Жоспар:
1.Абайдың ғылыми өмірбаянында берілген 95 нақтылы деректер
2.Абай өмір сүрген дәуірдің тарихи-әлеуметтік шындығы
3.М.Әуезовтің жазушылық шеберханасы
Лекция мәтіні:
1.М. Әуезов “Абай жолы” эпопеясында Абайдың ғылыми өмірбаянында берілген 95 нақтылы деректерді, ірілі-ұсақты тарихи оқиғаларды, өзіндік соны ой тұжырымдарын эпопея желісінде творчестволық қиял күшімен қайта жасап, тарихи шындықты көркемдік болмысқа айналдырған. Осы аталмыш 95 деректің 10-ы Абай өмірбаянына қосымша деректер ретінде берілген әр түрлі естеліктерден алынғаны да байқалады. М. Әуезовтің арнайы ескертуінше роман үшін жинастырған көл-көсір деректері аса зор көлемдегі материалға айналғандықтан, романды жазу процесінде олардың көбі пайдаланылмай қалған. Өзі жинаған, өмірде шын болған нақты тарихи деректерді жазушы творчестволық қиялы арқылы көркемдік шындыққа айналдыру жолында олардың ең басты ең қажетті деген буындарын ғана іріктеп алып, басқаларын қалдырып отырған.
Абай өмірбаяны абайтану саласындағы бастапқы зор табысы болуы себепті де осы жөнінде қол жеткен ғылыми зертеулердегі жетістіктерін эпопеяны жазу үсітінде творчестволық жолымен молынан пайдаланып отырған: Абайдың тұңғыш рет ғылыми өмірбаянын жазуға даярлану ұзақ жыл бойы жинап, талдап екшеген антропонимдер,билік атаулары, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, Абай оқыған кітаптар мен Абай өлеңдері жайлы танымдардың баршасы“Абай жолы” эпопеясы желісіне алтын арқау боп еніп отырғаны ерекше назар аударады және олардың бұлай эпопеядан орын алуында көп себептер бар.
Биограф ақын өмірбаянын жазуға кіріспес бұрын Абаймен тікелей, жанама түрде күнделікті өмірде әрқилы талас-тартыс кезеңдеріне қатысы болған қилы-қилы тағдыры бар адамдарға зор көңіл бөліп отырған. Ақынмен араласқан адамдарды зерттеп, екшей келе, олардың ең қажеттілерін, ақын өмірінде белгілі орны бар дегендерін ғана өмірбаянға ендірген. Мысалы, Абай өмірбаянының бірінші нұсқасында 1933ж. 106 адам аты аталса, соның 25-і негізгі оқиғалар желісіне тек жанама түрде қатысатындар.
Бірінші нұсқадан басқа соңғы үш нұсқаны қоса алғанда әр жылға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде атықталып қосылған 184 адам аты тыңнан ендірілсе, соңғы үш нұсқаның өзінен ғана 148 адам аты алынып тасталған. Бірақ бұлардыңбәрі де мүлдем ұмыт қалмай, бір сыпырасы “Абай жолы” эпопеясына түрлі ситуацияларға байланысты ендіріледі. Соңғы нұсқадағы аты аталған 128 адамның 74-і “Абай жолына” әр түрлі оқиға желісіне қарай басты, эпизодтық кейіпкерлер ретінде немесе диалог, авторлық баяндаулар мен лирикалық шегіністерде орын алуы көп нәрсенің сырына көзімізді жеткізе түседі.
2.Биограф Абай өмірбаянын жазуда ақынмен тікелей немесе жанама түрде байланысты болған тарихи адамдардың бәрі де белгілі бір рудан шығатыны себепті, ол рулар жайына да назар салып, терең танып білудің қажеттілігін алдын ала ойластырған. Этнонимдік атауларды олардың жігін, қарым-қатынасын терең танып білу – Абай жасаған әлеуемттік ортаның сырына бойлауға сол тұстағы рулар арасында орын алған әр қилы талас-тартыстың, әлеуметтік күрестің себебін ашуға көмектесетін тарихи қажеттілік болатын.Абай өмірбаянының бар нұсқасында жалпы 33 ру тілге алынады. Олардың бәрі де өмірде болған, Абай өмір сүрген әлеуметтік ортада жайлаған орта жүздің тобықты, найман, уақ, керей, қаракесек т.б. рулары болатын.
