Химияны оқыту әдістемесінің қалыптасуы және дамуы
Жастарға химиялық білім беру туралы көзқарас химия ғылымының даму кезеңдеріне сәйкес қалыптасты. Орыстың атақты ғалымдары химия ғылымының дамуына зор үлес қосумен бірге, жасөспірімдерге химиялық білім беру ісімен тікелей айналысты, көптеген құнды әдістемелік пікірлер айтты.
М.В. Ломаносов (1711-1765) химияның қоғамдағы маңызын және пайдасын насихаттады, жастарға химиялық білім беруді ұйымдастыру мәселелерін шешуге белсене араласты. Ол тұңғыш химия зерттханасын ұйымдастырып, химияны үйренудегі эксперименттің мәнін жоғары бағалады, физикалық химияның орыс тіліндегі оқулығын жазды.
Д.И: Менделеев (1834-1907) жастарға химиялық білім берудің қажеттігін, мақсаттарын, мазмұнын, сипатын талдаған еңбектер мен оқулықтар жазды, химияның өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында қолданылуын көрсету арқылы оқушыларды еңбекке, практикалық іске әзірлеу, химияның мазмұнына деректі және теориялық материалдарды енгізу, химиялық экспериментті кеңінен пайдалану туралы пікірлер айтты.
А.М. Бутлеров (1828-1886) ғылымдағы және оқыту әрекетіндегі теориялық білімнің алатын орнын негіздеп түсіндірді, өте жақсы химия оқулықтарын жазды.
М.В. Ломаносов негізін қалаған атом-молекулалық ілім мен массаның сақталу заңы, Д.И. Менделеев ашқан периодтық заң және периодтық жүйе, А.М. Бутлеровтың органикалық заттардың құрылыс теориясы орта мектептегі химия курсының теориялық негізін құрайды.
Химияны оқыту әдістемесі орта мектепке тұрақты оқу пәні болып енгеннен кейін ғана ғылым ретінде қалыптасты. Бірте-бірте химияны оқыту әдістемесі жалпы білім беретін орта мектептгегі химия пәнін оқыту мәселелерін жан-жақты зерттейтін көп салалы ғылымға айналды.
Қазақстанда химияны оқыту әдістемесі ғылымының дамуы
1940 жылдардан бастап Қазақстанда химияны оқыту әдістемесін жасау және жетілдіру ісі қолға алынды. Әдістемені зерттеу жұмыстары 50-жылдарды Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының химия кафедрасы, республикалық Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институты жағынан аспирантура ұйымдастырылғаннан кейін жандана түсті.
Қазақстанда химияны оқыту әдістемесі бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты-орта мектеп химиясының өзге пәндермен және өндіріспен байланысын ғылыми жағынан негіздеу.