Химия курсының мазмұны
Химиялық білімнің мазмұнын анықтау -өсіп келе жатқан ұрпақты неге үйрету, сондай-ақ оқыту мақсатын анықтау мәселелерін шешу деген сөз. Осыған орай, мектепте қайда, қашан, кімді және не үшін оқытады деген сұрақтараға жауап берілуіне қарай оқытудың мазмұны туралы мәселе әрқилы шешіледі. Мектепте химия курсы негізгі екі білім жүйесінен құралады, олар: зат жөніндегі және химиялық реакциялар жөніндегі білім жүйелері. Ол бейорганикалық, органикалық химияда оқу материалын ашатын басты идея ретінде берілген. Оқу материалдарын іріктеуде танымдық және тәжірибелік мәні бар тақырыптар негізге алынады. Осы белгілерге сәйкес оқу материалына мыналар жатады:
- Танымдық үлкен мәні бар материалдар, олардың негізінде ұғымдар жүйесі қалыптасады, теорияларды меңгеруге нақты негіздер қолданылады. (мысалы, сутек, оттек, су кейбір металдар мен бейметалдар, типтік оксидтер, қышқылдар және тұздар)
- Практикалық мәні бар тақырыптар (минералды тыңайтқыштар, ионидтер, синтетикалық кір ашатын заттар, сабын).
- Тірі және өлі табиғат негіздерін құрайтын басты элементтер, заттар, қосылыстар (кремний, кальций, олардың қосылыстары, майлар, ақуыздар, көмірсулар).
- Кейбір технологиялық үрдістер мен химия өндірісі жөнінде мәліметтер беретін тақырыптар енгізілген (аммиак, күкірт және азот қышқылын өндіру, этилен, альдегидтер өндіру).
- Қазіргі ғылым мен өндірістің жетістіктерін көрсететін материалдар (Мысалы, катализатор, синтетикалық каучук, синтетикалық амин қышқылдары, жасанды талшықтар, пластмассалар, жасанды алмаз).
Оқытудың мазмұны оқушылардың қызметіне сәйкес химия пәнінің негіздерін меңгеруге қажетті іскерліктерді біріне-бірі байланысты бірнеше топтарға бөлінеді:
- Пәндік ұйымдастырушылық: сынақ-тәжірибелерді жоспарлайтын іскерліктер, есептер шығару жолдарын белгілейтін ізденістер, оқулықпен, әдебиеттермен өзіндік жұмыстар, кабинеттегі жұмыс орындарын даярлау, тәжірибенің қауіптілігін жою.
- Мазмұнды интеллектуалды іскерліктер: теориялық білімді пайдалану, танымдық әдістерді меңгеру, пәндік және пәнаралық байланыстарды тағайындау.
- Хабарламалы коммуникативтік химиялық тектестіктерді оқу арқылы, оқу хабарларын тыңдау кезінде анықтамалармен жұмыс істеу, білімді жинақтау. Кесте, химиялық сызбанұсқаларды, аудиовизуалдық құралдарды пайдалану, химия ғылымының тілдік қатынас жасай алуы, сөздік хабарды номенклатура, термин, белгілер бойынша өрнектей білу.
- Сарамандық жұмыстарды, зертханалық тәжірибелерді орындай білу, приборларды құрастыру, сынақ-тәжірибе мен теориялық дәлелдемелерді орындау, графиктер сыза білу.
- Есептеу іскерліктер: химиялық сандық есептерді шығара білу, өндірістік есептерді орындай білу.
- Бағлай білу іскерлігі: танымдық әдіс бойынша алға қойған мақсатқа жету, өз білімін, жауабын дәлелдеу, теориялық материалдарды қорытындылау, жинақтап шолу, жүйелеу.
Химия курсының мазмұнын таңдауға және оқытуға қойылатын дидактикалық талаптар
Химия курсының мазмұны химия ғылымының қолы жеткен табыстарын дидактикалық талдау арқылы мына негіздерге сай анықталады және оқытылады: ғылымилығы, жүйелілігі, түсініктілігі, саналылығы мен белсенділігі, көрнекілігі, теорияның сарамандылыққа байланыстылығы.
Ғылымилығы: Орта мектептегі химияның негізіне ғылымда толық шешімін тапқан деректер мен көз-қарастар кіреді. Олар ғылымдағы мәліметтерге толық сәйкес келіп, заттар мен құбылыстар туралы ақиқатты бұрмаламай жеткізуі тиіс.
Жүйелілігі: Оқу материалы ғылымының логикасына сәйкес бірінен бірі туындайтын ретпен орналастырылады. Жаңа материал өтілгенді ескеріп беріледі де, өзі соңындағыларға негіз болады. Жүйелік негізі, әсіресе, химияның негізгі ұғымдарын қалыптастырғанда ескеріледі.
Түсініктілігі: Бұл ғылыми негізге –кереғар, жүйелікке тура қатысты болады. Оқу материалының түсінікті болуы көлеміне және ғылыми деңгейіне байланысты, сондықтан кейбір ғылыми ақпарды оңайлатып беруге тура келеді.
Саналылық және белсенділік негізі: Оқыту барысында мұғалім мен оқушы еңбегінің ара салмағын оқушылар жағына ауыстырып, олардың пәнге қызығуын және білім алудағы белсенділігін арттыру. Ол үшін білімнің қажеттігі мен пайдасына оқушылардың көздерін жеткізіп, өздігінен жұмыс істей білуге үйрету керек.
Көрнекілік принципі: Дидактиканың ертеден қалыптасқан түпкілікті негіздерінің бірі, химияны оқытуда маңызды орын алады. Оқушыларды білімді заттар мен химиялық әрекеттерді тікелей қабылдау арқылы алуы тиіс.
Теорияның сарамандыққа байланыстылығы: Бұл оқушылардың ғылым негіздерінен алған білімін өмірмен, қоғамдық құрылыс сарамандығымен ұштастыру арқылы жүзеге асады, политехникалық білім беру мәселелерін қамтиды. Реті келген жағдайда химия ғылымында ашылған жаңалықтардың өндіріске енгізілуін, ал химия өнеркәсібі қажеттілігінің ғылым дамуына түрткі болғанын нақты мысалдармен түсіндіріп отырған жөн.
Сондықтан осы принципті жүзеге асыру үшін оқушылар химиядан алған теориялық білімін сарамандық таным есептерін шығаруға қолдана білуі тиіс. Бұл есептер өмірде, табиғатта, зертханаларда және өндірісте жиі кездесетін құбылыстарға негізделіп қарастырылады.