Органикалық химия курсының оқу-тәрбиелік маңызы мен міндеттері
Орта мектепте органикалық заттар немесе көміртегі қосылыстарының химиясы арнайы курс ретінде өтіліп, бірқатар оқу-тәрбиелік міндеттерді шешеді.
Органикалық химияда заттардың сан алуандығы және оның себептері жөнінде ұғым қалыптасады, органикалық және бейорганикалық қосылыстардың бірлігі мен айырмашылығы ашып көрсетіледі. Органикалық заттар саны жағынан көп, қазіргі кезде белгілі қосылыстардың төрттен үші органикалық заттарға жатады. Органикалық заттардың құрамына негізінен көміртегі, сутегі оттегі, азот, күкірт және фосфор элементтері кіреді.
Органикалық химияда заттардың құрылымы мен қасиеттерінің арасындағы тәуелділікті нақтылауға көбірек назар аударылады. Бұл салада бейорганикалық химиядан алған білім тереңдеп, одан әрі дамытылады.
Органикалық химияда ғылым аралық және пән аралық байланыстарды жүзеге асыруға зор мүмкіндік туады. Органикалық химия тірі организмдердің құрамына кіретін, олардың денесін құрайтын, биохимиялық бағыттарға қатысатын заттарды зерттейді, тіршілік барысын молекулалық деңгейде түсінуге жәрдемдеседі.
Органикалық химияны өткендеоқушылардың зертханалық-сарамандық біліктері дамиды. Едәуір күрделі сапа және сан тәжірибелерін жасауда, эксперимент есептерін шығаруды үйренеді.
Органикалық химия курсының мазмұны мен құрылымы
Орта мектепте оқылатын органикалық химия курсының мазмұны мен құрылымы ұдайы жетілдіріліп келеді.
Алғашқы бағдарламада оқу материалы құрамы қарапайым қосылыстардан басталып, құрылысы және атқаратын қызметі күрделі қосылыстарға дейін орналастырылады. Кейінгі бағдарламаларда осы негізге әдістемелік негіз сақталып, оқу-тәрбиелік маңызы аз кейбір деректі материалдар қысқартылды, жаңа теориялық көзқарастармен толықтырылды.
Органикалық химия курсының құрылымын анықтағанда іс жүзінде сыналған дидактикалық және әдістемелік негіздер жүзеге асырылады.
Органикалық заттардың оқылатын сыныптарын іріктегенде организмнің құрамына кіретін және маңызды тіршілік әрекеттерін жүзеге асыратын қосылыстарды таңдап алады.
Органикалық химия курсына оқушыларға политехникалық әзірлік беретін мағлұматтар енгізіледі. Органикалық заттарды алуға байланысты химиялық өндірістерден бағдарламаға сай келетін, халық шаруашылығындағы маңызы зор, алдыңғы қатарлы технологиясы барлары таңдап алынады.
Органикалық химияны оқытудың кейбір әдістемелік мәселелері
Органикалық химияны оқытуда оқу жұмысын ұйымдастырудың бұрыннан келе жатқан түрлері пайдаланылады. Солардың ішіндегі ең негізгісі- сабақтың типтері, мазмұны, әдістері мен құралдары материалдың сипатына, оқушылардың өсуіне және жасының есеюіне қарай елеулі өзгерістерге ұшырайды. Жаңа материалды үйрену, алған білімді жетілдіру, қайталау және қорытындылау сабақтары, көбінесе дәріс, семинар, пікір таласы және конференция түрінде өткізіледі.
Оқыту әдістерінің сипаты, оларды қолдану кезіндегі мұғалім еңбегі мен оқушы іс-әрекетінің ара-қатынасы өзгереді. Сөз, көрнекі және сарамандық әдістер оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын кеңінен және тиімді ұйымдастыру жағына қарай ауысады. Бірқатар деректі және суреттеме материалдарды оқушылар өздігінен оқып үйренеді.
Органикалық химияның негізгі ұғымдарын қалыптастыру және дамыту-аса маңызды әдістемелік мәселелердің бірі. Оларға жататындар: Химиялық тіл және органикалық қосылыстардың номенклатурасы, гомологтық қатарды оқып-үйрену, заттардың алу тәсілдерін қарастыру, заттардың қолданылуын оқып-үйрену, жаттығуларды пайдалану. Бұл ұғымдарды ойдағыдай қалыптастыру үшін оқу жұмысының ұйымдастыру түрлерін тиімді пайдалану, бейорганикалық химиямен пән ішіндегі, басқа жаратылыстану пәндерімен пәнаралық байланысты жүзеге асыру, тарихһи негізді жүйелі қолдану, теорияның жетекші мәнін, әсіресе, заттың қасиеттерінің құрылысына тәуелділік идеясын ұдайы көрсету, көрнекіліктің алуан түрлерін тиімді қолдану қажет.