Қазіргі кездегі сабақ

Қазіргі кездегі сабақты жетілдіру жұмыстарының ішіндегі негізгі мәселелерінің бірі–оның түрлері мен құрылымы.

Мектеп тәжірибесінде бір типті сабақтар болмайды. Сондықтан, оқыту жұмысын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу үшін, оны топтастырудың мәні орасан зор. Сол себептен әрбір мұғалімнің сабақ классификациясын ойдағыдай білуі шарт.

Сабақ классификациясы (жіктелуі) –сабақтарды құрылысы жөнінен топтастыру, түрге бөлу. Дидактикада сабақ классификациясын анықтауға айрықша маңыз береді. Бұл мәселе турасында педагогикалық ғылыми еңбектерде ортақ пікірлер әлі де қалыптаспаған. Қоғам дамыған сайын оқу жүйесінің қайта құрылатындығы және соған орай оқытудың мазмұны, әдіс–тәсілдерінің де өзгеріп, жаңарып отыруы сөзсіз.

Сонымен қатар, сабақты жіктеу әрбір пәннің ерекшеліктеріне, оқушылардың жас және таным ерекшеліктеріне де байланысты болып келеді.

Мысалы, И.Н.Казанцев сабақты жіктеуді оқу материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына және өткізу әдісіне қарай белгілесе, С.В.Иванов оқыту процеінің ерекшеліктеріне қарай анықтайды. Ал, Данилов пен Есипов сабақтың негізгі дидактикалық мақсаттарына қарай құрады. Бұлардың сабақ түрлерін топтастыру ұстанымдары әр түрлі болғанымен де, ішкі мазмұндары бір–біріне өте ұқсас келеді.

И.Н.Казанцев бойынша:

  1. 1. Алғашқы сабақ –әр пәннен оқу жылының басында өтетін сабақтар.
  2. Кіріспе сабақ – бағдарламаның күрделі тараулары мен тақырыптарынан өтетін бірінші сабақ.
  3. Жаңа білімді меңгеру сабағы–жаңа оқу материалы өтетін сабақ.
  4. Пысықтау сабағы–өткен оқу материалын пысықтау сабағы.
  5. Жаттығу сабағы–оқушылардың білімі мен дағдысын жаттықтыру сабағы.
  6. Тәжірибелі сабақ–оқушылардың алған білімін өмірде қолдану жолдарын көрсететін сабақтар.
  7. Қайталау –қорыту сабағы–өткен күрделі тараулар мен тақырыптарды қайталау –қорыту сабақтары.
  8. Тексеру сабағы –оқушылардың білімін тексеретін сабақтар.
  9. Білім сапасын бағалау сабағы–оқушылардың алған білімін бғалау сабақтары.
  10. Қорытынды сабақ–оқу жылының ақырында әр пәннің жылдық курсын қорыту сабақтары.

С.В. Иванов бойынша:

Кіріспе сабақтар.

Оқу материалымен алғашқы рет танысу сабағы.

Жаңа білімді меңгеру сабағы.

Меңгерген білімді тәжірибеде қолдану сабағы.

Дағдылану сабағы.

Қайталау, пысықтау және қорыту сабақтары.

Бақылау сабағы.

Б.П. Есипов бойынша:

Аралас сабақтар.

Жаңа оқу материалымен танысу сабағы.

Пысықтау сабағы.

Қайталап жинақтау, қорыту сабағы.

Оқушылардың білімі мен дағдысын жаттықтыру сабағы.

Сол секілді елдер тәжірибесінен, атап айтсақ, Чехословакия мектептерінен мысал келтірсек, ондағы сабақты жіктеуде біздің тәжірибемізге ұқсастығын байқаймыз.

Жаңа оқу материалын мазмұндау сабағы.

Жаттығу сабағы.

Қорыту сабағы.

Қайталау, білім сынау сабағы.

Аралас сабақ.

Қорыта айтқанда, қазіргі мектеп тәжірибесінде көптеп қолданылатын сабақ түрлеріне мыналарды жатқызуға болады:

Кіріспе сабағы.

Жаңа білімді хабарлау сабағы.

Білімді, білікті және дағдыны бекіту сабағы.

Жаттығу және тәжірибе сабақтары.

Зертханалық сабақ.

Қайталау –қорыту сабағы.

