12 жылдық мектеп оқулығын жазу және оның сапасын анықтау үшін оқулық мониторингі жүйесін жасау өзінше жеке, көлемді, әрі аса маңызды ғылыми проблема болып табылады. Кезінде, “Мектеп” баспасы жанынан оқулық авторлары мектебі ашылған болатын. Кейіннен оның жұмысы саябырсып қалды. Қазір, қайтадан, министрліктің қолдауымен және қаржы бөлуімен, оқулық авторлары мектебін ашу қажет және оқулық сапасы мониторингі жүйесін жасау керек.
12 жылдық мектеп ұстаздарын дайындау, ол да өз алдына аса күрделі ғылыми проблема. Бірде бір оқу орны бұл жұмысқа әлі жүйелі кіріскен жоқ. Концепция да жазылған жоқ. Шындығына келер болсақ, 12 жылдық мектеп талабына сай мұғалім дайындау аса күрделі жұмыс. Себебі, оларға 11 жылдық мектеп мұғалімдеріне қарағанда көптеген жаңа талаптар қойылады. Бұл педагогикалық оқу орындарының білім мазмұны көптеген өзгерістерге ұшырайды деген сөз.
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тұсында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы тұрғысында көп мәселелер қарастырылуы қалыпты жағдай. Өйткені, Ы.Алтынсариннің «Мұғалім-мектептің жүрегі»,-деп айтқанындай, барлық күш мұғалімге түспек.Мұғалімнің шығармашылық жұмысында кәсіптік- шығармашылық дамуы жөнінде В.А.Афанасьева, Н.Д.Хмель, Ш.Т.Таубаева, А.А.Бейсенбаева, М.Ә.Құдайқұлов, А.К.Ахметов және т.б. ғалымдар педагогикалық кәсіби шеберлікті шындау жөнінде көптеген еңбектер жазды.
А.К.Марковтың пікірі бойынша мұғалімнің кәсіптік зерттеушілік позициясы өз кәсібін шығармашылық деңгейде жетік меңгерген кезде ғана айқындала түседі. Жалпы кәсіптік жұмыста мұғалім үшін зерттеушілік іскерліктер мен дағдыларды меңгеру маңызды орын алады. Ол кез келген әдіс- тәсілді оқу- тәрбие процесінде кәсіби тұрғыдан жүзеге асырумен қатар әрбір оқушыны, оның құрдастарымен, ата- анасымен қарым- қатынасын анықтап отыру, мұғалімнің педагогикалық- психологиялық тұрғыдан білімнің зеректігін көрсетеді.
Тыңғылықты педагогикалық, пәндік дайындығы бар мұғалім ғана оқу процесінің барлық міндеттерін жан- жақтылықпен шеше отырып, өз тәжірибесін әдістемелік тұрғыдан байыта алады. Егер мұғалім өз саласы бойынша пәндік білімі жетік болса, педагогика мен психологияны толық меңгерсе, әр уақытта өз әрекетін дұрыс ұйымдастырып отырса, онда біртіндеп өзінің педагогикалық шеберлігін кәсіби тұрғыдан шыңдай түседі.
Бүгінгі күн талабының мектеп реформасында 12 жылдық білім беруге көшу мәселесінің ерекшелігі сол- 12 жылдық білім беру орталығы ғалымдарының зерттеулері бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер «Баланы оқуға қалай үйрету керек?» «Ойлауға қалай үйрету керек?» «Қалай өз өмірінің менеджері болуға үйрету керек?»деген сұрақтарға жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр.Осы сұрақтарға жауап беру үшін әрбір мұғалім белгіленген талаптарға сай болуы керек. Ол талаптарды үлгіден көруге болады. Сонымен қатар мұғалімнің бойынан адамгершілік қасиеттермен қоса педагогика, психология, логика, лингвистика ғылымдарын жетік меңгерген маман екені көрініп тұру керек.Әрине әдістемені тәжірибеде қолдана білу қабілеті болуы керек.
Бізде орта мектептің жоғары сатысында, 12 жылдық мектептің 11-12 сыныптарында бағдарлы және кәсіптік білім беру қарастырылған. Бірақ әлі мемлекеттік тұрғыдан бұл мәселе жан-жақты ойластырылып, тиесілі шешім қабылданбай отыр. Бұл өте күрделі, әрі мол қаражат бөлуді қажет ететін және аз уақытта шешіле қоятын проблема емес. Бұл үшін де көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізу керек.
2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасына сәйкес, Қазақстанда орта білімнің 4 жылдық бастауыш, 6 жылдық орта және 2 жылдық толық орта білім беру моделі бекітілген. Дамыған елдердің, АҚШ, Канада, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай елдерінің білім беру жүйелері моделдерін алып қарайтын болсақ, бұл елдерде негізінен 6 немесе 5 жылдық бастауыш білім, 3 немесе 4 жылдық орта білім және 3 жылдық бағдарлы немесе кәсіптік білім беру моделі қабылданған. Орта білім берудің осындай моделдерінде 6 жастан мектепке баратын балалардың психологиялық-физиологиялық өсу ерекшеліктері ескерілген. Сондай-ақ, 9 жылда жалпы орта білім беруді аяқтауға болатындығы ойластырылып және соңғы 3 жылда заман талабына сай жақсы кәсіптік-техникалық білім беріп, 18 жасқа толған жастардың еңбекке еркін араласуларына, яғни олардың қалаған кәсіптерін толық игеріп, өз беттерінше еңбек ету мүмкіндіктеріне ие болуларына жағдай жасау қажеттілігі негізінде қабылданған. Сонымен бірге, жастардың келешекте өз білімдерін жалғастыруларына мүмкіндіктерінің болуы да ойластырылған. Ал тек терең университеттік білім алғысы келетін жастарға, сол ғылым бағыты бойынша соңғы 3 жылда жақсы бағдарлы білім берілуі керектігі ескеріліп, жүзеге асырылған.
