Заңды тұлғаларды несиелеу қандай-да бір шаруашылық субьектілердің қажеттіліктерін алуға мүмкіндік беретін ақшалай ресурстарды белгілі-бір қағидалар мен шарттарға сәйкес беру болып табылады.
Кәсіпорындарды және басқа да ұйымдарды өндірістік және әлеуметтік қажеттіліктеріне байланысты банктік несиені беру несиелеу қағидаларын қатаң сақтау негізінде жүзеге асырылады.
Несиенің берілу процесі – бұл қоғамдағы экономикалық өзара байланыстарды алып жатқан күрделі құбылыстарды білдіреді. Сондықтан да, несиенің экономикалық категория ретіндегі мәнін тереңдей ұғыну несиелеудің негізгі қағидаларын анықтап білмейінше жеткіліксіз болып саналады. Несиелеуді ұйымдастыру негізі мынадай қағидаларға сүйенеді:
- несиенің мақсаттылығы;
- несиенің мерзімділігі немесе қайтарымдылығы;
- несиенің ақылылығы;
- несиенің қамтамасыз етілуі;
- несиенің сыйақылылығы;
Несиелеудің соңғы қағидасы шетелдік банктік тәжірибеде бірінші класты қарыз алушылар үшін жиі қолданылады. Мұндай жағдайда несие сыйақы ретінде ешқандай да қамтамасыз етілмеген түрде беріледі.
Несиенің мақсаттылығы несиелеудің басты қағидасы ретінде, несиенің қандай мақсатқа сұралып отырғандығын сипаттайды.
Мерзімділік – бұл белгілі экономикалық категория ретіндегі мәніне негізделетін несиенің ерекше бір белгісі. Бұл қағида несие берушінің қарыз алушыға берген қаражатының белгілі бір уақыт өткен соң қайтарылуға тиістігімен қорытындалады. Осыдан барып несиенің қайтарымдылық қағидасы туындайды.
Несиенің қайтарымдылық қағидасы оны экономикалық категория ретінде, басқадай тауарлы-ақшалай қатынастардың экономикалық категорияларынан ажыратады. Себебі, қайтарылмайтын несие болмайды.
Несиенің мерзімділігі – несиенің тек қана қайтарылып қоймай, яғни оның қатаң белгіленген мерзімде қайтарылуға тиістігін көздейді. Несиенің мерзімділігі ссуданың берілу жағдайын сипаттайтын басты көрсеткіш. Ол негізінен банк пен клиент арасында жасалатын несиелік келісім-шарт құжатында көрсетіледі. Егер де келісілген уақыт өтіп кетіп, ссуда қайтарылмаса, ол уақыты өткен ссудалардың қатарына жатқызылады. Уақыты өтіп кеткен несиелер көрсеткіші қаншалықты төмен болса, соғұрлым банк қызметі тұрақты және оның зиян шегу ықтималдығы біршама төмен болып келеді.
Несиенің ақылылығы – бұл қарыз берушінің қарыз алушыға берілетін қаражатын қайтару барысында бастапқы сомадан өсіп қайтарылатындығын білдіреді. Іс жүзінде ақылылық – бұл несиені пайдаланғаны үшін төленетін пайыз түрінде беріледі. Қарыз алушының ссуданы пайдаланғаны үшін төлейтін пайызын несиенің бағасы деп атайды.
Қазіргі банктердің несие үшін пайыз мөлшерін белгілеудегі ескеретін басты факторларына мыналарды жатқызуға болады:
- орталық банктің коммерциялық банктерге беретін ссудалар бойынша белгіленетін пайыздың базалық мөлшері;
- банкаралық несие бойынша орташа пайыз мөлшері;
- өз клиенттеріне депозиттік шоттар бойынша төлейтін орташа пайыз мөлшері;
- банктің несиелік ресурстарының құрылымы;
- несиеге деген сұраныс;
- несиенің сұралатын мерзімі мен түрі;
- еліміздегі ақша айналысының тұрақтылығы.
Несиелеудің келесі бір қағидасы – берілетін несиелердің материалдық жағынын қамтамасыз етілуі. Бұл қағиданың пайда болуы несиенің экономикалық категория ретінде шығуымен бірге келеді.
