Құқықтың негізгі тарихи типтері, қағидалары (принциптері) және функциялары

Құқық пайда болғаннан кейін өзінің эволюциялық және революциялық дамуы барысында қоғамдық-экономикалық фор­мация шеңбері мағынасында өзіне тән сипаттарға және ерекшеліктерге ие болады. Өзіндік мәні бар құқықтық жүйеге құқық­тың тарихи типтері сәйкес келеді. Құқықтың тарихи типтері дегеніміз арнайы формацияның меншік қатынастары қалыптастырған құқықтың мәндік мазмұнын айқындайтын ерекшеліктердің жиынтығы. Адамзаттың тарихи дамуы құқықтың негізінде төрт типін қалыптастырады: құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік. Алғашқы қауымдық құрылыс ыдырағаннан кейін пайда болған. Құл иеленушілік құқықтың өзіне тән ерекшеліктері мынандай сипаттармен айқындалады:

— Құл иеленушілік құқық құл иеленушілердің еркін білдіреді және олардың шексіз саяси биліктерін, диктатурасын бекітеді, үстемдігін жариялайды. Фараон патшалар құдайдың әмірімен болған, жердегі оның әміршісі деп танылды. Құқықтың барлық тетіктері осы билікті қамтамасыз етуге бағытталған.

— Құл иеленушілік құқық негізгі өндірістік құрал-жабдықтарға және құлдарға жеке меншікті құқық нормаларына бекітеді.

— Құлдар құқықтың субъектісі бола алмайды. Олар тек қана объект (зат, тауар) ретінде танылады. Сондықтан оларда сатуға, өлтіруге, ұрып-соғуға, айуаңдықпен жазалауға құл иеленушілік құқық меншік иелеріне толығымен мүмкіндіктер береді. Мысалы, Рим заңгерлері құлдардың құқықтарын, қоғамда алатын орындарын «Servus instrumentum vocale est» (құл сөйлейтін құрал) деп бекіткен.

— Құл иеленушілік құқық талион қағидасын (жанға-жан, қанға-қан) бекітеді. Мысалы, ежелгі Хамурапи патшасының зандарында: «Егер біреу басқанын сүйгенін сындырған болса, онын сүйгенін сындыру қажет» деп көрсетілген.

— Құл иеленушілік құқық талион қағидаларымен қатар мүліктік композицияға мүмкіндіктер береді. Бірақ, бұл инсти­тут негізінде құлдарға емес, еркін адамдардың арасындағы қатынастарға тиісті болған.

— Құлдардың құл болып жаратылуын «natura humana» деген қағидамен бекітіледі. Құл болу туа біткен қасиет, ешуақытта өгермейтін құбылыс ретінде танылады.

— Құл иеленушілік құқық патриархалық отбасында әкенің шексіз құқын бекітеді. Рим құқы бойынша әкесі баласын құлдыққа сатуға құқылы.

— Құл иеленушілік құқықтық талаптары әйелді тек бала туу және еркектерге ермек үшін жаратылған екендігін бекітеді. Мысалы, ежелгі Үндістанның Ману заңдары әйелдерге туа біткеннен табиғи жеңіл ойлылық тән болғандықтан қандай жас мөлшерінде болмасын ез беттерімен өмір сүру қабілеттері жоқ. Сондықтан әйелдер бала кездеріне, әкелеріне, жас кездерінде күйеулеріне, ал қартайған шақтарында балаларына бағынулары керек деген норманы бекіткен.

  1. Феодалдық типтегі құқық. Феодалдық құқық құл иеленуші мемлекет күйрегеннен және жер бетінің кейбір аймақтарында алғашқы қауымдық құрылыс ыдырағаннан кейін пайда болған құқықтық жүйе. Феодалдық типтегі құқықтық жүйе феодалдық мемлекеттің саясатын, билігін бекітетін нормалардың жиынтығы. Оның өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:

— Феодалдық типтегі құқық феодалдардың саяси билігін, еріктерін жариялады, жерді феодалдардың жеке меншігі ретінде таниды. Жері жоқ шаруалар тобын феодалдарға тәуелді етеді.

