Л.Н Толстой .Н.И Пираговтың педагогикалық көзқарастары.

Жоспар:

  • Л.Н.Толстойдың педагогикалық қызметі мен көзқарастары
  • Л.Н.Толстойдың педагогикалық және дидактикалық көзқарастары
  • Толстойдың “Абзука”және кітаптары
  • Н.И Пираговтың педагогикалық қызметі
  • Жалпы адамзаттық тәрбие идеясы және сославиялық кәсіби білім беруді сынауы
  • Келесі сыныпқа көшудегі емтихандарды жою
  • Н.И Пираговтың оқушылардың тәртібі ,тәртіпсіздігі үшін жазалаудағы ұстанымы.

Лекцияның мәтіні:

Лев Николаевич Толстой (1828 -1910) белгілі жазушы, ойшыл, педагог. XIX ғасырдың 60 жылдарында Ресейде өріс алған қоғамдық педагогикалық қозғалыстың әсерімен Л.Н.Толстой халыққа білім беру саласында қоғамдық ағарту қызметімен шұғылданды. Ол педагогикалық қызметінің алғашқы кезеңінде (1859-1862) Ясная Полянада шаруа балаларына тегін мектеп ашып, мұғалімдер шақырып, бұл мектепте өзі де сабақ береді. Оның бастамасымен Тула губерниясында 20 шақты бастауыш селолық мектептер ашылды, олардың мұғалімдеріне Толстойдың өзі көмек көрсетіп тұрды.

1861-1862 ж. ж. Л.Н.Толстой шетелдерде болды, Франция, Италия, Бельгия, Германиядағы мектептердің жұмысымен танысты. Шетел мектептерінің (әсіресе Германия) негізгі кемшіліктерін (формализм, балаларға еркіндіктің берілмеуі, т.б.) атап көрсетті. Өзі ұйымдастырған Ясная Поляна мектебінде балаларға толық еркіндік берілді.

“Соғыс және бейбітшілік” (1869) романын жазып болғаннан кейін Л.Н.Толстойдың педагогикалық қызметінің екінші кезеңі басталды. Балаларға арнап әдістемелік нұсқауымен “Азбука” кешенін жасады (1-2 кітап, 1872). “Азбуканы” өңдеу барысында “Арифметика” (1874), “Жаңа Азбука” (1875), “Оқуға арналған орыс кітаптары” (1875) баспадан шығарылды. Л.Н.Толстой Ясная Поляна мектебіндегі жұмысын қайтадан жалғастырды.

“Анна Каренина” романын жазып бітірген соң педагогикалық ізденісінің үшінші кезеңі басталды (1880 жылдың аяғынан 1910 жылға дейін), ол Толстойдың діни-адамгершілік ілімімен байланысты еді.

Л.Н.Толстойдың педагогикалық идеяларын түсіну, оның шығармашылық еңбегімен байланысты, оны толғандырған, шығармашылық ізденіске түсірген де адам мен адамзат өмірінің мәні болды. Толстой бір қырынан, өзінің педагогикалық шығармалары арқылы жаңашыл-педагог, тәжірибелі ұстаз және ұйымдастырушы болып көрінсе, екінші қырынан – философиялық және психологиялық мәселелердің сана мен өмірдің бірлігі, шектілік пен шексіздіктің өзара байланысы, өзіндік сананың дамуы, жеке және қоғамдық сананыңдаму төркіні, т.б. мәселелердің мәнін айқындауға тырысты.

Л.Н.Толстойдың барлық педагогикалық шығармаларының темірқазығы жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қабілеттерін дамытуға арналды. Жеке тұлғаның қалыптасуын оның адамгершілік қасиетімен және түрлі іс-әрекеттерімен байланыстырды.

Көрнекті педагог өз мақалаларында педагогиканың зерттеу әдістеріне ерекше мән береді. Соның ішінде мұғалім тәжірибесін зерттеу, әр мектепті “мұғалімдер мен оқушылардың шығармашылық еңбек зертханасына” айналдырудың маңызды екенін көрсетті.

Ясная Поляна мектебінде сабақ мұғалімнің оқушылармен еркін әңгімелесуі түрінде жүргізілді. Мектепте оқу, жазу, таза жазу, грамматика, дін сабағы, орыс тарихынан әңгімелер, арифметика, жағрафия, жаратылыстанудан алғашқы мәліметтер, сурет және ән үйретілді.

Бұл мектепте оқу жоспары, оқытудың бағдарламасы және сабақтың тұрақты кестесі болмады. Әр аптаға жаңа сабақ кестесі белгіленді және оның орындалуы міндетті болмады. Үйге тапсырма берілмеді, оқылған сабақты ертеңіне пысықтау жүргізілмеді. Күн сайын мектепке міндетті түрде келу талап етілмеді. Осыған қарамастан, балалар сабаққа күн сайын келіп, мектептен үйге қайтуға ешқашан асықпады. Мектепте жазалау деген атымен болмады.

Ясная Поляна мектебінің жетістіктері (балаларды қызықтыру, олардың белсенділігін арттыру, балаларға қамқорлықпен қарау, мұғалімдер мен оқушылардың өзара түсінісуі, материалды көркем әңгіме ретінде түсіндіру) болды. Мектеп жұмысындағы кемшіліктер де (жүйелі білім беруді бағаламау, міндетті оқу жоспары мен бағдарламаның болмауы, сабақ кестесінің, баланы тәртіпке, жинақты болуға үйрететін күн тәртібінің болмауы) орын алды.

