Химиялық білімді қорытындылаудың маңызы мен міндеттері
Орта мектептегі химия курсының бағдарламасы “Бейорганикалық және органикалық химия бойынша білімді қорытындылау” деген тақырыппен аяқталып келді. Оқушылардың білімін бағалауда- бейорганикалық және органикалық химияны шолып қайталау және жалпы химия курсының міндеттеріне мыналар жатады:
- Атомның электрондық құрылысы жөніндегі оқушылардың білімін тереңдету. Электрондық теория тұрғысынан химияның негізгі ұғымдарын нақтылау.
- Химиялық элементтер және олардың қосылыстары қасиеттерінің периодты түрде өзгеруі жөніндегі теориялық көзқарасты жаңа сатыға көтеру.
- Заттың құрылысы және химиялық байланыстар туралы білімді бір жүйеге түсіру, заттың құрамы, құрылысы, қасиеттері және қолданылуы арасындағы тәуелділікті ашып көрсету.
- Бейорганикалық және органикалық заттардың маңызды сыныптары жөніндегі білімді қорытындылау, олардың арасындағы генетикалық және өзара байланыстарды нақтылау.
- Химиялық реакциялар туралы алған білімді бір жүйеге келтіру, олардың маңызы және жүру заңдылықтары жөнінде ұғым қалыптастыру.
- Химияның жаратылыстану пәндерінің арасында алатын орнын, ғылыми көзқарас қалыптасуындағы маңызын нақтылы мысалдармен көрсету, пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру, оқушыларда табиғат туралы біртұтас ғылыми көзқарас қалыптасуына жәрдемдесу.
- Химияның өмірмен және өндіріс сарамандығымен байланысын ашу, азық-түлік және энергетикалық бағдарламаларды, экологиялық мәселелерді шешудегі мәселені көрсету.
Қорытындылау сабақтарын өткізудің әдістемесі
Қорытындылау сабақтарын өткізудегі мұғалімге қойылатын талаптар:
1) Жалпы химия курсының алдына қойылатын оқу-тәрбиелік жүктемесіне сәйкес әр сабақтың мақсаты мен міндеттері бойынша сабақтың мазмұнын таңдап алу;
2) Мақсаты мен міндеттері бойынша сабақтың мазмұнын таңдап алу
3) Оқу материалының мазмұнына лайық түрін, құрылымын, әдістерін және амалдарын анықтау;
4)Оқушылармен ұйымдастырылатын жаппай, топтық және жеке жұмыстардың түрлерін дәл басып анықтау;
5)Оқыту құралдарын тиімді іріктеу, қойылатын тәжірибелерді, техникалық құралдарды, сызбанұсқалар мен тіректік хабарды таңдап алу;
6) Үй тапсырмаларын мұқият ойластыру, оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын түрлердіру және жеңілдету;
7) Оқушылардың білімін есепке алудың ұтымды әдістерін қолдану;
Қорытындылау сабақтары кезінде жиіқолданылатын әдістер мыналар: шолу дәрістері, химиялық тәжірибелер мен көрнекі құралдарды көрнекі көрсете отырып әңгімелесу, эксперимент есептерін шығару. Үй тапсырмасының мазмұнын, түрін және сипатын анықтауға баса назар аударылады. Үйге берілетін тапсырма оқушылардың үлгеріміне қарай жіктелген болуы тиіс, оны орындауды жеңілдететін нұсқаулар беріледі.
Қорытындылау сабақтары кезінде химиялық эксперименттің алатын орны ерекше. Бұларда, көбінесе көрнекі көрсететін және зертханалық тәжірибелер өткізетін, эксперимент есептері шығарылады.
Қорыта келгенде, оқушылардың білімін, білігін және дағдысын есепке алу жалпы, жиілетіп және жекелеп сұрау, сынақ, емтихан алу арқылы жүзеге асады.