Ауыл шаруашылығының жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктерінің құқықтық жағдайы

Ауыл шаруашылығындағы шаруашылық жүргізудің ең кең тараған түрі жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілікті серіктестіктер болып табылады, олар Республиканың әр облысында да көптеп кездеседі. Олардың қызметі ҚР АК-нің 77-84-баптары мен және Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілікті серіктестіктер туралы» Заңымен (кейінгі өзгертулерімен және толықтыруларымен) реттеледі.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жарғылық капиталы құрылтайшылық құжаттарымен анықталған көлемдегі үлестерге бөлінген, бір немесе бірнеше тұлғалармен құрылған серіктестік саналады; серіктестіктің қатысушылары оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өздерінің енгізген салымдарының құнының шегінде серіктестіктің қызметімен байланысты шығындар қауіптілігін атқарады. Бұл ережеден ерекшелік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен қарастырылуы мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік, егер серіктестіктің құрыл-тайшылық құжаттарымен ол белгілі бір мерзімге немесе белгілі бір мақсатқа жету үшін құрылады деп қарастырылмаса, шектеусіз мерзімге құрылған болып саналады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік заңды тұлға болып табылады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап береді .

Серіктестік өзінің қатысушылардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Салымдарын жарғылық капиталға толықтай енгізбеген серіктестіктің қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының енгізбеген салым бөлігінің құны шегінде бірлескен жауапкершілікті атқарады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік фирмалық атауға ие, онда серіктестіктің атауы, сонымен бірге «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» деген сөз немесе қысқартылған «ЖШС» сөзі мазмұндалуы керек. Жауапкершілігі қосымша серіктестіктің фирмалық атауында сәйкесінше «жауапкершілігі қосымша серіктестік» деген сөз немесе қысқартылған «ЖҚС» сөзі мазмұндалуы керек. осындай фирмалық атауларымен серіктестік мемлекеттік тіркелуге жатады.

Серіктестік сонымен бірге фирмалық атауының қысқартылған түрін және оның шетел тілдеріндегі баламаларын пайдалануға құқылы.

Шетелдің қатысумен құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің фирмалық атауында оның құрылтайшыларының қай мемлекетке жататындығы көрсетілуі енгізілуі мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) коммерциялық ұйым болып табылады, Республиканың ауыл шаруашылығында бұл шаруашылық жүргізудің ең көп тараған ұжымдық түрі. ЖШС азаматтық құқықтарға ие және өзінің қызметімен байланысты, Қазақстан Республикасының заңымен тыйым салынбаған кез келген қызметтің түрлерін жүзеге асыру үшін қажетті міндеттерді атқарады. олар тең ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ғана емес, сонымен бірге құрылыс кәсіпорындарын да, өңдейтін, өткізетін, жөндеуді, несиелеуді және басқа да қызметтерді жүзеге асыратын кәсіпорындарды да біріктіреді. Мысалы, Астықтық лизинг компаниясының әріптестері тек лизинг алушылар ғана емес, сонымен бірге ірі коммерциялық банктер, астық компаниялары, ауыл шаруашылығының тауарларын өндірушілер де болып табылады.

Тізімі заңдық актілермен анықталатын негізгі қызмет түрлерімен жауапкершілігі шектеулі серіктестік тек лицензияның негізінде ғана айналыса алады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің орналасқан жерінен тыс жерде филиалдарды құруға және өкілдіктерді ашуға құқылы.

Серіктестік өзін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органды өзінің филиалдарды құрғаны және өкілдіктерді ашқаны, сонымен бірге олардың орналасқан жері туралы хабардар етуі керек.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің филиалдарды құруы және өкілдіктерді ашуы туралы шешімді, егер серіктестіктің жарғысында бұндай шешімді оның қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды деп қарастырылмаған болса, серіктестіктің атқарушы органы қабылдайды.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары, сонымен бірге серіктестікті құрғаннан кейін оның мүлкіне үлес құқығын алған тұлғалар оның қатысушылары болып табылады.

Егер заңдық актілермен басқаша қарастырылмаған болса, мекемелер меншік иесінің рұқсатымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары бола алады.

Бір тұлғадан тұратын басқа шаруашылықты серіктестік жауап-кершілігі шектеулі серіктестіктің жалғыз қатысушысы ретінде бола алмайды.