1980-ші жылдардың аяғына дейін КСРО-да несиенің материалдық жағынан қамтамасыз етілуі тек қана тауарлы-материалдық бағалылықтарымен жүзеге асырылып келді. Ал, бүгінгі күнгі несиенің қамтамасыз етілу формасы ретінде: кепіл, кепілдеме, сақтандыру міндеттемелері, тапсырма қолданылуда.
Кепілге берілетін ссуда – бұл қарыз алушының активтерімен қамтамасыз етілген несие болып табылады. Бірақ, кепілге берілген активтер қарыз алушының иелігінде қалып, оның пайдалануында болады /2. 54-57 бет/.
Қазіргі кезде банк өзінің 1-ші класты қарыз алушыларына қамтамасыз етілмеген, яғни сенім немесе бланктік несие де береді.
Жалпы алғанда, несиелеудің мәнін мынадай 3 элемент арқылы ашуға болады:
- субъект;
- объект;
- қамтамасыздандыру.
Осы үш элемент несиелік операциялардың, оның тиімділігінің түсінігін анықтайды. Банктің несиелеудегі қызметі осылардың бірін-бірі толықтыруының негізінде алға жылжиды. Ал, оларды біріктірмей, керісінше, ажыратсақ, бұл банк ссудасының қайтарылмауына, барлық жүйенің құлдырауына әкеледі.
Несиелеу субъектісі әрекет қабілеттілігі бар, несиелік мәмілелерді жасауға материалдық немесе басқа кепілдігі бар заңды немесе жеке тұлғалар болып табылады. Оларды келесідей сыныптауға болады:
- мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар;
- кооперативтер;
- акционерлік қоғамдар;
- жеке еңбекпен шұғылданатын азаматтар, жалға берушілер;
- банктер;
- билік органдарын, біріккен кәсіпорындар, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдарды қоса алғанда басқа шаруашылықтар.
Субъектілер бойынша несиелерді бөлу несиелеу жүйесінде тағы бір сыныптама түсінігін тудырады – несие түрлері бойынша бөлу. Ол экономикалық және ұйымдастырушылық қатынаста белгілі-бір нақты несие мәмілесіне тән жиынтық белгілерін көрсетеді. Несиелік мәміленің экономикалық белгілері – бұл несиенің өзінің белгілері, олар бірегей болады. Ұйымдастырушылық белгілер әрбір жеке жағдайларда әр түрлі болуы мүмкін. Осы салалық бағытталушылыққа қарай өнеркәсіптік, сауда, банкаралық несиелерді бөлуге болады. АҚШ-та ссудаларды сыныптаған кезде ауыл шаруашылық несиелерді бөледі /3. 221-222 бет/.
Заңды тұлғаларға берілетін несие түрлері мыналар: лизингтік, ломбардтық, овердрафт, овернайт, контокорренттік, факторингтік, форфейтингтік, онкольдық, бланктік және т.б. Әрқайсысына түсінік беретін болсақ, лизингтік несие өндіріске керекті құралдарды сатып алушыларға берілетін несие.
Ломбардтық несие – құнды заттарды, бағалы қағаздарды кепілге ала отырып берілетін несие.
Овердрафт – банктің қысқа мерзімді өтімділігін қамтамасыз етуге арналған бір күндік несие.
Овернайт – бір түнге берілетін несие түрі.
Контокоррентік – несиелік желі арқылы активті-пассивті шот бойынша берілетін несие.
Факторингтік – жабдықтаушының дебиторлық қарызын ала отырып берілетін несие. Ол қысқа мерзімге, 180 күнге дейін беріледі.
Форфейтингтік – экспортерға импортердің төлеуге тисті төлем талабын сатып алуын білдіреді. Бұл тек халықаралық қатынаста вексель және чекті пайдаланып жүзеге асырылады.
Онкольдық – банктің 1-ші класты клиенттеріне талап етуге дейін берілетін несие.
Бланктік немесе сенім несиесі – қамтамасыздандырусыз берілетін несие түрі.
Несиелеу объектісіне келетін болсақ, бұл – несиенің пайдалану заты, яғни несиенің іске асырылу аясы деп түсінуге болады.