Л.Н.Толстойдың пайымдауынша, білім беру мен тәрбиелеу, табиғи құбылыс тәрізді обьективті процесс. Толстой оқыту мен тәрбиелеу барысында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, ғылыми білім берудің басты мақсатының бірі болуға тиіс деп санады.

Л.Н.Толстойдың баланы еркін дамыту идеясы мұғалім мен оқушы арасындағы жаңа типті қарым-қатынас қалыптастыруға негізделді. Ол оқушының танымдық белсенділігін және шығармашылық қабілетін арттыру мектептің жұмыс жасау стилін анықтайды деп түйіндеді.

Л.Н.Толстойдың діни-адамгершілік іліміндегі басты адамгершілік қағидаларын, мәселен, Құдайдың рахымдылығы, қайырымдылық, сенім, жан, ар-ұят, махаббат, өмір, игілік жайлы ой-толғаныстарын ол “Өмір жолы” атты соңғы үлкен шығармасында жазды. Онда адам өзіндік санасы және рухани жетілу жолы арқылы өзінің шығармашылық мүмкіндігін жүзеге асырады деді. Ойшыл-педагог өмір тәрбиесіне үйрету — адамды тұлға ретінде қалыптастыру, оның санасы мен ар-ұятын үйлестіру болып табылады деп көрсетті.

Л.Н.Толстой адамгершілік тәрбиесі — адамды рухани жағынан жетілдіру, санадан тыс та, саналылық түрде де іске асады дейді. Санадан тыс қалыптасқан адамгершілік қасиеттер баланың өскен ортасында нелерді қабылдағандағандығын көрсетеді, оның құндылық бағдарын анықтайды. Белгілі жазушы-педагог осыған байланысты отбасы мен қоғамдағы екіжүзділік моральдің қауіптілігін әшкереледі.

Л.Н.Толстой саналылық тәрбиесі қойылған мақсатқа табандылықпен жетуді, ерік сапасын шынықтыруды, өзін-өзі жетілдіруді мақсат етеді деп есептеді.

Н.И.Пироговтың педагогикалық көзқарасы. Николай Иванович Пирогов (1810-1881) шенеуніктің отбасында дүниеге келді. Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірді. Ол орыс хирургиясының негізін қалаумен бірге көрнекті педагогика қайраткері болды. Оның әкімшілік–педагогикалық қызметі жемісті және қызу жүрді. Ол Дерпт университетінде, Петербург медицина академиясында оқытушы болды.

1856 жылы Одесса округінің оқу ісінің попечителі болып екі жыл қызмет етті. Ол гимназиялардың педагогикалық кеңесінің маңызын көтеруге барынша күш салды, оқу орындарының директорлары мен мұғалімдеріне балаларға адамгершілікпен қарауға бағыт берді. Одессада университет ашуға даярлық жасады.

Сол жылы “Мәскеу жинағында” Пироговтың мақаласы жарияланды, ол мақала педагогикалық және қоғамдық қауымнан қызу қолдау тапты. Мақала мерзімді баспасөз беттерінде қайта басылып, К.Д.Ушинскийдің айтқанындай “ұйықтап жатқан педагогикалық ойды оятты”.

1858-1861 ж. ж. Пирогов Киев оқу округін басқарды. Одесса мен Киев округтерінің оқу ісінің попечителі болған кезінде мектепті қайта құру мәселелеріне байланысты құнды-құнды пікірлер қосты.

Н.И.Пироговтың педагогикалық мұраларындағы басты идея тәрбие арқылы өзін-өзі тану, жалпыадамзаттық тәрбие мен жалпыадамзаттық білім беру болды. Оныңпікірлері “Өмір мәселелері”, “Болу және болуға тырысу”, т.б. еңбектерінде Ришель лицейіндегі салтанатты жиында сөйлеген сөзінде (1857) көрініс тапты: ол адамгершілік тәрбие негізі – христиан дінінде дей отырып, тәрбиенің екі түрі бар: ол жалпыадамзаттық және арнайы; тәрбиенің ең бірінші мақсаты – “адам болуға” үйрету, яғни балалық шақтан бастап өмірдің материалдық жағын рухани өмірге тәуелді ету, бір сөзбен айтқанда, ең бастысы – адамгершілік тәрбиесін қалыптастыру; адамның екі жақты сипаты бар, бір сипаты — биологиялық, екінші сипаты — қоғамдық; әр жеке тұлғаның ішкі және сыртқы дүниесіне қарама-қайшылық тән; адамның бойындағы табиғи және қоғамдық қасиеттерді үйлестіретін тек қана тәрбие деген пікірді уағыздады.

Н.И.Пирогов мектеп жүйесін сатылы болу керек деп санады. Бастауыш 2 жылдық мектептен кейін, екі типті 4 жылдық прогимназия (орталау мектеп), онан кейін тағы екі типті 3-5 жылдық оқу мерзімі бар гимназия, одан кейін жоғары мектеп (университеттер, жоғары оқу орындары) болуы керек деп санады.

Н.И.Пирогов әйелдерді оқыту, олардың құқын қорғау мәселесін қолдағанмен де, олар отбасында күйеуін қолдап, балаларын тәрбиелеумен айналысуы тиіс деп есептеді.

Н.И.Пирогов жоғары мектепке қатысты жазған мақаласында университеттік білімді қайта құру керектігін, онда ғылым қызметкерлері мен профессорларды даярлау, оқыту мамандықтың тар аясында емес, жалпыадамзаттық бағытта болуы керектігі жайлы мәселелерді көтерді.