Топ аралық қатынастар психологиясы

Үлкен әлеуметтік топтарға қызметтік, ресми қатынастар өзінің күшті мызғымастығымен байқалады, кіші топтағы байланыстар да біршама осылай. Ірілі – кішілі қауымдастықтардағы қарым – қатынастар көптеген өмірлік маңызы зор факторларға тәуелді, сондықтан адамдар мұндай жағдайдағы қатынастарды өзгерте бергенді онша құптамайды. Егер күнара субъекттердің ниетіне орай төңкерістер бола берсе, қоғам аласапыраны таусылмай кетері баршаға аян.

Жеке адамдар арасындағы қарым – қатынастар өте нәзік те үзілгіш келеді, себебі нақты тұлғалар арасындағы қатынастар сол қатынас иелерінің құбылмалы көңіл – күйіне тәуелді. Уақыттың өтуімен, жастың егде тартуымен аралық қатынастар тұрақтала түседі, бұрқасын жол таңдау бұл кезде сабасына келе бастайды, адамның ішкі дүниесі сабыр тауып, кездейсоқ қатынас, байланыстарға құлай түспей, өз қалауын таңдай алу қабілетіне жетеді. Қатынастардың тұрақталуының және бір жөні адамдар бірін бірі жете танып, бірінің қылығына екіншісі көнігіп, өзара үйлесімге бейімделуі.

Адамдардың алғашқы танысуынан олар арасындағы бұдан былайғы қатынастардың қай сипатта боларын аңғара салу өте қиын. Көп жағдайларда, тым жақсы басталған таныстық қапелімде үзіледі, ал кейде тіпті басқаша да болады–алғашқысында әйтеуір бірдеңеден ұнатпай жүрген адамына бара – бара үлкен құрметпен қатынас көрсеткендер де аз емес. Мұндай жағдайлар адамдардың бір біріне алғашқы танысуда берген бағалары мен қабылдауында байланысты психологиялық заңдылықтарға орай туындайды.

Нақты мезеттегі адамдар арасында болатын қатынастардың сипаты көптеген шарттарға тәуелді, мысалы, адамның денсаулығы мен психологиялық кейпі. Ден сау, көңіл көтеріңкі болса, төңірегіндегілермен қатынас та әп — әдемі, үйлесе түседі. Көңіл – күйге жайлы жағдай болса, қатынасың одан әрі беки түседі, ал қандай да әбігер күйде түзілген қатынас көбіне баянды болмайды.

Адамдар арасындағы қатынастар олардың жеке мінез – құлығына да байланысты. Әрдайым ұнамды арақатынастардың орнығуына адамдағы қайырымдылық , ақ көңілдік, үйіршендік, достық пен ұжымшылдық қасиеттер пайдалы. Ал сенімсіздік, күмәншілдік, өшпенділік, тұйықтық пен өзімшілдік қалыпты қатынастар орнығуына кері әсерін тигізеді.

Ой — өрісі кең дамыған, тәжірибесі бар адамдар өз қатынас – тарын меңгере алады, бірақ бұл көптің қолына келе бермейтін іс, себебі көп жағдайда аралық қатынастардың мәнін соларды түзгуші адамдардың өздері де түсіне бермейді, ал түсінбеген затты саналы басқару мүмкін емес.

Жас ұлғайған сайын қатынастар тек тұрақталып қана қоймастан, адамның оларды басқару қабілеті де артады. Мұндайда адамға жәрдемге келетін оның даралық ерекшеліктеріне Қосымша өмірлік тәжірибесі. Әрқашан адам аралық қатынастарды жеңіл де ұтымды реттейтін – адамдар арасында кәсіби қызмет бабымен жұмыс жүргізетін, сендіре әңгіме айта білетін, әлеуметтік жетекшілікке ыңғайлы мамандар болады, мысалы саясаткер, мекеме және өндіріс басшылары, мұғалімдер, дәрігерлер мен актерлер. Адам аралық қатынастарға ықпал жасай білу қабілетін қатынастар психологиясын үздіксіз үйрену арқылы жетілдіре, дамытып баруға болады.