын айқындаған адамдардың сеніміне кіріп ала білгендер салды. Арада 10 жылдай өтпей-ақ жатып олардың кейбірі еліміздің беделіне орасан нұқсан келтіріп, әлемдік ақпарат құралдарында әшкереленіп те жатты.

Американың «Шеврон» корпорациясының Батыс Қазақстан облысында мұнай кәсіпорындарымен жасасқан келісім-шат жоғары мәнге ие болды. «Тенгизшевройл» деп аталатын біріккен корпорация жылына 50 млрд доллар көлемінде мұнай өндіруді жоспарлады.

«Филип Моррис» корпорациясымен жасалған келісім-шарт бойынша елімізге 300 млн доллар көлемінде шылым әкеліне бастады. «Чез Манхэттэн Банк»-пен бірлесе отырып қаржылық фонды 3 млн доллар құрайтын қазақстандық банк пайда болды. Бұл қаржының 1,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі бөлігі келісім-шарт бойынша біздің елдің меншігі болып табылады.

АҚШ елімізге гуманитарлық салада да көмек көрсетуде «Надежда-2» жобасы аясында елімізге 1,8 млн АҚШ доллары көлемінде 800 т азық түлік, 7,5 млн АҚШ доллары көлемінде 208 т медициналық дәрі-дәрмектер әкелінді.

Экономика жағынан алсақ, қарым-қатынастар энергетика, көлік, құрылыс, тау-кен өндірісі, телекоммуникация сияқты салалар негізінде жүзеге асырылады.

АҚШ елімізге экологиялық жағынан да жәрдемдестік көрсетті. Арал өңіріндегі елді-мекендерді тұшы сумен қамтамасыз ету мәселесіне АҚШ үкіметі 15 млн АҚШ доллары көлемінде тегін көмек көрсетті.

Мұнымен АҚШ-тың Арал мәселесін шешуге бағытталған көмегі тоқтап қалған жоқ. 1993 жылы елімізге Халықаралық бак өкілдері келіп, барлық жағдайды өз көзімен көріп, елімізге қосымша 212 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлуді дұрыс деп санады.

1994 жылдың 14-16 ақпан айларында елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми іс-сапары барысында мынадай құжаттарға қол қойылды: екі ел арасындағы достық қарым-қатынас туралы хартия, қорғаныс мәселесінде екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы Меморандум, ғылым мен техника саласында екі елдің өзара көмек көрсету туралы Меморандум, Қазақстан мен АҚШ Эксимбанкі арасындағы еліміздің көптеген жобаларын қаржыландыру мәселесі, т.б. сияқты маңызды құжаттарға қол қойылды.

2005 жылы Астана қаласында болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Республикамызға екі күндік ресми сапармен келген АҚШ-тың Вице-президенті Ричард Чейни дің келіссөздерінің қорытындылары бойынша бірқатар екі жақты келісімдерге қол қойылды.

Атап айтқанда, ҚР энергетика және минералды ресурстар Министрлігі мен АҚШ қорғаныс Министрлігінің арасындағы жаппай қырып-жоятын қарудың инфрақұрылымын жоюға қатысты Келісімге түзету қабылданды.

Қазақстандық тараптан құжатқа – энергетика Министрлігінің басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов, АҚШ тарапынан қорғаныс Министрінің көмекшісі Д. Дэвид қол қойды.

Сонымен қатар ҚР қаржы Министрлігі мен АҚШ энергетика Министрлігінің арасында ядролық материалдарды заңсыз өткізуді болдырмау саласындағы ынтымақтастық туралы Атқарушы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ ҚР үкіметі мен АҚШ үкіметінің арасындағы экономикалық даму жөніндегі қазақстандық американдық бағдарлама бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. ҚР мен АҚШ арасындағы қол қойылған құжаттарға Баспасөз конференциясында түсінік берген Н.Назарбаев былай деді: «келісімді (жаппай қырып-жоятын қарудың инфрақұрылымын жоюға қатысты Келісім – Kazakhstan Today ескертпесі) іске асыруға АҚШ $158 млн. бөледі».

Қазақстан Басшысының пікірі бойынша, «осы құжаттар аталған аспектердегі ықпалдастықты айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік туғызады және ядролық материалдарды таратпауға үлес қосады».

Аталған жылдың 10 маусымында АҚШ мұнай және газ құбырларын Қазақстаннан Қытайға жүргізу құрылысын қолдайды. Олар сондай-ақ атом электр станциясын салуға Қазақстан Республикасына қолдау көрсетуге даяр. Бұл туралы АҚШ Елшісі Джон Ордвей мәлімдеді. Алматы қаласында американдық дипломаттың қатысуымен жыл сайынғы дәстүрлі Баспасөз конференциясы өтті.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынастар белсенді дамуда. Ақ үй де біздің елімізді барлық жаһандық: демократиялық қағидаттарды енгізуден бастап ЖИТС-пен күресуге дейінгі мәселелерді шешуде қолдайды, – деп мәлімдеді Джон Ордвей.

Мұның дәлеліне американдық Вице-президент Дик Чейнидің Астанаға жасаған таяудағы сапары жатады. Америка мен Қазақстанның экономикалық мүдделерінің арқауы мұнай екені құпия емес.

Елші Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық Ұйымына төраға болу мүддесін АҚШ-тың қолдайтынын мәлімдеді. Иран және оның ядролық бағдарламасы туралы сұраққа Ордвей бұрын талай айтылған жауабын қайталады – Вашингтон алаңдаулы. Ал Қазақстанда АЭС салу идеясын американдықтар қолдайды. Атом қауіпсіздігі мәселелері бойынша олар техникалық жәрдем көрсетуге және консультациялар беруге даяр.

Журналистер АҚШ-тың әскери атташесінің кеңесшісі Ли Ричард Генри мен болған таяудағы оқиғаны да сұрады. Елші мәлімдегендей, барлығына жете түсінбеу кінәлі.

Ол орысша да, қазақша да сөйлемейді . Ол алғашында өзінің автомобилімен не істеу керек екені туралы автоинспекция қызметкері берген нұсқауды ұқпаған. Бұл ретте біз осы оқиға туралы қатты өкініш білдіреміз, бұл оқиға АҚШ пен Қазақстан арасындағы сыйлау деңгейін мүлде көрсетпейді.

Өзінің қызметкеріне қатысты елшілік қандай шаралар қабылдады деген сұраққа Ордвей мырза былай жауап берді: « Оның мәртебесінде өзгерістер болған жоқ».

Осы жылдың 1 маусым күні ҚР Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джон Ордвеймен кездесті.Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне байланысты туындаған мәселелер талқыланды. Тараптар шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамасының талаптарын, соның ішінде шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың саяси партияларды және кәсіподақтарды қаржыландыруға тыйым салуды бұлжытпай сақтауларын атап өтті.

Маусымның екісі ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Нұртай Әбіқаев АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Джон Ордвейді қабылдады.

Тараптар кең ауқымдағы мәселелер бойынша пікір алмасып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

Сондай-ақ 2006 жылы 5 мамырда қол қойылған, қазақстандық-американдық экономикалық даму бағдарламасы бойынша өзара түсіністік туралы үкіметаралық Меморандумды алдағы ратификациялау мәселесі талқыланды. Қазақстан Үкіметі тарапынан – экономика және бюджетті жоспарлау Министрлігі, ал АҚШ Үкіметі тарапынан халықаралық даму жөніндегі Агенттік (ЮСАИД) үйлестіруші болып табылады.