Орта мектепте химияны оқытудағы оқуды ұйымдастыру формалары

Химиядан оқу жұмысын ұйымдастыру

Мектептегі оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына сабақ, факультативтік сабақтар, топсеруендер, кластан тыс жұмыстар, өндірістік оқу сарамандығы жатады. Химияны оқытудың білім мен тәрбие беру, оқушыларды дамыту міндеттері, ең алдымен, сабақта шешіледі, содан соң басқа формаларында жетілдіріледі және тереңдетіледі. Оқыту барысы тұрғысынан қуалап келгенде сабақ үшінші басқышта тұрғанымен өзі күрделі дидактикалық жүйе құрайды. Сондықтан қазіргі дидактикада сабақты оқыту барысының барлық ерекшеліктері айқын білінетін бір бөлігі деп есептейді, яғни екінші басқышқа көтереді.

Химия пәнін тереңірек оқып үйренуге байланысты факультатив, қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Сабақ- оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесінің құрамдас бөлігі. Біздің елімізде оқыту сыныптық-сабақтық деп аталатын жүйе бойынша жүргізіледі. Оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесі жалпы білім беретін орта мектептің бірден-бір жүйесі емес, жоғары сыныптарда, жоғары оқу орындарына тән сабақтық дәрістік-семинарлық жүйесі де қалыптасып келеді. Оқытудың жекелеп оқыту формасы, бағдарламалап оқыту формасыда қолданылады. Сыныптық-сабақтық жүйе- педагогика саласындағы бағалы жетістіктердің бірі. Оның 300 жылдық тарихы бар. Бұл жүйені көп елдің мектептері пайдаланады.

Химияны оқытуды ұйымдастырудың басқа формалары

Үй тапсырмасы оқытудың ұйымдастыру формаларымен тығыз байланысты. Химиядан берілетін үй тапсырмалары әр түрлі: оқу материалын-оқулықтан оқу, жаттығулар орындау, есептер шығару, кестелер сызу, анықтамалармен жұмыс, модельдер құрастыру, тәжірибелерді орындау, оларды байқау, рефераттар дайындау, оны хабарлап айтып беру, қосымша әдебиеттермен жұмыс. Тапсырма барлық оқушыларға бірдей жаппай не сараланып, әр оқушыға жеке дара беріледі. Үй тапсырмасын оқушылардың шығармашылық сипатта өз бетінше дамытатындай етіп беру керек. Оқушыларға тапсырма етіп берілген тақырыптың жоспарын жасау, жауап жазу, негізгіні негізгі еместен айыра білу ескертіледі. Үйтапсырмасын шамадан тыс көп беріп, ауырлатуға болмайды. Химиялық тақырыпта шығарма жаздырып, аспаптар құрастыруды да тапсыруға болады.

Консультация көпшілік жағдайда мектеп бітіру емтихандарына даярлық кезінде беріледі. Кәмелеттік аттестатқа емтихан тапсыру алдында 11-сыныптарда, кейде білімін жетілдіретін оқушылармен жүргізіледі, онда мұғалім сұраққа жауап береді, түсініксіз мәселелерді түсіндіреді, типтік есептер де шығарылады.

Сынақтар жоғары сыныптарда білімді тексеру және есепке алу мақсатында жүргізіледі. Тақырыптық сынақтар үлкен тақырыптардың соңында, не бөлімдердің аяғында жүргізіледі. Сынақты күндізгі мектептердің барлық оқушылары бірдей тапсырмайды, тек жекелеген оқушылар тапсырады. Сынақ тапсырмайтындар өзбетінше белгілі бір тапсырмаларды орындайды.

Емтихан- химиядан оқушылардың білімін емтихан арқылы тексеру, оқу жұмысының ерекше формасы. Оқушылар оқу жылының барлық кезеңдері бойынша бекітілген емтихан билеті бойынша есеп береді. Емтихан бойынша білімді тексеру білім министрлігінің арнаулы нұсқауы бойынша жүргізіледі.

Оқу жұмысын ұйымдастырудың басқа формаларына әр түрлі өндірістік саяхаттар, факультатив сабақтары, сыныптан тыс, мектептен тыс химия сабақтарында жатқызуға болады.