Химиялық элементтерді оқып-үйренудің әдістемелік негіздері
Орта мектептегі химия курсы мазмұнының маңызды бөлігін химиялық элементтер және олардың қосылыстары туралы білім құрайды. Элементтерді оқып-үйрену дедуктивті сипат алады. Топтың содан соң топшаның сипаттамасы талданып, солардың негізінде жеке элементтер қарастырылады. Химиялық элементтер түзетін қосылыстардың көп түрлілігі, олардың құрылысы мен қасиеттерінің, қасиеттері мен қолданылуының арасындағы себеп-салдар байланыстары, элементтер қосылыстары қасиеттерінің өзгеруінде санның сапаға ауысуы нақтылы мысалдармен көрсетіледі.
Химиялық эксперименттің танымдық мәні күшейеді. Эксперименттің алуан түрлері, жеке тәжірибелер оқушылардың өздері жасаған жорамалдарын сынау үшін қойылады.
Периодтық заң және периодтық жүйе өтілгеннен кейін элементтерді және олардың қосылыстарын оқып үйренудің жоспары өзгереді.
- Элементтің периодтық жүйедегі орнын сипаттау; химиялық таңбасы, салыстырмалы атомдық массасы, рет нөмірі, периоды. Тобы және топшасы.
- Атомның құрылысы: сызбанұсқа сызу, атом құрылысының электрондық және графикалық формулаларын жазу. Элемент атомының тотығу дәрежелерін анықтау.
- Элементтің ашылу тарихы
- Элемент түзетін жай затының құрылысы, қасиеттері, алынуы, қолданылуы, табиғатта кездесуі.
- Элемент түзетін химиялық қосылыстардың құрамы, түрлері, қасиеттері, қолданылуы.
- Элементтің табиғатта таралуы.
Бұл жоспар элементтерді оқыту кезінде қолданылады.
Химиялық элементтердің кезеңдерге жіктелуі
Элементтерді және олардың қосылыстарын оқып үйрену бірнеше кезеңде жүзеге асады.
- Жеке элемент және оның қосылыстарымен танысу.
- Элементтердің табиғи текстері жөнінде ұғымдарды қалыптастыру.
- Периодтық заң және периодтық жүйені оқыту.
- Периодты заңдылықты негізінде элементтерді топ және топшалар бойынша қарастыру.
- Химиялық элементтер туралы білімді жинақтап қорыту.
Бірінші кезеңде –химиялық алғашқы ұғымдармен таныстыру. Ол мына жоспар бойынша жүзеге асырылады:
- Химиялық таңбасы және салыстырмалы атомдық массасы;
- Табиғатта кездесуі;
- Бос күйінде алынуы;
- Жай затының қасиеттері;
- Маңызды химиялық қосылысының құрамы және қасиеттері;
- Қосылыстарындағы валенттілігі;
- Халық шаруашылығындағы маңызы
Екінші кезеңде өзара өте ұқсас химиялық элементтердің үш тобы-галогендер, сілтілік металдар және инертті газдар қарастырылады. Периодтық заңдылықты игеруге нақтылы әзірлік жасалады.
Үшінші кезеңде- оқушылар барлық элементтердің басын біріктіретін, бірімен-бірін ұштастыратын жалпы заңдылықпен танысады. Периодтық жүйеге орналастырылған химиялық элементтер арасындағы көлбеу, тік және қиғаш байланыстардың мәнін түсінеді.
Төртінші кезеңде-8-9 сыныптарда топ және топшалар бойынша оқылады. Алдымен 3-4 негізгі топшаларда орналасқан бейметалдар, содан соң металдардың жалпы қасиеттері, 1-3 негізгі топшаның металдары, соңында қосымша топшаларда орналасқан металдар өтіледі.