Аудандарда спорт жұмыстарын ұйымдастырудағы «Жігер» спорттық қоғамдық бірлестігін құрудың маңызы

Қазақстанның облыстарының аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде спорттық жұмыстардың толық, қәзіргі заман талабына сай жүргізіліп жатпағаны бәрімізге мәлім. Қазіргі кезде ауылдық жерлерден қалаға көшу сипаты айқын байқалып тұрса да ауылдық жерлерде адамдардың 40 %-ы тұратыны статистикалық мәліметтерден белгілі. Сол адамдардың мөлшермен алғанда 80 %-ы жергілікті қазақ ұлтынан екені де дәлелденген шындық. Ал, кейінгі осыдан төрт жыл бұрын өткен 2004 жылғы Афина Олимпиада ойындарына қатысқан 119 спортшының 21 %-ы ғана қазақ ұлтының азаматтары екен. Осы жерде бір ащы шындық қылаң береді. Ауыл спортын көтеру, жандандыру дегеніміз – қазақ спортын жандандыру, халықаралық спорт додаларында қазақ ұлты өкілдерінің үлес салағын көбейту деген сөз. Сонда ғана біз Қазақстан мемлекетіндегі тұрып жатқан жергілікті ұлттың тарихи қалыптасқан 61%-на сай спортшыларды дайындай аламыз. Ол үшін, ауылдық жерлерде дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді жолдары қажет болады. Біз мақаламызда осы мәселелерді тілімізге тиек етпекпіз.

Ғылыми мақаланың мақсаты – аудандардағы спорт жұмыстарын зерттеу, оны ұйымдастырудың тиімді жолдарын ұсыну.

Міндеттері:

  • Қазіргі кездегі аудандардағы дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының жағдайын анықтау.
  • «ЖІГЕР» спорт бірлестігінің орнын, маңызын айқындау.
  • Жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсету.

Мақала жазуда мынандай ғылыми зерттеу әдістері қолданылды: статистикалық, мекемелік құжаттарды зерттеу, сауалнама жүргізу, сұхбаттасу, эксперименттік сынақтар жүргізу.

Қазіргі кездегі еліміздің аудандарында дене мәдениеті және спорт жұмыстарын екі мекеме басқарып отыр. Олардың бірі, үш жыл мөлшерінде жаңадан құрылған аудан Әкімі құрамындағы дене мәдениеті және спорт бөлімі. Бұл бөлімде бөлім бастығы және екі-үш қызметкер жұмыс істейді. Екіншісі, аудандық білім беру бөлімі, оның дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық пәндерін қадағалап, бақылайтын, бағыттап, басқаратын әдіскері. Барлық аудан орталықтарында балалар және жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Олар орташа үш-төрт спорт түрінен жаттықтыру сабақтарын жүргізіп, мөлшермен 300-400 шақты аудан балаларын қамтиды.

Ауданның ауылдарында негізгі спорт жұмыстарын жүргізетін дене тәрбиесі мұғалімдері. Ұйымдастыру орны мектептің спорт залы. Егер ауылда, ауыл әкімі құрамында спорт нұсқаушысы жұмыс істесе ол үлкен жетістік. Әйтпесе көптеген аудандарда жастар ісі және спорт нұсқаушысы қызметі қатар атқарылады. Сонымен қатар әрбір ауданның, мөлшермен үш-төрт ауылында аудандық спорт мектебінің бөлімшесі ашылып, спорт түрінен спорт үйірмелері жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде барлығы 1415, ауылдық жерлердегі мектептерде 884 дене тәрбиесі мұғалімдері жұмыс істейді. Ол мамандардың 532-і жоғары, 233-і арнайы орта білімді. Қалған 119 маманның басқа саладан немесе орта мектеп бітірген ғана білімдері бар. Пайыздық көрсеткішпен қарастырсақ 60,3 % — жоғары, 26,3% — арнайы орта, 13,4 % — басқа білімді немесе әлі ЖОО-да оқып жатқан адамдар. Графикалық көрініске салып қарасақ ол мынандай жағдайды көрсетеді:

№ 1 графикалық көрініс

ШҚО-ның ауыл мектептеріндегі ДТ мамандарының білім деңгейлері

Облыс аудандарындағы ауылдарда жұмыс істеп жатқан, ол мамандардың 51-і, яғни 5,7 %-ы жоғары, 197-і, яғни 22,3 %-ы І-ші, 200-і, яғни 22,6 %-ы ІІ-ші санатты мұғалімдер. Ал қалған 436 адам, яғни 49,3 %-ы мұғалім санатты мамандар (№ 2 графикалық көрініс).