Оқушылардың білімдерін, біліктіліктері мен дағдыларын тексеру және бақылау сабағы.

Аралас сабақ.

Өздігінен білім алу сабағы.

Сабақты бұлай жіктеу кездейсоқ емес, оның бұлай қалыптасуында белгілі бір заңдылықтар бар. Атап айтсақ, сабақтың мақсатына байланысты мұғалім оқушыларға жаңа білім беруді көздесе, осыған орай “Жаңа білімді хабарлау сабағы” деп аталса, сабақта оқушылардың қабылдаған жаңа білімін іс жүзінде пайдалана білу жолын қарастырса, онда ол “Жаттығу немесе практикалық сабақ” деп аталады.

Сол секілді мұғалім өткен оқу материалын оқушылардың есіне салу, қайталау мақсатын көздесе, ол “Қайталау–қорыту сабағы” деп аталады.

Ал сабақтың “Аралас сабақ” түрі оның құрылымына байланысты болып келеді.

Мұғалім сабақтар жүйесінде дидактикалық бірнеше мақсаттарды жүзеге асырады. Демек, оқушыларға жаңа білім береді, оны өмірде, практикада пайдалану жолын үйретеді, өткен оқу материалын қайталап қорытады, сонымен бірге оқушылардың білім көлемі мен сапасын сынап, оны бағалайды. Мұндай жағдайда көпшілік сабақ оның бірнеше элементтері (кезеңдері) арқылы аралас өтеді. Міне, осындай сабақ түрі “Аралас сабақ” деп аталады.

Сонымен сабақ құрылымы деп сабақтың барысында (45 минут) оның құрамды бөліктерінің, кезеңдерінің бір бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады. Олар мынанадай болып келеді:

Сабақты ұйымдастыру бөлімі (сабақтың тақырыбын белгілеп, оның мақсат, міндеттерін тұжырымдау).

Сабақта үй тапсырмасын тексеру.

Жаңа білімді немесе оқу материалын баяндау, түсіндіру.

Жаңа білімді пысықтау, бекіту (ауызша, жазбаша жаттығулар жасау, тәжірибелік және зертханалық жұмыстар жүргізу).

Қорытындылу (оқушылар білімін бағалау), сабақтың аяқталуы.

Үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

Сабақ құрылымын белгілеудіњ оқу жұмысын неғұрлым айқын және дұрыс ұйымдастыру үшін маңызы ерекше. Мұның өзі мұғалімнің сабақ жоспарын құрудағы аса елеулі кезеңі болады. Сөйтіп, сабақ түрін жіктеу және құрылымын құру өзара байланысты, бірақ әрқайсысының өзіне тән өзгешелігі болады.

10 Мұғалім сабақты пысықтау, бекіту және соған орай оқушылармен практикалық жұмыстарды орындау барысында олардың белсенділігін оятуы тиіс. Әсіресе, оқушылардың қабілетімен қатаң санасып отыруы керек. Сондықтан, олармен жеке дара немесе топтық және ұжымдық әрі фронталдық жұмыс түрлерін ұйымдастырады. Оқыту процесі – мұғалімнің бір мезгілде барлық оқушыларды бірыңғай оқытуы болғанымен де, негізінен ол оқушының жеке дара жұмысының түрі. Себебі, әрбір оқушы оны өзінің шама– шарқысы, дайындық жағдайына байланысты өзінше қабылдап, меңгереді. Соған орай жеке дара жұмыс әр оқушының өз бетімен жұмыс істеуге, білімді саналықпен ұғынуға дағдыландырады, оларды қоршаған ортадағы құбылыстардың заңдылықтарын оқып білуге ықыласын тудырады, ойлау белсенділігін арттырады.Оқушылардың жеке дара жұмыс түрлеріне:Оқулықпен жұмыс істеу.Практикалық жұмысы: ауызша, жазбаша жұмыстары (есеп шығару, шығарма жазу диалог құру т.б.).Мұғалімнің тапсырмасы бойынша әр түрлі лабораториялық тәжірибелерді орындау жатады.

Жеке дара жұмыс оқушыларды өз бетімен білім алуға ынталандырады, тәртібін күшейтіп, оқуға ықыласын арттырады. Сабақта оқушылардың оқу–таным әрекетін ұйымдастыруда жеке–дара жұмыс түрінен басқа олардың топтық және ұжым болып жұмыс істеуінің маңызы ерекше.

