Қазақстан табиғатының экологиясы жағдайының зерттелуі

Табиғат — адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қазынасы. Адам табиғаттың туындысы ретінде біте қайнасып, өміріне қажетті азық қорын осыдан алады. Биологиялық түр ретінде алғашқы адамдар табиғат ресурстарын тұрпайы күйінде пайдаланып келді. Бертін келе, саналы түрде үй шаруашылығымен айналысып, өсімдіктерді баптап өсіріп, жануарлардың кейбір түрлерін қолға үйретті.

Адам баласының саны артқан сайын табиғат байлықтарын пай­далану еселеп өсті. Енді бос жатқан жердің, судың иесі табылып одан әрі жер мен  оның  байлығы үшін талас-тартыс өрбіді. Осының бәрі табиғатқа бұрын-соңды болмаған шығын  әкелді. Алғашында табиғат қорлары  сарқылмайтын сияқты көрінгенімен, бірте-бірте  оның қоры таусыла бастағанын адам баласы сезінді. Мысалы, дүние жүзіндегі орман қоры 40 млн., км2 деп  есептесек, оның  соңғы 150 жыл ішінде 35 %- ы кесілген екен. Соңғы ғасырда өмір сүрген адамзат қауымдастығы  табиғатты  қорғау қажет екенін түсіне бастады. Ол үшін табиғат  қорларын есепке алып, оны  тиімді пайдалану керектігін ұғынды. Табиғат қорғау  туралы маңызды құжаттар  қабылданып, оның ғылыми негіздері қаланды.

Табиғат корғау дегеніміз табиғат ресурстарын пайдалану барысында оның тиімді жолдарын іздеу, қайта түлету, сол сияқты бүліну, ластану жолдарына қарсы бағытталған халықаралық мемлекеттік және қоғамдық ауқымдағы іс-шаралар жатады.

Әрбір мемлекеттің ұлттың табиғат қорғау барысында ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Олардың  негізін қалаушы ата-бабаларымыздың ой-өрісінен туындаған аңыздар мен ақиқаттар — өмір тәжірибелері.

Сондықтан да түз тағысы киікті киелі, жер мен суын қасиетті деп, жас ұрпағына түсіндірген ата-бабамыз табиғаттың қадіріне жете білген. Шұрайлы жайылымын, орман-тоғайын, өзен-көлін пайдаланып әрі оны қорғауды мақсат еткен.

Табиғат қорғаудағы негізгі мақсат — оның байлығын тиімді пайдалана отырып, болашақ ұрпақка қаз-қалпында жеткізу. Ол  үшін біз табиғат қорларын жете білуіміз қажет.

Табиғат қорлары сарқылмайтын жәнс сарқылатын болып екіге бөлінеді.  Сарқылмайтын қорлар  адам баласына  тәуелсіз болып келеді. Соның  бірі — су. Жер   шарындағы судың үлесі барлық  жердің  2/3 алып жатыр.  Сондықтан оның қоры үздіксіз айналымға түсіп, қалпына келіп отырады. Ал экожүйелердің таралуы    уақыт   пен кеңістікке қатысты салыстырмалы түрдегі айлағаны объектілер.

Сарқылатын қорлар өз кезегінде қалпына келетін және қалпына келмейтін деп жіктеледі. Мысалы, қазба байлықтар, мұнай, көмір қорлары қалпына келмейтін байлық көзіне жатады. Сарқылатын қорларды адам баласының өте ұқыпты түрде пайдалануы болашақ ұрпақтың қамын ойлағаны.

Қалпына келетін қорлар да адамның ақыл-ойына тәуелді болады. Олар — топырақ, өсімдік пен жануарлар әлемі. Аталған қорларды барынша пайдалану, біржола жойып жіберуге апарады. Мысалы, адам баласының теріс іс-әрекетінен жер бетіндегі аңдардың 106, құстардың 139 түрі біржола құрып кеткен. Тіптен, қазақ даласында тіршілік еткен жабайы түйе, құлан, жабайы жылқы, жолбарыстар бүгінде жоқ. Ал өсімдіктер мен жануарларды, топырақты ұзақ уақыт сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ол үшін табиғат қорларын қорғаудың барлық шараларын қолдану керек. Топырақ  қарашіріндісінің түзілуі өте ұзақ — мыңдаған жылдарға созылады, ал оның бүлінуі әп-сәтте. Осыған орай адам баласы топырақтың құнарлығын сақтау үшін агротехникалық шараларды дұрыс қолданып, косымша органикалық минералды тыңайтқыштар беріп отырады. Топырақтың тозуы көптеген антропогендік  факторларға байланысты. Соның негізгілері — тонырақ эрозиясы, тозуы, шөлге  айналу  және ластану. Осының бәріне де адамның іс-әрекеті себепші.

