Сөйлем ішінде қолданылатын тыныс тыныс белгілерінің атқаратын негізгі қызметі – оқушыларға сөйлемнің құрамын, оның қандай бөлшектерден құралатындығын, ол бөлшектердің бір-бірімен мағыналық және синтаксистік қатынастарын байқату. Солай болғанмен, сөйлем ішінде қолданылатын тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да алуан түрлі. Енді солардың әрқайсысына жеке тоқталайық:
- Ү т і р. Үтір – тыныс белгілері ішіндегі функцияға ең бір бай белгі Бұл жай сөйлемдерді бір-бірімен бөлу үшін де, сөйлемдегі сөздерді немесе сөз тіркестерін бір-бірінен бөлі үшін де қолданылады. Үтірдің қолданылатын орындары мен атқаратын қызметтері төмендегідей:
а) Үтір құрмалас құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірінен бөліп көрсеті үшін қолданылады. Мысалы: Абай, Әбіштер келгенде, ауыр ойда отыр еді. (М.Әуезов).
– Күн бұрының жоқ демесең, ортаңа түспей кететін нем болушы еді менің, – деп, Боздақ биге қарап езу тартты да, Игілік өзінің ел аузына таратқысы келген сөзімен аяқтады. (Ғ.Мүсірепов). Рахимовтың Степнов пен Борисовтай сенімді көмекшілері болғандықтан, олардың ісіне көп араласа қоймаушы едім. (Б.Момышұлы). Ушков Қарағандыдан Некрасовты алдырып, Бернер екеуімен ақылдасты да, Рязановқа алдын ала қайтарар жауабын айланып жалғыз қалды. (Ғ.Мүсірепов)
ә) Үтір сөйлемнің бірыңғай мүшелерін бір-бірінен бөліп тұрады. Мысалы: Аңға Байжан, Самарқан, Дәулет үшеуі ғана шықты. Экскаваторлар, комбайнда, грейдерлер аз күнде каналдың арнасы жүретін жерлерді жыртып тастады. (С.Мұқанов).
б) Үтір қаратпа сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұрады. Мысалы:
Арылма, өлең, арыла.
Домбырам, күйден жаңылма» (Жамбыл).
Таласпаңыз, Карл Карлович, қазақша Алма-ата емес, Алматы, Алмалы деген сөз. (Ғ.Мүсірепов).
в) Үтір қыстырма сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұрада. Мысалы: Жабайдың айтуынша, көп уақыттан бері бұл өзеннің аса бір мол тасуы екен. (С.Мұқанов). Бүгін де кешкі шайдан кейін, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бітпей қалған әңгімесіне кірісті (М.Әуезов).
г) Үтір одағай сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөлу үшін қолданылады. Мысалы: Ойбай, Шықаң мәселені қабырғасынан қойды ғой! (Ғ.Мұстафин). Е, ол белгілі ғой! Жә, әлгілер қайда кетті, жаным-ау?! (Ғ.Мүсірепов).
д) Үтір сілтеу, мақұлдау, келіспеу мәнінде айтылатын кейбір оқшау сөздерден кейін қойылады. Мысалы: Иә, айта беріңіз. Жоқ, мен сізге ештеме де айтпаймын. Қазір, міне, бүгінгі жүрісті өзі билеген Дәрмен Әбішті сол ауылдың үстінен байқаусызда түсірген кісі болды. (М.Әуезов). Әне, өздері де келе жатыр. Бәрекелді, болсаң, осындай бол! Кәне, енді жүрмейміз бе? (Ғ.Мұстафин).
е) Үтір оңашаланған мүшені сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұру үшін қолданылады. Мысалы: Абай соңғы күндерде, әсіресе осы соңғы түнде, өзіне бұрын дағдылы болмаған бір халде. Жақын жерде, көгелды бұлақ басында, жеті-сегіз үйлі ауыл отыр екен. (М.Әуезов).
