Химия ғылымы

Жоспар:

  1. Химия-жаратылысты зерттейтін ғылымдардың бірі
  2. Химия- заттар жайлы ғылым

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Негізгі және қосымша әдебие

  1. Петров А.А., Бальян Х.В., Трощенко А.Т. Органикалық химия. М. ВШ., 1981ж.
  2. Грандберг И.И. Органическая химия. М.,1974г.
  3. Бірімжанов Б. Жалпы химия. Алматы: ҚазҰУ, 2001ж.
  4. Бірімжанов Б., Нұрахметов Н. Жалпы химия. Алматы: Ана тілі-1992ж.
  5. Ахметов Н.С. Общая и неорганическая химия. М.ВШ., 1988г.
  6. Усанович М.И. Из истории химии. Алматы: «Қазақ университеті»-2004ж
  7. Шоқыбаев Ж. Бейорганикалық және аналитикалық химия. Алматы: «Білім», 2003ж.

Лекция мәтіні:

Химия- жаратылысты зерттейтін ғылымдардың бірі.

Жаратылыс дегеніміз- бізді айнала қоршаған материялық дүние. Бұл материялық дүние адам баласының сана-сезімінен тыс, оған тәуелсіз, өз бетімен жасап тұрған объективті болмыс, «… материя дейтініміз, ол біздің сезім мүшелерімізге әсер ету арқылы түйсік туғызушы; материя дейтініміз бізге түйсік арқылы берілітін объективтік болмыс».

Химия материя қозғалысының химиялық түрін зерттейді, яғни зат негізінен өзгеріп, бір заттан екінші жаңа зат түзілуіне байланысты туатын материя қозғалысының түрін зерттейді. Материя қозғалысының химиялық түрін-химиялық өзгеру процесін-көбінесе химиялық реакция дейді. Реакцияласушы және реакция нәтижесінде түзілетін заттардың санына және сапасына қарай химиялық реакциялардың төрт түрі болады.

Химия-заттардың бір-біріне айналып өзгеруін зерттейтін ғылым. Химия-заттардың құрамын, құрылысын, қасиеттерін, химиялық өзгерістерін, өзгеріс жағдайын, әрі өзгерістермен қабат болатын құбылыстарды зерттейтін ғылым.

Химиялық зерттеу әдістерінің бірі-бақылау, бірақ ол заттарды және түрлі құбылыстарды үстіртін бақылау және сипаттап жазумен қанағаттанбайды, сол құбылысты терең түсіндіруді мақсат етеді. Құбылысты түсіндіру үшін оның мазмұнына терең бойлап, ол құбылыстарды тауып, оның болу жағдайын анықтайды.

Міне, осы үшін жаратылыстың түрлі құбылыстарын, процестерін, қолдан жасалған жағдайда зерттейді, оны тәжірибе не эксперимент деп атайды.

Химик бір құбылысты не процесті зерттеп отырғанда, келген ойының, жорамалының дұрыс екенін білу үшін тәжірибе қойып шешеді. Ондай жорамалды гипотеза деп атайды.

Егер тәжірибе жүзінде гипотезаның дұрыстығы анықталса, ол тек бір құбылыс емес, жаңа құбылыстарды түсінуге жол ашатын болса, онан шығатын қорытындылар амқиқат шындыққа дәл келіп жатса, онда гипотеза теорияға айналады.

Сонымен, химия ғылымы алдына қойған міндеттерді шешуде бақылау, гипотеза. Тәжірибені негізгі зерттеу әдістері ретінде пайдаланып; олардың нәтижесінде анықталған мәліметтерді түсіндіру үшін теорияларды басшылыққа алады.

Күнделікті өмірде біз отынның жануын, металдардың тоттануын, судың булануын, қатуын, органикалық заттардың жерді құнарлататынын байқап жүрміз. Осыларды құбылыстар деп атайды. Табиғатта екі түрлі құбылыс жүреді. Егер құбылыс нәтижесінде заттың пішіні, агрегаттық күйі ғана өзгеретін болса, ол физикалық құбылыс. Құбылыс кезінде заттың құрамы өзгеріп бір заттан басқа зат түзілсе- онда химиялық құбылыс болғаны. Мысалы, судың буға айналуы, металдың балқуы физикалық құбылыс. Ал темірдің тоттануы, найзағай кезінде азоттан азот оксидінің түзілуі химиялық құбылысқа жатады. Өйткені су буға айналған кезде оның құрамы өзгермейді, жаңа зат түзілмейді, ал темір тоттанғанда қатты жылтыр металдар борпылдақ оксидке айналып жаңа зат түзіледі.

Бір заттың басқа затқа айналуы арқылы болатын барлық құбылыстарды химиялық деп есептейді де, заттың осы химиялық өзгеру процесін химиялық реакция деп атайды. Барлық химиялық реакциялар жылу қабылдап не бөле жүреді.

Сонымен химия- заттар жайлы, олардың өзгеруі кезіндегі құбылыстар және олардың қасиеттері, құрамы, құрылысы жайлы ғылым.

Химиялық құбылыстар ылғи табиғатта жүріп отырады. Өсімдік, жануар организімінде жүріп жатқан биологиялық процестердің негізі химиялық реакциялар. Мәселен, жасыл жапырақта күн сәулесі әсерінен көмірқышқыл газы мен судан углеводтар түзіледі. Мал және адам организмі қоректік заттардың химиялық ыдырауының, тотығуының нәтижесінде өмір сүре алады. Өсімдік және жануар организмінде қазіргі кезде 70-ке жуық химиялық элемент бар екендігі табылған. Олардың ролі әр түрлі. Сондықтан өсімдік пен мал организміндерін химиялық жолмен зерттейді.

Химия көптеген биологиялық ғылымдардың теориялық негізі. Соған орай мал мамандарын дайындауда химияның алатын орны өзгеше. Химияны жете меңгеру мал шаруашылығын жүргізуге қажет арнайы пәндерді де жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, огрономия, физиология, микробиология, өсімдік қорғау, малды қорғау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қоршаған ортаны қорғай білу пәндері химиямен тығыз байланысты.