Химияны оқыту әдістемесі
Осы кездегі химияны оқыту әдістемесі-ғылым. Химияны оқыту әдістемесі педагогикалық ғылым әрі оқу пәні болғандықтан, еліміздің қазіргі дамуы мен қоғамдық мүддесіне қызмет етуде. Химия материяны зерттейтін жаратылыстану ғылымдарына жатады. Химия-заттардың бір-біріне өзгеруін зерттейтін ғылым. Химия-заттардың құрамын, құрылысын, қасиеттерін, химиялық өзгеріс жағдайын, онда болатын әрекеттерді, оны басқаруға болатын әдістерді зерттейтін ғылым.
Химияны оқыту әдістемесі педагогикалық ғылым пәні болғандықтан, қоғамның талаптарына сай педагогика ғылымы анықтап берген жалпы орта білім беру және тәрбиелеудің мақсаттарымен міндеттеріне сәйкес химия пәнінің өзіндік ерекшеліктеріне негізделіп құрылады. Химиялық материалдарды оқып-үйрену барлық пәндерге ортақ педагогикалық қағидаларға сүйенеді. Химияны оқыту әдістемесі- мұғалімге арналған ережелер мен тәлімгерліктің жиынтығы емес, химияны оқыту үрдісінің заңдылықтарын зерттейтін, мұғалімнің шығармашылық ізденісіне бағыт сілтейтін ғылым.
Химияны оқыту әдістемесі: неге оқытады, нені оқытады, қалай оқытады деген сұрақтарды шешуді көздейді. Бірінші сұрақтың жауабы мектеп химия курсындағы материалдарды іріктеп алу арқылы анықталады. Ол үшін химия ғылымының даму логикасы мен тарихы, теориялық және нақты материалдардың өзара арақатынасы ескеріледі.
Екінші сұраққа былай жауап беруге болады: химияны оқыту әдістемесі оқушының жас ерекшеліктеріне қарай оқу материалының мазмұнына сай қарастыруға нұсқау береді; оқу құралдарын қалай қолдану жөнінде ұсыныс жасайды; оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары мен жаттығуларына бағыт сілтейді. Оқыту үрдісінде ұғымдарды, заңдарды, теорияларды іріктеп алудың жолдарын қарастырады.
Үшінші сұрақтың жауабы оқытуға байланысты қарастырылғаны жөн. Оқыту-мұғалімнің қызметі. Мұғалім оқушыларға химиялық білімді меңгертеді, оны ақпараттар берумен байланысты орындатады. Оған оқу үрдісін ұйымдастыру, оқушылардың танымдық іс-әрекетіне басшылық, сарамандық дағдылар мен іскерліктер қалыптастыру, шығармашылық қабілеттер мен ғылыми дүниетанымдық көзқарастарды дамыту жатады.
Келесі мәселе-қалай оқиды деген сұрақтың жауабына келсек, ол оқушылардың іс-әрекеті бойынша анықталады. Оқушы білімді енжар игеріп қана қоймай, өздігінен ойлау, білім алу әдісін үйренуі қажет. Оқушылардан мұғалімнің түсіндірген материалдарын, кітаптан оқығандарын жай ғана есте сақтаудан гөрі, оны ойлап, ой елегінен өткізе білу, ұғына білу талап етіледі.
Химияны оқыту әдістемесінің зерттейтін мәселелері
Химияны оқыту әдістемесінің зерттейтін объектісі- сол пәнді оқыту әрекеті. Оқыту педагогика, дидактика және әдістеме ғылымы тұрғысынан түсінуге болатын күрделі әрекет болып табылады. Педагогикалық тұрғыдан қарастырғанда оқыту дегеніміз- жасөспірімнің бойна ұжымдық тәжірибені сіңіру. Дидактикалық жағынан алғанда, оқыту-білім берудің мазмұнын жасөспірімге жеткізу ісіндегі сабақ беру бірлігі. Әдістемелік тұрғыдан алғанда оқыту-нақтылы оқу пәнінің материалын жасөспірімге жеткізу ісіндегі сабақ беру мен оқудың бірлігі.
Оқыту әрекетіне “мұғалім-оқушы”, “оқушы-оқу пәні”, “оқушы-оқушы” қатысады. Осылардың ішіндегі ең негізгісі- мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының бірлігі мен үйлесуі, оқытудың мақсаттарымен міндеттері, мазмұны, ұйымдастыру формалары, құралдары мен әдістері арқылы жүзеге асады.
Химияны оқыту әдістемесі ғылымы оқыту әрекетін әдістемелік деңгейде зерттейді.