Бір тұлғадан тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қатысушылардың жалпы жиналысының құзыретіне жататын құзыретті жалғыз қатысушы жеке өзі қабылдайды және жазбаша ресімделеді.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары құқылы:

аталған Заңмен және серіктестіктің жарғысымен қарастырылған тәртіпте серіктестіктің істерін басқаруға қатысуға;

серіктестіктің қызметі туралы ақпаратты алуға және серіктестіктің жарғысымен қарастырылған тәртіпте оның бугалтерлік және басқа да құжаттамасымен танысуға;

Заңға, серіктестіктің құрылтайшылық құжаттарына және оның жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес серіктестіктің қызметінен табыс алуға;

серіктестік таратылған жағдайда несиегерлермен есеп айырысқаннан кейін қалған мүлкінің бір бөлігінің құнын, немесе, серіктестіктің барлық қатысушыларының келісімі бойынша осы мүліктің бір бөлігін заттай алуға;

жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары заңда және құрылтайшылық құжаттарда қарастырылған басқа да құқықтарға ие болуы мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары міндетті:

Құрылтайшылық келісімшарттың талаптарын сақтауға;

құрылтайшылық құжаттарда қарастырылған тәртіпте, мөлшерлерде және мерзімдерде серіктестіктің жарғылық капиталына салымдарды енгізуге;

серіктестік коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария қылмауға.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтайшылары серіктестіктің құрылтайшылық құжаттарымен және заңмен қарастырылған басқа да міндеттерді атқаруы мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру оның құрылтайшыларының құрылтайшылық келісімшартты жасауынан басталады және серіктестікті заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеумен аяқталады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрудың рәсімі (процедурасы) оны аяқтағанға дейін тоқтатылады:

құрылтайшылық келісімшартты жасасқан күннен кейін бір жылдың ішінде, ал егер құрылтайшылық келісімшартпен басқадай мерзім белгіленген болса, осы мерзімнің ішінде, серіктестікті мемлекеттік тіркеуге тиісті өтініш берілмеген жағдайда;

серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартқан жағдайда, егер бас тарту сот тәртібімен шағымдалмаса не шағым жасалса, бірақ шағым кері қайтарылса.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрудың рәсімі оны аяқтағанға дейін тоқтатылған кезде;

жарғылық капиталды қалыптастыру үшін ақшаларды, бағалы қағаздарды, заттарды, ақыл-ой қызметінің нәтижелерінің құқығын қоса алғандағы мүліктік құқықтарды, және басқа да мүліктерді енгізген серіктестіктің құрылтайшылары олардың дереу қайтарылуын талап етуге құқылы;

Заңның негізінде жасалған сенімділік басқару туралы келісім-шарт, оның тараптарының арасында басқа келісім болмаған кезде тоқтатылады және осындай шарт бойынша берілген мүлік қайтарылуға жатады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрудың рәсімі оны аяқтағанға дейін тоқтатылуы кезінде, егер құрылтайшылар жаңа құрылтайшылық шартты жасасқан болса серіктестіктің құрылуы мүмкін. Сонымен бірге мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз болған жағдай ескерілуі керек.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтайшылық шарттың негізінде құрылады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылық шартында мазмұндалуы керек:

серіктестікті құру туралы шешім, оның фирмалық атауы мен орналасқан жері;

олардың атаулары, орналасқан жерлері, банктік реквизиттері (егер құрылтайшы заңды тұлға болып табылса) немесе аттары, тұрғылықты мекенжайы және жеке басын куәландыратын құжатының деректері (егер құрылтайшы жеке тұлға болып табылса) көрсетілген серіктестік құрылтайшыларының тізімдемесі;

серіктестікті құрудың тәртібі;

оны құрумен байланысты құрылтайшылардың міндеттері, сонымен бірге құрылтайшылардың серіктестікті құру жөніндегі қызметтерді жүзеге асыруының басқа да шарттары;

көрсетілген тұлғалардың, сонымен бірге құрылатын серіктестіктің оны құру мен тіркетуінің үдерісінде мүдделерін ұсынуға өкілетті басқа да тұлғалардың өкілеттігін анықтау;

серіктестіктің жарғылық капиталыныц көлемі;

әрбір құрылтайшының серіктестіктің жарғылық капиталындағы ақшалай салымының құрамы, көлем және енгізуінің мерзімдері туралы немесе заттай түрдегі немесе мүліктік құқықтық түріндегі салымды бағалау туралы мәліметтер; серіктестіктің жарғылық капиталына қосымша салымдарды енгізудің тәртібі, сонымен бірге серіктестіктің жарғылық капиталына салымдарды уақытында енгізбеудің салдарлары;

құрылтайшының серіктестіктің мүлкіндегі үлесін анықтау; серіктестік қатысушыларының үлестерінің өту тәртібі;

серіктестіктің жарғысын бекіту;

серіктестіктің таза табысын бөлудің тәртібі.