— Феодализм дәуірі оның құқықтық жүйесін сословиелік қағида негізінде қалыптастырады. Қоғамдық саяси қатынастардың барлық салалары адамдардың мүліктік артықшылық пен ерекше пұрсаттылық қасиеттерімен айқындалады. Мысалы, «Русская правда» заңы бойынша боярлар табының мүліктері өлгеннен кейін, егер ұлдары жоқ болса, қыздарына өтетін бол­са, шаруалар сондай жағдайларға душар болғанда меншіктері боярға тиісті болып, қыздарына аз ғана бөлігі мұрагерлікке берілген.

— Феодалдық типтегі құқық діни мағынамен сипатталынады және ерекшеленеді. Дін мемлекеттің барлық істерінде басшылық рөл атқарады, билік жүргізуде, әділ сот ісіне шіркеу тікелей араласады, діни нормаларды бұзу құдайға қарсы шығумен тепе-тең бағаланады.

— Ерекше қаталдығымен айрықша көзге түседі. Шіркеу соттарында инквизиция процесі арқылы өлім жазасын қолдану кең етек жаяды, тергеу және соттарда қаралған істер бойынша азаптауды қолдану өмірдің заңына айналады. Отқа өртеу, басын шабу, қинап өлтіру сияқты жазалар кең қолданылады. Жанна д-Арк, Джорданно Бруно, Николай Коперник, Ян Гусь сынды қайраткерлер көзқарастары үшін өртке салынады.

— Феодалдық кұқық негізінде партикулярлық сипатқа ие. Мемлекет ішіндегі герцогтер, княздер, барондар иелік еткен жерлерінде өз мүдделеріне сай әдет-ғұрып құқық жүйелерін қалыптастырған. Бір аумақтың заңдары бір аумақтың заңдарына сәйкес келмейді, мемлекетте жүйеленген заңнама жоққа тән.

  1. Буржуазиялық құқық. Феодализмдегі қалыптасқан қоғамдық қатынастардын дамуы XVI- XVIII ғасырлардың аралығындағы Еуропада ірі буржуазиялық революцияларының болуына әкеп соқтырады. XVI ғасырда Нидерландияда, XVII ғасырда Англияда, 1789 жылы Францияда феодалдық мемлекеттің ескірген, даму заңдылығын тежеген институттары мен құқықтық жүйелері революциялық жолмен жойылып, буржуазиялық тип­тегі мемлекет және құқық жүйесі қалыптасты. Ұлы Француз революциясы жарияланған «Адам және азамзат құқықтарының декларациясы» өзінің бірінші бабында: «Адамдар дүниеге еркін және кең құқылы болып келеді. Қоғамдық айырмашлықтар тек қана жалпы пайдаға негізделуі мүмкін», — деген қағиданы жариялап, буржуазиялық типтегі құқықтың негізгі идеясын дүние жүзіне паш етті. Екіншіден, буржуазиялық құқық жеке меншік құқын ең қасиетті деп жариялады, оған қол сұғу қоғамдық пікірмен қатты айыпталуымен қатар, қатаң түрде жазаланады. Жоғарыда көрсетілген Декларацияның 17-бабы мына норманы бекітті: «Меншік қол сұғылмайтын және қадірлі құқық болғандықтан ешкім одан айыра алмайды, айыру тек ғана заң, тәртіп бойынша күмәнсіз қоғамдық қажеттілік үшін, әділетті және алдын-ала орын толтырған жағдайда іске асырылады». Үшіншіден, қанаушылыққа қарсылық білдіруді адамдардың табиғи және ажыратылмайтын құқықтары екені қағида ретінде жарияланады. Аталмыш саяси құқықтық идеялар кейініректе дүние жүзі мемлекеттерінің басым көпшілігінде жарияланады.

Буржуазиялық типтегі құқықтың мынандай ерекшеліктері бар:

