Кез келген қауымдастықтың адаптация (сөзбе сөз: бейімделу) мәселелерін талдау осы терминге нақты анықтама беруді қажет етеді. Биологиялық мағынасында кеңінен қолданылып жүрген «бейімділушілік» ұғымы особтің немесе популяцияның қоршаған орта жағдайларына бейімделуінің нақты формасы мен ерекшелігін білдіреді. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты «адаптация» термині жаңаша мағынаға ие болады.
Жаңа жағдайларда адаптацияның мәні этногенез және этностық экология мәселелеріне байланысты ашылады. Басқаша айтқанда, адаптацияның жаңа мағынасы этностармен олардың мәдениетінің дамуын басқаша саралауға негіз жасайды.
Қазақ халқының табиғатты пайдалану, мәдени-шаруашылық дәстүрлерінің, мәдениетінің өзіндік сипатының қалыптасуы қоршаған мекен ортасындағы мүмкіншіліктерді таңдап алуды «адаптациялық стратегия» немесе «адаптацияның стратегиясы» деуге болады.
Қазақтардың көшпелі мал шаруашылығын саралау барысында оның дәстүрлі қазақ қоғамы үшін адаптацияның барынша жетілген формасы болғандығын айтуға болады, себебі ол неғұрлым тұрақты экономикалық өнімділікке қол жеткізді. Сонымен, Қазақстанның құрғақ далаларын адамның игеруі шаруашылық, мәдени және әлеуметтік адаптацияның өзіндік ерекше формалары пайдалану нәтижесінде ғана мүмкін болды. Осы тұрғыдан айта кететін жағдай, «адаптациялық» дегеніміз — өзін-өзі реттеуші жүйелердің ақпараттық белсенділігін білдіретін қасиеттерінің комплексі. Олай болса этностық мәдениетті, ұрпақтарға берілетін кез келген диахронды ақпаратты адаптацияның өзіндік көріністері ретінде қабылдау қажет.
Геоографиялық фактордың адаптациямен байланысы биологиялық сатысында ғана емес, әлеуметтік-экономикалық даму барысында да айқын ажыратылады. Этногенез процесінде адаптацияны географиялық тұрғыда түсіну этностық қауымдастықтардың қалыптасуына жаңа көзқарас тудырады.
Бұл «қоғам – табиғат» жүйесіндегі қарым-қатынастардың географиялық аспектілерін жете түсінуге көмектеседі.
Адамдардың мекен ортасына бейімделуі заттық және рухани мәдениетінде, дәстүрлі тұрмысында, психологиялық мінез- құлқында көрініс табады. Әртүрлі географиялық орталарда мекендейтін халықтардың шаруашылық – мәдени дәстүрлері ғана емес, тұрғын-үй типтері де бір-бірімен айтарлықтай айырмашылық жасаған.
Халықтардың тіршілік ортасы жағдайларының географиялық жіктелуі әртүрлі мекен ортасына бейімделудің өзіндік тәсілдерін анықтап, сол ортаның ресурстық мүмкіншілігіне барынша сәйкес келетін өндірістің өркендеуіне алып келді. Мұның өзі мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: географиялық жағдайлардың әртүрлілігі «өркениеттің даму дәрежесімен негізгі параметрлерін» анықтауға негіз болады. Көшпенділікті аридтік жағдайларға бейімделудің бір түрі ретінде ғана қабылдау жаңсақтық болар еді. Өйткені экожүйелердегі экстрималды табиғат жағдайларында шаруашылықтың бұл түрін өнімді етіп ұйымдастыру үшін экологиялық тәжірибеде қажет болды. Олай болса, халықтың табиғи ортаға бейімделі үшін қажет ақпарлар жиынтығы ұзақ жылдар бойына жиналып, ұрпақтарына беріліп, кеңістік пен уақыт талқысына түсті. Мысалы, көшпенді мал шаруашылығының дамуына алғы шарт ролін аңшылық кәсіп атқарған. Аң аулау барысында жабайы аңдардың қоныс аударған территорияларын көру арқылы адамдар шөлдердің табиғи-климаттық ерекшеліктерін танып, болашақтағы көшпелі мал шаруашылығына қажетті экологиялық бейімделудің тәжірибесін жинақтай бастады. Көшпелі шаруашылықты, көшпенді тіршілікті, таңдап алу арқылы адамзат құрғақ белдемдерді игеруді бастады, бұл табиғатты пайдаланудың жаңа ерекше формасын қалыптастырды. Сонымен көшпенді халықтардың ғасырлар бойғы тәжірибесі қазақ халқына оның этногенезі барысында берілді деуге болады. Дегенмен көшпенділердің ареалына енетін территориядағы табиғи-климаттық айырмашылықтар мал шаруашылығының түрлік құрылымын әркелкі етті.
