Дипломатия қызметi тарихының баспасөзде жазылуы

Дипломатия өз бастауын адамзат өркениетiнiң таңы ата бастаған ғасырлар қойнауынан алады. Көркем де айшықты сөз бедерiмен бейнеленген ұлы Гомер поэмасындағы дипломатиялық миссия адамзатты әлi күнге дейiн өзiнiң иланымдылығымен таңдандырып келедi. Троян соғысын болдырмауға қатысты әртүрлi тәсiлдердi қолданып баққан Одиссей не Менелайдың дипломатиялық қабiлеттерi мен таланттарына сүйсiнбеуге болмайды. Ал, бұл оқиға осыдан отыз ғасыр бұрын өткен ғой!

Ежелгi орыс дипломатиясының бастауы христиандықты қабылдаудың бастапқы кезеңiне, Киев Русiнде князь Святославтың халықаралық iс-қызметi үстемдiк құрған тұсқа сәйкес келсе, қазақ дипломатиясының бастауы хандық дәуiрге барып тiреледi. Орыс дипломатиясының ең алғашқы iрi халықаралық деңгейдегi құжаты сол кездегi халықаралық-құқықтық нормаларды қатаң сақтай отырып Киев Русi мен ұлы Бұлғария арасында қол қойылған бейбiтшiлiк жөнiндегi Келiсiм-шарт-тын. Ескеретiн бiр жайт – ежелгi дипломатиялық трактаттың поэтикалық ой-толғамдардың нысанына айналғандығы. 80-жылдардың аяқ шенiнде татар ақыны Ренат Харис Киев Русi мен ұлы Бұлғария арасында қол қойылған бейбiтшiлiк жөнiндегi Келiсiм-шарттың 1000 жылдығына арнап поэма жазды. Онда қазiргi күнгi Ресейдегi ең iрi екi этнос – орыс пен татар халықтарының арғы ата-бабалары арасындағы iскерлiк байланыстардың ежелгi дәстүрлерi жыр арқауына айналған.

Қазақ дипломатиясының жаңа шежiресiнiң негiздерi, Қазақ елiнiң қоғамдық-саяси өмiрiндегi басқа да көптеген iрi құбылыстар тәрiздi µлы Петр реформасы кезеңiнде қаланды. Сол кездегi дипломатияның практикалық тетiктерi мен дәстүрлерiне сипаттама беру үшiн ХVIII ғасырда өмiр сүрген орыс дипломаты және жазушы П.А.Левашовтың шығармаларынан мына бiр үзiндiнi келтiруге болады:

“Елшiнiң өзiне жетерлiктей әжептеуiр мол қаржысы болуы керек, онсыз ол өз лауазымына сай келетiн киiм-кешек кию мен дастархан үстiне қажеттi сән-салтанатты қамтамасыз ете алмайды. Ауқатты болмаса өз қажетiне жарататын шығынның бiраз бөлiгiн басқа мақсаттарға мемлекет басшысы бөлген ақшадан жұмсауға мәжбүр болады. Бұған қоса жарлы адам қайсыбiр әдiлетсiз әрекетке жол беруi мүмкiн деп секемденедi де. Сараң әрi қолы қысқа, жақсылық жасауға дәрменi жоқ елшi басқалар алдында ешқашан беделге ие бола алмайды…

Елшi өз хаттарында базбiр iс туралы ой-пiкiрiн бiлдiргенде өз тұжырымының нендей себептерге негiзделгендiгiн дәйектеп көрсетуi тиiс. Осы iс төңiрегiнде жетiстiкке жетем десе, ол өзiнiң қолға алғалы отырған әрекетi мен ненi барлап жүргендiгi, неден үмiттенетiндiгi, қам-қаракетi не үшiн жасалып жатқандығы тәрiздi сауалдардың бәрi бойынша ерекше құпия жазбалар жүргiзiп отыруы қажет. Хабар берудiң ең сенiмдi әдiсi – маңызды деректердi берген адамның есiмiн жасырып қалуға мүмкiндiк беретiн және құпияның әшкереленуiне тосқауыл қоятын цифрлық әлiпби…

Мемлекет басшысына өзiне жiберiлген елшiнi оған әдiл шпион жiберiлгенiн, сол себептi оған әдеттегi iс-әрекеттердi қолдануға болмайтындығын ескеру қажет. Елшiнiң бар мүмкiндiктi пайдаланып, мемлекет басшысы мен оның министрлерiнiң кейбiр ойларын әйел арқылы бiлiп алуға күш салуын кiналауға болмайды. Өйткенi, әдетте, өз көргендерi мен естiгендерi жөнiндегi нағыз шындықты айтатындар нақ осы әйелдер…