Соңғы жылдары жер шарындағы барлық табиғат қорлары бұрын-соңды болмаған антропогендік өзгерістерге ұшырап отыр.  Олардың  ең бастысы — әлемдік  климаттағы өзгерістер. Күн мен жел энергиясы сарқылмайтын қор болғанымен,  өнеркәсіптің  қарқындап  дамуына  байланысты ауаға зиянды газдар, шаңдар көтеріп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруде. Бұл апатты құбылыстар  өнеркәсібі  шоғырланған ірі қалаларда өріс алып отыр. Ауа кеңістігінің ластануы дүниежүзілік мұхиттар мен теңіздерге де өз ықпалын тигізуде.

Өркениетті елдер сияқты біздің республикамызда да табиғат қорғауға көп көңіл бөлініп отыр. 1997 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы заң» қабылданды. Заңның негізгі мақсаты еліміздің табиғатын қорғау мен оның байлығын халық қазынасы ретінде болашақ ұрпақтардың салтанатты өмірі үшін сақтау.

Табиғат қорғау заңын орындау негізгі ұстанымдары мен ережелеріне негізделген.

Табиғат қорғаудың бірінші ұстанымы. Табиғат байлықтарын пайдалануды тұтынушылардың  мақсатын ескере отырып жүзеге асыру. Мысалы, орман тек құрылыс материалы емес, ол ауа райын реттеуші, ылғал көзі, дәрі-дәрмек, аң мен құстың мекені, топырақты қорғаушы және адам үшін денсаулық кепілі  екенін ескеру қажет.

Табиғат қорғаудың екінші ұстанымы. Табиғат байлықтарын пайдалану барысында оның жергілікті жер үшін  маңызы мен қорын қатаң есепке алу. Бұл әсіресе орман, су қоры үшін  қажет. Мысалы, Әмудария мен Сырдария өзендерін ауыл шаруашылығына барынша пайдаланып, оның Арал теңізі үшін маңызы ескерілмеді. Нәтижесінде Арал теңізінің біржола құрып кету қаупі төніп тұр.

Табиғат қорғаудың үшінші ұстанымы. Табиғат қорларын пайдаланғанда олардың бір-бірімен байланысты екендігін есте сақтау керек. Яғни, табиғаттың тарихи-табиғи байланысын, тепе-теңдік процесін бұзбау деген сөз. Мысалы, Семей өңіріндегі Шыңғыстау ормандарының құрылыс үшін кесілуі — осы өңірді аң-құсы мен шұрайлы жайылымынан айырды.

Қорыта айтқанда, адам баласы табиғат қорларын пайдаланбай өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан табиғат қорларын ғылыми негізде, қайта түлете отырып пайдалану және қорғау мақсат етіліп қойылуы тиіс, Табиғат заңдарында көрсетілген ұстанымдар мен ережелерді орындау әрбір азаматтың міндетті борышы.

Экология мен табиғат қорғау ғылымдары бірін-бірі толықтырып отырады. Экология ғылымы табиғатты тиімді пайдалану мен қорғаудың ғылыми-теориялық негізін жасайды. Сонымен бірге табиғат ресурстары мен оның құраушыларында экологиялық факторларды қоршаған ортамен және адамның іс-әрекетімен байлалыстыра отырып зерттеп, оны жүзеге асырудың негізгі тұжырымдары бекітіледі. Ал табиғат қорғау ғылымы -экология ғылымының негізгі тұжырымдарын жүзеге асыратын мемлекеттік немесе қоғамдық игі істер жиынтығы. Экология мен табиғат қорғау ғылымдары бір-бірімен үйлесімді әрекет еткенде ғана табиғат апаттарына жол бермейді. Нәтижесінде, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен оны қорғаудың жоспары жүзеге асады. Сондықтан »табиғат қорғау» ұғымының мәні зор. «Табиғат қорғау» ұғымына жақын «қоршаған ортаны қорғау» ұғымы да жиі қолданылады. Ол адам баласының қоршаған табиғи ортаны әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қорғаудың жиынтығы. Адам баласы табиғат қорғауды жүзеге асыру үшін табиғатты тиімді пайдалану жүйесі бойынша жұмыстар атқарады. Ал табиғатты тиімді пайдалану — табиғат ресурстарын пайдалану мен оны қайта түлетудің ең ұтымды әрі адамға пайдалы технологиясы.

Адам баласы табиғатты қорғау үшін оның заңдылықтары мен негізгі ұстанымдарын білуге міндетті:

  1. Биосфера шегінде барлық тірі организмдер бір-бірімен байланысты және қарым-қатынас жағдайында ғана тіршілік етуге бейімделген. Бұл байланыстардың біреуінің бұзылуы табиғаттағы тепе-теңдікке өзгерістер әкелуі мүмкін. Сондықтан адам баласы әрбір табиғат құрауыштарының орта мен табиғи экожүйедегі рөлін білуі тиіс.
  2. Табиғатта ешбір зат жоғалып кетпейді. Егер адам баласы жаңа бір затты дүниеге әкелсе оны жоюдың да жолын ойлауы керек. Ол зат табиғи айналымға түсуі тиіс. Мысалы, адам полиэтиленді ойлап тапты. Полиэтилен табиғатта айналымға түспейді. Себебі, оны ыдырататын редуцент (бактерия) жоқ. Осыдан барып жер бетінде қоқсықтар көбеюде.
  3. Заттардағы барлық өзгерістер энергия жұмсаумен жүзеге асады. Яғни, энергияның сақталу заңы бойынша жұмыс істейді. Сол үшін адам баласы табиғатты пайдаланған кезде оны өндіру мен қайта түлетуді үйлестіре отырып, адам мен табиғаттың қауіпсіздігін сақтауы керек.
  4. Табиғаттағы экожуйелер мен ондағы қарым-қатынастар ұзақ жылғы тұрақты даму эволюциясының жемісі. Сондықтан адам баласы оны бұзбауы керек. Ал бұзған жағдайда қайтымсыз экологиялық апаттарға алып келуі мүмкін. Осыған орай табиғат қорғау ғылымы алдында бірнеше  маңызды міндеттер тұр:

а) өндірісті, өнеркәсіпті және агрокешендерді игеру кезінде табиғатқа түсетін салмақ ең аз мөлшерде болуы керек;

ә) өндіріс пен өнеркәсіп салаларын ұйымдастыру кезінде адам баласы мен табиғат арасында экологиялық қауіпсіздік  сақталуы тиіс;

б) табиғат, ресурстарын игеру кезінде оның қоршаған ортаға пайдалы әсеріне көңіл бөлінуі керек;

в)табиғат ресурстарын сол қалпыпда сақтау үшін қорықтар, қорыққорлар, ұлттық саябақтар мен басқа да ерекше қорғалатын объектілерді көбейту қажет;

г)қоршаған орта мен адам баласының денсаулығын сақтау үшін экологиялық қауіпсіздік шаралары қадағаланып отырады.

Табиғат міндеттері мен ұстанымдарын жүзеге асыру алдын ала ескерту және нақты шешім қабылдау арқылы анықталады.

Алдын ала ескерту шаралары белгілі бір аймақтағы табиғат объектілерін анықтап, оны қорғау мен қалпына келтіруді жоспарлап  отырады.

Нақты шешім қабылдау шаралары — табиғаттағы адамның іс-әрекетінен бүлінген немесе ластанған, жарамсызданған объектіні қалпына келтіру немесе жою жұмыстары. Мысалы, ауаның ластануы, топырақ эрозиясы, орманның қырқылуы, т.б.

Табиғатты қорғаудың тағы бір мақсаты — экологиялык кауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ол қазіргі және болашақ  ұрпақтың салауатты өмір сүруі үшін адамның теріс іс-әрекеттерін шектеу және табиғаттағы төтеншс апаттарды болдырмау. Оны жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Конституциясы және табиғат қорғау заңдары.

Табиғатты қорғауды жүзеге асырудың негізгі бағыттары. Табиғат қорғаудың негізгі бағыттарын білу әрбір азаматтың міндеті болып саналады. Олардың негізгілерін қарастырамыз.

  1. Жекелеген өндіріс орындары мен өнеркәсіптерді, агроэкологиялық кешендерді игеруде қазіргі заманғы ғылым мен техника жаңалықтарын пайдалану. Өндіріске аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияны енгізу.
  2. Экологиялық заңдардың орындалуын үнемі қадағалау.
  3. Ірі құрылыстарды, өнеркәсіп кешендерін т.б. объектілерді салуда экологиялық сараптама жасау.
  4. Табиғи биоценоздарды сақтап қалу үшін қорықтар, корыққорлар, ұлттық саябақтар, табиғат ескерткіштері, т.б. ұйымдастыру.
  5. Табиғат қорғау мәселелері бойынша халықаралық, мемлекеттік денгейлерде ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастыру.
  6. Көпшілікке үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру және экологиялық әдеп пен мәдениетті қалыптастыру.
  7. Табиғат қорғау мәселелерін шешу жолдары, оның барысы туралы үнемі үгіт-насихат және ақпарат жүйесін ұйымдастыру.
  8. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру әрбір азаматтың міндеті мен борышы болып саналады. Сонда ғана біз туған өлкеміздің табиғатын өз қалпында сақтап қалуға немесе қайта түлетуге үлес қоса аламыз.

Қорыта айтқанда, табиғат қорғау және экология ғылымдарының түпкі мақсаты — табиғатты қорғау. Табиғат қорғаудың алдына қойған мақсаты мен міндеттері айқын. Табиғат қорғауды жүзеге асыру үшін оның негізгі бағыттарын, заңдарын, ұстанымдарын білу әрбір азаматтың борышы болып саналады. Біздің елімізде табиғат қорғау мемлекеттік заңдармен қорғалады.