Көшпелі қазақ қоғамының қуаңшылық жағдайға бейімделінің тағы бір дәлелі табиғатты пайдалану механизмінен көрінеді. Зерттеушілердің пайымдауынша, өндірістік процес пен тіршілік келбетінің шашыраңқы (дисперлік) құрылымы ерекше экожүйелердің нәзік құрылымын сақтауға бағытталған қадам болды. Мұның мәне табиғи жайылымдарды пайдаланудың маусымдық сипатынан, көшу маршруттарының нақтылы заңдылықтарға бағындырылуынан, көшпенді шаруашылықтардағы мал санының шектеулілігінен айқын ашылады.
Қазақ халқының мекен ортасына бейімделуі барысында шаруашылықтық – мәдени қатынастарда әртүрлі өзгерістер жүрді, бұл экологиялық тәжірибені байытты. Мұның барлығы мәдениетте өз ізін қалдыруға тиіс еді, өйткені мәдениет «адам қоғамының адаптациялық тетігі» болып табылады.
Көшпелі мал шаруашылығының жетекші орнын анықтауда табиғи факторлардың орны ерекше болғандықтан, кейінгі индустриалық қоғам жағдайында ауылшаруашылығының басқа салаларын енгізудің өзі Қазақстанда ариттік экожүйелерінің дегродациясына әкеп соқты. Экожүйелерге шамадан тыс жүктеме түсіру нәтижесінде ғасырлар бойы табиғи мал жайылымы болған аудандар өзін-өзі реттеу қабілетінен айрылды. Осы тұрғыдан жыртқан жерді 15-20 жылдан кейін ғана пайдаланған немесе мүлде тастап кеткен қазақ халқы табиғи жайылымдарды қалпына келтіру мақсатымен көздегенін айта кеткен жөн. Кейбір мәліметтер бойынша, қазақтар ебелек өсе бастаған жерді ғана өңдеуге болады деп есептеген. Бұл халықтың экологиялық мәдениетінің жоғарғы деңгейінен және мекен ортасының табиғи ерекшеліктерін жете білгендігінен хабар береді.
Қоғам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінің географиялық, экологиялық, философиялық жақтарын зерттеушілер экожүйелердегі тепе-теңдіктің сақталуы адамдардың шаруашылық әрекетінің ұтымды ұйымдастыруына тікелей байланысты екендігін атап көрсетеді. Сондықтан айналадағы ортаны танып білу, игеру барысында экологиялық сипаттағы сананың қалыптасуының маңызы зор. Қазақ халқы барлық түркі халықтары сияқты, туған жерді ерекше қастерлейді, бұл көзқарас қазақтың «атамекен», «кіндік қаны тамған жері» деген бейнелі түсініктерінен байқалады. Көшпенді тіршілік жағдайында адамның өзін табиғатпен біртұтас құбылыс ретінде қабылдауы нәтижесінде дүниетанымның айрықша үлгісі қалыптасты.
Мал бағу әрекеті көшпенді қазақтардың айнала қоршаған ортаны тереңірек тануына жол ашты. Қазақ халқының экологиялық мәдениетінің жоғары дәрежеде болғандығын айғақтайтын тарихи деректер жеткілікті. Д.Кішібеков ағаш жеткілікті аймақтардың өзінде қазақтар отын ретінде тезекті пайдалануын ағаш қорын сақтауға тырысушылықпен түсіндіреді.
Сонымен, қазақ көшпенді қоғамының тіршілік тынысын анықтаған экологиялық бейімделу тәжірибесі мәдениет арқылы атадан балаға мұра етіп қалдырылды. Көшпенді өмірдің заттық мәдениеті – киіз үй, құрал-сайман, үй жасауы, киім-кешек және т.б. жабдықтар көшіп қонуға барынша икемделген.
Қазақ халқының ою-өрнектерінде халықтың тұрмыс ерекшеліктері, қоршаған орта жағдайлары, нанымдары мен түсініктері көрініс тапты. Зерттеушілер қазақ қолөнерінде жануар пішінді өрнектердің басым екендігін айрықша атайды. Қазақ нәрестелерінің бесішінде көшпенді мәдениетттің жетістігі деуге болады. Рухани мәдениет категориясына енетін ауыз-әдебиет, мақал-мәтелдер, музыка мұралары халықтың географиялық білімінің қайнар көзі болған географиялық терминдер мен атаулар, жануар, өсімдік аттарының жүйесі көшпенді қазақ өркениетінің қоршаған орта жағдайларына бейімделу барысында жинақтаған экологиялық тәжірибенің нақты көріністері ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілді.