Заңды тұлғаның құрылтайшысы – меншік иесінің саналы-ерікті қызметі заңды тұлғалар құрылуына қажетті алғышарты болып табылады.
Меншік иесінің белгілі бір нысандағы еркінсіз заңды тұлғалардың құрылуы мүмкін емес. Осыған сәйкес заңды тұлғалар құрылуының өкімдік, рұқсат ету және нормативтік әдістерін бөліп көрсетуге болады.
Заңды тұлғалар құрылуының өкімдік тәртібі оның құрылтайшының өкімі негізінде пайда болатынын көрсетеді. Мемлекеттік мүлікті басқаруғауәкілетті органдар мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер құрылтайшылары болуы мүмкін (АК-ның 102-бабы).
Рұқсат ету тәртібінде заңды тұлғаны ұйымдастыру үшін құзіретті органның алдын ала рұқсаты талап етіледі. Рұқсат ету тәртібінің ерекшелігі – мұнда заңды тұлғаны құруға тиым салынуы мүмкін. Алайда заңды тұлғаны тіркеуге оны тиімсіз деген желеумен бас тартуға жол берілмейді (АК-ның 42-бабының 5-тармағы).
Заңды тұлғаны құрудың нормативтік тәртібі мемлекеттік органдардың әлде бір рұқсат беруін талап етпейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғаларды құруда осы тәртіп қолданылуда.
Заңды тұлға қандай түрге жататынына қарамастан, міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Оларды тіркеу тәртібі Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы жарлықта және Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы ережеде белгіленген.
Аталған заң актілерінде заңды тұлғаларды тіркеуге қажетті құжаттардың толық тізбесі және заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарын қарау мерзімдері көрсетілген.
Тіркеу кезінде заңды тұлғаларды құрудың тиімділігі мәселелеріне назар аударылмайды, олардың өндірістік-шаруашылық қаржы қызметіне бақылау жасау және араласу мақсаты көзделмейді.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеудің қажеттігі мынада, ол:
- заңды тұлғаның пайда болу фактісін растайды;
- заңды тұлғаларды бірыңғай мемлекеттік тізілімге тіркегеннен кейін барлық заңды тұлғалардың мемлекеттік есебін жүгізуге мүмкіндік береді;
- жариялылық жағдайларын туғызады, өйткені кез келген мүдделі адам құпия немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерден басқа заңды тұлғаны сипаттайтын барлық материялдармен тіркеуші органдар арқылы танысуға құқылы.
Шетелдіктер және шетелдік заңды тұлғалар мен олардың өкілдіктері қатысатын кәсіпорындарды тіркеудің ерекше тәртібі бар. Мұндай ұйымдар тікелей ҚР Әділет министрлігінде тіркеледі.
Әділет органдары жүзеге асыратын мемлекеттік тіркеу субьектілерге заңды тұлға мәртебесін беру әдісі болып табылады. Әділет органдары беретін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік субьектінің заңды тұлға құқықтарын иеленуінің ресми дәлелі болады.
Тіркеуден өтпеген заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің қызмет жүргізуіне тиым салынады. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген қызметтен алынған табыс ҚР заңдарына сәйкес бюджет кірісіне алынады.
Қайта тіркеу заңды тұлғаның құрылуын емес, қызмет етіп тұрған тіркелген заңды тұлғаны қолданыстағы заңдардың талаптарына сәйкестендіруді білдіреді. АК-ның 42-бабының 6-тармағына сәйкес заңды тұлға мынадай жағдайларда қайта тіркелуге тиіс: 1) акционерлік қоғамның жарғылық капиталының және жарияланған жарғылық капиталының мөлшері азайғанда; 2) заңды тұлғаның атауы өзгергенде; 3) шаруашылық серіктестіктеріндегі және жабық акционерлік қоғамдағы қатысушылардың құрамы өзгергенде және басқа негіздер бойынша.
Заңды тұлғаның қайта құрылуы және таратылуы нәтижесінде заңды тұлғаның қызметі тоқтатылады.
Алайда заң бірқатар ұйымдардың қызметін уақытша тоқтату яғни тоқтата тұру мүмкіндігін де көздейді.
АК-ның 45-бабының 1-тармағы бойынша қайта құрудың басқа да нысандары көзделгеніне қарамастан, заң шығарушылар заңды тұлғаларды қайта құрудың бес нысанын – қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, өзгерту – атап көрсетеді.
Қосу кезінде екі және одан да көп заңды тұлғалардың қызметі тоқтатылып, олардың негізінде бір заңды тұлға құрылады да, тіркеуден өтеді. Заңды тұлғаларды қосқан кезде олардың әрқайсысының мүліктік құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға өтеді (АК-ның 46-бабының 1-тармағы).
