Химия тілі және оның маңызы
Химия тілін химия ғылымының бір бөлігі деп қарайды. Әр ғылымның зерттейтін объектісі, зерттеу нәтижесінде алынған білім жүйесі, оны тіркеп, заттандырытын таңбалар жүйесі болады.
Әдетте, тар мағынадағы түсініп осы үшеуінің ішінде білім жүйесін ғана ғылымға жатқызады, солай екені рас. Білім-сананың қызметі, ол бақыланатын, зерттелетін объектіге айналу үшін тіл арқылы берілуі керек. Сонымен, химиялық тіл дегеніміз- химиялық білімді тіркейтін, сақтайтын, бірден-бірге жеткізетін арнайы таңбалар жүйесі.
Химия тілінің бір-бірімен тығыз байланысты үш бөлігі бар. Химиялық тілдің бірінші бөлігі-ғылыми терминологиясы, жеке терминдер мен терминдер жүйесінен тұрады. Химиялық терминдер-ғылыми ұғымдардың атаулары. Химиялық элемент, атом, зат және химиялық реакция ұғымдары анықталғаннан кейін ғана химия ғылым ретінде қалыптасты. Химияның ғылыми ұғымдары молайған сайын оларды бейнелейтін терминдер жүйесі байып, толыса түседі.
Химиялық тілдің екінші бөлігі-химиялық номенклатура, заттарды атаудың белгілі негізге сүйенетін арнайы жүйесі. Ол кәдімгі және жүйелілік, ұлттық және халықаралық номенклатура деп жіктеледі. Жүйелік және халықаралық номенклатура химиялық символикаға негізделеді.
Химиялық тілдің үшінші бөлігі- химиялық символика, химиялық таңба, формула және теңдеуден құралады.
Химиялық тіл-оқушыларға тәрбие берудің және оларды дамытудың ең тиімді құралы. Заттар мен құбылыстардың шарттастығын, олардың арасындағы себеп-салдар байланысын ашу, тікелей көзге түспейтін мәнін түсіндіру арқылы химиялық тіл оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастырады.
Химиялық тілдің оқыту құралдары жүйесіндегі атқаратын қызметі
Химияны оқыту құралдарының арасындағы байланыстарды шартты түрде сызбанұсқа арқылы көрсетуге болады.
Тіл-қисындық құралдарға құрылым формулалары, терминдер, символдар және номенклатуралық атаулардың қатысуымен жасалған құрылым-қисындық сызбанұсқалар жатады. Химияның бағдарламалары, оқулықтары, оқу құралдары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған басқа кітаптар ғылыми тіл арқылы жазылған.
Ғылымның тілдік құралдары пайдаланылғанымен оқулық тілінің өзіндік ерекшеліктері бар. Химия оқулығының текстері және кейбір текстен тыс бөліктерінің тілі: а) табиғи тілдің сөздерінен; ә) ғылымаралық терминдермен таңбалардан; б) химиялық терминдерден; в) номенклатуралық атаулардан-номендерден; д) символдар жүйесінен тұрады. Бұлардың алғашқы төртеуі сөйлем және текст құруға қатысады, заттар мен химиялық құбылыстар туралы білімді тасмалдаушы қызметін атқарады.
Химиялық эксперимент өзінің оқу-тәрьиелік міндеттерін сөзбен ұштастыру арқылы ғана ойдағыдай атқарады. Көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді қойғанда берілетін нұсқау-тапсырма; 1) тәжірибенің мақсаты; 2) тәжірибеге қандай заттар алынады, олардың қасиеттері; 3) құралдың құрылысы және жеке бөліктерінің қызметі; 4) ескерілетін сақтық шаралары; 5) байқалатын құбылыстар, олардың мәні; 6) байқалған құбылыстарды түсіндіру; 7) рекация теңдеуін жазу және қорытынды жасау ғылыми тіл арқылы жүзеге асады.