Елшi әйелдерiнiң лауазымы жөнiнде нақты шешiм жоқ болғанымен, өз ерлерiнiң артықшылығы мен қадiр-қасиетiне қатысы барлығы себептi олардың да лауазым мен қызметке қатыстары болуы тиiс. Елшiлiк қызметтi атқару кезiнде туған балалар сол елдiң не елшiнi жiберген аймақтың тумалары деп есептеледi, сондықтан оларға азаматтық алу грамотасына мұқтаждық жоқ”…

Халықаралық қатынастарда басты рөл атқаратын және халықаралық қауiпсiздiкке, бейбiтшiлiкке аса жауапты мемлекеттердi белгiлеу үшiн қабылданған “ұлы державалар” деген термин бар. Халықаралық тәжiрибеде ертеден µлы державалардың рөлi ерекше деп мойындалады. Мәселен, 1814-1815 ж. Вена конгресi бес µлы державаның бар екендiгiн жариялады: Ресей, Пруссия, Австрия, Англия және Франция. ХIХ ғ аяғы – ХХ ғ басында басқа мемлекеттердiң рөлi күшейе бастады. 1898 жылы испан-американ соғысынан кейiн АҚШ, ХIХ ғ аяғында Италия, 1905 жылы орыс-жапон соғысынан кейiн Жапония µлы державалар деп мойындалды. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Австро-Венгрия өз ұлы державалықтарынан айырылды. 1945 жылғы Сан-Франциско конференциясынан берi µлы державалар деп мыналар саналады: КСРО, АҚШ, Қытай, Франция және µлыбритания.

Кеңес кезенiндегi дипломатия тарихына келсек, ол жөнiнде ауқымды монография мен мақалалар саны жеткiлiктi. Сонымен қатар 80-жылдардың орта кезiне дейiн КСРО-ның Сыртқы iстер министрлiгi мен оның шетелдегi мекемелерiн көпшiлiк “алынбайтын қамал” ретiнде қабылдайтын. Қазiргi күнi баспасөзде Қазақстанның дипломатиялық қызметiнiң қам-қаракетi мен мемлекетiмiздiң сыртқы саясатта ұстап отырған бағытына байланысты мәселелер ашық түрде талқыланып, пiкiрталас жүрiп жатыр.

Қазiргi кездегi халықаралық қатынастардың тағы бiр қыры жөнiнде айтар болсақ, бүгiнде дипломатия мiндеттерi төтенше қиындай түскен заман туды. Өйткенi ол жаңа, бұрындары өз құзырына бағынбайтын, мәселенi әскери қарусыздандыру, экология, космос, теңiздер мен мұхиттар тәрiздi кең көлемдегi халықаралық-құқықтық реттеуге мұқтаж салаларға тез кiрiп, араласа бастады.

Ресми дипломатияның өз iс-қызметiнiң тетiктерiнде де айтарлықтай өзгерiстер жүрiп жатыр. Онда экономикалық ынтымақтастық пен халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi дамытуға бағытталған көпқырлы дипломатияға басым мән берiлген. Дипломатия тарихшылар мен саясаттанушыларға ғана емес, сонымен бiрге социологтар мен психологтарға және мемуарлар мен естелiктер жазатын журналистерге ықпал ететiн нысанға айналды.

Журналистер мен публицистер қайткенде де дипломатияның iшкi құпиясына енiп, қайсыбiр өткiр қойылып отырған оқиғаларға қатысты дипломаттардың пiкiрiн бiлуге әрекет етудi, яғни, “позициялық ой-түйiстiң арғы жағына” көз жiберуге ұмтылуда. Рас, олардың бұл әрекеттерi көп жағдайда iске аса бермейдi, өйткенi, әзiрше, тiптi, ашық дипломатия өздерiнiң “жабық аймақтарының” көмегiне сүйенбей тұра алмайды. Қазiргi уақытта дипломаттардың өздерiне қойылатын талаптар өзгеруде. ХХ ғасырдың 30-жылдарында көрнектi ағылшын дипломаты Г.Николсон: “… Нағыз дипломат тiлдердi жақсы бiлiп, талғамы жоғары, қонақжай, сабырлы, ешнәрсеге селт етпейтiн салмақты болуы тиiс”, “… өз үкiметiнiң мәдениетсiздiгiне қатысты төзiмдiлiк танытуы керек”, — деген едi. Классикалық дипломатияның бұл талаптары, сөз жоқ, өз күшiнде қалғанымен, қазiргi күнi мұның бәрi жеткiлiксiз. Рас, қазiргi күнi де шетел тiлiн бiлмейтiн, кәсiби дайындығы жоқ елшiлер мен мәмiлегершiлердi кездестiруге болады.

