Эксперимент есептерінің оқу-тәрбиелік маңызы және типтері
Химия есептері сан және сапа есептері болып екіге жіктеледі. Сапа есептерін эксперимент есептері деп те атайды, өйткені оларда сандық мәліметтер болмайды, химиялық тәжірибелер жасау арқылы шығарылады. Химиядан білім мен білік қалыптастыруда, оқушылардың алған білімін бақылап, бағалауда эксперимент есептерінің маңызы зор. Эксперимент есептерін шығару арқылы оқушылар теориялық білімін баянды етеді, іс жүзінде қолдана білуге үйренеді. Олар химиялық құрал-жабдықтармен және реактивтермен жұмыс істеу дағдыларын нығайтып, жетілдіре түседі. Эксперимент есептерін үзбей шешіп, машықтанғанда оқушылар өздігінен жұмыс істей білуге, ұқыптылыққа, өз ісіне сын көзімен қарауға үйренеді. Оқушылардың химиядан білім сапасы мен сарамандық әзірлігі эксперимент есептерін шығару үстінде айқын білінеді. Сондықтан химиядан мектеп бітіру емтиханы билеттерінің бір сұрағы эксперимент есебі түрінде беріледі.
Эксперимент есептері оқушылардың таным әрекетінің сипатына қарай бірнеше типтерге бөлінеді. Солардың мектепте іс-жүзінде жиі қолданылатындары: химиялық құбылысты бақылау және түсіндіру; заттың сапалық құрамын анықтау; затты тани білу, заттарды алу; заттың жіктелу белгілерін табу; қоспаның құрамын анықтау және бөлу; құралдар қарастыру.
Эксперимент есептерін шығарудың ең тиімді кең таралған тәсілі-анализ және синтез. Оқушы есептің шартын нақтылы талдау арқылы шешу жоспарын жасайды да, соған сәйкес іс-әрекеттерді жүзеге асырады.
Сан есептерінің оқу-тәрбиелік маңызы және жіктелуі
Сандық мәліметтер заттар мен құбылыстарды сан жағынан сипаттай отырып, химияны оқытудың білім мен тәрбие беру және оқушыларды дамыту міндеттерін нәтижелі жүзеге асыруға көмектеседі.
Сан есептері арқылы жаңа білім беріледі, алынған білім нығайтылады, жетілдіріледі және қолданылады. Есептеулер жасау арқылы химиялық теориялардың, заңдардың және ұғымдардың мәні ашылады, деректі материалдардың түсініктілігі артады, политехникалық білім беріледі, химиялық тілдің мағынасы нақтыланады.
Методикалық әдебиеттерде және арнайы оқу құралдарында сан есептерін жіктеудің бір ізгі түсірілген жүйесі кездеспейді. Бір автордың өзі сан есептерін әр түрлі негізге сүйеніп жіктейді. С.Г: Шаповаленко оқу материалының сипаты, түрі және символикасы бойынша сан есептерін жеті типке бөледі.
1 тип. Тәжірибе мәліметтері, масса сақталу заңы және құрам тұрақтылық заңы бойынша есептеулер
2 тип. Заттың қарапайым және нағыз формуласын табу.
3 тип. Химиялық формулалар бойынша есептеулер
- тип. Химиялық теңдеулер бойынша есептеулер.
- тип. Ерітінділер дайындау және олардың қанықпасын анықтауға байланысты есептеулер.
- тип. Газдың тығыздығы бойынша молекулалық массасын, молекулалық массасы бойынша тығыздығын және қалыпты жағдайда газдардың көлемін есептеу.
- тип. Аралас есептер.
Есептерді жіктеуді бір негізге келтіру үшін химияның зерттеу объектілері немесе оларды бейнелейтін химияның тілі тұрғысынан қарауға болады:
1) затпен байланысты есептеулер;
2) химиялық реакциялармен байланысты есептеулер;
3) ерітінділермен байланысты есептеулер;
Сондай-ақ
1) химиялық формулалар бойынша есептеулер;
2) химиялық теңдеулер;
3) химиялық терминдер бойынша есептеулер;