Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау әдістері

Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыс жасаса, сот соңғы үкiм бойынша сот тағайындаған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.

Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiндегi осы жазалау түрi үшiн көзделген жазалардың ең жоғары мерзiмiнен немесе мөлшерiнен аспауы керек.

Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жаза жиырма бес жылдан аспауы керек. Егер адам үкiмдердiң жиынтығында Қылмыстық кодекстiң 58-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған қылмыстардың бiреуiн болса да жасаған деп танылған үкiм қамтылатын болса, бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза отыз жылдан аспауы керек.

Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза қайта жасалған қылмыс үшiн тағайындалған жазадан да, соттың оның алдындағы үкiмi бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуы тиiс.

Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу осы Кодекстiң 58-бабында көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.

Қылмыстардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде бас бостандығынан айырудың бiр күнiне:

а) қамаудың немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың бiр күнi;

б) бас бостандығын шектеудiң екi күнi;

в) түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудiң үш күнi;

г) қоғамдық жұмыстарға тартудың төрт сағаты сәйкес келедi.

Айыппұл салу белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру, сондай-ақ мүлiктi тәркiлеу оларды бас бостандығын шектеумен, түзеу жұмыстарымен, қамаумен, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.

Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, түзеу жұмыстарының, әскери қызмет бойынша шектеудiң, бас бостандығын шектеудiң, қамаудың, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың, бас бостандығынан айырудың мерзiмi айлармен және жылдармен, ал қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзiмi сағатпен есептеледi.

Жоғарыда  көрсетiлген жазаларды ауыстыру немесе қосу кезiнде, сондай-ақ жазаны есепке алу кезiнде мерзiм күндермен есептелуi мүмкiн.

Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қамауда ұстау бас бостандығынан айыру, қамау, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түрiндегi жаза мерзiмiнiң бiр күнiне бiр күн есебiмен, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға — екi күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге — үш күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазалау мерзiмiне — қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты қамауға ұсталған бiр күн есебiмен есептеледi.

Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйде қамауда ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, қамау түрiндегi жаза мерзiмiнiң бiр күнiне екi күн, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға — бiр күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге — екi күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазалау мерзiмiне — қоғамдық жұмыстардың екi сағаты үйде қамауда ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледi.

Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды қамауда ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасы шегiнен тыс жерлерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу уақыты адам Қылмыстық кодекстiң 8-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi. [23]

Сот қарағанға дейiн қамауда ұсталған сотталушы адамға айыппұл, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны тағайындау кезiнде сот қамауда ұсталған мерзiмдi ескере отырып, тағайындалған жазаны жеңiлдетедi немесе оны осы жазаны өтеуден толық босатады.

Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық аурумен науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне есептеледi.

Қылмыстар жиынтығының үкімдер жиынтығынана басты ерекшелігі келесіде: үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындалған кезде неғұрлым қатаң жаза жеңілірек жазаны сіңіру қағидасы қолданылмайды.