Химиялық ұғымдарды қалыптастырудың әдістемелік негіздері
Химиялық ұғымдарды қалыптастыру бір мезгілдік нәрсе емес, олар пәнді одан әрі оқып-үйрену үрдісінде дамиды, жаңа белгілерімен ұғымдар байиды, түсіндірілуі тереңдейді. Ұғымдарды қалыптастыру үш кезеңнен тұрады: бірінші әзірлік кезеңі, ол-қалыптастыратын ұғымның тірегі; екінші кезеңде ұғымның алғаш қалыптасуы іске асырылады; ал үшінші кезеңде ұғымды кейінгі таным үрдісінде қолданумен және көлемі мен мазмұны бойынша оны дамытумен сипатталады.
Химияны оқыту, білім беру және тәрбиелеу мақсаттарының бірі- оқушыларға химияны саналы, жүйелі әрі баянды меңгерту. Ол ұғымдар жүйесін дұрыс меңгеруге байланысты.
Білім-заттар мен қосылыстардың елеулі белгілері мен олардың өзара байланыстары туралы ғылыми ұғымдардан құралады. Ұғымдарды меңгеру арқылы оқушылар болмысты танып біледі, өмірлік қажетіне пайдаланады. Болмысты танып білудің басты кезеңі-заттар мен құбылысты сезіну және түйсіну. Түйсінуден заттарды тұтас бейнелейтін қабылдау пайда болады. Қабылдаудың негізінде адам бойында бейне түрінде сақталатын елестер туады.
Ұғым-бұл пән мен құбылыстың бейнелеу формасы, олардың өмір сүру белгілері мен қатысты. Ұғымның мазмұнын сөз арқылы түсіндіріледі, ол-ғылымның шартты белгілері.
Ұғым біріне-бірі қарама-қарсы әрі біріне-бірі байланысты екі мән: көлем мен мазмұннан тұрады. Көлем ұғымның сандық жағын көрсетеді. Көлем мен мазмұн ұғымның логикалық сипатын да көрсетеді. Білімнің дамуына сәйкес оның көлемі кеңейіп, мазмұны тереңдей түседі, басқа ұғымдарға сәйкес өзгеріп отырады. Ұғымның құрылысы оның белгілеріне байланысты.
Химиялық ұғымдарды жүйелеп жіктеу
Көптеген химиялық ұғымдарды бір-бірінен шатастырып алмау үшін оларды жүйелеу-жіктеудің маңызы өте зор. Дегенмен нақтылап айтсақ осы уақытқа дейін химиялық ұғымдарды жүйелеп-жіктеуде бірыңғай әмбебаптық жоқ. Химиядан сабақ беру кезінде жалпы логикалық және дидактикалық ұғымдар жүйесі кеңірек қолданылады. Олар берілетін химиялық білімнің салаларын негіздейді.
Сонымен қатар заттардың құрамын білуге мына ұғымдар көмектеседі: “грамм-атом, грамм-молекула, атомдық масса, валенттілік, ион, протон, нейтрон, электрон, ядро”.
Заттың құрылысын, негізгі қасиеттерін білуге химиядағы теориялық ұғымдар да заңдарға үлкен ықпал етеді: ерітінділер теориясы, электролиттік диссоциациялау теориясы, құрам тұрақтылық заңы, массаның сақталу заңы, атомдар мен молекулалардың құрылыс теориясы, элементтердің периодтық заңы, тағы басқа заңдар мен теориялар.