  1. Буржуазиялық құқық капиталистік өндірістік қатынастар­ды реттеуге бейімделген құқық. Бұл бағытта буржуазиялық құқық өзінің қоғамдық қатынастарды реттеу барысында көптеген ежелгі Рим құқының институттарын енгізеді.
  2. Буржуазиялық құқық феодалдық құқық бекіткен сословиелік айырмашылықтарды жояды. Барлық адамдардың, заң алдында тең құқылығын жариялайды. Азамат деген ұғымды енгізеді. Ұлы француз революциясы жариялаған «Адам және азамат құқықтарының декларациясының» 6-бабы салтанатты мағынада: «Заң — жалпының еркін білдіру. Барлық азаматтар оны жасауға тікелей өздері немесе өкілдері арқылы қатысуға құқықтары бар. Ол қамкорлық жасағанда да, жазалағанда да бәріне тең болуы тиіс. Барлық азаматтардың заң алдындағы тендіктеріне байланысты бәріне қоғамдық лауазымға қолдарының жетулеріне теңдік дәрежесінде жол ашық…», —деп жа­риялады.
  3. Буржуазиялық құқық жариялылық және жеке болып бөлінеді. Жариялылық құқық билік, басқару жүйесінде қалыптасқан қатынастарды реттеу функциясын іс жүзіне асырады, ал жеке құқық болса, азаматтардың меншікті иемделу, пайдалану және билеуден туындайтын қатынастарды реттейді. Құқықтың жариялылық және жеке болып бөлінуі буржуазиялық құқықтың тиімділігін арттырады, оның реттеу мүмкіншілігінің қең, ауқымды екенін аңғартады.
  4. Буржуазиялық құқық шарттардың, келісімдердің еркіндігін салтанатты түрде жариялайды, олардың орындалуы мен қамтамасыз етілуі қастерлі болуын қамтамасыз етеді. Бұл талап ежелгі Рим құкы калыптастырған «Pacta sunt servanda» (Шарттар орындалуы тиіс) қағидасын дамытудын үлгісі.
  5. Буржуазиялық құқық прогрессивтік сипат мазмұнда «заңда көрсетілмеген әрекет қылмыс бола алмайды» принципін жария­лайды, яғни тек мемлекет тарапынан бекітілген қылмыстың түрлері ғана қылмыс деп танылады.
  6. Социалистік құқық 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Кеңес мемлекеті қалыптастырған тарихи типтегі құқық. Социалистік кұқық Кеңес мемлекеті орнатқан саяси режим мен коммунистік партияның диктатурасын бекіткен нормалардың жиынтығы. Социалистік құқық буржуазия жариялаған құндылықтарды жоққа шығарады, барлық тарихи типтегі құқықтарды үстем таптардың заңға айналдырылған еркі деп жариялайды, қанаушылық функция атқарады деген айдарлар тағылады. Ал, Социалистік құқық ең жоғарғы типтегі құқық деп жариялана­ды. Социалистік құқыққа тән мынандай ерекшеліктер бар:
  7. Социалистік құқық буржуазиялық құқықты мүлдем жоюдың нәтижесінде орнатылады. Сондықтан оның мәні мен мазмұны репрессиялық нормалардан қалыптасады. Мысалы, сайлау құқынан айыру, меншікті тәркілеу, адам құқықтарының теңсіздігін ашық түрде бекіту және т.б.
  8. Социалистік құқық барлық өндірістік құрал-жабдықтарға мемлекеттік меншік құқын бекітеді. Жеке меншікті «буржуазиялық, халықты қанауға бағытталған» деген желеумен өнді­рістік қатынастардан мүлдем ығыстырылады. Жеке меншік құқы мемлекеттің қас жауы ретінде бағаланды.
  9. Мемлекеттік билік жүргізуде жұмысшы табының және оған басшылық жасайтын коммунистік партияның үстемдігі жарияланады. Партияның құжаттары мен қаулылары барлық ұйым, мекеме, кәсіпорындарға және жеке адамдарға міндетті.
  10. Социалистік құқық құқықтық мемлекет қағида ретінде жарияланған плюрализмге еш уақытта жол бермейді. Мемлекетте коммунистік идеологияның үстемдігі жарияланады. Жеке адамның ой-пікірі, қимыл-әрекеті тек қана коммунистік идеологияға сәйкес болуы тиіс. Еркін пікір, сөз айтуға цензура арқылы тыйым салынады.
  11. Социалистік құқық нарықтық экономика заңы қалыптастырған еркін бәсекелестікке тыйым салады. Бүкіл мемлекет көлемінде жоспарлық экономикалық қатынастарды ғана бекітеді. Түйме шығарудан ғарыш кемелерін жасауға дейін барлығы құқық негізде жоспарланады. Жоспар заң мағынасымен бірдей ұғымда бекітіледі. Бекітілген жоспарды орындамау қылмыстық жауапкершілікті тудырады.
  12. Социалистік құқық пролетарлық интернационализм желеуімен ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, дамытуға тыйым салады, тілдердің дамуын тежейді. Мысал ретінде айтып кететін болсақ, егер XX ғасырдың 20-жылдарында Ресей Кеңестік Социалистік Федерациясында 200-ге жуық тілде сөйлейтін этностар болған болса, 1979 жылға жүргізілген санақ бойынша 92 ғана ұлттардың қалғаны анық болған. Бір сөзбен айтқанда Кеңес өкіметі 108 ұлттардың тілін, этностық қасиеттерін жойып жіберді. Польшада кашубтар деген этностық топ жойылды. Дағыстандағы андин, ботлихтар, чамалдар, цездер, гуизабтар сияқты халықтардың тілдері мүлдем жойылды.
  13. Социалистік құқық экономиканың нарықтық қатынастарға тәуелді заңдарын тас-талқан етіп, оның орнына мемлекеттің этатистік үстемдігін орнатады. Бұл процесс мемлекеттік биліктің бақылаусыздығына, құқықтық реттеуге бағынбаушылыққа әкеп соқтырады. Мақсатка сай келетін шешім қабылдау заңсыздыққа, бассыздыққа және құқықтық қағидаларға қайшы келетін субъективтік әрекеттерге кеңінен жол ашады. Субъективизм мен волюнтаризм құқық жүйесінің негізін қалыптастырады.
  14. Құқықтың қағидалары (Принциптері)