Оқушылардың топтық танымдық жұмыстары сабақ барысында оқу міндеттерін шешуде, өзара көмекке негізделген екі, төрт, алты т.с.с оқушылар тобының белгілі бір жұмыс көлемін атқаруын көздейді.

Жұмыстың бұл түрі негізінен екі бағытта іске асады: біркелкі немесе бірыңғай (однородный) және бірнеше бөлшекке бөлу (диференция) жағдайында ұйымдастыру.

Оқушылардың бірыңғай, біркелкі оқу жұмыстары мұғалімнің барлығына ортақ бірыңғай тапсырмасын шағын топтарға бөліп өзара әрекеттесу жағдайында орындауы жатқызылады.

Ал бөлшекке бөліп оқыту – бір мезгілде бірнеше тапсырманы әртүрлі тәсілдермен оқушылардың бірнеше тобы арқылы орындалуы қарастырылады.

Жұмыстың бұл түрі топ ішінде оқущылардың тапсырманың мақсатын, мазмұнын, оны орындау тәсілдерін бір–бірімен өзара ақылдасып шешуі, оның нәтижесін талдауы, бағалауымен ерекшеленеді. Оқушылардың өзара осындай өзара бірлесіп атқаратын оқу–танымдық жұмыстары олардың жеке дара жұмыстарына қарағанда әлдеқайда жемісті болып келеді. Әрі уақытты аз және тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызады.

Сонымен қатар бір сыныптағы оқушылардың оқу міндеттерін топ болып шешуде өзара әрекеттесуі немесе жарысы олардың ортақ іске деген жауапкершілік сезімін тудырады.

Мұндай жұмыс барысында оқушылардың өз тобының нәтижесіне өзара әсерленуінің (переживание) маңызы ерекше.

Мұғалімнің топтық жұмысты нәтижелі ұйымдастыру шартына:

оқушыларды өздігінен жұмыс істетуге үйрету;

жолдастарымен ақылдасуға үйрету;

оқушылардың жекеленген топтарына оқу тапсырмалары жүйесінің нақты болуы;

тапсырмаларды оқушылардың жекелеген топтарына үлестіру іскерлігінің болуы т.б.

Оқытуды осындай тәртіппен ұйымдастыру оқушылардың тәрбиесіне, атап айтқанда өздігінен білім алу белсенділігін, олардың өзара тату–тәтті ұжымдық қарым–қатынасын, жауапкершілігін, әсерленушілдігін (күінішін, сүінішін) т.б. әлеуметтік қасиеттерін қалыптастырады.

Оқушылардың ұжымдық жұмысы дегеніміз – ортақ мақсатты көздейтін жұмыс. Алайда, бұл ортақ мақсатқа жету жолына оқу әрекетінде белгілі бір өте күрделі еңбек бөлінісіне жол беріледі. Оған сыныптағы оқушылардың жеке–дара және топтық жұмыстарының элементтері кіреді.

Сондықтан ұжымдық жұмыстың ерекшелігі, өз бетімен істейтін дара жұмысқа бөгет болмайды, керісінше әрбір оқушыға өзінің алдына қорйылған міндеттерін жақсы ұғынуға көмектеседі.

Фронталдық жұмыс ерекшелігі – бір сыныптағы барлық оқушылардың бір бағытта бәріне ортақ бірыңғай тапсырманы мұғалім басшылығымен біркелкі жағдайда орындауы.

Мұғалімінің сабаққа дайындалу жұмыстары.

Тақырыптық және жеке сабақтардың жоспары

Мектептің аса жауапты міндеті – оқушыларды ғылым негіздерімен терең және берік қаруландыру, табанды және жемісті білім алуға оқушылардың ынтасын арттыру, оларды µздерінің алған білімдерін практикада қолдана білуге үйрету және дағдыландыру болса, осы орайда мұғалімінің жауапкершілігі, оның сабақтар жүйесіне даярлануы оқу жұмысын ұйымдастыру үшін аса зор мәні бар. Жақсы жоспарланған, мұғалімнің нәтижелі даярлығын бейнелейтін сабақ сыныптағы оқу жұмысын ойдағыдай өткізудің ең жақсы кепілі болады.

