Жалғау

Жалғау – жалғанған сөзін екінші бір сөзбен қарым- қатынасқа түсіріп, оларды өзара байланыстырып, жалғастырып және жалғанған сөзіне азын-аулақ үстеме мағына беріп тұратын грамматикалық тұлға. Мысалы, Асқардың інісі Москвада оқиды деген сөйлемді қосымшаларсыз Асқар… іні… Москва… оқи… деп айтсақ, ешнәрсе түсіне алмаған болар едік. Мұнда біз жеке-жеке ұғымның атын ғана ұққан болар едік. Осыған –дың,-сі,-да,-ды жалғаулары ең алдымен, бұл сөйлемді белгілі бір хабарды білдіру мәнінде жұмсауға көмектеседі: Екіншіден, бұл қосымшалар осы сөйлемге енген сөздерді бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіріп,байланыстырып тұрады.

Жалғаулар сөздерге жалғанғанда жалғанатын сөзінің әуеніне қарай жалғанады, яғни, сөздің соңғы буынының жуан,жіңішкелігіне қарай немесе соңғы дыбысының қатаң,ұяң,үнді дауыстылығына қарай үндесіп отырады. Қазақ тілінде жалғаудың төрт түрі бар. Олар: көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары. Осы төрт түрлі жалғаудың әрқайсысының өзіне тән грамматикалық қызметтері мен формалары бар.

Көптік жалғауы дегенде екі түрлі ұғым бар: бірі – сөздерге көптік мағына беретін көптік жалғауларының ( — дар,-дер,-лар,-лер,-тар,-тер) түрі деген ұғым білдірсе, екіншісі – сөздердің көптік мағынасының өзі туралы ұғым. Көптік жалғаулы сөздердің бәрі көптік мағынаны білдіре бермейді, басқа да мағынаны білдереді. Оларға мыналар жатады:

  1. Көптік жалғауы бір заттың көп адамға тән немесе ортақ екенін білдіреді. Мысалы, Туған жерлеріңді ұмытпаңдар деген сөйлемдегі туған жер сөзі бір ғана затты білдіріп тұр, себебі адамның бір ғана туған жері болады.
  2. Көптік жалғауы жалқы есімге жалғанса, жинақтау,топтау мағынасын білдіреді. Мысалы, Кешегі жарыста Асандар жеңіліп қалды деген сөйлемдегі Асандар сөзі Асан және оның қасындағы адамдар деген ұғымды білідіріп тұр.
  3. Көптік жалғауы сын есімге жалғанса, олар заттанып,зат есім орнына жүреді. Мысалы, Үлкендерді сыйлау — әдептіліктің белгісі деген сөйлемдегі үлкендер сөзі үлкен адамдар деген мағынада қолданылып тұр.
  4. Көптік жалғауы сан есімге және мезгіл үстеуге жалғанса, болжаудау,мөлшерлеу мағынасын береді. Мысалы,оның жасы бестерде шығар. Марат ертеңдері жетіп қалар деген сөйлемдердегі бестерде,ертеңдері сөздері болжаудау ұғымды білдіріп тұр.

Көптік жалғауынсыз қолданылатын жеке сөздер мен сөз тіркестері бар. Олар:

Бір-бірлеп санауға келмейтін затесімдер: ұн, шаң, қант,нан т.с.с

Сан есіммен тіркесіп келген сөздер: 5 үй (5 үйлер емес) т.б.

Өмірде бір ғана түрі кездесетін жалқы есім. Мысалы, ай, Марс,Алматы, Арал теңізі т.б.

Көптік бірыңғай мүшелердің ең соңғысына жалғанады. Мысалы, Ол кітап, дәптер және қаламдарын алып мектепке кетті.