Қазақстанның банктік тәжірибесінде қысқа мерзімді несиелеу объектісіне «Экономиканы қысқа мерзімді несиелеу Ережесіне» сәйкес, банк несиесі есебінен құралатын өндірістік айналым қорлары мен айналыс қорларының бір бөлігі жатады. Несиелеу объектісі материалды құндылықтар, өндіріс және айналыс шығындары түрінде, сол сияқты, егер несие материалдық жағынан қамтамасыз етілмеген жағдайда, банк алдындағы шаруашылық ұйымның міндеттемесі ретінде де болады. Материалды қамтамасыз етілген несиелеу обьектісіне өндірістік шикізат қорлары, негізгі және көмекші материалдары, жанармай, ыдыстар, сатып алынатын жартылай өнімдер, азықтар және басқа да материалды құндылықтардың маусымдық жинағы және өнеркәсіптегі дайын өнімдердің және сауда ұйымдарындағы тауарлардың маусымдық қорлары жатады. Мұндай қорларды жасау өндіріспен және өнімдерді сату процесімен тығыз байланысты.
Несиелеу объектісі, сондай-ақ, экспортты және импортты тауарлар мен қызметтермен жабдықтау, экономикалық қызметке байланысты шығындар, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңды тұлғалардың сатып алатын шикізаттары, материалдары, құралдары және басқа да мүліктері, ломбардтық операциялар, шаруашылық субъектілердің кірістері мен шығыстары арасындағы алшақтық жатады.
Ұзақ мерзімді несиелеу объектілеріне жататындар мынадай түрлерге бөлінеді:
- өндіріс объектілерінің құрылысы;
- өндіріс объектілерін қайта құру, техникалық жағынан қайта қаруландыру, кеңейту;
- техникалар, құрал-жабдықтар және көлік құралдарын сатып алу;
- жаңа өнім шығаруды ұйымдастыру;
- өндірістік емес маңызы бар объектілерді салу / 4. 164-165 бет/.
Мына объектілер несиелеуге қабылданбайды:
- дайын өнімнің нормативтен асып кеткен қалдығы. Мұнда көліктік қиындықтарға т.б. байланысты өнімді жабдықтауды кешіктіру негізінде қалып қойған маусымдық себептер есепке алынбайды;
- сатылуы қамтамасыз етілмеген дайын өнім қалдығы;
- маусымдық қалдықтарды қоспағанда аяқталмаған өндірістің нормативтен асып кеткен қалдығы;
- 1 жылдан астам қозғалыссыз сақталып жатқан, өндіріс қажеттілігінен тыс тауарлы-материалды құндылықтар;
- артық қажет емес, қиын өткізілетін және қолданылмайтын тауарлы-материалды құндылықтар;
- сақталу шарты олардың бүлінбейтіндігін қамтамасыз етпейтін тауарлы-материалды құндылықтар;
- несиелік келісім-шартта қарастырылған мерзімнен астам уақытта жолда болған материалды құндылықтар;
- белгіленген мерзімде өңделмеген, өткен жылдардың егінінен өндірілген ауыл шаруашылық шикізаттарының қалдығы.
Ссудаларды қарыз алушыларға беру, әдетте, бұрын берілген ссудалар бойынша мерзімі өтіп кеткен қарызының шартында жүзеге асырылады. Жеке жағдайларда, егер қарыз алушылар ұзақ мерзім бойына қарызы болмаса және ол жақын уақытта өтелетін болса, ссудалар банк басшыларының шешімімен берілуі мүмкін.
Несиелік қатынастарды ұйымдастыру сұрақтары төмен рентабельділігі бар, тұрақсыз қаржылық жағдайдағы қарыз алушылармен ерекше егжей-тегжейлі қарастырылуы керек. Мұндай қарыз алушыларға ссуда беру тек қана оның қайтарылуына гарант алған жағдайда жоғары тұрған буындардың немесе билік органдарының негізделген ұсынысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Ол белгілі-бір аймақтың әлеуметтік және экономикалық қажеттіліктерін
қанағаттандыру қажеттілігінен туындауы мүмкін /5. 126-127 бет/.
Несиелеуді экономикалық-ұйымдастырушылық қатынастарының белгілі-бір қабаты, яғни несиелік қатынастардың жоғарғы буыны несиелік механизм болып табылады. Мұндағы буын ретінде несиенің объективті сипатын және несиелік қатынастарды ұйымдастыруға байланысты шаруашылық субъектілердің қызметінің өзара іс-әрекеті түсіндіріледі.
Демек, несиелік механизмге несиенің мазмұны және өзіндік ерекшеліктерін сипаттайтын қатынастар және олардың пайда болу әдістері, тәсілдері және формалары жатады. Соңғылары несиелік қатынастардың мәніне жатпағанымен де, олар несиелік тәжірибені сипаттайтын процеске жақын немесе оның үстінде қалыптасады.