ж) Үтір хабарлы сөйлем түрінде айтылған төл сөзден кейін, автор сөзінің алдында қойылады. Мысалы: «Таулы жер бұлақсыз, сулы жер құрақсыз болмас», – дейді халық мақалы. Итбай толық денесін бұрып алып:
– Мен сыны жоқ, сыпайылығы жоқ, құр абажадай бірдеңе бола ма екен деп те қорқып едім. Әзір жат көрініп тұрған жоқ сияқты екен, – деді.
- Нүктелі үтір. Нүктелі үтір – хабарлы сөйлемдерден кейін қойылатын нүкте мен үтірдің аралығындағы тыныс белгісі. Мұның мәні, нүктеден дәрежесі төменірек те, үтірден жоғарырақ. Бұл – аралары үтірмен бөлінген сөйлемнің күрделірек бөлшектері арасында да, мағыналары өз ара байланысты, ортақ немесе бірыңғай тұлғалы мүшесі (әсіресе баяндауышы) бар талдап, саналап, пункттеп баяндау түрінде айтылған тиянақты сөйлемдер арасында да қолданылады. Мысалы: Колхоздың қырманына баратын ұзақ жолдың үстінде, ай далада, жүк машинасының үстінде ұйықтап, соққан желге қарсы қарап отырып шырқатып ән салу; дәнінің салмағынан сабағы майысқан ұшы-қиыры жоқ қалың егіннің арасында жұмыс істеу; толқындай жайқалған ақ сұлының арасында маужыраған майда түнде армансыз әңгімелесіп, саңқылдап күлу; үйлердің төбесінде ұзық түндерді кірпік қақпай өткізу оларға қатты ұнайтын еді. (А.Фадеев).
Нүктелі үтір тек жай сөйлемдер арасында ғана емес, сонымен қатар мағыналары өз ара жақын, ұласа айтылған құрмалас сөйлемдер арасына да қойылады. Мысалы: Кімде-кім өзін сынаудан қорықса, оның әлсіздігі; кімде-кім өз мінін көре алмаса, оның саяздығы. (Ә.Әбішев).
- Қос нүкте. Қос нүкте мынадай орындарда қолданылады:
а) Соңғы жай сөйлемі алдыңғы жай сөйлемдегі пікірді талдап, саралап ашып түсіндіретін құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдері арасына қойылады. Мысалы:
Кісі Қызылорда елінің екі ісіне қайран қалады: бірі – кетпен шабу, бірі – егін ору. (С.Мұқанов). Қазір жайлаушылардың дені екі жерге жиналған: бір жиын Аман отырған көп ауылда, енді бір жиын Шәкен аулында. (Ғ.Мұстафин).
ә) Бірыңғай мүшелер алдында келген жалпылауыш сөзден кейін қойылады. Мысалы: Мұстафаның оларға қолданған шаралары мыналар: байталдың төрт сирағы төрт жылқы, денесі бір жылқы, – барлығы бес жылқы. (С.Мұқанов).
б) Төл сөзден бұрын келген автор сөзінен кейін қолданылады. Мысалы: Шалабайдың бойынан табылған документ, құралдарға қарап отырып: – Қағаздағы аты жөніңіз басқа екен ғой? – деді Аман. – Аман біздің ауылдың мөрін кім басқан?
- Көп нүкте. Көп нүкте пікірдің аяқталмағанын, әлдеқандай себептен сөйлемнің түсіп қалғандығын білдіреді. Көп нүкте көркем шығармалардың кейіпкерлерінің сөздерінде жиі кездесіп отырады. Оларда, негізінде, сөйлеушінің қуанғаннан я қысылып ұялғаннан сөзі аузына түспей, сөз таба алмай мүдіргнін, сасқалақтағанын білдіру үшін, немесе сөз, сөйлем аралығында ұзақ кідіріс болғандығын білдіру үшін қойылады. Мысалы:
– Тақсыр… қарағым… шырағым-ау… Арғы атам Арғынбайдың шаңырағына мініп келген… – дей бергенде Аман келді де, қолтықтап апарып скамейкаға отырғызды. (Ғ.Мұстафин).
