XVIII ғасырдың аяғында-ақ органикамен шұғылданушы химиктер заттарды қоспалардан бөліп алып, жеке-дара етіп тазалап шығарудың көптеген тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, сонымен бірге алынған заттың тазалық дәрежесін де анықтай алатын болды.
Осы күндері органикада пайдаланылып жүрген заттарды бөліп алу әдістері: айдау, су және құм ванналарын қолдану; буландыру, сүзіп алу, кристалға түсіру, қатыру, тұндырып қалқып алу және т. б. алхимиктер заманынан бері белгілі.
XX ғасырдың кейінгі елу жылында бұл әдістер басқа жетілдірілген әдіс- тәсілдермен алмастырылды. Мәселен, бір ғана айдаудың бұл күндері бірнеше түрі бар (вакуумды, жоғарғы вакуумды және молекулалық).
Алайда, бүгінде ертеден келе жатқан, заттарды тазалау жолдары мүлдем қолданылмайды деген ұғым тумайды. Осы күнгі колданылып жүрген әдістер — бұрыннан келе жатқан әдіс-тәсілдердің ғылымның, техниканың осы күнгі дәрежесіне жауап бере алатын жетілдірілген түрі. Соларға жеке тоқталып өтейік.
Сүзіп алу (фильтрлеу). Бұл әдіс қатты заттарды сұйықтардан бөліп алуда қолданылады. Сүзіп алу әдісінің екі түрі бар;
а) қалыпты жағдайда сүзу
ә) қысымды азайтып сүзіп алу. Сүзгіш ретінде көп жағдайда сүзгі қағаздары қолданылады.
Айдау қайнау температуралары әртүрлі болып келетін заттарды бір-бірінен ажыратып алуда қолданылады. Қыздырғанда заттар буға айналады да одан арғы жерде ерекше суытқыштарда сұйық конденсатқа айналып жиналып алынады. Айта кететін бір жағдай таза зат буға айналып, конденсацияланып ағып жиналып жатканда температура бір деңгейде тұрақтап тұрады.
Айдаудың екі түрі бар: а) карапайым айдау және ә) фракциялық (бөлшектеп) айдау.
Қарапайым айдаудың кезінде қайнап ағып өткен заттың барлығын бір ғана ыдысқа жинап алады, ал фракциялық ажыратып алғанда, әртүрлі температураларда қайнап ағып өтетін заттарды әртүрлі ыдыстарға (фракцияларға) жинап алады.
Айдау арқылы бөліп алуды жүргізу жағдайларына қарай мынадай үш түрге бөлуге болады:
а) Атмосфералық қысымда айдау;
ә) вакуумда айдау;
б) су буының көмегімен қыздырып, ағызып алу.
Қарапайым айдауды бір-бірінен қайнау температуралары күрт өзгерістерімен ерекшелінетін сұйық заттарды тазалап алуда қолданады. Ал фракциялап ажыратуды бір-біріне қайнау температуралары аса жақын сұйықтарды тазалап, бөліп алғанда пайдаланады
Бөлшектеп айдау, қайнау температуралары бір-бірінен 50—80°С аралығында ажырайтын сұйық заттардың қоспасынан заттарды жекелеп тазартып алуда қолданылады.
Егер сұйық заттардың қоспасында шайыр көп болатын болса, онда бұндай заттарды жекелеп тазалап алу үшін су буының көмегімен қыздырып бөліп алу әдісі қолданылады. Қызған судың буы қоспа арқылы өткенде органикалық затты шайырдан бөліп өзімен бірге буландырып алып шығады. Бұл әдісті қайнау температуралары 100°С-тан аспайтын зат-тарды шайырдан бөліп алу үшін жүргізеді .