Сабаққа мұқият дайындалу, оның мазмұны мен ұйымдастыру әдістемесін ойластыру жұмысын әрбір мұғалім өзімнің ең басты міндетім деп сезінуі тиіс.

Егер сабақ көңілсіз өтсе, мұғалімдер сабақты босаң және енжарлықпен өткізсе, онда, сөз жоқ, бұл мұғалімдердің сабаққа дайындалу ісіне немқұрайлықпен қарауы, сабаққа деп бөлінген 45 минут уақытты толық әрі жан–жақты пайдалануға деген оның ұмтылысының жоқ екендігіне деп қарауға болады. (Осы орайда айта кетуге болады: 40 жыл мұғалім болып істесең де 45 минут сабағыңа әзірленуді ұмытпа!).

Мұғалімнің сабаққа дайындалуы –аса жауапты іс. Мұғалім өзі оқытатын пәнді қанша жақсы білгенімен, егер ол сабақтар жүйесі жөнінде тыңғылықты жұмыс істемесе және әр сабаққа жеке даярланып отырмаса, оның сабақ оқытуында ірі кемшіліктері болмақ. Бұл –педагогтік стажы бар көп мұғалімдерге де қатысты.

Әрбір мұғалімнің сабаққа дйындалуы жөніндегі талап, педагогикалық процестің күрделігінен туады. Соған сәйкес мұғалімнің сабаққа әзірленуі барысында төмендегідей сұраққа жауап керек:

Сабақтың мақсаты қандай?

Оқушылар қандай жаңа білімдер алуы қажет және олар практика жүзінде нені үйретеді?

Сабақта айтылатын ойдың бастысы қайсысы?

Бұл ойлар қандай жүйемен баяндалмақ?

Олар қандай жолмен негізделмек?

Қандай қорытындылар керек?

Сабақта қандай әдістер және көрнекті құралдар пайдаланылмақ?

Оқушылардың білімін тексеру үшін оларға қандай бақылау сұрақтарын беру керек?

Оқушылар алған білімдерін пысықтау және практикада қолдану мақсатында қандай жаттығулар беру керек?

Үй тапсырмасына нені беруге болады және оны қалай тапсыру керек?

Озық тәжірибелі мұғалімдер сабаққа белгілі бір тиянақты жүйемен даярланады дедік. Ол төмендегідей кезеңдерден құралады:

а) Алдағы оқу тоқсанына оқу материалын жоспарлау.

б) Өтілген сабақтың табыстары мен кемшіліктерін еепке ала отырып, келесі тақырыпты белгілеу.

в) Кезекті сабақтың жоспарын жасау.

Мұғалім жұмысындағы мұндай жүйелік оқу процесін үздіксіз жетілдіре беруге, әрбір жеке алынған сабақты сабақтар жүйесіндегі буын ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Оқу жұмысының мазмұнын ойластырып алу–сыныпта оқу материалын өтудің бірізділігі жөнінде айқын да анық түсінік құрып алу деген сөз. Сондықтан мұғалімнің оқу бағдарламасын жүргізетін жұмысы оларға оқу тоқсанына белгіленген материалдың өтілуін қысқаша жоспарлап алу болып табылады. Бұлай ету оларға әр тақырып не болмаса тақырыпша шеңберінде сабақтарды неғұрлым айқын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Мектепте оқу материалы әрбір жарты жыл бойынша жоспарланады. Мұндай жоспардың түрін күнтізбелік (календарный) жоспар деп атайды. Күнтізбелік жоспар жүйесіне белгілі бір тоқсан ішінде өтетін тақырыптар енгізілді.

Тақырыптық жоспарлау – белгілі бір пәнге қатысты оқытудың барлық формасының бірлігі мен байланысының көрінісі (Ильина, 363).

Ол мұғалімге бір сабақтан келесі сабаққа өту барысында дидактикалық мақсаттарды анықтауда бірізділік пен жүйелікті анықтауға септігін тигізді, оқу материалының мазмұнындағы негізгі ойды бөліп қарауға, оқушылар мен мұғалімдердің негізгі оқу әрекеттерін белгілеуге, пәнаралық байланысты орнықтыруға, оның барысында пайдаланылатын көрнекі және техникалық құралдарын ойластыру, сонымен бірге нақтылы тақырыптарды оқыту нәтижелерін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Тәжірибелі мұғалім тақырыптарды зерттегенде, оқу материалын оқып біледі, осы тақырып бойынша өткен оқу жылынада жүргізген сабақтардың тәжірибесін ескереді, жеке сабақтарға арналған тақырыптың мазмұнын жоспарлайды және сабақта тек білімдік міндеттері ғана емес, сол сияқты тәрбие міндеттерінің шешілуін де белгілейді.

