«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы маусымның 13-індегі Қазақстан Республикасының заңы Қазақстан Республикасының аумағында (валюталық рынокта) валюталық кұндылыктармен жасалатын түрлі валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент және резидент емес банктердің қызметіне, уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың түрлі операцияларына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ резидент және резидент емес банк жүргізетін валюталық операцияларды жүзеге асыру принциптерін белгілейді, валюталық рынокты валюталық реттеу және валюталық бақылау мақсатын, міндеттері мен тәртібін айқындайды.
«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы заңының Қазақстан Ұлттық Банкіне және өзге де резидент, резидент емес банктерге, сондай-ақ олардың әр түрлі банктік қызметіне қатысты нормалары көрініс тапқан.
Валюталық реттеу мақсатына Қазақстан Республикасында тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыруға жәрдемдесу жатады.
Валюталық реттеу міндеттері валюталық құндылықтардың Қазақстан Республикасындағы айналысының тәртібін белгілеу, Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға одан әрі интеграциялануы үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ валюталық операциялар мен капитал қозғалысы жөніндегі ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы валюталық реттеудің, Мемлекеттік валюталық менеджменттің басты органы ретінде Қазақстан Ұлттық Банкі көрініс табады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде валюталық реттеуді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасындағы валюталық реттеу ауқымын өз құзырымен тікелей қамтитын Қазақстан Ұлттық Банкі:
1) валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметін жүзеге асыратын резиденттерге қойылатын талаптарды
2) резиденттер мен резидент еместер жүргізетін валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін, оның ішінде лицензиялау, тіркеу және хабардар ету тәрізді валюталық реттеу режимдерін;
3) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларына мониторинг (валюталық мониторинг) жүргізу тәртібін;
4) уәкілетті мемлекеттік органдармен жасалған өзара келісім негізінде әрі олардың құзыретіне сәйкес валюталық операциялар бойынша резиденттер мен резидент еместердің орындауы үшін міндетті есепке алу және есептілік нысандарын белгілейді.