– Ие, кітап… Ойдан шығару… Сырлау… Соын да мыжушылар бар-ау әлі! Маған тіпті бір алты қырдың астында тұрғандай-ау өзі… Қайда, қайда!? Қашан да қашан боп сырғып кетіпті-ау, сірә… Е, барса, барсын… өмір кітабы да жетеді…
– Әзірше бір жағына маман қазақ дайындау ниетіндеміз ғой. Сондықтан… – деп, жөткіріп ап, – он студентке степендия… тағы төрт студентке степендия… Дауласар, айтар сөз жоқ.
Сонда да Қасен:
Біз кадр… кадр… Өлкелік мекеме… жауапты қызметкер! – дей беріп еді, келгендер қараған жоқ. (М.Әуезов).
Кейіпкерлердің сөзінде кездесетін, бірақ жазуға ерсі, дөрекі, тұрпайы сөздер жазылмай, оның орнына көп нүкте қойылады.
Көп нүкте саяси, ғылыми әдебиеттерде, көбінесе, цитаталарда кездеседі. Цитата келтіруші цитата иесін сөздерін, сөйлемдерін толық алмай, қысқарту, ықшамдау мақсатымен кейбір сөздерін түсіріп қалдырған орындарға көп нүкте қойылады.
5) Сызықша. Үтір сияқты, сызықша да мағынаға, функцияға орасан бай тыныс белгісі. Мұның мағынасы мен функциясы үтірден де көп. Сызықша сөйлеудің белгілі бір бөлшектерін басқа бөлшектерден бөлу үшін де, жақындастыру, қосу үшін де, сөздердің арасындағы мағыналық, синтаксистік қатынастарды айқындау үшін де қолданылады. Мұндай функцияда қолданылғанда, сызықша кейде қосарлы, кейде дара болып келе береді.
а) Сызықша бастауыш пен баяндауыш мүшелер арасына қойылады. Бұл орында ол бұл екі мүше арасында азды-көпті кідіріс барын білдіріп, ол екеуін сөйлемнің басқа мүшелерімен шатастырмауға, бұл екеуінен құралған сөйлемді оған ұқсас сөздер тіркесі мен шатастырмауға жәрдемдеседі. Мысалы: Адам – ардақты ат. Астық – халық дәулеті.
ә) Өзінің алдындағы сөздің немесе сөздер тіркесінің мағыналарын айқындау, саралап ашып көрсету үшін қолданылатын оңашаланған айқындауышты бөлу үшін қойылады. Мұндай орында ол қосарлы түрде қолданылады.
- Тырнақша. Тырнақшаның қойылуы кідіріске, интонацияға немесе сөйлеудің құрылыс ерекшеліктеріне байланысты болмайды. Сондықтан ол шын мәнісіндегі тыныстық белгі де емес. Тырнақшаның мағынасы да, функциясы да алуан түрлі, ол бір жағдайда тырнақшаға қоршалған сөздің я сөйлемнің бөгде біреудікі екенін білдірсе, екінші бір жағдайда тырнақшаның ішіндегі сөздің, сөздер тіркесінің өзінің тура мағынасында қолданылмай тұрғандығын, болмаса бірдеңелердің шартты аталуы екендігін білдіреді.
- Жақша. Жақшаға алынатындар, негізінде, сөйлеммен тікелей байланысы жоқ, оның мүшелерімен грамматикалық қатынаста тұрмайтын, жазушының айтқанын айқындай түсу үшін қолданатын кейбір ескертпе сөздері мен сөйлемдер.
Жоғарыда келтірілген бұл ережелер М.Балақаев пен Т.Қордабаевтың негізінде көрсетілсе, енді Р.Сыздықованың ережесі бойынша келтірейік:
Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша.