Қазiргi күнгi дипломат ой-түйсiгi өткiр талдау жасауға бейiм, өзi барған елдiң ресми тұлғаларының мәлiмдемелерi мен пайымдауларына тез де қатесiз жауап беретiн шалт қимылды адам болуы тиiс. Ол табылған ақпараттарды жүйеге келтiрiп, одан дұрыс қорытынды шығара алуы керек. Өзi келген ел өмiрiнiң әртүрлi қырларын зерттей отырып, өз үкiметiне тек обьективтi ақпаратты ғана “берiп тұруға” мiндеттi. Бұл жерде әр мемлекеттiң практикалық мүддесiне бейтарап талдау жасау мен экономиканы, мәдениет пен тарихты жақсы бiлуден туындайтын реалистiк сезiмнен қол үзуге болмайды. Әлбетте, дипломатиялық қызметкер дипломатиялық тiлдi де бiлуi тиiс. Мұның астарында келiссөздiң қай тiлде жүргiзiлгендiгi емес, мемлекеттер арасында көпғасырлық дәстүр мен қатынас нәтижесiнде қалыптасқан, жалпылай қабылданған дипломатиялық сөздiктi құрайтын арнаулы терминдер мен фразалардың жиынтығы мағынасы жатыр.

Кез келген ел астанасында орналасқан қазiргi кездегi дипломатиялық корпус – ондаған елшiлiктер мен жүздеген дипломатиялық қызметкерлерден тұрады. Олар өз мемлекеттерiнiң алдарына қойған сыртқы саяси мiндеттердi орындауға тартылған. Қазiргi күнi бұлардың iс-қызмет тәртiбi мен шарттары 1961 жылғы дипломатиялық қарым-қатынас туралы Вена конвенциясының Ережелерiмен айқындалады. Бұл құжат дипломатиялық iс-қызметке жататын халықаралық құқықты мұқият бiр iзге түсiрген. Әрине, дипломатиялық қызметкерлер өздерi жұмыс атқарып отырған елдiң заңдары мен дәстүрлерiн қатаң сақтауға мiндеттi.

Әлемдiк қауымдастықтың қазiргi халықаралық қатынас жүйесiне жедел қарқынмен кiрген тәуелсiз Қазақстанның сыртқы саясат бағытының нысанасы Н.Назарбаевтың бiрнеше тiлде жарық көрген “Қазақстанның тәуелсiз мемлекет ретiнде қалыптасуы мен дамуы стратегиясы” атты ең алғашқы көлемдi мақалаларының бiрiнде белгiленiп берiлген. Қазақстанның сыртқы саясаты концепсиясының көптеген практикалық аспектiлерi Президенттiң әлемдiк қауымдастық көсемдерiмен өткiзген көптеген екi жақты кездесулерi барысында iрiктелiп алынған.

Қазақстан дипломаттарының iрi кеңауқымды және аймақтық мәселелердi шешуге “бiрден” араласуына тура келгендiгiнiң мәнi зор. Басқа да шетел дипломаттарынан айырмасы, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының қызметкерлерiне халықаралық iстерде ерекше қарқынды екпiнмен “өз жолымен” жүрiп, шын мәнiнде, бiр мезгiлде көптеген бағыттар бойынша деңгейлес шығуға тура келедi.

Жалпы, дипломатиялық қатынастар – халықаралық құқық ережелерiне және халықаралық қатынастар тәжiрибесiне сай, мемлекеттер арасындағы ресми қатынастарды ұстаудың негiзгi нысаны болып табылады.

1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес, мемлекеттер арасында дипломатиялық қатынастарды орнату өзара келiсiм бойынша жүзеге асырылады. Дипломатиялық қатынастар орнатуда бiрiншi қадам болып сол не өзге мемлекеттiң және оның үкiметiнiң басқа мемлекет жағынан де-фактосын немесе де-юресiн тану болып табылады. Дипломатиялық қатынастарды орнату қызығушы мемлекеттердiң тiкелей өкiлдерi арасында келiссөздер нәтижесiнде немесе үшiншi мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi арқылы жүзеге асады және мемлекеттер басшылары, үкiмет басшылары, сыртқы iстер министрлерi немесе арнайы өкiлеттi тұлғалар арасында жазбаша түрде үндеу хаттармен, жеделхаттармен, ноталармен алмасу арқылы жүзеге асады.

Бүгiнгi күнге Қазақстан әлемнiң 150-ге жуық мемлекеттерiмен дипломатиялық қатынас орнатып үлгердi. Олар мынадай хаттамалық тәртiптер арқылы жүзеге асқан:

  • екi ел Президенттерiнiң үндеу хаттары;
  • бiрлескен коммюнике, Меморандум;
  • Сыртқы iстер министрлерiнiң бiрлескен мәлiмдемелерi;
  • Дипломатиялық қатынастарды орнату жөнiндегi Хаттама;
  • ноталармен алмасу;
  • өкiлеттi өкiлдiктермен алмасу жөнiндегi Хаттама;
  • ынтымақтастық туралы келiсiм.