Бірлестіктер экологиясы

Синэкология ( гр. бірге) — әр түрге жататын өсімдіктер жануарлар мен микроорганизмдер популяцияларының ассоциацияларын (биоценоздар), олардың қалыптасу жолдары мен қоршаған ортамен өзара әсерін зерттейтін экологияның бөлімі.

Жеке ғылыми бағыт ретінде синэкология 1910 жылы халықаралық ботаникалық конгресте бөлініп шықты. Бұл ұғымды ғылымға енгізген К.Шретер болып есептеледі (швейцар ботанигі).

Әр түрдің популяцияларының макрожүйелерге бірігуінен – бірлестіктер немесе биоценоздар түзіледі.

Биоценоз – (гр. өмір+жалпы ортақ) – қоршаған ортаның бірдей жағдайында бірге тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар, микроорганизмдер популяцияларының жиынтығы. “Биоценоз” ұғымын 1877 жылы неміс зоологы К.Мебиус ұсынды. Биоценоз өмір сүретін орын – биотоп.

Кез келген биоценоз биотоппен бірігіп, одан да жоғары деңгейдегі биологиялық жүйе – биогеоценозды түзеді. Биогеоценоз ұғымын 1940 жылы В.Н.Сукачев ұсынған.

В.Н. Сукачев (1880-1967) биогеоценозға мынандай анықтама берген – “жер бетінің белгілі бір бөлігінде табиғи жағдайлары біртекті (атмосфера, тау жыныстары, өсімдіктер, жануарлар әлемі, микроорганизмдер дүниесі, топырақ және гидрологиялық жағдайлар) бірлестік, ол өзін құрайтын компоненттердің өзара әсерлесу ерекшеліктерімен, белгілі бір зат және энергия алмасуымен, басқа да табиғат құбылыстарымен, ішкі қарама-қайшылықты біртұтастықпен сипатталатын, үнемі қозғалыста, дамуда болатын жиынтық”.

Биогеоценоз ұғымы шет елдерде кеңінен таралған, 1935 жылы А.тенсли ұсынған экожүйе деген ұғымына жақын.

Экожүйе дегеніміз – зат, энергия, ақпараттар алмасу нәтижесінде біртұтас ретінде тіршілік ететін кез келген өзара әрекеттесуші тірі ағзалар мен қоршаған орта жағдайларының жиынтығы.

Экожүйе – ағзалар мен абиотикалық ортадан, олардың әрқайсысы бір-біріне әсер ететін тірі табиғаттың негізгі функционалдық бірлігі. Экожүйенің тіршілік етуі тірі ағзалар жиынтығы мен ортаның арасында зат, энергия және ақпарат алмасуымен байланысты.

Әрбір биоценоз өзіне тән түрлік құрамымен сипатталады. Онда біреулерінде көп түрлі популяциялар болса, кейбіреулерінде аз популяциялар болады. Сондықтан да барлық биоценоздарда оның негізгі келбетін сипаттайтын бірнеше басым түрлерді анықтауға болады. Бұл түрлер доминантты деп аталады және олар биоценозда басым таралады. Жер бетіндегі биоценоздарды доминантты өсімдіктер түрлерімен атайды. Мысалы-жапырақты орман, сфагналық батпақ, ақселеу-жусанды дала. Биоценозда оның басқа түрлеріне тіршілік ету жағдай туғызатын эдификатор деген түрлерін ажыратады. Биоценозды құрайтын барлық түрлер доминантты түрлермен және эдификатор түрлермен байланысты. Биоценоз ішінде эдификатор өсімдіктерге немесе биоценоздың басқа элементтеріне тәуелді бір-бірімен тығыз байланыстағы топтар, популяциялар кешендері қалыптасады. Олар биоценоз бірлігі – консорция. Консорция — бір экожүйе аумағында тіршілігі трофикалық немесе тропикалық түрмен орталық түравтотрофты өсімдікпен байлансыты организмдер популяцияларының жиынтығы. Әдетте, орталық түр – эдификатор болады. Ол биоценоздың ерекшеліктерін анықтайды, консорцияның басқа популяциялар түрлері оның ядросын құрайды.

Биотопта организмдердің алғашқы мекен ете бастауы оның экологиялық қажеттілігімен анықталады. Тірі организмдер абиотикалық және биотикалық факторларға бейімделіп, бір – біріне зиян келтірмей тіршілік ететін болып биоценозда белдеу қабаттары түрінде таралады. Белдеулік (ярусность) – бұл биоценоздың қабаттарға, белдеулерге қабаттық құрылымдарға бөлшектенуі. Белдеулік өсімдік қауымдастықтарында (фитоценоздарда) айқын көрінеді. Осыған байланысты өсімдік қауымдастығындағы қабат бөлігі, оның әр түрлі қызмет атқаратын органдары өсімдік (жер бетіндегі-жапырақтары мен бұталары, түйнектері); өсімдіктердің жер бетіндегі органарының экобиоморфалық қабат кріністері – шөптер, екінші қабатында – бұталар, ал үшінші қабатында – ағаштар және соларға сәйкес кездесетін дайын органикалық заттарды тұтынушылар (консументтер) мен оларды ыдыратушылар (редуценттер) тіршілік етеді. Фитоценозда белдеулік жағдай биіктігімен ажыратылатын өсімдіктер болғанда ғана болады. Биоценоздағы белдеулік тек қана биіктігімен емес, ондағы организмдер түрлерімен ажыратылады. Бірақ мұндай заңдылыққа жатпайтын да организмдер болады. олар бір белдеуден екінші белдеуге ауысып тіршілік етеді (паразиттер, лианалар, эпифиттер, жануарлар).