Бастауыш зат есімнен немесе заттанған басқа сөз таптарынан жасалып, баяндауыш та атау тұлғадағы зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Тіл – қоғамдық құбылыс.
Баяндауыштың алдында не артында ғана, ғой т.б. сияқты шылаулар тұрса, сызықша қойыла береді: Қаланың қасында көз толатын табиғат – шалқар көл ғана (С.Мұқанов).
Бастауыш I, II жақтық жекеше не көпше тұлғадағы есімдіктен, баяндауыш жіктік жалғауы түсірілген есімдердің біреуінен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Мен – тауда ойнаған қарт марал (Махамбет). Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын (Абай). т.б.
Бастауыш та, баяндауыш та сан есімнен болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылады: Үш жердегі үш – тоғыз. Екі бесіміз – он.
Бастауыш ол, бұл, мынау, сонау, анау деген сілтеу есімдіктерінен жасалып, баяндауыш атау тұлғадағы зат есім немесе зат есім мағынасындағы басқа сөз табы болғанда, сілтеу есімдіктерінен кейін сызықша қойылады: Бұл – адам көз сүйегі, — деді ханға (Абай).
Ол, бұл деген сілтеу есімдіктерінен болған бастауыштар өзінен кейінгі сөздің анықтауышына ұқсап, шатасып кететін жағдайда, бастауышы қай сөз табынан жасалса да, одан кейін сызықша қойылады: Мұндай бастауыштары бар сөйлем өзінің алдындағы сөйлемдермен логикалық байланысты болады, сондықтан олар контеске қарай ажыратылады: Тіл-тілдің қай-қайсысында болсыг сөз мағынасы көбіне метафора арқылы ауысады. Сөйтіп, бұл – сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішіндегі метафораның айрықша орын алатындығын көрсетеді. (К.Аханов).
Ескертулер. Бұл ережені орынсыз қолдана беруге болмайды. Анытауыш деп танылып кететін қаупі жоқ жерде ол, бұл деген есімдіктерден дасалған бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ол біздің үйге келді.
Бастауыш – у жұнақты етістіктен не ол араласқан тіркестен жасалса, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен немесе – у жұрнақты етістіктен және керісінше болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Елдің шетін күзету – ең ардақты правоң (Жамбыл).
Бастауыш – ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағымен жасалған есімшеден (не есімше аралас тіркестен) болса, баяндауыш не зат есім, не есімше, не есімдіктен жасалғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Бұған таяу отырған – Ыбырайдың Ысқағы (М.Әуезов).
Бастауыш зат есімнен не сілтеу есімдігінен, баяндауыш есімшеден болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылмайды., өйткені мұнда есімше өзінің етістік қызметінде қолданылады: Мектеп үйі жаңадан салынған. Сол екі жігіт Абайды таңдандырған.
Ал баяндауыш болып тұрған есімше зат есім мағынасында қолданылған болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Осы кездік – саған тартқаным (соңғы есімше тұлға «тартқан сыйым» деген мағынада қолданылып тұр). Енді осы – тоқтатқаны (Ғ.Мүсірепов).
Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, екіншісі, алдыңғысы, соңғысы деген заттанған сан есім, сын есімдерден және көбі деген сөзден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не -у жұрнақты етістіктен (және керісінше) болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Жаяу Мұса – Біржан бастаған Арқадағы әншілер тобының көрнектілерінің бірі (М.Әуезов).
Бастауыш болып тұрған сөз баяндауыштың құрамында қайталап, бастауышқа жалғас тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Физикалық денелерден құралған заттар сол қалпында: шыны-шыны қалпында (қалады), парафин-парафин қалпында (қалады), мыс-мыс қалпында қалады («Химия оқулығы»).
Қаратпа сөздердің тыныс белгілері.