Құрылтайшылық шартқа құрылтайшылардың шешімі бойынша серіктестікті құру және оның қызметіне қатысты заңдық актілерге қарама-қайшы келмейтін басқа да шарттар енгізілуі мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылык шартында қызметінің мәні мен мақсаттары қарастырылуы мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылық келісімшарты, егер құрылтайшылық шартта басқаша қарастырылмағап болса, коммерциялық құпияны құрайтын құжаттардың құрамына енеді және тек серіктестіктің органдарының шешімі бойынша не заңдық актілермен белгіленген жағдайларда ғана мемлекеттік және басқа да ресми органдарға, сонымен бірге үшінші тұлғаларға ұсынылуы тиіс.

Құрылтайшылық келісімшартты мемлекеттік тіркеу кезінде тіркеуші органға ұсыну талап етілмейді.

Құрылтайшылық шарттың шарттары осы шартқа қолдарын қойған құрылтайшылар үшін, сонымен бірге жаңадан кірген қатысушылар үшін міндетті болып табылады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылық келісім шарты әрбір құрылтайшының немесе оның өкілетті өкілінің қолдарын қоюы арқылы жасалады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылық шарты жазбаша түрде жасалады.

Шартқа серіктестіктің барлық құрылтайшылары колдарын қояды.

Құрылтайшылардың өкілдері серіктестікті құруға және құрыл-тайшылық шартқа қолдарын қоюға кұқық беретін тиісті өкілеттікке ие болулары керек.

Құрылтайшылардың қатарына енетін заңды тұлғалар осы заңды тұлғалардың атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқықтық қабілетті басшылары арқылы ұсынылуы мүмкін.

Шартқа қол қоюдан бас тарту серіктестікке кіруден бас тартуды білдіреді. Келісімшартқа қол қоймаған тұлғалар оның құрылтайшыларының тізімдемсіне жазыла алмайды.

Шартқа ескертулермен қол қоюға жол берілмейді. Серіктестіктің жекелеген қатысушыларының мәртебесінің ерекшеліктері барлық құрылтайшылар қолдарын қоятын шарттың мәтінінде тіркелуі керек.

Құрылтайшылық шарт нотариалды куәландырылуы тиіс.

Құрылтайшылық шартқа қолдарын қойған құрылтайшылар серіктестікті мемлекеттік тіркетуден кейін серіктестіктің қатысушыларына айналады.

Жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру оның жеке дара қабылдаған шешімінің негізінде жүргізіледі.

Бұндай жағдайда құрылтайшылық шарт жасалынбайды.

Жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын осы серіктестікті құрған тұлға бекітеді.

Жалғыз қатысушысы бар серіктестікті мемлекеттік тіркету жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

Егер жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік салымды бөлудің немесе жарғылық капиталын көбейтудің нәтижесінде жаңа қатысушылармен толықтырылатын болса, онда олар заңмен қарастырылған тәртіптер бойынша құрылтайшылық шартына қол қоюға міндетті.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысы серіктестіктің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін анықтайтын құжаты болып табылады.

Серіктестіктің мемлекеттік тіркеу кезінде оның жарғысы құрылтайшылық құжаты ретінде қаралады.

Серіктестік өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлгілік жарғысының негізінде жүзеге асыруға құқылы. Бұл жағдайда жарғыны мемлекеттік тіркеу үдерісі кезінде ұсыну талап етілмейді.

Атқарушы органның мүшелері өздерінің міндеттерін атқаруы кезінде серіктестіктің мүдделері үшін адалдықпен және ақылға қонымды түрде әрекет етулері керек.

Атқарушы органның мүшелерін жалпы жиналыс белгіленген мерзімге сайлайды, бірақ бұл бес жылдан аспауы керек.

Тек жеке тұлға ғана серіктестіктің атқарушы органының мүшесі ретінде жұмыс атқара алады. Ол серіктестіктің қатысушысы болмауы да мүмкін.

Серіктестіктің жалғыз атқарушы органының қызметінің және оның шешімдерді қабылдауының тәртібі серіктестіктің жарғысымен, сонымен бірге қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелермен және басқа да құжаттармен анықталады.

Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысымен оның істерін жүргізу бір уақытта алқалы атқарушы органға бірікпеген екі немесе бірнеше директорларға (басқарушыларға және т.б.) тапсырылған болса, онда осындай директорлардың (басқарушылардың және т.б.) әрқайсысы серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекеттерді жасауға құқылы. Бұндай директорларға (басқарушыларға және т.б.) да жалғыз атқарушы органға қолданылатын ережелер қолданылады.

Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысымен алқалы атқарушы органды (дирекция, басқарма және т.б.) құру қарастырылған болса, бұндай органды серіктестіктің қатысушыларының жалпы жиналысы, егер заңдық актілермен немесе серіктестіктің жарғысымен басқаша қарастырылмаған болса, жеті мүшеден аспайтын құрамда сайлайды.

Егер серіктестіктің жарғысында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысын алқалы органның өзі сайлайтыны қарастырылмаған болса, оны серіктестіктің жалпы жиналысы сайлайды.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысы осы органның қызмет атқаруын қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады. Ол серіктестіктің жалғыз атқарушы органына тиесілі құқықтарды иеленеді.

Серіктестіктің алқалы атқарушы органының қызметінің және оның шешімдерді қабылдауының тәртібі серіктестіктің жарғысымен, сонымен бірге қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелермен және басқа да құжаттармен анықталады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыру үшін серіктестіктің жарғысымен серіктестікте бақылаушы кеңестің құрылуы қарастырылуы мүмкін.

Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысымен тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау қарастырылмаған болса, бақылаушы кеңес тексеру комиссиясының барлық құқықтарын иеленеді.

Серіктестіктің бақылаушы кеңесінің мүшелерін жалпы жиналыс белгіленген мерзімге сайлайды, бірақ бұл бес жылдан аспауы керек.

Тек жеке тұлға ғана бақылаушы кеңестің мүшесі ретінде жұмыс атқара алады. Ол бір уақытта серіктестіктің атқарушы органының мүшесі бола алмайды.

Серіктестіктің бақылаушы кеңесінің қызметінің және оның шешімдерді қабылдауының тәртібі серіктестіктің жарғысымен, сонымен бірге қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелермен және басқа да құжаттармен анықталады.

Бақылаушы кеңесте дауыс берген кезде кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие болады.

Серіктестіктің бақылаушы кеңесі оның атқарушы органының қызметіне бақылау жасауды тиісті түрдс жүзеге асырмауының салдарынан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке және үшінші жақтағы тұлғаларға келтірген шығындары үшін бақылаушы кеңестің мүшелері «ЖШС туралы» Заңға сәйкес жауапкершілік атқарады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктіктің атқарушы органының қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыру үшін серіктестік қатысушыларының немесе оның өкілдерінің қатарынан тексеру комиссиясы құрылуы мүмкін.

Егер мүшелерінің санының көп болуы серіктестіктің жарғысымен қарастырылмаған болса, тексеру комиссиясы бес адамдық құрамда құрылады.

Тексеру комиссиясының қызметін атқару серіктестік қатысушыларының немесе оның өкілдерінің біріне жалғыз тексеруші ретінде жүктелуі мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясын немесе жалғыз тексерушіні жалпы жиналыс серіктестіктің жарғысында белгіленген мерзімге сайлайды, бірақ бұл бес жылдан аспауы керек.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері бір уақытта тексеру комиссиясының мүшелері (тексеруші) бола алмайды.

Тексеру комиссиясы (тексеруші) кез келген уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктсстіктіктің атқарушы органының қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеруді жүргізуге құқылы. Тексеру комиссиясы (тексеруші) осы мақсатта серіктестіктің барлық құжаттамаларына сөзсіз қол жеткізе алу құқығын иеленеді. Тексеру комиссиясының (тексерушінің) талабы бойынша атқарушы органның мүшелері ауызша немесе жазбаша түрде қажетті түсініктемелерді беруге міндетті.

Тексеру комиссиясы (тексеруші) міндетті тәртіпте жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жылдық қаржылық есеп беруін оны қатысушылардың жалпы жиналысы бекіткенге дейінгі тексеруін жүргізеді. Жалпы жиналыстың тексеру комиссиясының (тексерушінің) қорытындыларынсыз немесе аудитордың қорытындыларынсыз жылдық қаржылық есеп беруді бекітуге құқығы жоқ.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясының (тексерушінің) жұмысының тәртібі жарғымен, сонымен бірге серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және басқа да құжаттармен анықталады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік басқа шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы, оған тапсыру актіне сәйкес қайтадан құрылатын серіктестіктің барлық құқыктары мен міндеттері етеді.

Жауапкершілігі қосымша серіктестіктерге ҚР АК-нің және ЖШС туралы Заңының ережелері қолданылады, өйткені ҚР АК-нің 84-бабымен басқаша қарастырылмаған.