Галогендердің ашылу тарихынан

Жоспар:

  1. Фтордың ашылу тарихынан.
  2. Хлордың ашылу тарихынан.
  3. Бромның ашылу тарихынан.
  4. Иодтың ашылу тарихынан.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Негізгі және қосымша әдебиет

  1. Петров А.А., Бальян Х.В., Трощенко А.Т. Органикалық химия. М. ВШ., 1981ж.
  2. Грандберг И.И. Органическая химия. М.,1974г.
  3. Бірімжанов Б. Жалпы химия. Алматы: ҚазҰУ, 2001ж.
  4. Бірімжанов Б., Нұрахметов Н. Жалпы химия. Алматы: Ана тілі-1992ж.
  5. Ахметов Н.С. Общая и неорганическая химия. М.ВШ., 1988г.
  6. Усанович М.И. Из истории химии. Алматы: «Қазақ университеті»-2004ж
  7. Шоқыбаев Ж. Бейорганикалық және аналитикалық химия. Алматы: «Білім», 2003ж.

Лекция мәтіні:

  1. Фтордың ашылу тарихынан. Фторды бос күйінде алу, химиялық элементтерді алудағы қиыншылықтың ірісінің бірі болды. Өйткені фтор өте улы, әрі өте реакцияласқыш ыдыс-құралдың материалдарымен реакцияласады.

1886 жылы, Муассан еңбегінің нәтижесінде, фторды алудың әдісі табылды. Осы кезде фтор өнеркәсіптік көлемде сол әдіс негізінде алынады.

Бұл әдіс электролиз кезінде фтор ионын фтор атомына айналдыруға негізделген.

Барлық элементтердің ішінде химиктерге фтордай кеселін тигізген элемент болмас. Фторды алам деуші талай химиктердің денсаулығына зақым келді, біразы ажал тапты. Көп химиялық элементтерді ашқан атақты Дэви уланып мерзімінен бұрын қайтыс болды. Ирландия ғылым академиясының мүшесі Томас Нокс қаза болды, сол академияның тағы бір мүшесі Георг Нокс уланып мүгедек болды. Нансидағы белгілі химик Джерон Никлес көп азап шегіп, қайтыс болды. Белгияның химигі проф. П. Луйэ. Нокстардың не болғанын біле тұрса да, осы фтордан қаза болды. Белгілі ғалым Гей-Люссак, оның қызметтесі химик Тенар фтордан уланған болатын. Көп қиыншылықтардан кейін фторды жеңген Муассан да бір көзінен айырылған. Фтормен жұмыс істеу өте үлкен ұқыптылықты керек етеді, сәл салақтық болса фтор ең кемі адамның тісін күйретіп, тырнақтарына зақым келтіреді.

  1. Хлордың ашылу тарихынан. Карл Шееле 1774 жылы «марганецпен» «теңіз қышқылының» әрекеттесуін зерттей отырып сары түсті, тұншықтырғыш газ бөлініп шыққанын байқайды. Шееле флогистон теориясын жақтаушы болатын, сондықтан теңіз қышқылының флогистонын марганец алған екен деп ойлап, ол газды «флогистонсызданған теңіз қышқыл» деп атайды.

Соңынан бұл газды Бертолле (1780ж) зерттеп, оның судағы ерітіндісі тұз қышқылы мен оттегіні беретінін байқап, бұл газда оттек бар екен деп ойлайды да, оны «тотыққан тұз қышқылы» деп атайды. Россияда В.М. Севергин (1800ж) А.Н. Шерер (1807ж) Захаров (1810ж) тотыққан тұз қышқыл газ деп атаған. Сөйтіп, хлор оттекті қосылыс деген ұғым, әсіресе Берцелиустың қолдауымен, нық орнаған болатын.

