Үкiметаралық келiсiмдердiң қорытынды құжаттары келiсiм үстелiнде отырған екi жақ құжаттың әрбiр сөйлемiн, әр абзацын әбден талқылап, қабылдаған соң ғана дайын болады. Мұндай құжаттардың ең кең тараған түрлерi – коммюнике, бiрлескен мәлiмдеме, декларация.
Коммюнике (бiрлескен мәлiмдеме, декларация) – халықаралық келiсiмнiң өткендiгiн хабарлайтын ресми құжат. Ол ресми тiлде, өте қысқа жазылады. Кей жағдайда ғана келiсiм қорытындысын кеңiрек жазу мақсатында коммюнике (бiрлескен мәлiмдеме, декларация) сәл ұзақтау жазылады. Қалай болғанда да, коммюнике (бiрлескен мәлiмдеме, декларация) ең маңызды деген жайттарды ғана хабарлайтын қысқа құжат болуы тиiс.
Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн мемлекетаралық қарым-қатынастарда бұл құжаттар кеңiнен тарай бастады. Яғни бұл осы кезге дейiн жартылай құпия жүргiзiлiп келген дипломатия қамалын бұзды. Өйткенi ХIХ ғасырдың бас кезiнде екi жақ ешкiмнiң қатысуынсыз бетпе-бет екеуара кездесiп қана сөйлесетiн. Хаттама түзiлмейтiн. Мерзiмдi басылымдарда коммюнике (бiрлескен мәлiмдеме, декларация) жарияланбайтын. Бүгiнде кез-келген ресми келiсiмнен соң мiндеттi түрде үкiметаралық қорытынды құжаттар қабылданатын болды. Осылайша әлем ақпараты келiсiм нәтижелерiмен бiр сәтте құлағдар болу мүмкiндiгiн алып отыр.
Әлемдiк дипломатия тәжiрибесiнде “Рим мұндай масқараны ешқашан көрген емес!” деген қанатты сөз бар. Бұл қайдан шыққан фраза? Оның мәнi мынада: фразаны келiсiмнен соң залдан шығып бара жатқан бiр адам айтқан екен. Себебiн сұрағанда, ол: “Келiсiм бiттi, ал коммюнике қайда?” деп жауап берiптi. Келiсiмдi ұйымдастырушылар өз қателiктерiн мойындап, санаулы минөттерден соң коммюникенi әзiр еткен екен деседi.
Дипломатиялық қызметте мемлекет басшыларының бiрлескен баспасөз конференцияларын өткiзу де тәжiрибеге енiп келедi. Бiрлескен құжат қабылданса да, қабылданбаса да, келiсiм қорытындысын жария етудiң бұл ең бiр тиiмдi үлгiсi болып отыр. Бүгiнде ол дүниежүзiнде демократиялық басқосулардың бiрiне айналуда.
Әсiресе, мұндай басқосуларда мәслихатқа қатысушыларға көп ауыртпалық түседi. Өйткенi жүздеген бейнекамералар алдында елшiлер өздерiнiң ұстамдылықтарын байқатып, түрлi сауалдарға асқан бiлiктiлiкпен жауап беруге тура келедi.
Қазiр келiсiм үстiнде келiссөз аяқталмай-ақ, оның қорытынды құжаттары қабылданбай-ақ мерзiмдi басылымдарға қысқа хабарлар беру дәстүрге айналып келедi.
Коммюнике (бiрлескен мәлiмдеме, декларация) тек жағымды жағдайда қос тарапты және көп тарапты болып жазыла бередi. Бiр жағынан ол ²трафареттi құжатқа² да ұқсас. Олай дейтiнiмiз стилi жаттанды ресми сипатта жазылып жатады.
Коммюникенiң (бiрлескен мәлiмдеменiң, декларацияның) әдеттегi үлгiсi төмендегiдей болады: алдымен келiсiм жөнiндегi нақты фактiлер, оның ұзақтығы хабарланады; одан соң кездесу маңызы мен оған қатысушылар туралы қысқа мәлiметтер берiледi; әрi қарай келiссөздiң жалпы сипаттамасы баяндалып, қаралған мәселелер тiзбеленедi; қорытынды бөлiгiнде келiсiм нәтижелерi айтылады; ең соңында осы келiсiмнiң қаншалықты дәрежеде маңызының болғандығы түйiнделедi.
Коммюнике (бiрлескен мәлiмдеме, декларация) қабылдау уақыт жағынан шектеулi, ол келiсiм бiтiсiмен әзiр болуы тиiс.
Жалпы, ел мен ел ресми байланысқа түскен шақта екi ортада Мемлекеттiк хаттама деген қағаз жүредi. Ресми кездесудiң бәрiнде алдын-ала екi жақтың дипломатиялық қызметкерлерi келiскен Мемлекеттiк хаттама қатаң сақталады. Рәсiмнiң бәрi мүлтiксiз орындалады. Қалай күтiп алу, қалай жайғастыру, қалай қабылдау және қалай шығарып салу – соның бәрi таразыланбаса болмайды. Елдiгiмiз соған қарап сараланады.