Жоспар:
1.Сөйлеу аппараттарының қызметі.
2.Активті және пассивті сөйлеу мүшелері.
3.Дауысты дыбыстар.
4.Дауыссыз дыбыстар.
Мақсаты: 1. артикуляция туралы түсінік беру.
2.дауысты және дауыссыз дыбыстардың акустикалық-артикуляциялық айырмашылықтары.
1.Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін , дыбыстау мүшелері мен олардың әрқайсысының қызметін жете білу қажет. Дыбыстау мүшелері мыналар : өкпе , тамақ, көмей , дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, таңдай, ерін т.б. Дыбыстау мүшелерінің жиынтығы сөйлеу аппараты деп аталады.
Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сыртқа шығуынан жасалады. Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды, ол үшін сөйлеу аппаратының қатысуы шарт. Анығырақ айтқанда, тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сөйлеу аппаратының қатысуы арқылы сыртқа шығуынан жасалады.Дыбыстау мүшелері ауа жүретін каналдың бойына орналасқан . Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан тамаққа , одан көмейге , көмейден жұтқыншақ қуысына келеді, одан әрі ауа не мұрын қуысы , не ауыз қуысы арқылы өтеді.
Дыбыстарды айтуда , әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл ерекше қызмет атқарады. Дауыс шымылдығы көмейде болады . Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да , үн шығады. Ал, егер дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сондықтан да үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының дірілінен пайда болады.
Көмейдің үстіңгі жағында жұтқыншақ қуысы болады. Ол ауыз қуысы және мұрын қуысымен жалғасып жатады. Дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы резонаторлық қызмет атқарады. Кейбір үнді дауыссыздар (м,н,ң) мұрын қуысы арқылы жасалады. Дыбыстардың басым көпшілігінің жасалуында , әсіресе , ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады.
2.Ауыз қуысындағы мүшелердің ішінде ең басты қызмет атқаратын мүше – тіл болады. Тілдің бірде ілгері , бірде кейін жылжуынан , бірде жоғары көтеріліп , бірде төмен түсуінен , сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немесе ұшының қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Мысалы, тілдің ұшы жоғарғы тіске тиюінен тіс (немесе денталь) дыбыстары ( т,д…) , ал тілдің артқы шенінің артқы таңдайға тиюнен немесе жуықтауынан тіл арты (қ,ғ,к,г) жасалады.
Тіл дыбыстарының артикулякциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі – ерін. Еріннің дауысты дыбыстардың (о,ө,у,ұ…) жасалуына да, дауыссыз дыбыстардың (м,п,б..) жасалуына да қатысы бар . Еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен еріндік дауыстылар (о,у,ө…) жасалса, екі еріннің өз ара жымдасуынан ерін дауыссыздары немесе билабиаль дыбыстар (м,б,п…) жасалады. Астыңғы еріннің үстіңгі тіске тиюінен немесе оған жуықтауынан лабиаль –денталь дыбыстар (ф,в) жасалады.
Сонымен, тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке дара болмай , бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланысты болады
3.Тілдердің барлығында да дыбыстарды дауыстылар және дауыссыздар деп екі топқа бөлу – ертеден келе жатқан дағды. Дыбыстарды дауыстылар және дауыссыздар деп топтастырудың тіл білімінде ұзақ тарихы болғанымен , бұлайша топтастыруға негіз болатын басты белгілер әлі де болса жете айқындалмай келеді. Бұл мәселе жайында жалпыға бірдей ортақ көзқарастың жоқтығы да осыдан болып отыр.
Әр түрлі тілдердегі дыбыстарды дауыстылар және дауыссыздар деп топтастыруға негіз болатын жалпылама ортақ белгі ретінде , әдетте, олардың буын құрау қызметі аталады. Буын құрау тұрғысынан алғанда , дауыстылар буын жасай алатын негізгі ұйтқы , басты тұлға ретінде , ал дауыссыздар өздігінен буын жасай алмайтын , дауыстылардың жетегіндегі көиекші элементтер ретінде ғана қаралады . Кейбір тілдерде , мысалы , готтентот тілінде және неміс тілінің кейбір диалектілерінде , дауысты дыбыстан соң келген сонар дыбыс өз алдына дербес буын құрай алады. Алайда , дауыссыздың дауысты дыбыспен тіркесінде , дауыссыздың буынға ұйтқы боларлықтай жғдайы бірде-бір тілде кездеспейді. Дауысты дыбыспен барабар сонар дыбыс дауысты дыбыспен тіркескенде дифтонг жасай алмайды да , дауыссыз дыбыс дыбыс қызметінде қалады.