Жанды, жансыз заттарға қарата қарата айтылған сөздер сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен ажыратылады. Қаратпа сөз сөйлемнің басында тұрса, үтір оның соңынан, ортасында тұрса, екі жағынан, соңында тұрса, одан бұрын қойлады:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат. Жүрегім, нені сезесің? Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел (Абай).
Қаратпа сөздің алдында өз анықтауыштары болса, қаратпа сөзден тыныс белгісімен бөлінбейді. Қаратпа сөз анытауыштармен тұтасып, сөлемнің басқа мүшелерінен үтңрмен ажыратылады:
Қарағанды шахтерлері , ұр еңбектің дабылын!(И. Байзақов)
Алдынан не соңынан келген эпитет сөздері бар қарапалар да тұтас тізбек құрайды, эпитет пен қаратпа сөз бір-бірінен тыныс белгісімен ажыратылмайды:
Жарайды, Абайға аға, қаршыға жайында ма?
Қаратпа сөзбен қатар келген одағайдан кейін үтір қойылады:
Уа, Горький, халық ырысы- күнді сүйдің (Жамбыл).
Қартпа сөзбен қатар келген о деген одағайдан кейін де үтір қойылады:
О, күн-ау, төге түсші сәулеңді сен (Жамбыл).
Қаратпамен қоса айтылған шылулар да күрделі қаратпа сөздің құқрамына енеді де, екеуінің арасына дефис қойылады:
Жеңеше-ау, Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да.
Қаратпа сөз сөйлем басында келіп, көтеріңкі дауыспен айтылса, одан кейін леп белгісі қойылып, келесі сөз бас әріппен жазылады:
Тоғжан! Япрмай, жақсы айттыңыз-ау! (М. Әуезов).
Қаратпа сөз сияқты, бірақ нақты біреуге арналып айтылмаған, жалпылық-белгісіздік немесе одағайлық мағынасы бар сөздер сөйлем ішінде үтірмен бөлінеді. Олар да күрделі, шылаулы болып келе береді:
Менің айқаным да, естігенімде де осы ғана емес пе еді, сығыр-ау!
Қыстырма сөздің тыныс белгілері
Қыстырма сөздер (жалаң және күрделі) сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді. Қыстырма сөз сөйлемнің сөйлемнің басында келсе, үтір одан кейін, ортасында келсе, екі жағынан , соңында келсе , алдынан қойылады:
Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған (М.Әуезов).
Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері көбінесе мыналар:
а) Автордың түрліше сезімін: қуанышын, қайғырғанын, өкінішін, сенімін, күмәндануын т.б. білдіретін сөздер: амал қанша, несін айтасың, бәсе, әрине, рас, сірә, тегі т.б.
Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ (Абай).
ә) Айтылған ойдың кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер:….айтуынша,….айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, менің байқауымша , менің аңғаруымша ,…. айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, менің байқауымша, менің аңғаруымша, ұмытпасам т.б. Мысалдар: Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп ат салысқан сияқтысыз. (М.Әуезов).
б) Ойдың желісін, ретін (бастамасын, түйінін) білдіретін сөздер: біріншіден, екіншіден,….әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, сайып келгенде т.б. Мысалдар:
Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз…
Не, немесе, қалай, ендеше, осы сияқты сөздер де сөйлем мұшесі болмай, айтушының(автордың) белгілі бір сезіміне байланысты қолданылғанда , қыстырма сөз ретінде үтірмен бөлінеді. Мысалы:
Не, бәрің осы баланы мүйіздей бересіңдер? (Ғ.Сыланов).
Сөйлемдегі сөздермен синтакистік байланысы жоқ қыстырма сөйлемдер көбінесе үтірмен бөлінеді:
Ұмытып барады екем, жуырда елінен Әміржан келіп қалды. (С. Мұқанов).
