Химиялық тілді қалыптастырудың теориялық негізі
Жалпы ғылыми тілдің, оның ішінде химия тілінің әр жақты түсінігі бар. Философиялық жағынан алғанда, ғылыми тіл-ғылыми білімнің біліну түрі, білім-мазмұнға, тіл-түрге жатады. Мазмұн мен түр арасында диалектикалық байланыс бар. Білім үздіксіз өсіп, кеңейіп отырады, тіл жеке бөлікті тұрақты қалпында қалады.
Таңбалар туралы ілім-семиотика химиялық тілдің таңбаларын үш жағынан қарастырады.
Біріншісі-химиялық тілдің сөз мәні, таңбаның бейнелейтін объектіге қатынасын көрсетеді. Химиялық символикада таңбамен атом, формуламен заттың құрамы, теңдеумен химиялық реакция белгіленеді. Олардың әрқайсысы өздері бейнелейтін объектілері жөнінде көптеген ғылыми мағлұматтар береді.
Химиялық тілдің екінші жағы-прагматика, таңбаның таным барысындағы пайдасын зерттейді. Химия саласында жинақталған қоғамдық тәжірибенің ұрпақтан-ұрпаққа берілуіндегі таңбалар жүйесінің мәнін қарастырады. Химиялық тілдің оқыту барысындағы пайдаланылуы да осы салаға жатады.
Химиялық тілдің үшінші жағы-синтаксисі, таңбалардың құрылысын және бірігу ережелерін қарастырады. Химиялық терминдердің жасалу модельдері, химиялық формулалар мен теңдеулерді құрастыру, химиялық теңдеулерге коэффициенттер қою, жүйелік номенклатураның негіздерін анықтау химиялық тіл синтаксисінің міндеттеріне жатады. Әр таңба өзінің мағынасы арқылы әсер етеді, мағынасыз таңба болуы мүмкін емес. Таңбаның мағынасы дегеніміз-денотаты жөнінде білдіретін ақпараты.
Мектептің химия курсында тілдік білім мен шеберліктің көлемі, мазмұны және олардың ұғымдармен байланысы
Химиялық тілді қалыптастыру үрдісі бірнеше сатыларда жүзеге асады: алғашқыда ол оқытудың арнаулы пәні болса, одан кейін таным ідісі және білім мен шеберлікті шыңдау тәсілі, соңында білім мен шеберлікті іс жүзінде шығармашылықпен қолдану құралына айналды.
Мұғалім химиялық тілдің мәні, оның бағыттылығын оқыту үрдісінде сенімге айналдырып, барынша білім алудың құралы ретінде пайдаланады.
Тілдің мазмұны жөніндегі білім үш мәселеге баса назар аударады:
- Химиялық тілдің бағыттылық мәнін оның міндетін ашудағы семантикалығы мәні. Негізгісі-химиялық белгілер мен зерзаттар арасындағы қатынас, ол белгілердің мәнін ашып түсіндіру.
- Тілдің грамматикалығы-ол меңгерілген білім негізінде белгілі ережелер мен заңдылықтарға сәйкес, белгілерді, формулаларды, теңдеулерді, терминдерді, атауларды айта, жаза білудің жолдары.
- Тілдің сарамандығы-ол химия тіліндегі білімді меңгеру тәсілдерін қамтамасыз ететін қатынас құралы болуы, онда тілдік білімді қорытындылаудың барлық түрлерінің қатысуы.
Тіл туралы білімді қорытындылауды екі топқа бөлуге болады:
- Нақты зерзаттар мен теориялық ұғымдарға байланысты білім. Олар тілдің мақсаты жөніндегі мәліметтерді кіргізетін жеке белгілер, олардың мәні, зерзаттар мен теориялық курстарда көрсететін ұғымдарды түсіндіру. Ол сабақтың негізгі материалына ұғымдар ендіріп, қалыптастыруды көздейді.
- Белгілерге сәйкес білім. Ол теориялық материалдарға байланысты және іскерліктер қалыптастырудың бағыт-бағдарын көрсетеді. Тіл туралы білім жаттығуларды орындау барысында жете меңгеріледі, мектептік химия курсының әдіснамалық негізі ғылыми тілдің теориялық, білімдік қоры негізделіп құрылған.
Шеберлік үш топқа бөлінеді:
- Грамматикалық сипаттағы шеберлік, тегінде олар репродуктивті деңгейде алгоритімнің көмегімен жүзеге асады және ол шеберлікті жетілдіреді.
- Таңбалардың мәніне байланысты ұғымдар қалыптастыратын шеберлік. Олардың меңгерілуіне де біршама алгоритмді пайдалануға болады.
- Күрделі шеберлік, ол шығармашылық элементтерді кіргізу арқылы өз беттерінеше түсіндірулер, талдаулар, болжаулар айтуға, белгілерге сәйкес модельдеу, қорытындылаушы сызбанұсқа жасау, тірек сызбанұсқалар түзу, конспектілер әзірлеуге болады. Ол тапқырлық әдіс пен шығармашылық бағыттағы білім мен шеберліктерді қорытындылауға байланысты жүргізіледі.
Химиялық тілді қалыптастырудың негізгі кезеңдері және бағыттары
Химиялық тілді қалыптастыруда химиялық теориялар мен заңдар негізгі рөл атқарады. Химиядан берілетін алғашқы ұғымдар жүйесін атом-молекулалық ілім негізінде меңгереді. Қандай болмаса да жүйе-бұл заңдылыққа байланысты заттар мен құбылыстардың нышанды бірлігі немесе заттар мен құбылыстарды бейнелейтін білім бірлігі.
Химиялық тілді меңгерудің өзіндік кезеңдері бар, олар оқулықта екі: 1) қиындықтарды жекелеп және біртіндеп жеңудің дидактикалық ұстанымы; 2) оқу жылының барысында, химиялық тілді үйретудің мүмкіндігінше бірқалыпты етіп бөлу ұстанымы негізінде жоспарланған.
Педагогикалық сынақ тәжірибе химиялық тілді ілгеріде тұжырымдалған ұстанымдарға сәйкес алты кезеңге бөліп оқудың тиімді екенін көрсетті: Олар І кезең-химиялық таңбаның мәнін меңгеру; ІІ кезең- химиялық формуланың мәнін меңгеру, оны оқу және одан заттың құрамы туралы қорытынды жасау; ІІІ кезең-химиялық теңдеулердің мәнін меңгеру, оны оқу және одан белгіленіп отырған химиялық реакцияның ерекшеліктері жайлы қорытынды жасау; ІV кезең-берілген химиялық теңдеулердегі қойылмаған коэффиценттерді қою және теңдеуді көрсету; V кезең- бастапқы және алынатын заттардың формулалары оқушыларға белгілі немесе айтылған жағдайда химиялық теңдеулерді құрастыру; VI кезең-валенттілікті пайдаланып формулалар мен теңдеулерді құрастыру.