Бояу
Матаны бояу үшін өндіріс орындарынан көптеген бояулар шығарылады, олардың түрлері алты топқа бөлінеді:
- Тікелей бояулар-мата, зығыр және табиғи жібекті бояуға;
- Қышқыл бояулар-жүнді бояуға;
- Дисперсті бояулар-капрон, найлон, анид, ацетатты жібекті бояуға;
- Катионды бояулар-нитрон үшін;
- активті бояулар-мақта, зығыр, талшық тоқымасын бояуға қолданылады;
- Әмбебап бояулар;
Бояғыш заттардың түрі көп, бояу дейтініміз— бояғыш заттардың тоқыма талшықтарымен физика-химиялық әрекеттесуі. Осының нәтижесінде талшықтар түрлі түске боялып, сыртқы әсерлерге төзімді болады. Бояу процесінде бояғыш талшық матаның немесе тоқыманың бетіне барып адсорбцияланады, одан кейін сіңеді. Тоқыманың түрлері көп, олардың қасиеті де әр түрлі, соған сәйкес бояғыш заттардың түрі көп.
Матаны бояр алдында бояғыштың нұсқау қағазын мұқият оқып, ондағы кеңестерді орындаған жөн. Бояйтын заттарды таразыға өлшейді, 1 пакеттегі бояғыш 400г құрғақ мата бояуға жетеді. Мынаны ескерту керек: сұйық ерітіндіде бояу процесі баяу жүргенімен мата біркелкі боялады, ал қоюлау ерітінді де бояу процесі жылдамырақ жүреді, әрі қанық боялады. Бояудың қанық болып шығуына ерітіндінің температурасы да қатты әсер етеді- температура жоғары болса, жүн тез, ал мақта, вискоза-баяу боялады.
Бояудың жылдам жүруі қосымшаға да тәуелді. Демек, жылдам бояу үшін үш факторға-ерітінді концентрациясына, температураға және қосымшаларға байланысты.
Бояғыш түрлері және қолдану орындары
- Тікелей бояғыштар— магазинде “Анилиновые” деген атпен сатылады, олар мақта, зығыр, вискоза, мыс аммиакатты тоқымаларды бояуға қолданылады. Анилинмен табиғи жібек, жүн, капрон, найлонды да бояуға болады, бірақ капрон мен найлонды арнаулы жүн және капрон бояғыштармен өңдеген жөн.
- Қышқылды бояғыштар— онымен капрон, найлон, кейбір жағдайда табиғи жібекті де бояуға болады. Бұл топтағы бояғыштарда 27 түс бар.
- Дисперсті бояғыштар— капрон, найлон, анид, ацетатты жібек бірқатар өте қиын боялатын лавсан және нитронды бояуға жарайды. Бұл топтағы бояғыштарда 7 түс бар.
- Катиондылар— тек нитронды бояйды.
- Активті бояғыштар-жаңадан шығарылған төрт түсті бояғыштар-мақта, зығыр, вискоза маталарын кәдімгі температурада бояйды, тоқыманың түсі жарқын, ашық болып шығады.
- Әмбебап бояғыштар— “Спектр” деген атпен шығарылады, бұл негізінен мақта, жүн, капрон бояғыштарының әр түрлі қоспасы. Матаның түріне, киімнің тозуына қарай арнайы немесе әмбебап бояғыш қолданылады. Түрлі-түсті маталар-бастапқы түсіне қарағанда күңгірттеу немесе бояуы қанық болып шығады. Матаның боялғаннан кейінгі түсі ешқашан матаның бастапқы түсіне ұқсамайды.
Бояғыштарды қалай бояйды?
Химиялық тұрғыдан талшықтардың бәрі полимер молекуласынан түзіледі деген едік. Жүннің талшығы-кератин, жібектікі-фиброин дейтін белоктардан, ал мақта, зығыр, вискоза-целлюлоза молекулаларынан құралған.
Белок молекулаларының ұшында, орта бөлімдерінде карбоксил және аминотоптар орналасқан. Сілті ортасында карбоксил топтары ионданып молекула теріс, ал қышқыл ортада, керісінше, аминотоптар өзіне сутек иондарын қосып алып оң зарядталады. Сондықтанда жүн мен жібекті қышқылды бояғыштармен қышқыл ерітіндіде бояйды. Бояғыштардың түс беретін бөлімдері-аниондар, олардың заряды теріс, қышқыл ортада белоктағы оң зарядты бөлімдерімен әрекеттесіп талшықты бояйды. Демек, табиғи жібек, жүнді бояу негізінде талшық пен бояу молекуласының арасында электрлік әрекеттесу болады.
Осы принцип целлюлоза макромолекулаларын бояғанда болады. Мұнда мынадай ерекшелік бар: целлюлоза молекуласы теріс зарядталған, бірақ оның заряды берік қосылыс түзуге жеткіліксіз. Осыған байланысты ертеден бері адам баласы мақта, зығыр целлюлоза талшықтарын бояудан бұрын әуелі басытқымен өңдейтін. Басытқы талшыққа қосымша теріс заряд беріп бояғыш молекуласымен берік қосылыс түзуге көмектеседі. Ал, басытқының мынадай кемшілігі бар: күннің, ыстықтың әсерінен талшықпен әрекеттесуі әлсіреп, жуғанда бұзыла бастайды да нәтижесінде тоқыма оңады.
Соңғы кезде басытқысыз тікелей бояғыштар қолданыла бастады. Негізгі бояғыштардың әрбір молекуласы целлюлозаның бір-екі зарядты бөлімдерімен әрекеттесетін, тікелей бояғыштардың молекулалары үлкен, әрқайсысы оңдаған зарядты бөлімдерімен бірден-ақ берік қосылыс береді. Басқаша айтқанда, бояғыш молекулалары талшықтың бетінде орналасып, ішіне өте алмайды. Дұрыс бояу үшін күшті әрекеттесуді нашарлату керек, ол үшін іс жүзінде әртүрлі нейтралды тұздар-электролиттер қолданылады. Электролит қанша көп болса, бояғыш молекулалары талшықтың ішіне сонша көп өтеді де көп зарядталған бөліктерімен әрекеттеседі. Сондықтан да зығыр, мақта, вискозаны бояғанда олардағы тебу күштерін азайту үшін ас тұзы қолданылады. Осы себептен де жүн, жібекті тоқымаларды бояғанда бояудың жақсы сіңгенін глаубер тұзы арқылы реттейді.
Қышқылды және тікелей бояғыштар қанша тиімді болғанымен олардың кемшілігі бар-жуғанда оңады. Оңу мынаған байланысты: жуғыш ерітіндісі нейтралды, не негізді болады, мұндай жағдайда аминотоп саны азайып, теріс зарядты карбоксил тобы көбейеді. Бояғыш молекулаларының заряды да теріс, тебу нәтижесінде талшық бетінен үзіліп, түсті матаның өңінің өзгеруі осыдан.
Активті бояғыштар дейтініміз-қалаған талшықтармен (фибрион, кератин, целлюлоза, синтетикалық) нағыз химиялық реакцияға түсіп, тұрақты қосылыс түзеді. Бұл бояғыштар технологиялық оңай, үнемді, ашық әдемі және берік түс береді. Бұлардың да кемшілігі-сумен әрекеттесіп гидролизденеді, ал гидролизденген түрінің талшықпен байланысы әлсіреп, тоқыма бетіне өте бастайды да түр-түсін өзгертіп бетіне шөгеді, яғни мата түсі оңады. Осыған байланысты активті бояғыштармен боялған бұйымдар жақсылап шайылуы қажет.