Лексикология сөзді және сөздердің жиынтығы – тілдің сөздік құрамын (лексикасын) зерттейді. Сөз лексикологияда лексикалық единица ретінде қарастырылады. Лексикалық единицалардың жиынтығынан тілдің сөздік құрамы құралады. Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер қаншама көп және алуан түрлі болғанымен, олар бір-бірімен байланысты, өз ара шарттас элементтердің жүйесі ретінде өмір сүреді және дамиды. Осыған орай, лексикологияда тілдің сөздік құрамы лексикалық жүйе ретінде құралады да, сөз тілдің лексикалық жүйесінің элементі ретінде қаралады.
Жалпы қатынас құралы ретіндегі тіл атаулының лексикалық жағына тән құбылыстар мен жалпылама заңдылықтар мен ұғымдар жалпы лексикологияда қарастырылса, лексикалық құбылыстар мен жалпы заңдылықтардың жеке, нақтылы тілдердің лексикасына икемделіп көрініс табуы және әрбір тілдің сөздік құрамы мен оның дамуы, өзіндік ерекшеліктері жалқы лексикологияда ( жеке, нақтылы тілдің лексикологиясында) қарастырылады. Әрбір тілдің лексикологиясы жалпы лексикологияның жалпы теориялық қағидаларына негізделеді де, нақты бір тілдің лексикасын зерттейді.
Жеке лексикология белгілі бір тілдің сөздік құрамын шығуы мен тарих бойында дамуы тұрғысынан немесе тілдің сөздік құрамын сол тілдің белгілі бір дәуірдегі, мысалы, қазіргі дәуірдегі қалпы тұрғысынан қарауы мүм кін. Осыған орай, лексикология тарихи лексикология және сипаттама лексикология болып бөлінеді. Тарихи лексикологияда тілдің сөздік құрамы шығуы, замандар бойына қалыптасуы жәнге дамуы, лексиканы құрастырушы арналар және олардың тарихы тұрғысынан зерттелінеді. Ал сипаттама лексикологияда “Қазіргі ағылшын тілі”, “Қазіргі қазақ тілі” атты пәндердің лексикология бөліміндерінде, аталған тілдердің лексикасының осы заманғы қалпы, сөздің мағыналық құрылымы, лексиканы құруышы арналар мен қат-қабаттар, сөздердің активті және пассив ті топтары, сөздік құрамның даму жолдары, лексиканың стилистикалық жақтан дифференциалануы, сөздердің қолдану аясы және т.б. мәселелер қарастырылады.
Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздердің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Этимологиялық зерттеулердің жеке сөздердің шығу тарихын ғана емес, сонымен бірге жалпы тілдің тарихын танып білуде маңызы өте-мөте күшті.
Тілдің лексикасындағы әрбір сөзде белгілі бір мағына бар. Сөздердің мағыналық жақтары семасиологияда қарастырылады. Семасиология сөздердің мағыналарын және ол мағыналардың өзгеру жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейтін арнаулы бір сала болып саналады. Семасиология – лексикологияның ең басты және маңызды саласы, өйткені оның зерттейтін мәселесі – мағынаны әрбір сөздің “жаны” десекте болады. Семасиалогияның лексикографиялық жұмыста да маңызы айрықша. Сөздіктерде, әдетте, сөздің мағыналық жақтары талданады. Семасиологиялық зерттеулердің топшылаулары мен қорытындылары сөздік жасау жұмысын ғылыми және практикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмеектесіп, бағыт-бағдар сілтейді.
Лексикологияның семасиология тарауымен тығыз байланысты бір саласы – ономосиология деп аталады. Семасиология сөздің мағыналарын, семантикалық заңдарды зерттесе, ономосиология зат немесе құбылыс ұғымының белгілі бір сөзбен аталуының неліктенекендігін қарастырады. Анығырақ айтқанда, сөз семасиологиялық тұрғыдан қарастырылғанда, оның мағыналық жағына назар аударылады да, ономосиологиялық тұрғыдан қарастырылғанда, ұғымның сөзбен аталу, белгілену жағына назар аударылады. Сонымен , ономосиология заттар мен құбылыстардың аталуы, белгіленуі туралы ілім дегенді білдіреді.
Ономосиологияның диалектологияға да қатысы бар. Ономосиологияның диалектологияға қатысы әсіресе лингвистикалық географиядан айқын аңғарылады. Әр түрлі тілдердің диалектологиялық атластарының лексикологиялық картасы ономосиологиялық негізге сүйеніп жасалады да, бір заттың немесе құбылыстың диалектілердегі әр түрлі атауларының таралу шегі көрсетіледі.
Ономосиологияның айрықша бір саласы – онамастика жалқы есімдерді зерттейді. Ономастика өз ішінде екі салаға бөлінеді: оның бірі – антропонимика кісі аттарын зерттеу объектісі етіп алса, екіншісі – топонимика географиялық атауларды зерттеу объектісі етіп қарастырады.
Лексикология сөздерді тілдің сөздік құрамын құрастыратын единицалар, яғни лексикалық единицалар ретінде қарастырады. Шындық болмыстағы заттар мен құбылыстар жеке сөздермен ғана емес, тұрақты сөз тіркестерімен де аталады. Тіл-тілдің лексикасында жеке сөздердің айрықша синонимі ретінде қолданылатын тұрақты сөз тіркесі жиі ұшырасады. Олар сөздердің тіркесі болғанымен, мағынасы жағынанжеке сөздермен барабар келіп, бір бүтін лексикалық единица тәрізді қызмет атқарады. Осымен байланысты лексикологияда мағынасы жағынан дара сөздермен сәйкес келетін фразеологиялық сөз тіркестері де қарастырылады. Мысалы, жүрегі тас төбесіне шығу (қорқу), қас пен көздің арасында, қас қаққанша, ауызды ашып жұмғанша (лезде), қаны қайнау (ашулану), мойны жар бермеу (еріну), тайға таңба басқандай (ашық-айқын), он саусағынан өнері тамған немесе ағаштан түйін түйген (өте шебер), ит арқасы қиянда (алыста), үріп ауызға салғандай (сүйкімді) деген фразеологиялық сөз тіркестері әбден лексикаланған да, мағынасы жағынан бір сөз тәрізді болып кеткен. Осылар тәріздес сан алуан фразеологиялық сөз тіркестерін зерттейтін лексикологияның арнаулы бір саласы фразеология деп аталады. Фразеология тұрақты сөз тіркестерінінң түрлерін, олардың құрамы мен құрылысын және жасалу жолдарын қарастырады.