Өткізу актісі дегеніміз – бұл заңды тұлғаларды қосу, біріктіру және өзгерту кезінде жаңадан құрылған заңды тұлғаға – құқық мирасқорына өтетін мүліктік құқықтар мен міндеттерді тіркейтін құжат.
Жаңадан құралған заңды тұлғаны тіркеуден өткізуде тіркеуші орган өзінің қызметін тоқтатқан заңды тұлғанымемлекеттік тізілімнен шығарады, бұл жөнінде жаңадан құрылған заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы бұйрықта сол мезгілде көрсетілуі тиіс.
Біріктіру кезінде бір және одаг да көп заңды тұлғалардың қызметі тоқтатылады, олардың негізінде жаңадан пайда болған заңды тұлғалар ірілендіріледі, бұлар олардың құқық мирасқоры болып табылады.
Бөлу кезінде бір заңды тұлғаның қызметі тоқтатылады да, оның негізінде екі және одан да көп заңды тұлғалар ұйымдастырылады. Бөлінетін заңды тұлғаның мүліктік құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан құрылған заңды тұлғаларға өтеді.
Бөліп шағару кезінде бір заңды тұлғаның құрамынан екі және одан да көп заңды тұлғалар бөлінеді, мұнда бастапқы заңды тұлғаның қызметі тоқтатылмайды. Сондықтан бастапқы заңды тұлға қайта тіркеуден өтуге тиіс, ал бөлінген, жаңадан пайда боған заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеуге жатады.
Бөлу балансы дегеніміз – бұл қайта құрылатын заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттерінің бөлу және бөліп шығару кезінде құқық мирасқорлары арасында бөлінуін рәсімдейтін бухгалтерлік құжат. Бөлу балансын заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немес оны қайта құру туралы шешім қабылдаған орган бекітіп, жаңадан құрылған заңды тұлғаны тіркеу кезінде тапсыруы тиіс.
Заңды тұлғаны қайта құру ерікті түрде немесе ықтиярсыз жүргізілуі мүмкін. Заңды тұлғаны ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешімімен және заң құжаттарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін. Ықтиярсыз қайта құру тек мбөлу, бөліп шығару немесе өзгерту нысанында ғана жүзеге асырылады. Ол монополияға қарсы заңдар бұзылған кезде; банкроттық жағдайында; заңды тұлғалардың кейбір түрлеріне қойылатын заңның талаптары бұзылғанда және басқа да кейбір жағдайларда жүгізілуі мүмкін.
Ерікті түрде қайта құру шаруашылық серіктестіктің, акционерлік қоғамның, өндірістік кооператив қатысушыларының шешімі бойынша қоданыстағы заңдарға сәйкес және осы заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары бойынша жүргізілуі мүмкін.
Мемлекеттік заңды тұлғаларыдың қайта құрылуын ерекше атап өту керек. Республикалық мемлекеттік кәсіпорынды қайта құру ҚР Үкіметінің шешімі бойынша, ал коммуналдықкәсіпорынды қайта құру – жергілікті әкімшілік басшысының шешімі бойынша жүргізіледі. Кәсіпорынды қайта құруды уәкілетті орган жүзеге асырады. Мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік меншік құқығы субьектісінің қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдар, ал коммуналдық кәсіпорындар үшін – осыған жергілікті әкімшілік басшысы уәкілеттік берген жергілікті атқару органдары болып табылады.
Мемлекетік кәсіпорын туралы жарлықтың 45-бабы шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның қазыналық кәсіпорынға айналуын тікелей көздейді. Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық кәсіпорынның қазыналық кәсіпорынға айналуы уәкілетті органның ұсынысымен, ҚР Қаржы министрлігінің келісімі арқылы, ҚР Үкіметінің шешімі бойынша, ал коммуналдық кәсіпорынның өзгеруі – уәкілетті органның ұсынысымен, ҚР Қаржы министрлігінің жергілікті органының келісімі арқылы, жергілікті әкімшілік басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
Қайта құру нәтижесінде өзінің қызметін тоқтатқан заңды тұлғаларды мемлекеттік тізілімнен шығару заңды тұлғаны таратуға арналған АК-ның 50-бабында көзделген рәсімдердің сақталуын талап етеді.
Заңды тұлғаны тарату дегеніміз – бұл оны заңды тұлғалардың мемлекеттік тізілімінен шығару жолымен заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін тоқтату.
Заңды тұлғаны тарату ерікті және ықтиярсыз болуы мүмкін. Заңды тұлғаны ерікті тәртіппен тарату оның мүлкінің меншік иесінің немесе меншік иесі уәкілеттік берген органның шешімі бойынша, сондай-ақ құрылтай құжаттары уәкілдік берген заңды тұлға органының шешімімен кез келген негіздер бойынша жүргізіледі. АҚ, ЖШС, және өндірістік кооперативті ерікті түрде тарату оларға қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен ғана жүргізіледі.