Сөйлемдегі негізгі ойды, не бір сөзді айқындау, дәлелдеу, түсіндіру үшін қолданылған қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері екі жағынан жақшаға алынады (бірінші сөзі жалпы есім болса, кіші әріппен жазылады):
Бірақ менімен Раушанның (Рауза деп бірге оқитын жолдастары атап кеткен көрінеді ) оқысында үлкен айырма бар екенін сезгендеймін
(М. Иманжанов).
Оңашаланған мүшемен келетін мысалы, айталық, шынында сияқты қыстырма сөзден кейін үтір қойылмайды.
Көктемде жыл құстарының алды, мысалы қаз бен үйрек, келе бастайды. Географиялық атаулар айталық, тау аттары, бас әріппен жазылады.
Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен айтылатын мынадай сөдер сөйлемнің басында не жай сөйлем ішінде үтір арқылы бөлінбейді: ал, тіпті, дегенмен, алайда, бірақ, сонымен қатар, сондай-ақ, әсіресе, тек. Мысалдар:
Ырғызбай ішінде әсіресе осы Қарашрқыға қызығушылар көп болатын.
Сөйлем мүшелерімен синтакиситік байланысы жоқ, өз алдына жеке сөйлем сияқты қыстырма конструкциялардың да екі жағынан үтір қойылады. Ол конструкциялар көбінесе қасында, ішінде, басы…. болып деген тәрізді сөздердің қатысуымен жасалады, оларды алып тастағаннан сөйлем мағынасы ойсырамайды. Мысалы:
Бір топ адам, басы Жомарт болып, егінге қарай беттеді. Газиктің рулін өзі ұстап, қасында Жақып бар, Жомарт келеді.
(Ғ. Мұстафин).
Жақшаға алынған қыстырма сөзді не сөйлемдерді енгізген кім екенін білдіру үшін редакция деген сөз немесе автордың әріптерден қыстырылып көрсетілген аты-жөні (инициалы) қойылады. Ондайда қыстырмадан кейін нүкте мен сызықша қойлып , автордың қысқартылған аты-жөні немесе редакция деген сөз бас әріппен жазылады да, жақша жабылады:
Шоқан Уәлиханов Қашқарда қалай тұруы туралы былай дейді: «Қашқардың және Алты шаһардың ғұрпы бойынша, шет мемлекетпен бұл елге келгендер үйленуге міндетті, (Кейін анықтасам, бұл әдет мұсылмандар үшін ғана екен. С.М.). Кіші Бұхара (Қашқария – С.М.) имам Ханифке (мұсылмандар дүниесіндегі төрт мәзһәптің, орысша сектаның біреуі. – С.М.) бағынғанмен, … бұл арада уақытша үйлену толық күшінде екен». Бұл мысалдардағы С.М. дегендер – Сәбит Мұқановтың инициалы.
Одағайлардың тыныс белгілері
Одағайлар көбінесе сөйлем басында келеді де, үтірмен бөлінеді. Мысалы: Е, Ойке апаны білмеуші ме ең? Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? (М.Әуезов). Тәй, қылжақты қоя тұр (С.Мұқанов). Апырау, сіздің ауыл Майқұдыққа қонбаушы еді ғой? (Ғ.Мүсірепов).
Егер одағайлар сөйлем ортасында келсе, екі жағынан үтір қойылады, соңында тұрса, үтір одан бұрын қойылады: Мысалы:
Жүрегім, ойбай соқпа енді…
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен қылдым, япырмау?! (Абай)
О деген одағайдан кейін үтір қойылады: О, жауыз Қодар! О, шіркін, шіркін! (Ғ.Мүсірепов).
Одағай сөйлемнің басында келіп, көтеріңкі дауыспен айтылса, одан кейін леп белгісі қойылып, келесі сөз бас әріптен басталады: Мысалы: Пәлей! Мақұл-ақ! Ал ендеше мен нені айттым!? (М.Әуезов). Еhe! Сен өзің біздің қақпанға бұрын да түскен кәрі қасқыр екенсің ғой (А.С.Пушкин).
