Тілдің қазіргі морфологиялық құрылымы — оның динамикалық дамуының жемісі. Тіл құрамында динамикалық дамудың рәтижесінде қалыптасқан элементтермен қатар, көне дәуірдің куәсі боларлықтай фактілер де кездеседі. Сондықтан тілдің морфологиялық құрылмының тарихи дамуы оны туыс тілдер материалдарымен, тілдің тарихи ескерткіштер фактілерімен салыстырып зертеу арқылы ғана емес, сол тілдің өз құрамынды қалыптасқан тілдік элементтерді зерттеу арқылы да ашылады. Қазіргі қазақ тілінің осы күнгі морфологиялық құрылымының бүгінгі қалыпқа жету жолын да аталған әдістерді қатар отырып зерттегенде ғана айқын түсінуге болады.
Егер қазіргі қазақ тілінің фактілерін тарихи ескерткіштер фактілермен салыстырсақ, онда бүгінгі тілмізде негізгі, я алғашқы түбір делініп, жүрген біраз түбір сөздердің өзін алғашқы түбір мен өлі қосымшаға айырылуға болатынын көреміз. Айталық, қазіргі тіліміздегі қартаю етістігін жазбалар тіліндегі сондай сөзбен салыстырып, «Құтатқу білік» тілінде осы етістік қары (айқын етістік мәнінде) түрінде қолдаылғанын білеміз. Сонда қазіргі тіліміздегі қартай сөзінің құрамындағы т-ны байырғы түбір жымдасып кеткен ырықсыз етіс қосымшасы деп тануға келеді. Осы жай сол етістікті өзімен түбірлес қария (кәрия) сын есіммен салыстырғанда тағы байқалады. Соңғы варианттар (қария кәрия) құрамында т элементі кездеспейді. Сондай – ақ, қазіргі тіліміздегі қалдық, тасқын, күрек, бақ, қайық, қысқаш сөздерін де алғашқы түбір мен «өлі» қосымшаға бөліп қарауға әбден болады.
Морфолгиялық элементтердің динамикалық дамуын қарастырғанда белгі бір тілге тән тұлғаларды, мүмкіндігіне қарай, көне заман ескерткіштері фактілерімен де, туыс тілдер фактісімен де салыстыра қарау қажет. Мәселен, қазіргі қазақ тіліндегі көмектес септік тұлғасының шығуы тегін айқындау үшін осындай салыстыру қажет. Ү-ҮІІІ ғасыр ескерткіштерінде көместес септік мәнін бірле шылау сөзі берген болса, кейінгі дәуір ескеткіштерінде осы шылау бірлен, білен түрінде кездесіп отырады. Соңғы вариант сол күйінде қазіргі түркі тілдерінің көбінде бар. О бастағы бірле сөзінің құрамындағы р дыбысының түсіп қалуы түрік тілдерінінің тарихына жат құбылыс емес. Ал қазақ тілінің жергілікті говорларында көмектес септік жалғауының -мынан (-пынан) түрі кездеседі. Сөз басындағы м//б сәйкестігі түркі тілдер тарихында ескіден белгілі, қазір де бар құбылыс. Сөйтіп көмектес септік жалғауы -мен –нің о бастағы генезисі бірле шылауы екені еш күмән туғызбайды.