Абай өмірбаянын жазуда антонимдер мен этнонимдерді қолдану заңдылығы Абай өмірін көрсетуде елеулі орын алған топонимдік атауларды пайдалануда сақталған. Абай өскен ата мекен, өзен, тау, жайлау, қыстау сияқты жер аттары да араласқан оқиғалар мен әр түрлі күрес-тартыстарға байланысты алынып суреттеледі.
Абай өмірбаянының барлық нұсқаларында жалпы саны 104 топонимдік атаулар қамтылған.
Эпопеяда Абай өмірбаянына байланысты оқиғалар мен түрлі көріністегі әрекеттердің мол суреттелуіне байланысты аталатын 407 жер аттары ендірілсе, соның төрттен бірінен астамы өмірбаянында аталуы — “Абай жолын” жазуға даярлықтың қай дәрежеде жүргізілгенін аңғартады.
Биограф Абай өмірбаянына қажетті танытқыштық деректерді ақынға дос-туыс адамдар мен оған қарсы жау кісілер тобынан жазып алғанда сол дәуірдің саяси-әлеуметтік болмысын тарихи шындыққа сай тануға көбірек назар аударған.
Абай әлеумет ісіне қызу араласқан шағында патша өкіметі бұрынғыдай қазақ елін сырттай билеп төсеуді қойып, енді олардың ішіне еніп, билік жүргізуді жергілкті халық өкілі үшін болыстық шеңберден асырмай елді шын тізгіндеп ұстаған кезеңге тұс келді. Осы билік жүйесі негізінде қоздап туындаған биліктің түрлері мен атаулары осы қызметке тартылған атқамінерлердің ірілі-ұсақты өкілдерінің бәрі дерліктей Абай шығармаларында мол орын алды.
3.М. Әуезовтің жазушылық лабораториясына көз жүгіртсек, “Абай жолын” жариялау жөнінде“Знамя” журналымен пікір алысқанда, редакция алқасы жазушыға қазақ елінің екі жақты орталық езуде қалып, ұлттық қанауға ұшыратудағы отаршыл аппаратты толығырақ ашу керектігі жайында пікір ұсынған еді.
Абайдың “Байлар жүр жиған малын қорғалатып”, “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат”, “Күлембайға”, “Сегіз аяқ”, “Тұлпардан тұғыр озбас не қылса да” деп аталатын өлеңдері негізінде қазақ арасында өтірік арыз, домалақ арыздың таралу себептерінің әлеуеметтік төркіні эпопеяда жан-жақты білгірлікпен суреттеледі.
Абай өмірбаянының барлық нұсқаларында 52 билік атауы қамтылса, олардың өзі өмірбаянда қайта жаңғыртып жазған сайын көп өзгеріске ұшыраған. Абай өмірбаянының ең соңғы нұсқасында қамтылған 22 билік атауларының 18 – і “Абай жолына” ендірілген. Ал жалпы “Абай жолында” 83-ке жетеді. Бұл сандар осы саладағы ізденістің қаншалықты зор көлемде жүргізілгенін көрсетеді емес пе?
Биограф Абай өмірбаянын о баста жазған кезден –ақ ақын шығармаларының тууымен Абайдың дүниеге көзқарасының қалыптасуы жолында нәр алған рухани бұлақтарын да үңіле зерттеген. Осылар арқылы Абайдың ақындық кітапханасы сияқты аса күрделі тақырыпқа да ерекше көңіл бөліп отырған.
Ұлы ақын қол артқын рухани қазыналар көзін көрсету мақсатында батыс, шығыс әлемі шеңберінде 72 қисса, дастан, роман, тарихи-философиялық еңбектер қамтылады.
Қорыта айтқанда, М. Әуезов өзінің абайтану саласындағы ғылыми еңбектері мен ақын жөніндегі көркем шығармаларының соңғы нүктесін қойғанға дейін Абай мұрасының рухани нәр алған көздерін анықтау, нақтылы деректермен толықтыру жолында шындыққа саятын зор ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.