Одағай тәріздес бәсе, жә, қош, қой, құп (болады), жай, бәлем, жарайды (осы мағынадағы жақсы), мақұл, болды, дұрыс, бәрекелді сияқты сөздер сөйлем ішінде жұмсалған орны мен мағынасы қарай оқшауланып келсе, өзге сөздерден үтірмен бөлінеді. Мысалдар: Қой, не де болса қалмайық енді. Жә, тоқтат, ақсақал! Бәсе, Белқара ғой… Бәлем, Бөжей де осыны сезген болар (М.Әуезов).
Иә, (я), жоқ, мә, мәңіз сөздері де сөйлем ішінде үтірмен ажыратылады: Мысалы: Ақтағаны ма? Жоқ, жай шошығаны ма? Иә, етін ыстық, ауырған жерің бар ма? (М.Әуезов).
Одағайлар көбінесе қаратпа сөзбен қатар қойылады:
Ей, аққу, сәлем деші жолыққанда (С.Сейфуллин). Пай-пай, бала-ай, сабырың-ақ соңымнан қалмады-ау (Ғ.Мұстафин). Сыналар, ей, жігіттер, келді кезің (Абай).
Ә деген одағай мен ә дегенше, ә дегенмен тіркестерін, әй, әу деген одағайлар мен әй (ай) дер ажа, әудем жер деген сияқты тіркестерді (олардағы ә, әй, әу деген форматтары) шатастырмау керек: тіркес құрамындағы ә, әй, әу дегендер өзінен кейінгі сөзден үтірмен бөлінбейді:
Ә дегенше жетіп келді. Оның даусы әудем жерге естіліп тұрды. Мен оны ә дегеннен тани кеттім.
Айқындауыш мүшелердің тыныс белгілері.
Оңашаланған айқындауыш мүшелер сөйлемнің басқа мүшелерінен көбінесе үтірмен бөлінеді. Мысалы: Абай былтыр бақырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға кеткенде, дәл осы қоныстан, Есенбайдан, кеткен болатын. Ұлжан енесіне бағана, Абай ұйықтап жатқанда, бар жайды айтқан (М.Әуезов).
Оңашаланған айқындауыш мүше болатындар:
а) Өзінен бұрынғы сөздің мәнін айқындап, дәлдеп беретін және сонымен септік жалғаулары жағынан тұлғалас келетін бір сөз не сөз тіркесі:
Осы үйдің ер жетіп қалған екі баласын, Нұржан мен Нұрланды, жұрт көп мақтайды. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің, Құнанбайдың кәрі шешесінің, көк арбасы десе де болады (М.Әуезов).
ә) Яғни, әсіресе, мысалы, яки, немесе, болмаса, басқаша айтқанда, «әсіресе» деген мағынадағы көбінесе, оның ішінде, тіпті деген сөздермен басталатын тіркестер өзінің алдындағы сөздің мағынасын дәлелдеп түрса оңашаланған мүше болады. Үтір тұтас тіркестің екі жағынан қойылады:
Ылғалды жерлерде, көбінесе өзен бойларында, шөп қалың өседі. Реакцияға түскен заттардың салмағына әрдайым тең болады; бұл заңды заттар сақталу заңы, немесе Ломонов заңы, деп атайды.
Қарамастан, қоспағанда, есептемегенде деген сөздерге аяқталатын тіркестер де үтірмен бөлінеді:
Аяғының ауырғанына қарамастан, ол шапшаң жүріп отырды. Кешігіп қалған екеуді қоспағанда, жорыққа аттанатын шаңғышылар саны он алты. Жорыққа аттанатын шаңғышылар саны, кешігіп қалған екеуді қоспағанда, он алты.
Оңашаланған мүше инверсияланып (әдеттегі орны ауысып) келуі мүмкін, ол күнде де сөйлем ішінде үтірмен ажыратылады: Мұқанның баласы ғой, менің былтыр өлген ағамның (С.Мұқанов). Бұл сөйлемнің әдеттегі орын тәртібі: Мұқанның, менің былтыр өлген ағамның, баласы ғой болу керек.
