Органикалық заттардын сапалық құрамы оның молекуласындағы қандай заттар бар сонымен сипатталады. Органикалык қосылыстарда көміртегіден басқа сутегі, оттегі, азот, күкірт, галогендер, фосфор болады. Органикалық қосылыстардың құрамына енетін заттар бейорганикалық және аналитикалық химия әдістерімен анықталады.
Органикалық заттардың сапалық анализдерін тек қана спектрлік зерттеулерден кейін жүргізу қажет.
Сапалық анализге жіберілетін әрбір заттың ИК-, немесе ЯМР — спектрлік көрсеткіштері бірнеше қабат өзгеріссіз нәтижелерді көрсеткенде ғана зат әбден тазартылған (индивидуалды және гомогенді дәрежеге жеткен) деп біліп, сапалық анализге кірісуге болады. Сонда ғана осы заттың құрамындағы барлық элементтерді дұрыс анықтауға, ал одан әрі оның молекулалық формуласын шығаруға мүмкіндік туады.
Органикалық заттардың қүрамындағы жекелеген элементтердің сандық мөлшерін анықтауды элементт і к а н а л и з деп атайды. Элементтік анализ үш түрлі жолмен жүргізіледі:
а) макро әдіс;
ә) жартылай микро әдіс;
б) микро әдіс.
Бұл әдістердің барлығы да органикалық заттарды жағып барып оның құрамындағы элементтерді анықтауға негізделген. Макро әдісте жағу үшін анализге алын-ған заттың 0,15—2 г., жартылай микро әдісте — 20— 30 мг., ал микро әдісте 2—5 мг. мөлшері жағылады.
Бүгінде жартылай микро әдіс жиі қолданылады. Оған себеп анализді аз мөлшерлі затпен және тез жасауға болады. Осы әдіспен органикалық заттардың негізгі құрамдық элементтері: көміртегі, сутегі, азот, оттегі, күкірт және т. б. температураға берік қиын балқитын шыны, немесе кварц түтіктің ішінде жағу арқылы анықталады. Бұл әдіспен көміртегі және сутегі бір мезгілде анықталады.
Жағу арқылы заттардың құрамындағы элементтерді анықтауды 1831 жылы Юстус Фон Либих бірінші болып органикалық химия саласына енгізді. Бұл әдіс осы күнге дейін өзінің мәнін жоғалтқан жоқ, қайта органикалық, химиядағы сапалық анализдердің ең бастыларының бірі болып табылады. Олай дейтініміз, аналитикалық химиядағы қалыптасқан классикалық сапалық әдістер органикалық заттардың элементтік анализін жүргізуге тікелей қолданыла алмайды, тіпті жарамсыз болып қалады. Сондықтан да, органикалық заттардың құрамындағы элементтерді анықтау үшін, ол элементтерді бейорганикалық заттарға айналдырып, ал одан арғы жерде элементтерді аналитикалық химия әдістерімен анықтауға болады. Ал, бұл жағдай органикалық заттарды тек жағуды талап етеді. Жағу тек таза оттегінде ғана емес, көп жағдайда құрамында оттегі бар оксидтердін. оттегі немесе металдар, не олардың қосылыстарының қатысуында жүргізілуі мүмкін.
Міне, осындай әр алуан арнайы әдістер арқылы органикалық заттардың құрамындағы көміртегі атомы көміртегі (IV) оксидіне — СО2, сутегі — суға (Н2О), азот — натрийцианидке,,күкірт — натрийсульфидке және т, б. айналдырылып барып анықталады.
Сапалық және мөлшерлік анализдерден кейін барып заттың формуласын табу керек.