АК нормаларына сәйкес заңды тұлғалардың түрлері мынадай негіздер бойынша жіктеледі:
- заңды тұлғаларға немесе олардың мүлкіне қатысты құрылтайшылардың құқықтары;
- заңды тұлғалар қызметінің мақсаттары;
- заңды тұлғаның мүлкіне негізделетін меншік нысаны.
Заңды тұлғаның оқшау мүлкіне қатысты оның құрылтайшылары міндеттемелік немесе заттық құқықтарын сақтауы мүмкін.
ҚР АК-ның 36-бабына сәйкес, қатысушылар оларға қатысты міндеттемелік құқықтарын сақтайтын заңды тұлғаларға акционерлік қоғамдар, шаруашылық серіктестіктер және кооперативтер жатады.
Қоғамдық ұйымдар, діни ұйымдар, қайырымдылық және өзге де қорлар олардың құрылтайшы-қатысушыларының ешқандай мүліктік құқықтары болмайтын заңды тұлғаларға жатады.
Қызмет ету мақсаттарына қарай заңды тұлғаларды жіктеу АК-ның 34-бабының негізінде коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар бойынша жүргізіледі.
Өз қызметінің негізгі мақсаты табыс келтіруді көздейтін заңды тұлға коммерциялық ұйымға жатады. Мұндай мақсатты көздемейтін және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін ұйым коммерциялық емес ұйым деп есептеледі.
Коммерциялық емес заңды тұлғаларға ортақ нәрсе – олар, негізінен алғанда, коммерциялық емес сипаттағы басқару, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де қызметтерді жүзеге асыру үшін құрылады (АК-ның 105, 107, 109-баптары). Сонымен қатар, заңдар кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, яғни коммерциялық емес ұйымдар үшін де пайда табуға рұқсат етеді(АК-ның 108-бабы). Осы себепті біз коммерциялық емес ұйымның мынадай анықтамасын ұсынамыз: коммерциялық емес ұйым дегеніміз – бұл өзінің қызметінен табыс алу мақсаттарын көздемейтінжәне алынған таза табысты өзінің қатысушылары арасында үлестірмейтін, басқару, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипкттағы қызметтерді жүзеге асыру үшін құрылған заңды тұлға.
Коммерциялық ұйымдар акционерлік қоғам, шаруашылық серіктестік, өндірістік кооператив, мемлекеттік кәсіпорын, нысанында құрылуы мүмкін.
Мекемелер, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, тұтынушылар кооперативтері, қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестіктері заңды тұлғалардың коммерциялық емес түрлеріне жатады.
Заң шығарушылар коммерциялық заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысандарының тізбесіне шектеу қойған. Сондықтан ҚР Жоғарғы Кеңесінің “Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін қолданысқаенгізу туралы” 1994 ж. 27 желтоқсандағы Қаулысы бойынша Азаматтық кодекс ресми түрде жарияланғанға дейін ұйымдық-құқықтық нысанда ұйымдастырылған, Азаматтық кодексте көзделмеген заңды тұлғалар 1998 ж. 1 қаңтарға дейін Азаматтық кодексте көзделген ұйымдық-құқықтық нысанға өзгертілуі тиіс деп белгіленген.
Заңды тұлғаның мүлкі негізделетін меншік нысанына қарай заңды тұлғалар мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға бөлінеді.
Мүлкі үлестерге немесе акцияларға бөлінбеген және біртұтас мүлік ретінде толығымен мемлекет меншігіне жататын заңды тұлғаларды ғана мемлекеттік заңды тұлғалар деп түсіну керек (АК-ның 102-бабы).
“Мемлекеттік заңды тұлғалар мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” 1998 ж. 16 желтоқсандағы заң АК-ға мемлекеттік мекеменің мынадай ұғымын енгізді: “Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттік мекеме нысанында құрылуы мүмкін” (АК-ның 34-бабының 3-1-тармағы).
Заңды тұлғаға мемлекеттік бюджеттен белгілі бір қаражат, ақша бөлінеді. Ақша дегеніміз – бұл мүлік түрлерінің бірі (АК-ның 115-бабы).
Сондықтан мемлекеттік заңды тұлғаны құрылтайшысы уәкілетті орган түріндегі мемлекет болатын және мүлкі бірден-бір меншік иесі – мемлекетке жататын заңды тұлға ретінде анықтауға болады.
Заңды тұлғалардың келесі түрлері ретінде еншілес және тәуелді заңды тұлғаларды атауға болады.
Жарғылық капиталының басым бөлігін басқа заңды тұлға қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес негізгі ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешімдерін айқындай алатын заңды тұлға еншілес ұйым деп танылады (АК-ның 94-бабының 1-тармағы).
Егер акционерлік қоғамның дауыс беруші акцияларының жиырма пайыздан астамы басқа заңды тұлғанікі болса, ол тәуелді заңды тұлға болып табылады.
Тәуелді және еншілес заңды тұлғалар ережелерінің ерекшеліктері шаруашылық серіктестіктер туралы заң құжаттарымен, Мемлекеттік кәсіпорын туралы заңмен және Бәсекені дамыту туралы және монополиялық қызметті шектеу туралы заңмен айқындалады.