Құқық теориясында құқық қағидасы (принципі) деп қоғамдық қатынастарды реттеу, қорғау барысында қалыптасқан құқық жүйесінің қалыптасу және құрылуының, мәнінің негізгі идеяларының жиынтығын айтады. Зерттеуші Л.Р.Сюкияйненнің тұжырымы бойынша «құқықтың қағидалары — құқық құндылықтары болып табылады».

Құқықтың қағидалары құқықтың мазмұнын, мәнін және ерекшеліктерін айқындайды. Құқықтық сананың элементтеріне жатады. Халық құқық қағидаларын тану және оған сену арқылы әділеттілікті, әділ сотты бағалайды. Заң ғылымында құқықтың қағидалары мынандай түрлерге бөлінеді:

  1. Халық билігінің баяндылығы. Бұл қағида Қазакстан Республикасының Конститутциясының 3-бабында мына мағынада бекітіледі:
  2. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық.
  3. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
  4. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Респуб­лика Президентінің, сондай-ақ өзінің Конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.

2.Демократизм. Қазақстан Республикасында құқық адам және азаматтардың бостандықтарына барлық жағдайлар жасайды, демократияның барлық басқару тетіктеріне құқықтық жүйеде пайдалану арқылы халықтың мүдделерін қорғауды паш етеді, құқықтарының тиімді түрде іс жүзіне асуына барлық мүмкіндіктерді жасайды.

Біздің мемлекетімізде құқықтың демократизм қағидаларының іске асырылуы үш бағытта жүргізіледі:

а) Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының шеңберін кеңейту.

ә) Үкіметтік емес ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарын Конституциялық талаптарға сай дамыту, азаматтық қоғамның толыққанды дәрежеде қалыптасуына мүмкіндіктер жасау.

б) Демократиялық институттардың шеңберін кеңейте отырып, өмірдің барлық саласында заңдылықты нығайту. Заңды орындау барлық заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың қажеттілігі болуы тиіс. Заң бұрмаланған қоғамда лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдар халықтың бақылауынан тысқары қалады, бюрократия күшейіп, адам құқықтары аяққа тапталады.

  1. Барлық адам және адамзаттардың заң алдындағы тең құқылығы. Ешкім ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік тегіне, дініне, тіліне, жынысына қарамастан кұқық нормалары талабы шеңберінде артық деп танымайды. Лауазымдарға ие болу жеке Адамдардың кабілеттеріне ғана сай дәрежеде іске асырылуы тиіс.

