Оқу-тәрбиелік маңызы және орны
Бейорганикалық қосылыстар құрамына қарай төрт сыныпқа жіктеледі: оксидтер, қышқылдар, негіздер және тұздар. Оқушылар заттардың құрамы, жіктелуі, табиғатта таралуы, алынуы және қолданылуы жайында нақтылы ұғымдар алады. Әр сыныпқа жататын заттардың жалпы және жеке қасиеттерімен тәжірибе жүзінде танысады.
Химиялық реакциялардың жүру жағдайлары, белгілері, механизмі және типтері туралы алған білімдерін жетілдіреді, реакцияның жаңа типтерімен танысады.
Атом молекулалық ілімнің негізгі қағидалары жөніндегі білімді заттарлың қасиеттерін болжау, түзілетін заттардың құрамын бағдарлау, химиялық реакциялардың бағытын және қалай жүретінін түсіну үшін пайдаланылады.
Химиялық элемент, жай зат және күрделі зат ұғымдары жаңа сатыға көтеріледі. Бейорганикалық қосылыстар сыныптарының арасындағы генетикалық байланыстарды ашу арқылы периодтық заң мен периодтық жүйені саналы игеруге әзірленеді.
Оқу-тәрбиелік маңызы зор болғандықтан, химияның бағдарламалары мен оқулықтарында бейорганикалық қосылыстардың маңызды сыныптарына едәуір мол орын беріліп келеді.
Бейорганикалық қосылыстардың мазмұны, оқылу реті, методикалық тәсілдері бірнеше рет өзгергенімен алғашқы ұғымдарды қалыптастыруды теориялық деңгейі атом-молекулалық ілімнің сатысында қалып отырды.
Бейорганикалық қосылыстардың негізігі сыныптары
Оксидтер, негіздер, қышқылдар және тұздар туралы алғашқы ұғымдар қалыптасуының үш кезеңі бар. Бірінші кезеңде бұл заттардың құрамы және кейбір химиялық қасиеттері атом-молекулалық ілім тұрғысынан түсіндіріледі. Екінші кезең периодтық заң және периодтық жүйе, заттың құрылысы өтілгеннен кейін басталады. Әр сыныпқа жататын заттардың химиялық байланыстарының түрлері, кристалл торлары және қасиеттері электрондық теорияның тұрғысынан қарастырылады. Үшінші кезеңде бейорганикалық қосылыстар туралы ұғымдар электрон-иондық көзқарастармен байытылып дамиды. Оқушылардың білімі жаңа сатыға көтеріледі. Үшінші кезеңге сәйкес оксидтер, негіздер, қышқыдар және тұздар туралы берілетін білімнің көлемі мен орнын келтіреміз.
Оксидтер туралы алғашқы ұғым оттегінің қасиеттерін өткенде беріледі. Металдарға және бейметалдарға жататын жай заттардың оттегімен тотығуының нәтижесінде күрделі заттар-оксидтер түзіледі.
Оксидтер туралы жалпы ұғым металл оксидтері және бейметалл оксидтері деп екіге жіктеледі. Олардың физикалық қасиеттерін зерттейтін зертханалық жұмыс өткізіледі. Алған білімді бекіту үшін оксидтердің химиялық формулаларын құруға жаттығулар орындалады.
“Қышқылдар. Тұздар” тақырыбында бейорганикалық қосылыстардың екі класы жөнінде бастапқы ұғым қалыптасады. Қышқылдармен алғашқы танысу оқушылардың өмір тәжірибесіне және индукциялық тәсілге негізделеді.
Қышқылдардың металл оксидтерімен әрекеттесуі реакцияның бұрын кездеспеген жаңа типіне жатады, оны орын басу реакциясымен салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығы сараланады. Екі күрделі зат қатысып екі күрделі зат шығатын алмасу реакциясына анықтама беріледі.
