Вокалды – хор техникасы.

Мақсаты: Вокалды- хор техникасы деп хор ансамблінің ( түрлі дауыстардың) үйлесіп шығуын, дыбыс үндестігінің таза айтылуын (дикция) жене түрлі нюанстарын бере алатын дағдыларды үйрену.

Дирижерлерге хорды басқарып, шығарманың идеялық- көркемдік мазмұнын тындаушыларға дұрыс жеткізу үшін вокалды-хор техникасын қолдана білу керек.

Вокалды- хор техникасы деп хор ансамблінің ( түрлі дауыстардың) үйлесіп шығуын, дыбыс үндестігінің таза айтылуын (дикция) жене түрлі нюанстарын бере алатын дағдыларды айтады. Кейбір хор коллективтері вокалды-хор техникасын шыңдалмауынан күрделі шығармаларды орындауда төмен деңгей көрсетіп жүр. Репертуардағы шығармалар хордың орындаушылық шеберлігіне лайық іріктелген және өз мүмкіндігіне сәйкес болғаны жөн. Сондықтан, жоғарыдағы атап өткен кемшіліктердің болмауы үшін хорға қатысушы әрбір әнші дауыс құралын (аппаратын) жақсартуға, өз дауысын күтіп, баптауға көңіл бөлгені дұрыс. Жеке әншінің дауыс аппаратына суық тигізуі салдарынан дыбыстардың қырылдап таза шықпауы хордағы вокалдық жұмыстарды ауырлатады. Мұндай жағдайларда хор жетекшісі әншілерге қатаң талап қоя білуі керек, сонымен бірге олардың әнді мәдениетті, сауатты етіп орындауына кеңес беріп, үнемі көмектесіп отырғаны абзал. Әрбір әнші өзінің дауысын баптап, ән орындау техникасын дамытып, жетілдіріп отыруы үшін күнделікті үзбей жаттығу жасаудың мәні зор. Бұл ретте хор басқарушысы хорға қатысушыларға қажетті әртүрлі музыкалық жаттығуларды таңдай білуі керек. Себебі қатысушылардың шеберлігінің шындалуына вокалдық жаттығулардың тигізетін пайдасы өте зор. Әрбір жаттығудың өзіндік ерекшілігі мен мақсаты болады.

Жаттығу кезінде музыкалық дыбыстардың бірқалыпты шығуына,тыныстың дұрыс алынуына және жуан дауысты дыбыстардың еркін созылып, ал дауыссыз дыбыстардың анық, қысқа айтылып орындалуына үнемі мән беріп тырған жөн. Әрбір буындағы дауысты дыбыстың дұрыс айтылуын қадағалау керек. Дикцияны жаттықтыру үшін әр түрлі буындарды (ди, да, ри, ра, мо, му, т.б.) ақырын және жылдам айтқызу өте – мөте пайдалы. Интонацияның таза болуына ерекше көңіл аударған жөн.

Хор басқарушы бұларды, ең алдымен, қысқа, жеңіл әрі жай айтылатын жаттығулардан бастағаны дұрыс. Себебі, баяу, созып айту әншінің өзін бос ұстап, дауыстың еркін шығуына мүмкіндік жасайды. Жаттығуларды бірте-бірте күрделендіріп, әншілердің дауыс аппаратын бір жүйеге келтіру жағын да үнемі қадағалап отыру қажет. Осы айтылған нұсқауларға байланысты төменде мысал ретінде бірқатар вокалды-хор жаттығулары ұсынылып отыр. Әрбір жаттығулардың орындалу мақсатына қысқаша сипаттама берілген.