№ 2 графикалық көрініс

ШҚО-ның ауыл мектептеріндегі ДТ мамандарының кәсіптік шеберлік деңгейі

Сонда жай, қарапайым есеппен алғанда 100 мұғалімнің 6-уы жоғары, 45-і І, ІІ-і санатты, қалған 49-ы төмен немесе категориялары жоқ мұғалімдер.

Облыста 28 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, 6 олимпиадалық ізбасарлар спорт мектебі, барлығы 34 спорт мектептері жұмыс істейді. Облыстың спорт мектептерінде барлығы 19 220 оқушы, оның ішінде ауылдық жерлерде 6 987 оқушы спорт түрлерімен шұғылданады. Ол жалпы балалардың 36,3 %-ы.

Облыс спорт метептерінде 764 жаттықтырушы оның 497 толық штатта, 437-нің арнайы білімдері бар; 71 бапкер жоғары санатты, 75-і бірінші санатты. Аудандардағы 17 балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде 237 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның 149 толық штата, 149 арнайы білімді, 83 бапкер арнайы жоғары білімді.

Облыстың спорт мектептерінде 54 халықаралық дәрежедегі спорт шебері (ХДСШ), 199 спорт шебері (СШ), 567 спорт шеберіне үміткер (СШҮ), 771 – 1 спортық дәрежелі спортшылар жаттығады. 2007 жылы мынандай дәрежелі споршылар дайындалды:

  • ХДСШ – 27 адам, соның ішінде ауылдық жерлерден 2;
  • СШ – 89 адам, соның ішінде ауылдық жерлерден 9;
  • СШҮ – 190 адам, соның ішінде ауылдық жерлерден 15;
  • 1-ші спортық дәрежелі спортшылар – 323 адам, соның ішінде ауылдық жерлерден 36.
  • Көпшілік разрядты спортшылар – 4 051 адам, соның ішінде ауылдық жерлерден 1 756.

Осы статистикалық мәліметтер бойынша аудандарда дайындалатын жоғары дәрежелі спортшылар, жалпы спортшылардың 10 % -дайын ғана құрастыратынын көріп отырсыздар. Көпшілік разрядты спортшылар жалпы спортшылардың 43,3 %-ын құрастырады. Аудан спорт метептерінде: волейбол, баскетбол, футбол, еркін күрес, грек-рим, самбо, дзю-до күресі, бокс, жеңіл және ауыр атлетика, казақша-күрес, тоғызқұмалақ, таэквандо, армрестлинг, гір спорты, ат спорты, шаңғы, хоккей, стол үсті теннисі, акробатика спорт түрлерінен, барлығы 21 спорт үйірмелері жұмыс істейді.

ШҚО-ның барлық оқушылар саны – 239298, олардың 117930-ы, яғни 49 %-ы ауылдық жерлерде оқитындар (қаланың оқушыларының саны 121368). Статистикалық мәліметтер бойынша барлығы 42583 оқушы спорт түрлерінен үйірмелерге қатысады. Ол жалпы оқушылардың 17,8 %-ы. Осы спорт үйірмелерге қатысатын оқушылардың 10,9 %-ы, яғни 13187-сі қаланың спортшылары. Ауылдық жерлердегі спортшы, оқушылардың саны 29396, яғни ол ауыл оқушыларының 25 %-ын құрастырады. Осы статистикаға қарағанда ауылдық жерлердегі спорт үйірмелерінің жағдайлары жақсы секілді, бірақ оның саны бар сапасы жоқ. Өйткені ол оқушылар қағаз жүзінде жазылғанмен жоспарлы, жүйелі түрде жаттығу, жарыстарға қатысу, спорт дәрежелерін орындау жағынан қала спортшыларынан көп кейін қалып жатыр. Оған дәлел біздің қаладағы ЖОО-на облыс аудандарынан келіп оқып жатқан, спорттық разряд, дәрежелері төмен студенттер.

№ 1. графикалық сурет.

Осы оқушылардың 11084, яғни 4,6 %-ы арнайы медициналық топқа жатады, оның 3410 оқушысы ауылдық жерлердікі, яғни 1,4 %-ы. Олардың қалада оқитын 1171-і, яғни 10,5 %, ауылдық жерлерде оқитын 610-ы, яғни 17,9 %-ы дене тәрбиесі сабағына қатысады.

Президенттік тест жұмыстары. 2006 жылы 60396 оқушы Президенттік тест тапсырса оның 7439-ы ұлттық, 2941-і Президенттік деңгейдегі сынама жаттығуларының нормаларын орындады (17,3 %). 2007 жылы 59826 оқушы Президенттік сынама тапсырды, оның 27047, яғни 45,2 %-ы ауылдық жерлердікі.

Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдық жерлердегі спорт жұмыстарының жағдайларын көздеріңіз көрді. Бұл алдыңғы қатардағы, Республикалық ауыл спартакиадасының жеңімпазы болған облыстың жағдайы. Сондықтанда мемлекетіміздегі аудандардағы жағдайлар, бір-бірлерінен көп артық болып кеткен жерде емес қой деп ойлаймыз. Осындай қазіргі нарық экономикасы кезеңінде біздің ұсынар тиімді жолдарымыз мынандай:

  1. аудандарда дене тәрбиесі, сауықтыру дене тәрбиесі, спорт, көпшілік спорт жұмыстарын ұйымдастыру моделін іске қосу.
  2. осы жұмыстарды ұйымдастыратын «ЖІГЕР» ерікті спорт қоғамдық бірлестігін құру.
  3. аудан деңгейінде барлық мекемелерде дене мәдениеті ұжымдарын құру, көпшілік спорт-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру
  4. ауылдарда «Мәдени-спорттық орталықтар» құру, спорт үйірмелерін, денсаулық топтарын ашу.

«ЖІГЕР» спорт қоғамдық бірлестігінің орны нарық экономикасы заманында өте маңызды сипат алады. Ол төмендегідей қағидаларға негізделген:

  1. Заңдылық нормалық негіздері: А) Қазақстан Республикасының Президентінің 19.12.1996 жылғы № 3276 Үкімімен бекітілген «Қазақстан Республикасында 1996-2000-шы жылдары спортты жаппай дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» және Қазақстан Үкіметінің 10.08.1999 жылғы № 1126 «спорт қоғамдарын құру» туралы қаулысын. В) ҚР Президентінің 28.12.06 жылғы № 230 Үкімімен бекітілген «Қазақстан Республикасының дене мәдениеті және спортты 2007-2011 жылдарда дамыту» туралы мемлекеттік бағдарламасын, оны орындау шаралары туралы 19.03.07ж № 209 Қазақстан Үкіметінің қаулысы. С) Қазақстан республикасының «Қоғамдық бірлестіктер» туралы 31.05.1996ж. № 3-1 заңы.
  2. Оның нарық экономикалық негізі. Аудан орталығында кассалық аппарат қойылып, барлық ауылдардағы «Мәдени-спорттық орталықтарындағы» спорт үйірмелерінде жаттығатын оқушыларға абонометтер және төлеген ақшаларының чектері беріледі. Кеңес кезеңінде спортты ұйымдастырудың ондай мүмкіншіліктері болмады. Ол кезде адамдар тек мемлекеттің қаражатына қарап отырды. Ақылы спорт үйірмелерін ашу туралы заңдар болмады. Спорт жаттықтырулары тегін болды, бірақ спорт түрлерінен ауылдарда спорт мектептері ашылмады. Аудан орталығындағы бір спорт мектебінде қазіргідей төрт-бес жаттықтырушы жұмыс істеді, көп штаттағы жаттықтырушыларды алғанға қаржы бөлінбеді. Қаражат көп бөлінбегеннен соң (колхоз, совхоз нұсқаушысы штатына, жарыс өткізуге ғана қаржы бөлінді) спорт үйірмелері ұйымдастырылмады.

Біздің ойымызша ауылдық жерлердегі сауықтыру дене тәрбиесі, спорт және көпшілік спорт жұмыстарының негізгі бөлігін аудандық ерікті спорт қоғамдық бірлестіктері жүргізуі керек. «ЖІГЕР» спорт қоғамдық бірлестігі облыстық дене мәдениеті және спорт басқармасынан лицензия алып ауылдарда «Спорт мәдени орталықтарын» ұйымдастырады, спорт түрлерінен ақылы жүргізілетін үйірмелер ашады. Ал нарық экономикасы заманында ақылы спорт үйірмелерін ашпай біз ауыл спортын көтере алмаймыз. Шет елдердің жұмыс тәжірибелерін зерттей келе біздің оған көзіміз жетті. Экономикасы озық елдерде: Америка Құрама Штаттарында, Батыс Европа елдерінде көпшілік спорт үйірмелері ақылы. Спортшы жоғары жетістіктер көрсете бастағанда ғана мемлекет қамқорлығына алынады. Ол елдерде аталары мен апалары зейнетақы қаржыларына, өздерінің немерелеріне спорт үйірмелеріне қатысатын абономенттер сатып беріп, сыйлық жасайды.

