Тіл дыбыстарының өзара қарым-қатынасы

  1. Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері.
  2. Ассимляция және диссимляция
  3. Дыбыс үндестігі.

Тіл дыбыстары , әдетте жеке-дара күйінде айтылмай , сөз ішінде немесе сөздердің аралығында бір-бірімен тіркесіп , өз ара тізбектелген түрде қолданылады. Сөздердің құрамындағы немесе сөздердің аралығындағы дыбыстар біріне-бірі ықпал етіп , бірімен-бірі өз ара үндесіп айтылады. Сөз құрамында дауысты дыбыстардың бір-бірімен өз ара үндесіп айтылатыны сияқты , дауыссыз дыбыстар да бір-біріне әсер етіп өз ара үндесіп айтылады. Дыбыстардың өзгеріп үндесуі олардың айтылуда бір-біріне артикуляциялық жақтан әсер етуінің нәтижесінде іске асады.

Түркі тілдерінде дауыстылардың үндесуі сөз ішінде жуан дауысты дыбысы бар буыннан кейін , соған сәйкес жуан дауыстының келуі (тау-лар, тоғай-лар), жіңішке дауысты дыбысы бар буыннан кейін соған орай жіңішке дауыстының келуі (көл-дер, өзен-дер)түрінде болады. Ал түбір сөздің соңындағы қатаң дауыссыздан кейін қосымшаның да қатаң дауыссыз басталуы немесе ұяң дауыссыздан кейін қосымшаның да ұяң дауыссыздан басталуы(қаз-ға, қаз-дар) дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп , өз ара үндесуі болып саналады.

Дауыстылардың бір-бірімен өз ара үндесуі сингармонизм деп аталады да , дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп өз ара үндесуі ассимляция деп аталады. Лингвистикалық кейбір әдебинттнрде сингармонизм де ассимляцияның бір түрі ретінде қарастырылады. Дауыстылардың бір-біріне әсер етіп , өз ара үндесіп айтылуы да олардың артикуляциясына байланысты екені ескергенде, сингармонизмді ассимляцияның бір түрі ретінде қараудың ешбір оғаштығы жоқ екені рас. Бірақ басқа тілдердегідей емес , түркі тілдерінде сингармонизм құбылысы айрықша орын алады. Бұл құбылыс түркі тілдерінде өте-мөте кең тараған . Осымен байланысты , дыбыстардың өзгеруі , олардың бір-бірімен үндесу мәселерін түркі тілдеріне қатысты сөз еткенде , сингармонизм құбылысына дауыссыздардың үндесу заңдылығымен барабар арнайы тоқталған мақұл.

Сөз құрамында немесе сөздердің аралығында көршілес келген дыбыстардың бірі екіншісіне ықпал етіп , өз ара үндесуі ассимляция деп аталады.

Ассимляцияның нәтижесінде бір дыбыс екінші дыбысты толық бағындыруы да, жартылай бағындыруы да мүмкін . Осыдан келіп , ассимляция толық ассимляция және жартылай ассимляция деп аталатын екі түрге бөлінеді.

Егер тетелес келген екі дыбыстың бірі екіншісін дәл өзіндей етіп , бағындырса , ассимляцияның мұндай түрі толық ассимляция деп аталады. Мысалы, сүзсе деген сөз сөйлеу процесінде сүссе түрінде , басшы деген сөз башшы түрінде айтылады. Бұл сөздердің құрамындағы көршілес дыбыстардың соңғысы (с,ш) өзінің алдыңғы дыбысты (з,с) толық игеріп тұр . Толық ассимляцияның нәтижесінде бір дыбыс екінші дыбысты барлық жағынан – артикуляциялық орны , артикуляциялық жолы, дауыс қатысы жағынан да – түгелдей икемдеп , онымен дәл өзіндей үндеседі.

Егер тетелес келген екі дыбыстың бірі екіншісін дәл өзіндей етіп өзгертпей , бір жақты , жартылай ғана икемдесе , онда ассимляцияның мұндай түрі жартылай ассимляция деп аталады. Мысалы , күз-дік , жас-тық деген сөздердегі қосымшалардың бірінде ұяңнан, екіншісінде қатаңнан басталып жалғануы сол түбір сөздердің біреуінің соңғы дыбысы ұяң , екіншісінің соңғы дыбысы қатаң болуына қарай икемделіп үндесуінен . Бұл мысалдардағы көршілес келген дауыссыздардың бірі екіншісін өзіне бір жақты ғана –тек дауыс қатысы жағынан ғана — икемдеп тұр. Ассимляцияның мұндай түрінің жартылай деп аталауы да осыдан.

Диссимляция бір тектес дыбыстардың арасында болады. Біркелкі дыбыстардың немесе өз ара ұқсас дыбыстардың әр басқа дыбыстар немесе сәл ғана ұқсас дыбыстар болып өзгеруі диссимляция деп аталады.

Нәтижесіне қарағанда , диссимляция – ассимляцияға қарама-қарсы құбылыс . Ассимляция құбылысы бойынша әр басқа дыбыстар біркелкі немесе өз ара ұқсас дыбыстар болып үндессе, диссимляция ққұбылысы бойынша біркелкі немесе өз ара өте жақын , ұқсас дыбыстар әр басқа немесе өзара ұқсастығы аз дыбыстар болып өзгереді. Мысалы, феврарь (латынша februarius) сөзінің февраль болып өзгеріп қалыптасуы – осы аталған диссимляция құбылысының нәтижесі. Орыс тіліндегі верблюд сөзі – велблюд сөзінің өзгерген түрі