Бізде қандай ғылыми-зерттеулер негізінде, барлық дамыған елдерден өзгеше, 4+6+2 моделі қабылданған және оның тиімділігі қалай дәлелденген? Егер мұндай зерттеулер жүргізілген болса, онда оны жүргізген зерттеу орталығы, сол зерттеу нәтижелерін жариялағаны дұрыс болар еді. Өйткені, бұл бүкіл халықты ойландырып жүрген проблема. Ал біздің, бұл зерттеулердің нәтижелерінің дұрыстығына үлкен күмәніміз бар. Білім беру жүйесінің моделі жалпы білім беру жүйесінің негізі екенін естен шығармағанымыз абзал.
Дүние жүзінің дамыған елдерінде білім беру саласында реформа шамамен 10 жылда бір рет жүргізіліп тұрады. Бұл салада реформа жүргізу үшін мемлекеттік деңгейде тыңғылықты жұмыстар атқарылады, мол қаражат бөлінеді. Мысалы, 1980 жылдары Германияда негізінен орта білім мазмұнына қатысты жүргізілген реформа кезінде, 2000 эксперимент жүргізу үшін 1,4 млрд. марка қаражат жұмсалған.
Елімізде жүргізіліп отырған 12 жылдық мектепке көшу аса күрделі реформа. Себебі, 12 жылдық мектептің мазмұны жасалғанда, білім берудің басқа барлық сатыларының, тіпті жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мазмұны да міндетті түрде өзгеріске ұшырайды. Бұл жұмысты атқару үшін жүздеген ғылыми және білім беру мекемелері, мыңдаған ғалымдар, оқытушылар мен әдіскерлер жұмылдырылуы қажет. Сонымен бірге, бұл жұмысқа барлық облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер мен білім басқармалары да қолдарында білім саласына бөлінген қаражат болғандықтан, кеңінен тартылуы қажет. Басқа министрліктермен де қоян-қолтық атқаратын жұмыстар да жетерлік. Осынша күрделі жұмыс бір орталықтан жүйелі түрде басқарылып, іске асырылған жағдайда ғана реформа сапалы жүретін болады.
Айта берсек, шешімін таппаған маңызды проблемалар жетерлік. Ойымызды қорытындылай келе, айтар ұсынысымыз:
біріншіден, білім беру саласында атқарылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда, кем дегенде, 10 есе арттыру керек;
екіншіден, оқушыларға рухани-имандылық (өнегелік) тәрбие беру жобасын мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды жобалар қатарына қосуды іске асыру қажет;
үшіншіден, жаһандану жағдайында жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қажеттілігін іске асыратын ұлттық білім моделін және Қазақстан Республикасының біртұтас білім саясатын жасау жұмыстарын бастау қажет. Бұл құжаттарды дайындағанда жастардың рухани-имандылық (өнегелік) және дене тәрбиесі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі керек;
төртіншіден, дамыған елдердің білім беру жүйелерін зерттеуге және олардың жетістіктерін еліміздің білім беру жүйесінде тиімді пайдалану мүмкіндіктерін анықтауға ерекше көңіл бөлініп, мұндай жұмыстар жүргізу үшін қомақты қаржы бөлінуі керек;
бесіншіден, еліміздің білім беру жүйесіне мемлекеттік-қоғамдық басқаруды енгізудің ғылыми-теориялық негізін және іске асыру жолдарын, сонымен бірге, білім беру саласында қоғамдық аудит моделін жасауды іске асыру үшін зерттеу жұмыстарын бастау қажет.
алтыншыдан, қазіргі уақытта өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін қарастырылып жатқан заңға сай білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасау, мемлекеттің біртұтас білім саясатын қалыптастыру және 12 жылдық мектептің, жалпы білім жүйесінің басты мақсаты ретінде жастарға рухани-имандылық (өнегелік) тәрбие беру мәселелерін кіргізу керек. Тіпті заң осы тұрғыдан қайта қарастырылуы қажет. 12 жылдық мектеп моделіне орайластырылуы тиіс деп білеміз.
жетіншіден, 12 жылдық орта білім беру жүйесінің моделін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның нәтижелері заң жүзінде бекітілуі керек.
Бүкіл дүниежүзі біздің Елбасымыздың саяси кемелділігі мен көрегендігін ашық мойындап отыр. Біз Елбасы айтқан сөздердің барлығын мұқият тыңдап, оның мәнін терең түсініп, қажетті қорытындылар жасап, оны орындауға талпынуымыз қажет [4, 132 б].