Сабаққа осындай жүйемен даярлануда мұғалімдер оқушылардың оқу еңбегін жақсы ұйымдастырады, әрбір жеке оқушыға зейін қойып, сезімталдықпен қарайтын болады, соның арқасында оларға жоғары сапада білім беріп, жеке басын нәтижелі тәрбиелеуге қол жеткізеді. Себебі, сабаққа тұтас тақырып бойынша даярлау белгілі оқу материалын мектепте өту үшін жақсылап жоспарлау ғана емес, сол сияқты оқушылардың ұжымдық және дара жүргізетін оқу жұмысын, сабақ үстінде оқушылардан сабақ сұрауды және артта қалушыларға көмек көрсетуді күні бұрын ескеруге мүмкіндік береді.

Оқу бағдарламасының тараулары бойынша сабақтардың тақырыптарын жасап болғаннан кейін, іле–шала мұғалім алдағы әрбір сабақтың мазмұны мен ұйымдастыру әдістемесін толық ойластырып алады.

Жеке сабақтардың жоспары– әрбір мұғалімнің жеке сабақ құжаты. Ол мұғалімнің тақырып жөнінде алдын – ала қандай жұмыс жүргізетіндігімен анықталады. Сондықтан тиімді жасалған жоспар –тиімді өткен сабақ болып табылады.

Қазіргі кезде мектеп тәжірибесінде қалыптасқан мұғалімнің жеке жоспарының үлгісі төмендегідей:

Оқу бағдарламасының берілген тарауы бойынша сабақтың күні мен саны анықталады.

Сабақтың тақырыбы.

Сабақтың мақсаты.

Сабақтың құрылымы немесе дидактикалық кезеңдері.

Сабақтың мазмұны.

Оқыту әдіс–тәсілдері.

Сабақ құралдары.

Үй тапсырмасы.

Қорытынды, сабақтың аяқталуы.

Сабақтың анағұрлым негізгі бөлігі – оның төртінші және бесінші кезеңі болып табылады.

Сабақтың әрбір құрамы буынына немесе дидактикалық элементтеріне мұғалімнің жұмсайтын уақытын көрсетудің мәні зор. Содан кейін барып оның қалған буындары мен мазмұны ашып көрсетіледі. Сабақты бұлай жоспарлау мұғалімге сабақ барысын нәтижелі ұйымдастыруға қолайлы жағдай туғызады.

Одан әрі қарай оқушылардың тәжірибелік жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері қарастырылады. Оқыту әдістерін қолдану нақты атап көрсетіледі.

Содан кейін сабақта қолданылатын әр түрлі оқу құралдары (карта, глобус, приборлар, оқу–әдістемелік кітаптары, көмекші оқу құралдары т.б.) және оны пайдалану әдістемесі көрсетіледі. Сабақтың соңғы буыны –үй тапсырмасын беру.

Н.К.Крупская мұғалімдердің назарын тапсырманы орындау жөнінде оқушыларға мұқият түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға, оның мақсаты түсінікті болуына, бұл мақсат оларды рухтандыратындай дәрежеде болуына аударады. “Ең қызық тапсырма – дейді ол, – баланың өз бетінше жұмыс істей алуын барынша дамытып, оның ойын оятатын тапсырма екендігі мәлім”–деген тұжырымдама жасайды.

Сонымен бірге Н.К.Крупская мұғалімдердің сабаққа әзірлену барысында оқушылардың үй тапсырмасында теңестірушілікке жол берілуге болмайтындығына олардың назарын баса аударады. “Тапсырманы дараландыру керек, оқушының олқы жерлерін, оның білімі мен дағдыларының жиынтығын есепке алу қажет, сабаққа күштірек оқушыларға берілетін тапсырмалар оларды тым алға сүйреп әкетпей, олардың алған білімін тереңдете, оның сапасын жақсарта түсетін болсын” – дейді ол (Таңдамалы шығармалары, 202–203 беттер орыс тілінде).