Гей-Люссак пен Л.Ж. Тенар 1808-1809 жылдарда хлорсутекке натриймен әрекет еткенде сутектің бөлініп шыққанын байқайды, екінші жағынан солар сутекпен «тотыққан теңіз қышқылы» (хлор) қосылып, хлорсутек түзетінін тәжірибеден көреді: Олай болғанда «тотыққан теңіз қышқылы» жай зат деп қорытынды шығаруға батылы бармайды, өйткені ол жай зат болса, оның ішінде оттек болмайды; ол мүмкін емес деп ойлайды. 1810 жылы осылардың барлығына Дэви қарсы шығып, тотыққан теңіз қышқылы деп жүрген күрделі зат емес жай зат деп оған хлорин деген ат береді. Дэвидің пікіріне Бертоле (1811ж) соңынан Гей-Люссак пен Тенар (1812ж) қосылады. Гей-Люссак хлор деп ат береді. Берцелиус бастаған бір топ химик көніңкіремей жүріп, Дэви мен Гей-Люссактың қосымша тәжірибелерінде ол газда оттек жоқ екендігі дәлелденген соң, оларда қояды.

Россияда 1813 жылы Гизе тұзтуғызушы, 1820 жылдан бастап әсіресе Гесстің жұмыстарында (1835ж) хлор деп аталады. Швейгер 1811жылы хлордың натриймен тікелей қосылысқанын бақылағаннан кейін химияға гологен деген сөзді енгізеді.

Сөйтіп хлор 1774 жылы ашылғанымен 36 жыл кейін ғана толық мойындалды.

  1. Бромның ашылу тарихынан. 1825 жылы Гейдельберг университетінде (Германия) проф. Гмелиннің қарамағында Левиг деген студент ащы бұлақтың суын зерттейді, суға хлор жібергеде қоңыр түсті сұйықтық бөлініп шығатынын көреді, оны көбірек жинап содан кейін зертемек болады.

Бірақ бұл зерттеу бітпес бұрын 1826 жылы Францияда Балар бром деген жаңа элемент ашыпты деген хабар жарияланады. Гмелин мен Левигтің зерттейміз деп жинап қойған сұйықтығы жаңа ашылған бром екен.

Балар теңіз суын суалтып оған хлор жібереді, түзілген қоңыр түсті сұйықтықты айдап ажыратып алып, зерттеу арқылы жаңа элемент екеніне көзі жетіп, оны мурид деп атайды.

Франция академиясының дәстүрі бойынша сайланған комиссия-Вокелен, Тенар, Гей-Люссак-Балардың жаңа элемент ашқандығын дұрыстайды. Сол комиссияның ұсынысы бойынша оны бром (бромос-сасық) деп атайды.

Неміс химигі атақты Либих, Балардың бром ашқандығын естісімен лобораториясында көп уақыттан тұрған, үстіне «хлор мен иодтың қосылысы» деп жазып қойған сұйықты зерттесе ол бром екен. Либих уақытында жете тексермегеніне өкініп, соншалық үлкен ғылыми табыс қолында бола тұра, оның абыройы, атағы, бұрын ешкімге белгісіз Баларға бұйырғанына іші күйіп, ызаланып, ғалым адамның айтуына лайықсыз «бромды ашқан Балар емес, Баларды ашқан бром» деп ащы сөз айтыпты.

  1. Иодтың ашылу тарихынан. Өткен ғасырдың басында Наполеонның толып жатқан басқыншылық соғыстарына өте көп керекті «мылтық дәрісін» (порох) жасауға селитра қажет болды; Селитраны теңіз балдырларынан алуды көп кісі кәсіп қылды. Париждің түбіндегі аптека ұстаушы Куртуа селитра заводын салды. Селитра қайнататын қазанның түбінде бір белгісіз тұздарды зерттей келе, оның күкірт қышқылымен әрекеттесе күлгін түсті будың шыққанын байқайды, буды жинаса ол металл сияқты жылтыр кристалдарға айналады. Куртуа бұл затты таныс профессоры Клеманға, ол Гей-Люссакқа береді. Гей-Люссак оны қонаққа келген Дэвиға көрсетеді. Гей-Люссак пен Дэви мұның қасиетін зерттеп Кутуаның тапқаны жаңа элемент екенін анықтайды. Оны иод (грекше «йодос»-күлгін түс) деп атайды.