Репелленттер дегеніміз не?
Жазды күні маса, шыбын-шіркей пайда болады. Оларды жою үшін түрлі улы химикаттар, тазалық сақтау, суды дұрыс пайдалану және жеке адамның сақтануы сияқты шаралар қолданылады. Осылардың ішінде қарапайым және ыңғайлысы- репелленттер-үріктіргіш заттар. Маса, шіркей шақпас үшін оларды терінің ашық жерлеріне жағады. Репелленттік препараттарды жұмыс киімдеріне де жағып қоюға болады. Қазіргі қолданып жүрген препараттардың әсер ету уақыты 2 сағаттан 8сағатқа дейін. Препараттарды пайдаланған соң көзді, денені, қолды жылы сумен сабындап жуу керек. Репелленттік препараттардың саны өте көп, Олардың ішінде бізде көбінесе “ДЭТА” диэтилтолуамид, “ДМФ”-диметилфталат және бензоилпиперидин қолданылады. Олар лосьон, крем, паста, сұйықтық, аэрозоль, спиральдар түрінде болады.
Енді репелленттік заттардың қолданылуына қысқаша тоқталайық. Маса, шіркейге қарсы ыңғайлы препарат-“ДЭТА”. Ол эмульсия және крем түрінде болады. Оның эмульсиясы-ақ түсті, сұйық. Оны мақта тампонымен дененің ашық жеріне жағады. Крем түріндегісі ақ түсті, хош иісті келеді. Ол алюминий сықпа құтысында болады. Бензоилпиперидин негізінде жасалған репелленттік заттардың тиімділігі жақсы, бұл басқа препаратпен қосып қолданылады. Мәселен, “Ребефтал” препараттарының құрамына бензоилпиперидин және “ДМФ” кіреді.
Сонымен қатар практикада репелленттік препараттар сіңірілген салфеткалар жиі қолданылады. Олармен денені бір ретқана сүртуге болады.
Бөлмедегі, саяжайдағы, палатка ішіндегі маса, шіркейді жою үшін спираль және электрофумигаторларды қолданады. Спиральді бөлмеде не палаткада жаққан кезде, ол бықсып жанады да шыбын-шіркей, маса түтін иісінен қашады. Оның түтіні адамға зиянсыз. Электрофумигатор деген қыздырылатын аспап үстіне репелленттік препараттың таблеткасын қою. Қыздырылған кезде таблетка біртіндеп газ бөледі.
Жәндіктермен күресу
Маса, шіркей және басқа да жәндіктермен күресу үшін “Дихлофос”, “Ноефос-1” аэрозоль препараты да тиімді қолданылады.
Шыбынмен күрестің ең қарапайым жолы-тазалық. Үйдің жанында тағам қалдықтарын салатын жақсы жабылатын үлкен ыдыс болуы тиіс. Оның іші, айналасы дезинфекцияланып, аузы жабық болуы керек. Шыбынды жоюға қолданылатын препараттарға “Дихлофос”, “Неофос-1”, “Хлорофос ” жатады.
“Дихлофос”және “Неофос-1” аэрозоль түрінде қолданылады. Оларды бүріккен кезде бөлменің терезесін жабады. “Хлорофос” препараты аэрозоль, ұнтақ немесе таблетка түрінде жасалады. Ұнтақ “Хлорофостың” жарты шай қасығын немесе таблетканың төрттен бір бөлігін бір стакан суға ерітіп, оған жарты шай қасық ұсақ қант қосып араластырып, ыдыстарға құйып балалардың қолы жетпейтін жерге қояды. Тәттіге үймелеген шыбын хлорофоспен уланып өледі.
Жабысқақ лента немесе қағаз. Мұны шыбынның көп жүретін жерлеріне, әсіресе ас үйге іліп қояды. Бұл лента немесе қағаз улы зат емес, адам уланбайды.
Кейде дайын жабысқақ лента немесе қағаз болмаса, оны жасау үшін магазинде сатылатын “мухолов” затын пайдалануға болады.
Бөлмедегі шыбынға қарсы химиялық препараттар қолданған кезде олар тамаққа, ыдысқа тимеу керек. Ұйықтайтын бөлмені өңдегенде онда адам болмауы тиіс. Өңделген бөлмелерге оны желдеткеннен кейін ғана кіруге болады. Мұндай сақтық шараларын сақтамау балалардың улануына соқтыруы мүмкін.