Атап айтқанда қазақ елінің көсемі «Ахмет Байтұрсынов мемлекетте ең маңызды мәселе ретінде жеке адамдардың құқықтық теңдік идеясын нақтылы практикада іс жүзіне асуына ерекше көңіл бөледі. Заң алдында барлық адамдардың ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына, лауазымына қарамастан тең екенін, бір-бірінен жоғарғы санатта болуына үзділі-кестілі қарсылык білдіреді. Адамдардың барлығы, туғаннан бастап тең болғандықтан кім болса да «низамнан (заң мағанасында — С.Ө.) күшті емес» — дейді Ақаң. Бұл идеяның мағынасынан біз құқықтық мемлекеттерде жарияланған табиғи құқық идеясының, яғни жеке адамның дүниеге келген сәтінен бастап заң, құқық алдында тең болу принципіне сай келеді. Ойшылдың ойынша жеке адамның та­биғи құқы саясаттың кұралы болуға тиіс емес, керісінше, саясат тарихи творчестволық әрекет ретінде өзінің барлық бағдарламасын, дерективаларын табиғи құқық идеясына сай жүргізуге міндетті. Құқықтық мемлекеттің негізгі талабы осы».

  1. Гуманизм. Адамгершілік қасиетінің асқақтауы ең жоғар­ғы құндылықтар санатына көтеріледі, табиғи құқықтардың позитивтік құқықта орын тебуі. Гуманизм негізінде адам құқықтарын ең қастерлі құндылықтар санатына жатқызады және оның іс жүзіне асырылуы 3 мәселені қамтиды: Біріншіден, адамгершілік идеяның құқықтың барлық саласына енуі. Екіншіден, мемлекеттің күш қолдануы ереже, кек алу емес, кері­сінше, тек қана қажеттіктен туындайды, келтірілген зиянды зардаптардың орнын толтыру, болашақта алдын алу үшін пайдаланылады. Осы бағытта жасалған қадамдардың ең бастысы ретінде өлім жазасын қолдануға мораторий жариялау болып табылады. Үшіншіден, құқық бұзушылық жасаған субъектілерге кінәлілерінің ауырлығына байланысты қажетті жазаны тағайындау. Гу­манизм қағидасы құқықтық мемлекет құру барысында адамдар діни нормаларды кеңінен қажеттікке жаратады, оларды саналы дәрежеде орындау, іске асыру арқылы, ұлы Абай айтқан имани гүлді қалыптастрады. Бұл ең жоғарғы дәрежедегі гуманизм алланы сүю, оны жаратқан адамды және пендешіліктен арылып, әділеттілікті сүю.
  2. Әділеттілік. Қабылданған құқықтық нормалар әділеттілік сипаттарға ие болулары қажет. Әділеттілік — құқықтың іргетасы. Бұл қағиданы құқықтық реттеудің барлық саласына енгізу мына бағытта іс жүзіне асады:

а) Мемлекет байлығы әділеттілік құқықтың талаптар негі­зінде азаматтардың қоғамға қосқан еңбек, үлесіне қарай бөлінуі тиіс. Артықшылық тек халыққа сіңірген еңбегіне қарай ғана берілуі мүмкін.

ә) Әділеттілік тек қана заңдылық негізінде іс жүзіне асады. Заңды орындау әркімнің азаматтық борышы, оны бұрмалау әділеттілікті аяққа таптау.

б) Әркімнің кінәсіне қарай заң алдындағы тең жауаптылығы.

  1. Адам құқықтары мен міндеттерінің біртұтастығы. Құқықтар мен міндеттерді еш уақытта бөліп қарауға болмайды. Бұл екі ұғым бір-бірінен ажырамайтын, біртұтастық мағынаны білдіреді. Адам құқықтары мен міндеттерін бөліп қарау әділетсіздік пен заңсыздыққа жол ашады.
  2. Сендіру мен мәжбүр етуді үйлестіру. Құқықтық реттеудің негізгі қағидалары ретінде қоғамда кеңінен пайдаланылатын талап. Қалай болған жағдайда да, адамды ең алдымен сендіру қажет, тек бұл жағдайда тиімді нәтижелер болмаған жағдайларда ғана мәжбүр ету шаралары қолданылады. Сендіру құлықтылық (мораль), әдет-ғұрып нормаларын қолдану негізінде болатын болса, мәжбүрлеу шаралары заңнама негізінде іс жүзіне асырылады. Құқықтық мемлекетте сендіру мен мәжбүр ету прагмативтік көзқарас негізінде тәжірибеде пайдаланылады.
  3. Құқықтың функциялары

Құқықтың функциялары дегеніміз құқықтың қоғамдық қатынастарға әсер етуінің және реттеуінің негізгі бағыттары.