Несиелік механизм банктік қызметке байланысты заңдармен, банктердің дербес несиелік саясаттарымен және экономиканың тиімділігін арттыру міндеттерімен анықталады /4. 162бет/.
Жалпы алғанда, жоғарыда айтылып кеткен несиелеу элементтерін (субъект, объект, қамтамасыздандыру) бір-бірінен ажыратуға болмайды. Егер субъект ретіндегі фирманың жоғары беделі болып, қамтамасыздандырусыз несие сұраса немесе бұрын банктен ссуда алмаған фирма жақсы кепіл бере отырып несие сұраса банк екі жағдайда қандай шешімге келеді? Банк үшін бір элементтің ғана бар болуы жеткілікті ме, сол элемент қана абсолютті мәнде болып, қалғандары тек теориялық мәнде жүруі дұрыс па?
Осындай сұрақтардың шеңберінде несиелеу жүйесінің тағы бір элементі туындайды – бұл сенім. Ол несие түсінігінің өзінен пайда болады: латын тілінен аударғанда «credo» «сенемін» дегенді білдіреді. Несиелеуде екі жақ – несие беруші мен қарыз алушы қатысатыны белгілі. Олардың арасында ссудаланатын құн қозғалысы жүреді.
Қазіргі несиелеу жүйесінде шаруашылық ұйымдардың меншікті және зайымдық қаражаттар арасындағы шекті қатынасты белгілеуде мемлекет тарапынан қандай-да бір әмір жүргізу жоқ. Шаруашылық ұйымдардың қызметтерінің коммерциялық негізі, экономикалық тұрғыда олардың меншікті қаражаттарын зайымдық қаражаттар үшін толық материалдық жауапкершілікте болуын жүктейді. Мұнда зайымдық қаражаттар ретінде тек қана банктік несие емес, сол сияқты ақшалай және тауарлай формасындағы шаруашылықаралық несие қарастырылады. Кәсіпорындарға кімнің қаражатын және қанша көлемде зайымға алу туралы өздері анықтауға құқық берілген, ал оларды пайдалану шарты келісім-шартта анықталады.
Шаруашылық айналысындағы меншікті қаражаттар мөлшері бүгінгі күні берілуге жататын несие мөлшеріне, сондай-ақ несиелік қабілетін анықтау барысындағы клиенттің кластық дәрежесін сипаттайтын көрсеткіштерге әсер етеді.
Қазіргі несиелеу жүйесі банктің ресурсына негізделеді. Бүгінгі жағдайдың бұрынғы әрекет еткен жүйеден айырмашылығы – ол уақытта несиелік мекемелер өздеріне жоғарыдан берілген несиелік ресурстармен ғана жұмыс жасаған болатын. Шынында да төменгі банктермен жинақталатын барлық ресурстар КСРО Мемлекеттік банкі Басқармасында орталықтандырылған
түрде жинақталып, қайтадан сол орындарға несиелеу лимиті түрінде қайта беріліп отырған. Сондай несиелеу шегінде сол немесе басқа аймақтың клиенттерін несиелеген. Банк бөлімшелерінің ол уақыттарда қаражат жинақтауға деген ешқандай да мүдделері болмаған және олардың активтері пассивтерінен тәуелсіз болған. Қазіргі несиелеу жүйесі басқа негізде құрылған, яғни берілетін несиелердің көлемі толығымен банктердің тартылған қаражаттарына байланысты. Бұл берілетін несиелердің ауқымының, сонымен қатар несиелік мекемеде қалыптасқан пайда мөлшерін көрсетеді.
Қазіргі несиелік механизм коммерциялық сипатқа ие. Осыған байланысты сауда мотивтері, үнемдеу мотивтері ерекше маңызды болып келеді. Мұндай жағдайда несиелеудің тек кәсіпорынның қосымша қаражатқа деген қажеттілігін қанағаттандыру ғана маңызды емес, сонымен қатар несиелік мекеменің рентабельділігін арттыру үшін де несиелеудің маңызы зор. Дәл осы тұста коммерцияның «арзанға сатып алып, қымбатқа сату» принципі орын алады. Бұл, әрине, клиенттердің несиелері мен депозиттеріне, сол сияқты банкаралық несиеге де тиісті.