Оңашаланған айқындауыш мүше өзінің алдындағы айқындайтын сөзімен септік, тәуелдік жалғаулары жағынан қиыспай тұрса, яғни айқындалушы сөз атау тұлғада келсе, араларына сызықша қойлады да, айқындауыштан кейін ешқандай тыныс белгісі қойылмайды: Күлкіні иесі – қызды біз енді жақсылап көрдік (С.Ерубаев). Осы сөйлемдегі айқындауыш пен айқындалушы сөздер бірдей тұлғада (екеуі де табыс септікте) берілсе, тыныс белгісі басқаша қойылады: Күлкінің иесі – қызды біз енді жақсылап көрдік (С.Ерубаев). Осы сөйлемдегі айқындауыш пен айқындалушы сөздер бірдей тұлғада (екеуі де табыс септікте) берілсе, тыныс белгісі басқаша қойылады: Күлкінің иесін, қызды, біз енді жақсылап көрдік.
Ал айқындалатын сөзімен морфологиялық тұлға жағынан қиыспай (бірдей болмай) тұрса, не екеуі де атау тұлғада келсе, жалқы есімнен болған айқындауыш ешқандай тыныс белгісімен ажыратылмайды: Менің інім Марат биыл мектеп бітіреді. Оның бұл тұрған қалпын ағасы Балтабектің әйелі Айбаладан басқа ешкім көрген жоқ (С.Мұқанов). Шойын кеуделі, аю жоталы… қара кісі Игілік би паң да, тәкәппәр да емес (Ғ.Мүсірепов). Бұл сөйлемдердегі Марат, Балтабай, Игілік би, Айбала деген жалқы есімдер өздерінен бұрынғы інім, ағасы, қара кісі, әйелі деген сөздерді дәлдеп атап айтып айқындарп тұр.
Бірыңғай мүшелер мен жалпылауыш
сөздердің тыныс белгілері
Тыныс белгілерден қоюға келгенде, бірыңғай мүшелерде үш топқа бөліп қарауға болады: а) араларында жалғаулық жоқ бірыңғай мүшелер, араларында жалғаулық бар бірыңғай мүшелер және б) жалпылауыш сөзбен қатар келетін бірыңғай мүшелер.
Жалғаулықсыз келген дара бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады. Бірыңғай мүшелердің санынан үтір санының біреуі кем болады.
Әр ел тұс-тұсындағы Ақбайтал, Көлденең, Жігітек, Шатқалаң, Бөкенші сияқты асу-асуларға қарай беттеді. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын (М.Әуезов).
Жалғаулықсыз келген дара бірыңғай мүшелердің мүшелердің аралығына үтір қойылады: Боржабай орта ғана бойлы, жуантық денелі, дөңгелек бетті, қалың ерінді, жасаураған кішірек қоңыр көзді, ұйысқан қысқа қара жирен сақалды, таңқита басқан сирек мұртты, домалақтау мұрынды, қоңыр өңді кісі еді (С.Мұқанов).
Жайылма (күрделі) бірыңғай мүшелердің әрқайсысының (немесе бірқатарының) өз іштерінде үтір кездесетін болса, бірыңғай мүшелердің жігіне нүктелі үтір қойылады. Мысалы: Қала деген аты ғана болмаса, Н… қаласы екі қабат үлкен үйлер көшелерінде ғана бірен-саран кездесетін; өзге үйлерінің көбі бір қабат қана қарағай үйлер болатын; шет жақтарында ағаш үйден шым үй көп кездесетін; азғана жаңбыр себелеп өтсе, көшелерінен адам батпақтап жүре алмайтын; бірақ етек жеңі мол; таусымақтау жерге жалпая салынған; Сібірде көп кездесетін үлкен бір деревня еді (С.Мұқанов). т.б.