Қазіргі кезде аудандардың ауылдарындағы жалпы білім беретін мектептерде ғана спорт залдар, жоғарғы дәрежелі мамандар бар. Сол мамандар мен спорт залдарды біз өте тиімді пайдалана білуіміз керек. Негізгі ауыл спортын көтеретін күш осында. Осы кезге дейін ауыл дене тәрбиесі мұғалімі спорт түрлерінен үйірме жұмыстарын тегін орындаса, қазір ол жұмысына ақша алатын болады. Осы кезге дейін дене тәрбиесі мұғалімі таксистке, мал бағушыға, тракториске, мал дәрігеріне ақша төлеп жұмыстарын орындатып, олардың балаларын тегін жаттықтырған. Ендігі кезде ол бапкерлік, әдіскерлік жұмысына еңбекақы алатын болады. Әлеуметтік теңсіздік дұрысталады. Ауыл адамдары малдарын баққан, емдеген, шөбін шапқан адамға ақша төлейтіні секілді, балаларының денсаулығын нығайтатын, жоғары спорттық көрсеткішке жеткізетін спорт түрінің жаттықтырушысына да ақша төлеуге үйренеді.

Қорытынды. Ауылдық жерлерде «Спорт-мәдени орталығын» ашу арқылы бүкіл ауыл балалары сараптан, тексеруден өткіземіз. Дене тәрбиесі мұғалімдері дене тәрбиесі сабақтарында барлық балаларды көріп, біліп, тексеріп, спорт түрінен икемдіктерін байқап, орталықтағы спорт түрлеріне бағыттайды. «Спорт-мәдени орталығындағы» спорт түрлерінің жаттықтырушылары іріктеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл баларының дарынын, қабілеттіктерін анықтайды. Осындай жұмыстар арқылы ауылдың барлық балалары тексеріліп, бірде-бір дарынды, қабілетті бала сырт қалмайды. Олар ауыл «спорт-мәдени орталықтарында» жаттығып, бастапқы дайындықтан өткеннен кейін сол жердегі жаттықтырушылардың берері азайса аудандық спорт мектебіне, спорт интернатына, аудан орталығында ұйымдастырылған спорт сыныптарына ауысуы, спорт дәрежесі, көсеткіштері жоғары болса ары қарай облыстық, Республикалық спорт интернаттарына ауысулары қажет болады. Осындай көп деңгейлі сараптау арқылы, «Спорт-мәдени орталықтарында» көптеген спорт түрлерін, әсіресе Олимпиадалық спорт түрлерін ашу, балаларды бағыттау, іріктеу жұмыстарын жүргізу арқылы біз ауыл спортын дамытамыз, дарынды балаларды түгел қамтимыз. Осындай тиімді жолдар арқылы ғана біз ауыл балалары арасынан келешек Жақсылық Үшкемпіровты, Даулет Тұрлыхановты, Бекзат Саттархановты, Бақтияр Артайовтарды тәрбиелей аламыз.

Әдебиеттер

  1. Уанбаев Е.Қ., Уанбаева Ф.Ж. Ауылдық жердегі дене тәрбиесі, сауықтыру дене тәрбиесі, спорт, көпшілік спорт жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді жолдары. //Научно-теоретический журнал. «Теория и методика физической культуры» Алматы, Академия туризма и спорта. 2006 г № 1, С 142-149.
  2. Уанбаев Е.Қ., Уанбаева Ф.Ж. Аудандардағы дене мәдениеті және спорт жұмыстарын жандандырудағы кәсіптік шеберліктің маңызы. //Материалы международной научно-практической конференции. Сб. научных трудов. Усть-Каменогорс, 08.12. 2006 г. — С. 29-34.
  3. Уанбаев Е.Қ. Ауылдық жерлерде дене тәрбиесі, сауықтыру дене тәрбиесі, спорт және көпшілік спорт жұмыстарын жетілдірудің негізгі жолдары. //Научно-педагогический журнал ВАК. «Ұлт тағылымы» Алматы, Мин. образования и науки РК. 2007 г. №3(1), С 52-57.
  4. Уанбаев Е.Қ., Уанбаева Ф.Ж. Дене мәдениеті және спорт жұмыстарын ұйымдастырудағы ауыл мектептерінің рөлі. //Материалы секционных заседаний августовского совещания работников образования ВКО. Усть-Каменогорск, ИПК, ПРО, 24.09.2007г.
  5. Уанбаев Е.Қ., Уанбаева Ф.Ж. Аудандарда дене мәдениеті және спорт жұмыстарын ұйымдастырудың негізгі бағыттары. //Областной журнал ИПК «Педагогический Вестник» № 3, 2007.