Нейронның жіктелуі

Әр түрлі нейрондар денелерінен шығатын өсінділердің саны бірдей болмайды. Осыған орай оларды униполярлы, псевдоуниполярлы, биополярлы және мультиполярлы деп бөледі. Униполярлы нейрондарда бір ғана өсінді болады. Мұндай нейрондар омыртқасыз жануарларда және омыртқалы жануарларда эмбриональдық даму кезеңінде кездеседі. Псевдоуниполярлық нейрондарда да бір өсінді болады, бірақ ол одан әрі екіге тармақталып кетеді. Биополярлық нейрондарда екі өсінді бар. Мультиполярлық нейрон денесінен әдетте жуан, ұзын бір аксон және бірнеше дендриттер шығады. Бұлардың үлкендігі, пішіні, атқаратын қызметтері, орналасқан жерлері алуан түрлі болады.

Нейрондардың ең басты үш типін айырады: афференттік, қондырма (аралық, контактылық) және эфференттік. Алғашқы афференттік (рецепторлық) нейрондар биополярлы болады. Олардың ұзын тармығының ұшы тиісті шекті органдарда қабылдаушы (рецепторлық) аппарат ролін атқарады. Мұнда туған қозуды клетка денесіне жеткізеді. Ал одан әрі екінші өсінді ол қозуды жұлынға немесе сопақша миға жеткізіп, ол жерде қондырма нейрондармен немесе эфференттік нейрондармен байланысқа түседі. Афференттік нейрондар орталық нерв жүйесінен тыс (жұлын ганглийлерінде, ми нервтері, түйіндерінде, т.б.) және орталық нерв жүйесінің шеңберінде де (мыс, көру төмпешіктерінде) орналаса береді. Эфференттік нейрондар аксондары әдетте импульстерді орталық нерв жүйесінен түрлі шеткі органдарға, тканьдерге жеткізеді (мысалы қаңқа еттерін жабдықтайтын мотонейрондар). Бірақ, көптеген эфференттік нейрондар сигналдарды шетке бірден өздері емес, басқа, келесі нерв клеткалары арқылы жеткізеді. Мәселен, ми қыртысының моторлық зонасының моторлық, руброжұлын, ретикуложұлын және вестибуложұлын нейрондары импульстерді жұлындағы тиісті мотонейрондарға жеткізеді. Ал соңғылар оларды одан әрі органдарға қарай бағыттайды. Вегетативтік нерв жүйесінің эфференттік нейрондары орталық нерв жүйесінен тыс, вегетативтік ганглийлерде орналасады. Аралық (қондырғы) нейрондар афференттік нейрондарды эфференттік нейрондармен байланыстырады. Саны жағынан орталық нерв жүйесіндегі клеткалардың ең көбі деп есептеледі.

Нейрондарды тудыратын эффектілері бойынша да жіктеуге болады. Мысалы, қозғағыш (моторлық), секреторлық, трофикалық, тежеуші, қоздырушы т.б. Кейде аксонның ұзындығына қарай қысқа, ұзын аксонды нейрондар деп те айырады.

Пішіндеріне қарай нейрондарды- пирамида тәрізді, жіп тәрізді, жұлдыз тәрізді, корзинка тәрізді, триангулярлық, бұта тәрізді т.б. деп те атайды.

Нерв клеткаларының қалыпты қызметтерінің іске асуында маңызды рольді нейроглия атқарады. Нейрондарды барлық жағынан қоршай орналасқан нейроглия клеткалары (астроциттер, олигодендроциттер т.б.) және оның өсінділері – олар үшін бір жағынан механикалық функция – тірек қызметін атқарады; екінші жағынан, нерв клеткаларында электрлік изоляцияны қамтамасыз етеді. Сондай-ақ нерв клеткаларындағы зат алмасу процесін реттеуге қатысады деп те есептеледі.