Тілдің морфологиялық құрылысының даму кезеңдерін білуде жергілікті ерекшеліктерді әдеби тіл нормаларымен, көне дәуір ескерткіштермен және туыс тілдер материалдарымен салыстырып қараудың маңызы зор. Бұл тұрғыда мынадай жай еске алынады: жергілікті ерекшеліктер барлық жағдайда тілдің көне дәуірінің қалдығы бола бермейді. Олардың едәуір бөлігі кейінгі кезеңдерде көрші халықтармен жиі қарым – қатынас жасап, араласудың салдары болуы да мүмкін. Алайда сонымен қатар, мына жай да ескерілуге тиіс: халықтың этникалық негізі көптеген ру-тайпалардан құрылғандықтан, қазіргі уақытта кейде оғыз тілдерінің белгісі, қарлұқ тілдерінің элементі деп жүргендердің біразы-ақ халықтардың құрамына енген сол тайпалар тілдерінің қалдығы да болуы мүмкін.Сол себептен де жергілікті говорларда кездесетін бірсыпыра грамматикалық (морфологиялық) ерекшеліктердің тіліміздің морфологиялық құрылымының тарихи даму жолдарын зерттеуде бағалы материал болуы әбден ықтимал жай. Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, оңтүстік қазақтарының тілінде кездесетін бұйрық райлық мән беретін -қын, -ғын, (-кін, -гін), -ың, -ің, -қыл, -кіл, -гіл, бұырық мәнді көптік қосымшасы -алы//-елі, шығыс септік орнына –барыс, көмектес септік орнына шығыс септіктің қолданылуы, батыс қазақтарының тілінде кездесетін: бізің, сізің, мезгіл мәнінде барыс септік орнына қолданылатын: -ай// -ей, -ды//ді, -бы//-ті, өткен шақ қосымшаларының орнына қолданылатын -улы//улі, жеткізу етістігінің жеттіру түрінде басқа аффикспен айтылуы, -ған есімшесінің орнына –аған//еген тұлғасының қолданылуы, сұрау есімдіктерінің қанда, (қайда), қандайма (қандайда болса), қайшан (қашан) тұлғаларында қолданылуы, жатқан етістігінің жатырған түрінде айтылуы, кейбір есім түбірлерден әдеби тілде жоқ тәсілдер арқылы етістік түбірлердің жасалуы: сақ+ы (сақта), сақ+ын (сақтан), ен+е (ен салу), ұят+та (ұялт), т.б. айрықша назар аударуды қажет етеді. Бұл тәрізді жергілікті грамматикалық ерекшеліктерді туыс тілдер, ежелгі мұралар материалдарымен салыстыру морфологиялық тұлғалардың даму процесін айқындауға себін тигізеді.
Тілдің морфологиялық даму заңдылықтары жайлы сөз болғанда грамматикалық тұлғалардың дамуындағы кейбір факторлардың, мәні ерекше. В.А. Богородицкий оларға қарапайымдану морфологиялық ығысу, аналогия және хылықтық этимология, дифференциация, сөз мағынасының өзгеруі тәрізді құбылыстарды жатқызады. Бұл факторлар тілдің морфологиялық құрылымының дамуына үнемі әсер етіп отырады.
Қазіргі тілімізде байырғы түбір деп қаралатын толып жатқан бір буынды сөздердің морфологиялық қарапайымдану процесінің нәтижесінде барып қалыптасқанын көреміз.
Алайда морфологиялық жымдасу тек түбір мен қосымшасының бірігіп, бөліп-жаруға келмейтін ұғымға ие болуына ғана әсер етіп қоймаса керек. Бір фонемадан ғана тұратын алғашқы қосымшалардың фузияның нәтижесінде өзара жымдасып, бірігіп кетуінің салдарынан осы күнгі бір буынды (кейде екі буынды) аффикстер қалыптасса керек, А.Н. Кононов осындай топқа –ғылтым(-ғы+л+ты+м), -сымақ (-сы+ма+қ), -мтыл (-м+ты+л) аффикстерін жатқызады. Бұл аффикстерді ол, қазіргі түркі тілдерінің фактілеріне сүйене отырып, кішірейткіш және ұқсастыру аффикстерінің жымдасуынан қалыптасқан деп қарайды. Егер осы пікірді негізге алсақ, қазақ тіліндегі ботақан, ақшыл, қарамық, бозамық, сарғалдақ сөздерінің құрамындағы –қан, -шыл, -мық, -ғалдақ аффикстерін құранды, бірнеше аффикстің жымдасынан пайда болған деп қарауға тура келеді.
Түркілогиялық зертеулерге қарағанда, көне түркілік шарты рай қосымшасы – сар, өткен шық есімшесі –мыш, қазіргі түркі тілдерінің көпшілгінде жиі қолданылатын зат есім (кейде сын есім) жасайтын қосымша -лық бір-біріне функциялық ұқсастығы жоқ қосымшалардың жасалуынан пайда болса керек. Осы топқа қазіргі түркі тілдеріндегі өткен шақ есімшенің актив қосымшасы -ған да жатқызылып жүр.
Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім жасайтын –сыз еиістіктері құрамында ұшырасатын –сыра аффикстері де фузияның нәтижесі. –Сыра аффиксінің алғашқы бөлігі –сы жеке қолданылып, адамсы, мардамсы сөздерін жасайды. Болымсыздықты білдіретін көне түркілік р нақ осы құрамда да өз мәнін жоғалтқан, біраз -сызаффикісінің құрамында сақталып қалған (р-з).Ал соңғы -а (-сы+р+а) – есім түбірден етістік жасайтын аффикс.
Сонымен, грамматикалық анология заңдылығы тілдің грамматикалық құрылысының дамуында оған едәуір әсерін тигізетін және қазір де қолданылатын заңдылық болып табылады.
Сөздің, грамматикалық тұлғалардың бойында кездесетін кейбір өзгерістердің себебі — дыбыстардың конвергенциясы. Богородицкий конвергенция деп атаған құбылыс генезисі жағынан әр түрлі топтарға жататын сөздер мен тұлғалардың дыбысталуы жағынан бірыңғай, бірдейлігі білдіреді. Ол баста әртүрлі генезистен тараған, соған орай бір-бірінен өзгеше дыбысталған кейбір сөздер мен тұлғалар дыбыстардың акустикалық заңына негізделіп, бір ғана фонетикалық пішін алады да, сырттай қарағанда морфологиялық бір ұя, бір тұлға тәрізді көрінеді. Мәселен, қазіргі қазақ тіліндегі келер шақтың болымсыз түрі -мас арқылы беріледі. Осы тұлғаның өзін іштей талдай келгенде-ма болымсыздық мән беретін, -с келер шақтың мән туғызатын қосымша екенідгі айқындалады Осы соңғы аффикс түркі тілдерінің бірсыпырасында -з түрінде айтылады. Сол сөз соңындағы — з-нің қатаңдануынан алыс, керіс тәрізді сөздер құрамындағы ортақ етіс қосымшасына ұқсас — с пайда болған. Түп негізінде бірі – есімшелік форма да, бірі-ортақ етіс қосымшасы.Қазақ тілінде осылай дыбысталатын тағы бір қосымша бар. Ол таныс, жүріс, келіс, барыс тәрізді сөздер құрамында ұшырасатын с.Сыртқы пішіні жағынан мұның алдыңғы екі қосымшадан айырмашылығы жоқ.Оның үстіне қолдану мәні жағынан соңғы қосымшадан, ортақ етіс аффиксінен, көп реттерде ажырамайды.
Морфологиялық категориялардың ішіндегі еңбастылары — сөз таптары. Түркі тілдерінің өте көне дәуірінде осы күнгідей сан салалы, жітелген сөз таптары айқын көрінбеген. Бұл жайды дәлелдеу үшін тарихта белгілі ескерткіштер тілін қарастырсақ та жеткілікті. Орхон – Енесей жазбаларының тілінде қазіргі қазақ тіліндегі сөз тпатарының бәрі бірдей кездеспейді. Және барларының өзі де осы күнгі тіліміздегідей дамыған, сараланған дәрежеде емес. Ол тілде бір-бірінен айқын сараланған сөз таптары зат есімдер мен етістіктер. Есімдер тобында басқалардан айқын жігін ашқаны – ан есімдер. Ал сын есімдер мен үстеулер, шылаулар әлі қалыптасқан, сараланған сөздер есебінде көрінбейді. Олай болса, біздің бүгінгі тіліміздегі сын есімдер мен шылаулардың сараланған топтары кейінгі дәуірде қалыптасқан болып шығады. Мұны олардың морфологиялық құрамдары да дәлелдейді. Айталық, туынды сын есімдер негізгілерімен салыстырғанда әлдеқайда мол ұшырасады. Екінші жағынан, қазіргі негізгі сын есімдердің едәуір тобы басқа сөз таптарынан ауысқан сөздер болып келеді. Осымен байлансыты бір мәселе – қазіргі тілдегі шылаулар мен қосымшалардың арғы тегіне байланысты.