Оқушылар біліп алуға тиісті қышқылдардың аты, формуласы, қышқыл қалдықтарының валенттіліктері тұздардың номенклатурасы, тұздардың формуласын құру алгоритмі кесте түрінде жазылады. Алған білімді бекітетін, тексеретін жаттығулар және химиялық диктанттар орындалады.
Негіздерді оқып үйренуге оқушылар едәуір зор дайындықпен кіріседі. Алғашқы ұғым судың активті металдармен реакциясының механизмін талдау арқылы беріледі.
Н2О +МеМе(ОН)п +Н2
Сызбанұсқаға сәйкес негіздің құрамы, индикаторға әсері, матаны бүлдіруі, физикалық қасиеттері түсіндіріледі, анықтама беріледі, гидроксотоп және оның валенттілігі туралы бастапқы ұғым қалыптастырылады.
Оқушылар тұздармен алғашқы рет металдарды қышқылмен әрекеттестіріп сутек алғанда танысады. Мұнда да ұғым анықтаудың негізгі белгісі-құрамы. Тұздар металл атомдары мен қышқыл қалдықтарынан тұрады. Оқушылар еритін және ерімейтін, орта және қышқыл тұздармен танысады. Қышқылдардың металл оксидтерімен, бейметалдар оксидтерінің сілтілерімен әрекеттесуін және бейтараптану реакциясын өткенде тұздар алудың жолдары туралы оқушылардың білімі нығайады.
Сонымен химиялық алғашқы ұғымдардан кейінгі үш тақырыпта оксидтер, негіздер, қышқылдар және тұздар туралы бастапқы түсініктердің қалыптасу кезеңі аяқталады.
Бейорганикалық қосылыстардың маңызды сыныптары жөніндегі білімді қорытындылау
Бұл тақырыптың міндеттері: 1) оксидтердің, негіздердің, қышқылдардың және тұздардың құрамы жөніндегі білімді бір жүйеге түсіру; 2) құрамы мен аталуының және қасиеттерінің арасындағы тәуелділікті ашу; 3) жіктелу негіздерін түсіндіру; 4) химиялық тіл туралы білімі мен білігін нығайту; 5) эксперимент дағдыларын жетілдіру, алған білімді эксперимент есептерін шығара білуге қолдану.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін алғашқы сабақта оксидтердің, негіздердің, қышқылдардың және тұздардың құрамы мен аталуы қарастырылады.
Бейорганикалық қосылыстардың маңызды сыныптары туралы ұғымның дамуы
Бұл тарауда бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары туралы негізгі ұғым қалыптасуының бірінші кезеңі қарастырылады. Оның теориялық негізі-атом-молекулалық ілім. Бұл кезеңнің мақсаты-оқушыларды периодтық заң және периодтық жүйеге, атом құрылысы туралы теориялық материалдарды қабылдауға дайындау.
Екінші кезеңде қышқылдардағы сутегі мен қышқыл қалдығы, бейметалл мен оттегі арасындағы байланыстардың сипаты ашылады. Негіздердің құрылысы мен қасиетінің кристалл торлары типіне тәуелділігі айқындалады. Тұздар түзетін кристалл тордың типі және иондар арасындағы байланыс электрондық теория тұрғысынан түсіндіріледі.
Үшінші кезеңі электролиттік диссоциациялану теориясын өткенде басталады. Оксидтердің, негіздердің, қышқылдардың құрылысы туралы электрондық тұрғыдан алынған мәліметтер олардың суда еріп диссоциациялануын түсіндіру үшін пайдаланылады.
Есте болатын нәрсе, бейорганикалық қосылыстардың қай класын алсақ та, барлық жеке өкілдерінің тегіс қамтитын жалпы қасиеттері өте аз. Қосылыстардың белгілі бір тобына тиесілі қасиеттің ауқымын кеңейтуден аулақ болған дұрыс. Оқушы біліміндегі формализмнің түпкілікті себебі осыған және дара ерекшеліктерді ұмытудан туындайтынын әрдайым есте ұстау керек.