Толық және сенім серіктестіктерін ерікті түрде тарату, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді тарату оларға қатысушылардың жалпы жиналысының немесе олар уәкілеттік берген органның, сондай-ақ құрылтай құжаттары осыған уәкілеттік берген заңды тұлғаның тиісті органының шешімі бойынша жүргізіледі.
Заңды тұлғаларды ықтиярсыз тарату соттың шешімімен жүргізіледі.
АК-ның 49-бабының 2-тармағына сәйкес, соттың шешімі бойынша заңды тұлға;
- банкрот болған;
- заңды тұлғаны құру кезінде заңдардың түзетуге келмейтін сипатта бұзылуына жол берілуіне байланысты оны тіркеу жарамсыз деп танылған;
- заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарында қайшы келетін қызмет үнемі жүзеге асырылған;
- тиісті рұқсат алынбаған (лицензиясыз) қызметті не заң құжаттарында тиым салынған қызметті жүзеге асырған не заңдарды бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргізген жағдайларда;
- заң құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.
Заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына дереу жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Олар тарату комиссиясының мүшелерін бекітеді АК-ға сәйкес тарату мерзімі мен тәртібін белгілейді (АК-ның 50-бабының 1,2-тармақтары).
ҚР Әділет министрлігінің ресми басылымдарында заңды тұлғаны тарату, оның несие берушілерінің талаптарын білдіру тәртібі мен мерзімі, несие берушілерді, сондай-ақ заңды тұлғаның борышқорларын анықтау және олардан берешекті алу шараларын қабылдау туралы материялдар жариялау тарату комиссиясының міндеттеріне жатады. Тарату комиссиясы осындай мақсатпен таратылатын кәсіпорынның борышқорларына талаптар қояды, ол орындалмаған жағдайда – сотқа талап қояды. Несие берушілердің талаптарын қанағттандыру үшін ақша жетіспейтін жағдайда тарату комиссиясы таратылатын заңды тұлғаның мүлкін сатумен айналысады. Мекемелер, мемлекеттік мекемелер өздерінің қолында бар ақшамен ғана жауап береді, ал оар жетіспейтін реттерде – міндеттемелер бойынша жауапкершілік Үкіметке немесе жергілікті атқару органына жүктеледі.
Талап қою өтініштерін беру мерзімі заңды тұлғаны тарату туралы мәлімет жарияланған сәттен бастап екі айдан кем болмауы тиіс. Бұл мерзім өткен соң тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды. Аралық тарату балансын мүліктің меншік иесі немесе оны тарату жөнінде шешім қабылдаған орган бекітеді.
Заңды тұлға банкрот болған жағдайда оны таратудың өзгеше тәртібі қолданылады.
Банкроттық – борышкердің соттың шешімімен танылған, оны таратуға негіз блып табылатын дәрменсіздігі (АК-ның 52-бабы). Заңды тұлғалардың банкроттығын жүзеге асыру процесі 1997 ж. 27 қаңтардағы Банкроттық туралы заңда толық баяндалған. Алайда заңды тұлғалардың барлық түрлері бірдей банкрот процесіне ұшыратуға жатпайды.
Заңды тұлға таратылған кезде оның несие берушілерінің талаптары, АК-ның 51-бабында көзделгендей, мынадай кезек бойынша қанағаттандырылады:
- бірінші кезекте – таратылатын заңды тұлға өміріне немесе денсаулығына залал келтіргені үшін жауапты болған азаматтың талаптары тиісті мерзімді төлемдерді капиталға айналдыру жолымен қанағаттандырылады;
- екінші кезекте – несие берушілердің қамтамасыз ету сомасы шегінде таратылатын банкроттық мүлкін кепілге салып, қамтамасыз етілген міндеттемелері жөніндегі талаптары қанағаттандырылады;
- үшінші кезекте – еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың еңбегіне ақы төлеу және авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі есеп айырысу жүргізіледі;
- төртінші кезекте – бюджетке және бюджеттен тыс қорларға міндетті төлемдер жөніндегі берешек өтеледі;
- бесінші кезекте – заң құжаттарына сәйкес басқа да несие берушілермен есеп айрылысады.
Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толығымен орындалған соң қанағаттандырылады.
Заңды тұлғаның несие берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкі, егер заңдарда немесе заңды тұлғаның құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның бұл мүлікке заттық құқықтары бар немесе заңды тұлға жөнінде міндеттемелік құқықтары бар меншік иесіне немесе құрылтайшыларына беріледі (АК-ның 51-бабының 5-тармағы).
Таратылған заңды тұлға мүлкінің жеткіліксіз болуына байланысты несие берушілердің қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекіткенге дейін мәлімделмеген талаптары өтелген деп есептеледі.
Заңды тұлғалардың мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба жасалғаннан кейін заңды тұлғаның таратылуы аяқталады, ал заңды тұлғаның өмір сүруі тоқтатылады (АК-ның 50-бабының 10-тармағы).