Лексикография

Лексикография сөздіктерді құрастырудың ғылыми методикасы дегенді білдіреді. Сөздіктерді жасау үшін, тілдегі сөздер мен фразеологиялық оралымдарды жинау және оларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сөздік жасау жұмысы лексикографиялық жұмыс деп аталады. Лексикографиялық жұмыстарды жүргізіп әр түрлі сөздіктердіжасау лексикологияны және лексикографияның теориясымен практикасын жете білуді қажет етеді.

Лексикография теориясы әр түлі сөздіктерді жасау жұмыстарының тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылаудың негізінде және лексикологиялық зерттеулер мен олардың жетістіктерін таяныш етудің негізінде жасалады. Сөздіктерді жасау жұмысында, олардың сапасын арттыруда лексикография теориясының маңызы айрықша. Сөздіктің сапасы лексикография теориясының дәрежесі неғұрлым жоғары болса, сөздіктер де соғұрлым сапалы болмақ. Сөздіктердің сапасын арттыру сөздік жасау жұмысына қатысты көптеген теориялық және практикалық мәселелер жайында зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Олардың ішінде айрықша назар аударатын мәселелер мыналар: сөздің лексикалық мағыналарының типтері, мағына мен қолданыс, сөз мағыналарының сөздікте берілу тәртібі, полисемия құбылысы мен омономия құбылысының айырмашылығы, фразеологиялық сөз тіркестерінің сөздікте берілу принциптері, сөздікке кіретін туынды сөздердің түрлері және олардың аумағымен шегі сөздерге берілетін анықтама мен стилистикалық мінездеме және т.б.

Сөздіктерде сөздерге әр түрлі жақтан сипаттама беріледі. Осысыған орай, лексикографиялық жұмысқа тіл білімінің әр түрлі салаларының, мысалы, лексикологияның, грамматиканың және стилистиканың сөздерге мінездеме беру тұрғысынан қатысы келіп туады. Мысалы, сөздің мағыналық жағы түсіндірме сөздікте де, аударма сөздікте де маңызды мәселе болып саналады. Оларда сөз ең алдымен, мағыналық жақтан талданып анықталады. Осыдан сөздің мағынасын, мағыналық түрлерін қарастыратын семасиологияның лексикографиямен тікелей байланысы келіп туады. Сөздікті құрастыруда сөздерге грамматикалық мінездеме беру де қажет болады. Сөздердің грамматикалық тұрғыдан қандай лексика-грамматикалық топқа қатыстығы сөздікте тиісті белгілер арқылы көрсетіледі. Сөздік құрамының ішінде белгілі бір стильге тән, соған телінген сөздер де болады. Осыдан сөздіктерде ондай сөздердің қай стильге тән екенін аңғартатындай белгілерді берудің қажеттілігі келіп туады. Мұның өз тілдің лексикасының стилистикалық жақтан дифференциалануын зерттеп, лексикадағы стильдік топтар мен тармақтарды айқындаудың нәтижесінде ғана іске асады. Осы мағыналы стилистика да лексикографиялық жұмыста көмекші қызмет атқарады.

Сөздіктердің тіл-тілде бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәдени қажеттілікті өтеу үшін жасалады. Лингвистикалық сөздіктер жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді.

  • Сөздіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін қамтып сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздіктер тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер қазіргі тілдің сөздіктері деп аталады.
  • Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздік деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді ғана емес, оның белгілі бір дәуіріндегі сөздерді немесе лексикасының белгілі бір саласын қамтитын сөздік немесе толық емес сөздік деп аталады. Сөздіктердің бұл түріне арнаулы сөздіктерді де (мысалы, терминологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, фразеологиялық сөздік және т.б.) жатқызуға болады.
  • Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: олардың алғашқысы – бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі-екі тілдік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.
  • Сөздіктер оларда берілген сөздердің альфавит тәртібімен көрсетілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет-ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді:
  1. дыбыстық немесе альфавиттік сөздіктер;
  2. идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі.

Сонымен, сөздіктерді төрт түрлі топқа бөліп қарауға болады.

І. Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикасының дамуы туралымағлұмат беретін сөздіктер. Бұларға жататындар: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.

ІІ. Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер:

  1. Түсіндірме сөздік
  2. Аударма сөздік
  3. Терминологиялық сөздік
  4. Диалектологиялық сөздік
  5. Фразеологиялық сөздік
  6. Синонимдер сөздігі

ІІІ. Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуытуралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Фонетикалық сөздік 2. Орфографиялық сөздік

  1. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсіндіретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Энциклопедиалық сөздіктер 2. Иллюстративті сөздік