Дауыстыларға тән акустикалық ерекшелік – оларда музыкальды тонның болуы. әрбір дауысты дыбыста ырғағы жағынан түрліше болып келетін тонның белгілі бір мөлшері болады.Бұлардың бәрінің жиынтығынан дауыстының әуені немесе сапасы жасалады. Дауыстылардағы тон жұтқыншақ үстіндегі қуыстың тоны болып табылады да , ол етене тон немесе дауыстының формантасы деп аталады.
Сөйлеу каналында екі резонатор пайда болады : оның біреуі ауыз қуысында , екіншісі жұтқыншақ қуысында болады. Бұлардың әрқайсысында өзіне тән тон бар және осылардың ұштасып келген тізбегі дауыстылардың әуенін немесе сапасын белгілеп айқындайды да, құлаққа естілу жағынан дауыстыларды , мысалы а дыбысын о дыбысынан ажыратады.
Дауыстылардың жасалуының анатомия-физиологиялық жалпы жағдайының ерекшелігі мынада: сөйлеу каналында салдыр тудырарлықтай елеулі кедергінің болмауы және ауа ағысының баяу өтуі . Ауа ағысының болуы дауыстылардың жасалуының қажетті және басты шарты болып саналады.
Дауыстылардың классификациясының екі түрі бар : оның бірі физиологиялық (немесе генетикалық) классификация , екіншісі – акустикалық классификация.
Қандай да бір тілде болсын , дауысты дыбыстарға қарағанда , дауыссыз дыбыстар көп . Дауыстылармен салыстырғанда , дауыссыздардың классификациясы әлдеқайда күрделі. Сондықтан дауыссыздарды сипаттап мінездеме беру және оларды топтастырып классификация жасау акустикалық жақтан да , артикулияциялық жақтан да көптеген жақтарды есепке алуды қажет етеді.
4.Дауыссыздардың кейбіреулері дауыстың қатысуымен жасалса , қайсыбіреулері дауыстың қатысуынсыз жасалады. Осыған орай , дауыссыздар екі топқа бөлінеді: оның бірі қатаң дауыссыздар , екіншісі – ұяң дауыссыздар.Қатаң дауыссыздар деп дауыстың қатысуынсыз жасалған дауыссыздарды айтамыз да , ұяң дауыссыздар деп дауыстың қатысуымен жасалған дауыссыздарды айтамыз.
Дауыссыздар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай ауыз жолды және мұрын жолды дауыссыздар болып екіге бөлінеді. Егер жұмсақ таңдай жоғары көтеріліп , жұтқыншақтан мұрын қуысына баратын кіре беріс жолды жауып тұрса , онда ауа ауыз қуысымен өтеді де , осының нәтижесінде ауыз жолды деп аталатын дауыссыздар (мысалы: б,д және т.б.) жасалады. Егер жұмсақ таңдай төмен түсіп , жұтқыншақтан мұрын қуысына баратын кіре беріс ашық болса , онда ауа мұрын қуысынан өтеді де , осының нәтижесінде мұрын жолды деп аталатын дауыссыздар жасалады (мысалы: м, н…).
Артикуляциялық жолына қарай салдыр дауыссыздар (қатаңдар мен ұяңдар) шұғыл дауыссыздар (взрывные) және ызың дауыссыздар (щелинные )болып екіге бөлінеді.
Шұғыл дауыссыздарды айтқанда , дыбыстау мүшелері бірі-біріне жабысады да, бірден кілт ажырасып кетеді, осының нәтижесінде ауа үзіліп , шұыл шығады. Шұғыл дауыссыздардың осы қасиеті ескеріліп , олар эксплозив дауыссыздар депте аталады. Шұғыл дауыссыздар мыналар: п,б,т,д,к,г,қ.
Ызың дауыссыздар дыбыстау мүшелерінің жымдасуынан емес , тек өзара жуысуынан , соның нәтижесінде , ауаның сүзіліп шығуынан жасалады. Ызың дауыссыздар кейде фрикатив дауыссыздар деп те аталады. Олар мыналар: в,ф,ғ,с,ш,х,з,ж,һ.