Қазіргі несиелеу жүйесінің басты ерекшелігі банктердің меншікті және тартылған ресурстарына ғана байланысты емес, сол сияқты клиенттерді несиелеуді жүзеге асыратын коммерциялық банктер үшін Орталық банк бекітетін нормаларға және пруденциалдық нормативтерге байланысты келеді. Мысалға, Қ.Р. Ұлттық банкі орталық резервтерге міндетті төлемдер аудару нормасын белгілейді. Сол сияқты, басқа да нормативтер, оның ішінде коммерциялық банкте құрылатын ең төменгі ақшалай резервтер түрінде, ең ірі несиелер көлеміне шектеу, банк балансының өтімділігінің параметрлері сияқты банктің міндеттемелерін өтімді қаражаттар резервімен салыстыра өлшеу арқылы белгіленетін формалардағы нормативтері де бар.
Қазіргі несиелеу жүйесінің маңызды бір белгісі оның келісім-шартқа негізделуі болып табылады. Өткен несиелеу жүйесінде клиент пен бенк арасында қарыз алу барысында жасалатын келісім-шарттың экономикалық маңызы төмен болғандықтан да, оны формалдық сипатта болды деп айтуға болады. Кейіннен коммерциялық ынталандыру туындағаннан кейін ғана банк пен қарыз алушы арасында несиелік шартқа отырып, ол шарт несие берушінің де, қарыз алушының да жауапкершілігін нығайта түсті.
Қалыптасып отырған қазіргі несиелеу жүйесінің келесі маңызды ерекшелігі – бұл несиелеудің объектіден субъектіні несиелеуге өтуі. Бұрынғы несиелеу жүйесі объектіні несиелеуге ғана негізделгені бізге белгілі. Тауарлы-материалдық құндылықтар қоры және өндірістік шығындардың болуы несиені алуға құқық берді де, ссуданың қайтарылу барысына терең талдау жүргізілмеді, клиент үшін жоспардың орындалуы ссуданың қайтарылуына автоматты түрде кепіл болады.
Жаңа несиелеу жүйесі дәтүрлі және өзіндік ерекше принциптерге негізделеді, оның ішінде мерзімділік және қамтамасыз етілу қағидалары, сол сияқты несиенің ақылылық сипаты да ескеріледі. Сонымен қатар олардың бірқатарының мазмұны түбірімен өзгерген. Бұдан бірнеше жылдар бұрын
жақсы және жаман жұмыс жасайтын кәсіпорындар категориялары өмір сүріп, несиелеуде дифференциалданған режим қолданылған. Кәсіпорынды бағалау негізіне олардың жоспарлы көрсеткіштерін орындау дәрежелері жатқызылды. Бүгінгі таңдағы қалыптасқан жүйе несиенің уақытында қайтармау тәуекелін төмендетіп, клиенттің несиелік қабілетін ескереді. Сондай-ақ, коммерциялық банк қарыз алушыны төлем қабілетінсіз деп жариялай отырып, оны қайта ұйымдастыру және тарату туралы сұрақты қоюға құқылы.
Несиенің қамтамасыз етілу принциптеріне де байланысты өзгерістер болды. Тәжірибе көрсеткендей, ссудалардың тауарлы-материалдық құндылықтар қалдығымен қамтамасыз етілуі олардың уақтылы қайтарылуына кепіл болмады. Сондықтан да қамтамасыз етілмеген ссудаларды бұрынғы тәжірибеде қалыптасуына байланысты түсіну банк тарапынан жіберілмеуге тиіс. Қайтару тұрғысынан алғанда, толық кепілдігі жоқ ссудалар ғана біршама сенімді несиелер болып табылады.
Қазіргі несиелеу жүйесінің келесі бір ерекшелігіне банк несиелерін жоғары дәрежеде кепілдендіру формаларына өту жатады. Несиенің қайтарылуын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда әлемдік тәжірибедегідей біршама сенімді формаларға сенім құқы, кепілдеме және кепіл-хат, жалпы алғанда сақтандыру жүйелері жатады. Осындай формаларды қамтитын несиелік механизм банкке өзінің тәуелсіздігін нығайту, сонымен қатар несиелік тәуекелді төмендету мүмкіндігін береді.
Жалпы, кәсіпорындарды несиелеудің өзгерген жүйесі біршама дәрежеде нарықтық қатынастарға сай келетін үлгі ретінде оларды бағалауға мүмкіндік жасайды .