Іс жүргізу құқығына жалпы сипаттама

Құқық қорғау органдары құқық қорғайтын және қоғамдық тәртіп пен құқықтық тәртіпті, заңдылықты қорғауды қамтамасыз ететін органдарға бөлінеді. Мысалы нотариус, адвокату­ра, сот т.б. сияқты органдар құқық қорғау органдарына жататындықтарымен олар қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етумен айналыспайды. Ондай органдарға ең алдымен полиция және ішкі істер органдарының ішкі әскер, патрульдік қызметтегі секілді, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін құрылған бөлімдер жата­ды. Құқық қорғау органдарының қызметтеріне:

1) конституциялық бақылау;

2) әділ соттылық;

3) соттардың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету;

4) прокурорлық қадағалау;

5) қылмысты анықтау және тергеу;

6) заң көмегі және қылмыстық іс бойынша қорғау сияқты іс-әрекеттер жатады.

Құқық қорғау органдары жүйесіндегі маңызды орын алатын мемлекеттік органдардың бірі соттар. Сот әділеттілігін іске асыра отырып соттар, жаза тағайындау, жазадан босату т.б. сияқты шешімдер қабылдай отырып, құқықты қолданып, өзінің биліктік құзыретін жүзеге асырып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін анықтай отырып, олардын мүдделерін, әділ, заң арқылы қорғауға тиіс орган. Адамдар қажет болғанда әділдік үшін сот төрелігіне жүгінеді.

Қазақстан Республикасында сот билігі тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен қылмыс­тық сот ісін жүргізуге тартылған алқа заседательдері арқылы соттарға ғана тиесілі. Сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Соттың ерекше өкілеттігін басқа органдарға беруді көздейтін заң актілерін шығаруға тыйым салады. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі қызметтерін иеленуге құқығы жоқ.

Сот ісін қарау тәртібімен қаралуға тиіс өтініштерді, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Әркімге мемлекеттік органдардың ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін кез келген заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепілдік беріледі.

Ешкімді де оның ісін заңның барлық талаптары мен әділеттілікті сақтай отырып құзыретті, тәуелсіз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды. Сот билігі азаматтық қылмыстық және заңда белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады.

Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.

Сот төрелігін іске асыруда сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.

Сот шешімдері мен судьялардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті. Сот шешімдері мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.