Құқықтық әдебиеттер мен оқулықтарда құқықтың функцияла­ры әр түрлі мағынада беріледі. Кейбір авторлар құқықтың функцияларын экономикалық, саяси, тәрбиелік және сыртқы деп бөліп қараса, С.С.Алексеев динамикалық және статикалық деген функцияларды атап көрсетті. Бұл жерде динамикалық функ­ция — қозғалыс үрдісін білдіріп, мемлекеттің құқық арқылы саясат жүргізуін, реттеуін аңғартса, статикалық функция мемлекеттің формаларын, адам құқықтары мен бостандықтарының құқық нормаларында халық мүдделеріне, талаптарына сай дәре­жеде бекітілуі.

Құқықтың функцияларынан әрқашанда онын мәнін, қоғам­дық қатынастарды реттеудегі орнын және алдына қойған мақсаттарын анық байқауға болады. Құқық тек атқаратын функциялары арқылы қоғамдық қатынастарға әсер ете алады және пассивтік нормалардан активтік реттеу, қорғауға белсенділік танытады.

Құқықтың функциялары қазіргі кезеңде жарық көрген оқулықтарда  (А.В. Малько, Н.И. Матузов) және басқа әдебиеттерде екі мағынада атап көрсетіледі. Біріншісі, құқықтың функцияларын жалпы әлеуметтік мағынада тану. Оның құрамына аталмыш авторлар мәдени — тарихи, тәрбиелік, әлеуметтік бақылау және информациялық — бағыттық сияқты функцияларды жатқызады. Екінші топтағы функцияларды жеке заңдық функциялар деп жіктеп, олардың санатына реттейтін және қорғау функцияларын жатқызады. Ал, реттеу функциясын С.С.Алексеев сияқты ғалымдар реттейтін динамикалық және реттейтін статикалық деп екі түрге бөліп қарайды. Схема жүзінде былайша көрініс береді:

Құқықтық функциялар

   

  1. Құқық, экономика және саясат

Құқықтың мәнін толыққанды дәрежеде ұғыну үшін эконо­мика мен құқықтың арақатынастарын терең түсіну қажет. Эко­номика мен құқық негізінде мынандай байланыстық пен арақатынас арқылы көрініс береді:

  1. Құқық экономиканың туындысы және еш уақытта одан жоғары бола алмайды. Құқық экономикалық катынастардың жиынтығын, оның зандарын қамтамасыз етеді. Қоғамның, мемлекеттің экономикалық негізін құрайтын өндірістік құрал-жабдықтарға деген меншік құқықтық қатынастары әрқашан құқықтың барлық мәнін, мазмұның, функцияларын айқындайды. Құқық экономиканы қамтамасыз етеді. Оның бағыты мен дамуының соңынан ілеседі. Бірақ, сонымен қатар құқық экономиканың дамуына тосқауылдар қоюы да мүмкін. Ғылыми негізсіз, субъективизм желісімен жасалған құқықтық реформалар экономиканың дамуын тежеуі әбден мүмкін.
  2. Сонымен қатар, құкық экономикадан бөлек, өз бетімен экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Экономикалық қатынастарды тиімді реттеу, қорғау арқылы құқық үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Реформалар жасау арқылы эконо­миканың мүмкіндіктерін жоғарғы санатқа көтереді. Мысалы, АҚШ-та Ф.Рузвельт, Д.Кеннеди сияқты Президенттер құқықтық реформа арқылы экономиканы дағдарыстан алып шыққан. Мұндай мысалдар көп елдерде болған.

Саясат құқықтан кең мағынада танылады. Теориялық мағынада саясаттың ұғымы әр түрлі түсініктермен айқындалады және анықтамалары беріледі. Саясат деген мемлекет ісіне қатысу (В.И. Ленин) деген ұғым үлкен мәндік сипатқа ие. Саясат бірнеше бағытта дамиды: сыртқы, ішкі, мәдени, тіл ұлттық идеология, дін сияқты көптеген салаларды қамтиды. Мемлекет жүргізген саясаттар құқық арқылы іс жүзіне асырылады. Құқық саясатты іс жүзіне асырады, оның туындысы ретінде бағаланады. Құқықтық қағидаларға негізделмеген саясат халықтың назарлығын қалыптастырады, шиеленістермен қақтығыстарды туғызады.